Биыл 12 шілдеде Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. Әлеуметтік әділдікті қалпына келтіруге, халық игілігіне арналған дүние-байлықтың заңсыз жолмен әлдекімдердің қолына кетуіне ықпал ететін жағдайлар мен себептерді жоюға арналған құжатты әзірлеуге депутаттар бастама көтеріп, жүйелі әрі кәсіби тұрғыда жұмыс жүргізді. Алайда заң қабылданғалы бері 3 айдан астам уақыт өтсе де, оның нақты нәтижелері көрінбейді. Сонда заң қашан жұмыс істемек? Құжаттың қандай құқықтық тетіктері бар? Оған кім жауапты?
Заң неліктен жұмыс істемей жатыр?
Жуырда Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, осы сұрақтарды қойды. «Парламент қабылдаған өте маңызды құжат – «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң ендігі жұмыс істеп, нәтижесін көрсетуге тиіс еді. «Amanat» партиясының депутаттары активтерді қайтару – жазаның бұлтартпастығына және ел азаматтарының құқықтары бұзылуына берілген әділетті жауап екендігіне сенеді. Біз қысқа уақыттың ішінде жүзден аса жұмыс тобының отырысын өткіздік. Барлық норма нақтыланып, заң орындауға дайын болды. Міне, жылдың аяғы таяп қалды. Ал халық үшін маңызы орасан заңның орындалуын біз көрмей отырмыз. Мемлекет басшысы қосарланған стандарттан бас тартып, «әділетті қоғам» қағидаларын өмірге шынайы енгізуді тапсырды. Сондықтан өзекті заң қазірдің өзінде жұмыс істеп, атқарылған іс-шаралар туралы халыққа тұрақты негізде ақпараттар беріліп отыруы керек. Осыған орай қоғамда орынды сұрақтар туындап жатыр және біз оны Үкіметке жолдағымыз келеді: заң қашан жұмыс істейді? Капиталды қайтару ісіне кім жауапты? Анық жемқорлардың аты-жөндерін қашан білеміз?» делінген депутаттық сауалда.
13 қазанда «Amanat» партиясында жаңа заңның жай-жапсарын талқылауға арналған жиын өтіп, оған Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов, Әділет вице-министрі Алма Мұқанова, Бас прокуратураның Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметі басқармасының аға прокуроры Айнұр Ибраева және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің қызмет басшысы, генерал Қанат Сүлейменов қатысып, өзекті сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Мәжіліс депутаты Марат Бәшімовтің айтуынша, бұл заң Еуропалық кеңестегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының қағидалары негізінде жасалған. «Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенция» талаптарына сәйкес, Еуропалық кеңес елдерінде егер адам өз капиталыңның шығу төркінін дәлелдеп бере алмаса, ол бірден мемлекет меншігіне тәркілеуге жатады. «Біздің жаңа заңымыздың да негізгі мәні осында. Ол халықаралық құқықпен, ел Конституциясымен, заңдарымызбен толықтай сәйкестендірілген. Бұл – әділеттілік заңы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған құжат халық игілігі үшін жұмыс істеуге тиіс», деді Мәжіліс депутаты.
Заң нормалары толық дайын емес
Әділет вице-министрі Алма Мұқанова заң қабылданғалы бері оның толық жұмыс істеп кетуі үшін кейбір рәсімдік үрдістердің орындалуы қажеттігін атап өтті. Заңның өзі Президент қол қойған сәттен бастап күшіне енгенімен, оның бірқатар нормасы 60 күннің ішінде жұмысын бастайды. «Заңды жүзеге асыру мақсатында Премьер-министр өкімімен тиісті заңға тәуелді нормативтік-актілер тізімі белгіленді. Ол жерде 27 құжат атауы бар. Атап айтқанда, 3 Президент Жарлығы, 7 Үкімет қаулысы, орталық мемлекеттік органдардың 13 бұйрығы және 3 біріккен бұйрық. Қазір олардың басым бөлігі қабылданып, күшіне енді. Мемлекеттік органдармен келісілді», деді Әділет вице-министрі.
