Кейінгі бір-екі жылдың бедерінде әулиеаталық әлеумет жалақы «жырын» жырлап, бірнеше мәрте бас көтерді. Әлеуметтік теңсіздіктен қажыған жамбылдық жұмысшылар жағдайдың жақсарғанын, қарапайым қызметкерлердің табысының артқанын қалайды.
Жамбыл өңірінің жұрты жарытымды жалақы ала алмайтынын айтып, қапа болып жүргені рас. Біраз уақыт бұрын «Қазфосфат» ЖШС қызметкерлері, «Тараз энерго орталығының» жұмысшылары және өзге бірқатар еңбек ұжымында жұмыс істейтін азаматтар еңбекақының аздығын, айлықтың шайлыққа жетпейтінін айтып, шағымданған еді. Дерекке сенсек, Жамбыл өңірі ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы табысы төмен өңірлердің санатына жатады. Дотацияда отырған облыстағы ахуал қашан толықтай түзелетінін кім білсін?
Біраз уақыт бұрын Тараздағы байырғы қант зауыты ресейлік кәсіпкердің қарамағына өткенде жергілікті жұрт «мұнысы несі?» деп таңғалған еді. Бұрынғы Жамбыл қаласы десе, дәл осы қант зауытының аты қатар аталушы еді. Енді ол зауытқа ресейлік қожайын иелік етіп отыр. Әрине, өкінішті. Алайда қалай десек те уақытты кері қайтара алмайтынымыз анық. Көнбеске шара жоқ.
Иесі кім болса да жергілікті азаматтар, анығырақ айтсақ, зауыт жұмысшыларының жағдайы мәз болмай тұр. «Жеті ай бойы еңбекақы алмадық», деп даурыққан қарапайым қызметкерлердің айтуынша, қант зауытының басшылығы оларды лайықты жұмыс киімі мен қажетті құрал-сайманға да жарытпапты. Қысқасы, басшылық тарапынан еңбегі лайықты бағаланбай жатқанын айтқан қызметкерлер бас көтерді. Олар адал еңбегінің лайықты бағаланғанын жөн көреді.
«Шайлығымызға керек айлық мәселесі жүйкемізді жұқартты. Сыйақы дегенді естігенімізбен, қолымызға ол да тиер емес. Қысқасы, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мәз болып, көңіліміз жаз болып тұрған жоқ. Осы бір өткір мәселеге билік басындағы азаматтар назар аударса деген тілегіміз бар. Біздің жанайқайымыз соларға жетсе екен, бізді естісе ғой», дейді зауыт қызметкерлерінің бірі Нұржан Тамаев мәселенің мәнісін түсіндіріп.
Уақытында дүркіреген зауыттың бүгінгі халі мүшкіл ме деген ой келеді. Зауыт жұмысшыларының айтуынша, жеті айдың бедерінде жалақы ала алмай жүр екен. Ол аз десеңіз, сыпырғышты, жұмыс киімін де өз қаржысына сатып алатын көрінеді. Қиындықтың бәріне төзіп келген қызметкерлер «Шыдамның да шегі бар ғой. Шыдай-шыдай төзіміміз таусылды», деп отыр.
«Өз киімімізбен жүрміз. Жуынатын да мүмкіндігіміз жоқ. Мәселемізді айтсақ, «мақұл» деген жауаптан басқа айтарлары жоқ. Біздегілер Ресейдегілермен сөйлесеміз дейді де қояды. Бір сөзбен айтқанда, құрғақ сөзден әбден қажып біттік. Жағдайдың қашан оңалатынын кім білсін? Әзірге еш нәтиже жоқ», дейді қант зауытының тағы бір қызметкері Айдос Базарбаев ұжымдағы ахуал туралы үн қатып.
Керек дерекке көз жүгіртсек, қант зауыты біраз уақыт бұрын ресейлік олигархтардың бірі Павел Демидовтің қарамағына өткен. Ол уақытында әйгілі «Forbes» журналындағы бай-манаптардың тізімінде болған. Оған тиесілі компания Ресейдегі ірі қант өндірушілердің қатарына жатады екен. Қысқасы, Демидов дегеніңіз қатардағы көптің бірі емес. Алайда Әулиеатадағы зауытты өз иелігіне алса да, жергілікті қызметкерлерді жалақыдан қысып отырғаны таңдай қақтырмай қоймайды. Жамбылдағы зауытты билеп-төстеп отырған олигарх қызметкерлердің жағдайын жасауға келгенде сараңдық танытып отыр ма, әлде жұмысшылардың жанайқайы оның құлағына жетпей жатыр ма?
Өндіріс ошағында аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлер басшылықтың алдында қадірі кеткеніне күйінеді. Зауыттағы ахуал ресейлік қожайынның құлағына жетуі екіталай дегенді алға тартып отыр олар. Шайлығын аз ғана айлығымен айырып жүрген қарапайым тұрғындардың талабы орынды. Олар да ел қатарлы еңбекақы алып, жан бағуы керек. Алайда әзірге ондай күннің сәулесі түсер емес.
«Есепшілеріміздің үлгермей жатуы себепті осындай түсініспеушілік туындап тұр. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Бір-екі күнде қызметкерлерімізге сыйақы береміз. Жұмыс барысында пайдаланатын қажетті киім-кешекті енді сатып алдық. Қоймамызда тұр. Жақын күндері бәріне таратып береміз. Жалақы мәселесі жеті айдан бері неге шешілмеді деген сауалға директордың өзі жауап бере жатар. Зауыт екі айдан бері күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жабылды. Зауыттың қашан іске қосылатынын дәл қазір тап басып айту қиын», дейді Тараз қант зауыты директорының орынбасары Арман Жотабаев.
Біраз бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өндірілетін қант қызылшасының үлесін 7 пайыздан 43 пайызға дейін арттыруды тапсырған еді. Сол арқылы қант мәселесінде импортқа тәуелділікті азайтуды Мемлекет басшысы шегелеп тұрып айтқан.
Осы жылы жамбылдық шаруалар қуаңшылықтың зардабын шегудей шекті. Алқапқа қант қызылшасын орналастырған шаруалардың еңбегі еш кетіп, жалпы егілген тәтті түбірдің едәуір бөлігі қурап кетті. Әрине, өте өкінішті.
Қант зауытында еңбек ететін жұмысшылардың талабы қалай десек те орынды екеніне дау жоқ. Жалақы ала алмай екі көзі төрт, жүрегі өрт болған қарапайым азаматтардың мәселесі толықтай қашан шешілмек? Түсіне білгенге жеті ай деген аз уақыт емес. Әрине, сұрақ көп. Алайда бәрі де Ресейдегі қожайынның көңіл күйіне байланысты секілді. Өзекті өртейтін өкініш те осы болса керек.
Жамбыл облысы