Жаңадан тағайындалған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков басшылықтың тізгінін қолға алғалы әртүрлі сала өкілдерімен мәселе талқылау үшін бірнеше мәрте кездесу өткізді. Алдымен ардагерлермен, сосын журналист, блогерлермен, кейін мәдениет саласының майталмандарымен жүздесті. Жуырда өткен тағы бір жиында кәсіпкерлермен кездесті.
Бұл жиынға іскер азаматтармен бірге прокуратура, салалық басқармасының, кәсіпкерлер палатасының басшылары шақырылды. Ұзын-ырғасы басқосуға 150-ге жуық адам қатысты. Кездесу галстуксіз еркін жағдайда өткен соң бизнесмендер көкейде жүрген көптеген проблемасын өңір басшысына ірікпей жеткізді.
Алдымен сөз алған шаһар басшысы былай деп айтты. «Кәсіпкерлікті алға жылжыту – нарықтық экономиканы күшейтудің кепілі. Осыны ұстанған мемлекетіміз бүгінде шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдай жасап отыр. Біз, жергілікті атқарушы билік тарапынан қала экономикасын жақсарту үшін маңызды, бәсекеге қабілетті жобаларды қолдауға барынша ықпал жасаймыз. Ал кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып, бұл бағытта жемісті еңбек етулері қажет», деді ол.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова ұйымның жұмысы, бизнес саласы туралы біраз жайттан хабардар етті. Айталық, мегаполисте шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің саны 130 мыңнан асады. ШОБ-та жұмыспен қамтылған тұрғындар саны 214 мың адамды құрайды. ШОБ өндірген өнім көлемі 517,8 млрд теңгеге жетті. Ол қаланың жалпы өңірлік өнім үлесінің 50 пайыздан астамына тең. Кәсіпкерлер мүддесін қорғау бойынша ұйым биыл нәтижелі жұмыстар атқарды. Палата жанынан ашылған 7 салалық кеңес бар. Ол экономиканың басты бағыттарын қамтиды. Кеңесті құрудағы мақсат – бизнестегі негізгі проблемаларды анықтап, сарапшылармен талқылап, шешу жолдарын қарастыру. Кеңеске шаһардағы табысты кәсіпорын басшылары мен белсенді кәсіпкерлер мүше. Олардың жалпы саны – 250 адам. Жыл басынан бері салалық кеңестер 50 отырыс өткізген, 70 мәселе қараған. Республикалық деңгейде – 16, жергілікті бойынша 13 проблема талқылады. 26 мәселе шешімін тапса, қалғаны әлі қаралып жатыр.
Палатаның кәсіпкерлер құқығын қорғауға прокуратура көмегін көрсетеді. Прокуратура басқармасы бастығының орынбасары Айдархан Доматовтың мәлімдеуінше, құзырлы орган салық мекемесінің 3 027 бұйрығының күшін жойған, 119 кәсіпкердің 200 миллион теңгеден аса материалдық құқығы қорғалды. 6 сала басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ал кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев 2023 жылға кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген қаржы 19 миллиард теңгеден асқанын айтты. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында – 18,4 миллиард теңге, «Іскер қала» бағдарламасы бойынша 1,3 миллиард теңге қаралған.
Жиында талқыға түскен мәселеге келсек, палатаның білім саласы кеңесінің төрағасы, «The English School» ЖШС құрылтайшысы Мақсат Абдукаримов жеке мектептерде оқитын балаларға материалдық көмек көрсету жайын сөз қылды. «Жыл сайын білім беру ұйымдарында оқушылардың тамағына бюджеттен ақша бөлінеді, ал жекеменшік мектептерде оқитын балаларға қаржы қарастырылмаған. Бүгінгі таңда шаһарда 120-дан аса жекеменшік мектеп бар, онда жан басына қаржыландыру бағдарламасымен 40 мыңнан аса бала оқиды. Осы мәселеге орай жеке мектептер атынан Үкіметке, Оқу-ағарту министрлігіне қаулыға өзгеріс енгізу туралы өтініш хат жібердік», деді.
«LSM kz» ЖШС құрылтайшысы Ноян Төлегенов те жарыссөзге шықты. Ол соңғы екі жыл бизнес үшін қиын болғанын, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің біразы шығынға ұшырағанын айтып берді. Осыған байланысты бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету ШОБ дамуына серпін беретінін мәлімдеді. Сондықтан қалалық мәслихат бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-тен 2%-ға төмендету мәселесін қарауды сұрады. Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, денсаулық сақтау саласы кеңесінің төрағасы Бекайдар Нұрмашевтың айтуынша, қалада халық саны өсіп келеді. Сол себепті медициналық ұйымдардың төсектік орындар санын 6 мыңға жеткізу қажет. Шымкент еншісін алып кеткенімен, Түркістан облыстық медициналық мекемелері мегаполистен әлі көшпеді. Бұл да төсектік орын жетіспеушілігіне кері әсерін тигізіп жатыр. Өйткені науқасты қарауда, стационарға жатқызуда басымдық бірінші кезекте облыс тұрғындарына беріледі.
Басқосуда «Қазтермопласт» ЖШС басшысы Қанат Досымов та сөз алып, «Жұлдыз» индустриялық аймағындағы электр жарығының жетіспеушілігіне тоқталды. Ол индустриялды аймақта жалпы құны 160 млрд теңгенің үстіндегі 50-ге жуық жобаның іске асырылып жатқанын баяндады. Әлбетте зауыт-фабрикаларды уақтылы іске қосу үшін қуатты электр энергиясы қажет. Ал ол, өкінішке қарай, индустриялды аймақта болмай тұр. Сонымен бірге «Байтерек агро» АӨК төрағасы Тахирбек Нишанбаев сүтті бағыттағы фермалардың несие ала алмай жатқанын баяндады. Себебі «Агро несие корпорациясының» талабына сай шаруа қожалығының меншігінде өзінің немесе жалға алған жайылым жері болу керек екен. Бір қызығы, Жер кодексінде республикалық маңызы бар қалалардағы жайылым жер деген санат мүлдем жоқ. Осы ретте шаруа Еуропа елдерінен әкелінген асыл тұқымды ірі қара малға жайылым жердің қажет емес екенін айтады. Сондай-ақ жиында «Retail Stores Kazakhstan» ЖШС бас директоры Наргиза Керимбаева Шымкенттегі интернет мәселесін көтерді. Қала аумағы ұлғайып, кәсіпкерлік нысан көбейген, дегенмен соған сай интернет және ұялы байланыс сапасы көңіл көншітпей отыр, дейді.
Жиналыста салалық басқарма басшылары кәсіпкерлер аузынан шыққан барлық проблеманы қойын дәптерлеріне жазып алды. Шаһар басшысы көтерілген мәселелерді шешуге күш салатынын жеткізді. Сосын бизнес өкілдерін қала экономикасын жандандыруға, импорттық тәуелділіктен арылуға, отандық өндірісті дамытуға, халықтың тұрмысын, әл-ауқатын арттыруға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға, басқа да әлеуметтік қиындықтарды бірлесіп еңсеруге шақырды.
Билік пен бизнес арасындағы еркін диалог дәстүрлі үрдіске айналатын болды.
ШЫМКЕНТ