Оның айтуынша, осы уақыт аралығында елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару бойынша жұмыс істейтін арнайы комиссия құру туралы Үкімет шешімі күшіне енді. Президенттің Жарлығымен Бас прокуратура жанынан заңсыз иемденілген активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды. Қайтарылған ақшалай активтерді жинақтайтын қазынашылық шот ашылып, заттай активтерді басқарып, сатып, ақшаға айналдыратын ұйым құрылған. Осындай жұмыстардың бәрі екі ай уақытты алыпты.
Вице-министрдің сөзін жалғаған Бас прокуратура өкілі Айнұр Ибраева Президенттің 5 қазандағы Жарлығымен Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті құрылғанын айтты. Жаңа ведомство «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға сәйкес активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган ретінде қызмет етпек. Оған активтерді іздеу және қайтару, осы саладағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына және активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау және жою секілді міндеттер жүктелген.
Бұл комитет Премьер-министр басқаратын Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның жұмыс органы болып саналады. Алға қойған міндеттерді орындау, оның ішінде мүліктің шығу көздерінің заңдылығын анықтау үшін комитет активтер мен олардың иелері туралы барлық қажетті ақпаратты сұратуға және алуға, сондай-ақ жұмыс барысында ғалымдарды, сарапшыларды, мамандарды тартуға құқылы. Комитеттің функцияларына активтер туралы ақпаратты мониторингілеу және талдау, активтердің шығу көздерінің заңдылығын тексеру, комиссияның шешімі бойынша арнайы тізілімге енгізілген адамдардан активтерді ашып көрсету туралы декларацияларды қабылдау және қарау кіреді. Ведомство сондай-ақ шет мемлекеттерге заңсыз шығарылған активтерге тыйым салу, қамтамасыз ету шараларын қабылдау және тәркілеу туралы сұрау салулар жіберуге, заңсыз иемденілген активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы отандық және шетелдік соттарға талап қоюға, сотқа дейінгі тергеп-тексерулерге бастамашылық жасауға және дербес жүргізуге, активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімдер (бітімгершілік, үдерістік және өзге де келісімдер) жасасуға уәкілетті.
Комитет активтерді қайтару мәселелері бойынша еліміздің шетелдегі мүдделерін білдіретін, халықаралық тәжірибені зерделейтін, атқарылған жұмыс туралы ақпаратты жыл сайын жариялайтын, сондай-ақ заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару мақсатында өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. Бас прокуратура өкілінің мәліметінше, бүгінде жаңа орган ұйымдастыру мәселелерін шешумен бірге негізгі қызметтік міндеттерді орындауға кірісіп кеткен.
Күдіктілер қалай анықталады?
Мемлекет меншігіндегі дүние-мүлікті заңсыз иемденді деп күдікке ілінген адамдарды жауапқа тарту ісі бірнеше сатыдан тұрады. Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың айтуынша, Бас прокуратура жанынан құрылған комитеттің ең басты жұмысы – елімізде және шетелде заңсыз активі бар адамдардың толық тізімін жасау. Олардың аты-жөндері анықталғаннан кейін тізімді Премьер-министр басқаратын комиссияның қарауына ұсынады. Комиссия мүшелері барлық жиналған құжаттар мен дәлелдемелерді сараптап, қолында қайдан және қалай алынғаны түсініксіз активтері бар барлық тұлғаны тиісті тізілімге (реестр) қосады.
Айта кету керек, бұл тізілім жабық, яғни көпшілікке қолжетімсіз болады. Өйткені «кінәсіздік презумпциясы» деген түсінік бар. Сол тізілімнің ішінде елге белгілі адамдар, үлкен безнес өкілдері болуы мүмкін. Ертеңгі күні олардың ары таза, табысы адал, қолындағы байлығы заңды жолмен келгені анықталса, оның бұл тізілімге кіруі кәсіпкерлік абырой-беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.
