• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 17 Қазан, 2023

Халықтық медицинаның дамуы

394 рет
көрсетілді

Медицина сәт сайын өзгеріп, дамып жатыр. Ал халықтық медицина көлеңкеде қалып қойды. Жақында ғана Астанада осы мәселеге қатысты «Дәстүрлі медицинаның дамуы мен болашағы» атты форум өтті.

«Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы» республикалық қоғам­дық бірлестігі, Астана меди­цина универ­ситеті, акаде­мик Е.Дәленов атын­дағы Профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты бір­­лесіп өткізген форумға дәс­түрлі медицина саласының ма­мандары мен зерттеуші ға­лым­дар, жоғары са­нат­та­ғы дәрі­герлер, медициналық жоға­ры оқу орындарының оқыту­шы­ла­ры мен білім алушылары қа­тысты. Дәс­түрлі медицина­ мамандарының білік­тілігін же­тілдіру, дәрілердің ресми тір­келуі және дәстүрлі емнің тиім­­ділігі мен қажеттілігі баяндалды. Сон­дай-ақ ғылым мен технология же­тістігіне сүйеніп, заманауи және дәстүрлі медицина әдіс-тәсілдерін ғы­лыми негізде біріктірудің мүмкіндігі тұжырымдалды.

– Бұл форум қазаққа керек. Қазақ халқы қанша өмір сүр­се, дәстүрлі медицина да сонша өмір сүріп келеді. Осы күнге дейін өз жарасын өзі емдеп, сынығын салып келгені белгілі. Қазақ медицинасын зерттейтін орталық ашылуы керек деп ойлаймын. Көр­ші мемлекеттер баяғыда дәстүрлі медицинаны ғылыммен ұштастырған, – деді Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығы төраға­сының орынбасары Қар­лы­ғаш Хожамұрат.

Дәстүрлі медицина – халық­тың қанына біткен ілім. Де­генмен халық емінің атын жа­мылып, денсаулыққа зиян жолмен қыруар пайда тауып отырғандар да бар. Сол се­беп­ті осы замандағы ғы­лыми әдіс­темелерді қолданып, дәстүрлі медицинаны зерттеу маңызды.

– Заманауи медицинаның ілімде­рі мен әдістемелері арқылы дәстүрлі медицина негізін ғылыми түрде қалып­тастыруға болады. Мысалы, оқу жүйесі бойынша жоғары оқу орнын аяқтаған білім алушылар екінші қосымша білімді дәстүрлі медицинадан алуға болатынын көбі білмейді. Бізде білім жүйесі қалыптасқан. Қазақ медицинасын дәстүрлі медицинаның ұлттық құрамы ретінде ғылыми түрде негіздейік, – деген ұсыныс айтты Е.Дәленов атындағы Профилактикалық медицина ғы­лыми-зерттеу институтының аға оқытушысы Бағай Назарбайұлы.

Халық емінің жанашырлары дәстүрлі медицинаның даму бағдар­ламасын жүйелейтін меморандум қабылдап, жүйелі түр­де дамыту туралы бастама көтерді.