Одан кейін әрбір адамға комиссияның шешімі негізінде тізілімге енгені туралы хабарлама жіберіледі. Содан соң оның ең бірінші әрекеті – декларация тапсыруға тиіс. Яғни пайда болуы түсініксіз активтерінің қайдан шыққанын дәлелдеуі керек. «Бұл – бәріміз тапсыратын стандартты декларация емес, осы заңсыз активтерді дәлелдеу үшін дайындалған арнайы декларация. Оның сипаты Қаржы министрі мен Бас прокурордың бірлескен бұйрығымен нормативтік-құқықтық акт негізінде анықталды. Ол жерде қолындағы әрбір активінің қалай, қайдан, қандай ақшаға алынғаны туралы толық ақпарат берілуге тиіс. Бұл декларация тіпті бірнеше томнан тұруы да мүмкін», дейді Алма Мұқанова.
Әділет вице-министрінің айтуынша, декларация тапсырылғаннан кейін комиссия одан әрі қарай шешім қабылдайды. Егер ол жерде ақпарат толық болмаса, тағы да толықтыруға мүмкіндік беріледі. Ал барлық ақпарат болған жағдайда мүлік иесіне «Сіздің мынау байлықтарыңыз (барлығы немесе бір бөлігі) заңсыз иемденілген активтерге жатады. Сізде екі жол бар: не оны өз еркіңізбен мемлекет меншігіне қайтарыңыз немесе күштеп қайтару шарасы қолданылады» деп талап қойылады.
Активтерді жасырса немесе қайтарудан бас тартса, не істеу керек?
Егер қолында заңсыз иемденілген активтері бар адам оны бірден мойындап, мемлекет меншігіне өткізуге келісімін берсе, оған қатысты ешқандай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қолданылмайтынын айта кету керек. Ал егер ол дүние-байлығын жасырса немесе тиісті тізілімге енгізілгені туралы хабарлама келгеннен кейін активтерін басқа жолдармен заңдастырып алуға тырысса, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
«Өткен жылы Қылмыстық кодекске жаңа 218-1-бап енгізілді. Ол «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекет кірісіне айналдырудан жасыру, сондай-ақ оларды заңдастыру (жылыстату)» деп аталады. Мүліктерін жасыруға немесе басқа да жолмен заңдастыруға тырысқан адам осы бап бойынша қылмыстық жазаға тартылады. Ал егер ол өз әрекеті әшкере болғаннан кейін активтерін қайтаруға келісімін берсе, Әкімшілік іс жүргізу кодексі бойынша оған жеңілдеу жаза қарастырылады», деді Әділет вице-министрі.
Оның айтуынша, егер кімде-кім пайда болуы түсініксіз активтерін қайтарудан бас тартса, Бас прокуратура оған қатысты 2 жолмен жаза қолданады: егер Қылмыстық кодекс бойынша жазаға тарту мерзімі өтіп кетпеген болса, қылмыстық жауапқа тартылады. Ал мерзімі өтіп кеткен істер бойынша азаматтық тәркілеу қолданылады. Азаматтық тәркілеудің белгілі бір мерзімі жоқ. Ол тіпті 20-30 жыл бұрын алынған заңсыз актив болса да, оның шығу төркінін дәлелдей алмаса, мемлекетке қайтаруға міндеттеледі.
Қайтарылған активтер құны 1 трлн теңгеден асады
Жоғарыда айтылғандай, қолында заңсыз активтері болуы мүмкін адамдардың тізілімі жасалғаннан кейін ол жабық негізде жұмыс істейді. Яғни соттың нақты үкімі шыққанға дейін ол жердегі азаматтардың аты-жөндерін ешкім көре алмайды. Тек сот үкімі шыққаннан кейін ғана қолындағы заңсыз активтері қайтарылған адамдардың тізімі жарияланбақ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің қызмет басшысы Қанат Сүлейменовтің айтуынша, өткен жылдан бері мемлекетке 856 млрд теңге актив қайтарылған. Оның ішінде ақшалай, жылжымайтын мүлік, қымбат көліктер түріндегі активтер бар. Өз еліміздегі, Франция, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, т.б. шетелдегі дүние-мүліктер мемлекет меншігіне өтті. Енді жыл соңына дейін тағы 180 млрд теңге активтерді қайтару жоспарда тұр. Сонда барлық қайтарылған активтер құны 1 трлн теңгеден асып жығылмақ.
Антикор өкілі «Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС-не (Оператор РОП) қатысты журналистің сауалына жауап берді. Бұл заңды тұлға бойынша сот үкімі шыққан. Мемлекетке 180 млрд теңге қайтарылған. Бұл қаражаттың бір бөлігі бүгінде жеңілдетілген автонесиелендіруге жұмсалып жатыр.
«Amanat» партиясының баспасөз орталығында өткен кездесуде журналистер тарапынан жуырда лауазымынан босатылған Бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов туралы да сұрақтар қойылды. 3 қазанда Президент өкімімен қызметінен кеткеннен кейін оның Францияда қымбат үйі бар екендігі туралы ақпарат шыққан еді. Алайда агенттік өкілі Қанат Сүлейменов «Ұ.Байжановтың бұл мүлкінің шығу төркінін растағанын, яғни прокуратурада қызмет еткенге дейінгі кәсіпкерлігі арқасында алынғанын» жеткізді. Дегенмен жуырда Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Ұлан Байжановтың Бас прокурордың орынбасары қызметінен шетелде мүлкі болғандығынан емес, керісінше заңсыз активтерді қайтарумен белсенді жұмыс істегендігі салдарынан кетуі мүмкін екендігін айтқан болатын. Яғни депутаттың сөзінше, заңсыз иемденілген активтерді қайтаруға кедергі келтіріп жатқан бір күш болуы мүмкін.
«Байжанов – заңсыз активтерді қайтару жоспарын жасаған адам. Енді оны жұмыстан шығарып тастады. Ол заңсыз активтерді қайтару сызбасын жасап, Парламентте қорғады. Менің ойымша, билікте заңсыз активтерді қайтаруға немқұрайлы қарайтын мүдделі топ пайда болғанға ұқсайды», деген депутат «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның да қабылдануына кедергілер болғанын айтты.
Бұдан бөлек, Ұлан Байжанов жыл басында қыркүйек айында шығу тегі түсініксіз активтер иелерінің толық тізілімі жасалады деген болатын. Алайда, ол тізілім әлі жоқ. Бас прокурор орынбасарының осы бағыттағы белсенді жұмысы салдарынан активтерді қайтаруға қарсы топтардың ықпалымен ол қызметтен кетті ме деген сауалға кездесуге қатысқан мемлекеттік органдар өкілдері жауап бермеді.
Сіз де үлес қоса аласыз
Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың айтуынша, заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару халықтың игілігі үшін жасалып жатқандықтан, ол іске еліміздің кез келген азаматы үлес қоса алады. Мәселен, егер кімде-кімнің қолында заңсыз активтер туралы шынайы деректер болса, оны Бас прокуратура жанындағы комитетке ұсынып, көмегін тигізе алады. Мемлекеттік орган бұл мәліметті жан-жақты тексеріп, тиісті шара қабылдайды. «Дегенмен берілетін ақпараттың шынайылығына көз жеткізіп қана ұсынған жөн. Өйткені теріс ақпараттың салдары да болуы мүмкін», деді ол.
Сонымен қатар ол депутат Бақытжан Базарбектің жуырда көтерген мәселесіне жауап берді. Депутат: «Арнайы қор қалай басқарылады, ол ертең ашық бола ма, жабық бола ма, біз оны білмейміз. Сондықтан елді заңсыз тонап, халықтың дүние-мүлкін, жерлерді, зауыт-фабрикаларды иеленіп алған олигархтар мен сол билік басында отырғандардың дүние-мүлкін ең алдымен сауда-саттыққа енгізіп, ақшаны Ұлттық қорға түсіру керек. Арнайы қордың соңғы мақсаты не болатыны түсініксіз. Ұлттық қор бар, қаражат соған барып түссін», деген болатын. Әділет вице-министрінің айтуынша, қайтарылған активтерді қабылдайтын жер жалпы түсініктегі қор емес, қазынашылық шот қана. Ақша сол жерге түседі және арнайы бұйрықпен қажетті мақсаттарға жұмсалады. Сонымен қатар Қаржы министрлігінің жанынан заттай активтерді басқаратын арнайы ұйым құрылған. Ол жерде үй, көлік, т.б. жылжымайтын және жылжитын мүліктер нарықтағы бағамен сатылымға шығарылып, оның да ақшасы қазынашылық шотқа аударылмақ.