• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 18 Қазан, 2023

«Хат қоржын»

237 рет
көрсетілді

Шырағы сөнбейтін тұлға

Жазушы Тахауи Ахтановтың менің ауданымда туғанын мақтан етемін. Жерлес қаламгердің туғанына алдағы 25 қазанда 100 жыл толады. Ол 1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде өзі сұранып майданға аттанады. Алғашқы әдеби көркем шығармалары өлең, очерк түрінде майдан газеттерінің беттерінде жарияланып тұрған.

1948 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін шығармашылықпен айналысады. Алғашқы өлеңдері «Жастар дауысы» деп аталатын ұжымдық жинақта жарық көреді. Осы кезде оның әдеби-сын мақалалары молырақ басылып, алғашқы монографиялық зерттеу еңбегі жарияланады. Барды жоқ, тауды жер ететін тажал соғысты, әрине, көп ақын-жазушы шығармаларына арқау етті. Ал Тахауи Ахтанов атамыз дәл майдан үстін емес, майдан мен ел шакарасындағы нәзік жандылардың өліммен арпалысқан сәттерін шынайы суреттейді.

«Шырағың сөнбесiн» романы «Жұлдыз» журналының 1973 жылғы 10-11, 1980 жылғы 2-3 сандарында қалың оқырман назарына ұсынылып, жоғары бағасын алды. Көркем туынды соғыстың сұрапыл жылдарын көз алдыңа айна-қатесіз алып келеді. Романның бас кейіпкері қазақтың қарапайым келіншегі – Нәзира. Елдің батыс шекарасында қызмет атқаратын кеңес офицері Қасымбекке тұрмысқа шығып жат елде жүргенде, кенеттен соғыс бас­талып кетеді. Шиеттей нәрестесін құшақтап, эвакуацияға ұшыраған жас келіншек көп қиындық көріп азап шексе де, қазақ әйеліне тән табандылық, қайсарлық танытады.

Қысқасы, жазушы өз шығармаларында Қазақ елінің басынан кешкен небір оқиғаларды – ашаршылық нәубетiн, сталиндiк зобалаңды ретроспекция әдісі арқылы нанымды көрсете білген.

Тахауи атамыздың шығармаларын сүйіп оқитын ұрпағы барда, аты жадымызда әрдайым сақталады. Ендеше, осы өмірдің шамшырағы, кемел келешегі, яғни біз және ертеңгі ұрпақ сол шырақты сөндіріп алмасақ екен деймін.

Аружан ҚАЛЫБАЕВА,

Б.Сүлейменов атындағы ЖОББМ

11-сынып оқушысы

Ақтөбе облысы,

Шалқар ауданы

 

 

Төрдегі орын – ұстаздікі

«Халықтың баласын тәрбиелеген адам халықтың анасына айналады» деген тәмсіл бар. Сондай ұлағатты ұстаздардың бірі – Тараздағы Төле би атындағы №8 гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін Дәмелі Демегенова. Сондай-ақ ол мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасын басқарады. Жоғары біліктілігінің арқасында қала, облыс, республика көлемінде ашық сабақтар өткізіп, семинар-тренингтерге үздіксіз қатысып келеді.

Пән оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайтын «Оқу сауаттылығы» еңбегінің авторы. Сабақ беретін тәлімгерлері де ғылыми жобаларға, пән олимпиадаларына, басқа да түрлі байқауларға қатысып, облыс, республика көлемдерінде жүлделі орындарға ие болып жүр. Мәселен, Ләззат Ахметқалиеваның «Абайдың арнау өлеңдері – М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының желісінде» тақырыбында жазған ғылыми жобасы облыста 1-орын иеленді. Інжумаржан Мәдиеваның «М.Қалдыбайдың «Атақ пен шатақ» кітабындағы Бауыржан Момышұлының сан қырлы бейнесі» атты ғылыми жобасы қала бойынша 1-орынға лайық деп табылды. Санамалай берсек, мұндай жетістіктер көп-ақ.

Дәмелі Онбайқызы оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде жеткен жоғары көрсеткіштері үшін 2010 жылы Білім және ғылым министрлігінің Алғысхатымен, 2011 жылы «Тәуелсіздігімізге – 20 жыл» мерейтойлық медалімен, одан бергі жылдары түрлі деңгейдегі білім басқармаларының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Осының барлығы ұстазға деген құрметтің белгісі екені күмәнсіз.

 

Гүлбайра ТЕЛБАЕВА,

мұғалім

ТАРАЗ

 

 

Қайнаған тірліктің қаһарманы

Алғабас ауылдық округіне қарасты Жаңаөңір елді мекені маңындағы Сулыкөл жайлауында тұратын Эльмира Мағзомоваға барамын деп өкшем көтерілгеніне бірнеше айдың жүзі болса, оның сәті жуырда ғана түсті. Қалада туып-өссе де алыс ауыл тірлігінен қашпай, қырға келін болып түскен ол көпшілікке Instagram әлеуметтік желісіндегі @kyrdyn_kelini парақшасы арқылы таныс. Эльмира өзінің жайлаудағы өмірін шынайы көрсетіп, 15 000 оқырман жинап үлгерген.

Қыр келіні құрт, май, ірімшік, тағы басқа сүт өнімдеріне өзіміздің, көршілес, тіпті оңтүстік өңірлерден тапсырыс алып, поштамен жіберіп тұрады екен. Қажет кезінде мал қайырып, қыста айырлап малға шөп салып, көктемде мал төлдету, қой қырқу науқандарында ерге бергісіз еңбек ететінін білдік. Нағыз қайнаған еңбектің, тынымсыз тірліктің бел ортасында жүрген қыр келіні бүгінде елдің сүйіктісіне айналған. Бұған қоса, ол – көпбалалы ана, жұбайы Әсет Мағзомов екеуі бес ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп отыр.

Аты ғана қырдағы үй демесең, қаланың үйінен бір кем емес, жайлы. Үйге кірсем, Эльмира бір үлкен сырлы табақтағы қаймақты май етіп шайқап жатыр.

Оның күні таңғы 5-6-да басталады екен. Әсет бұзауды айдап әкеледі, Эльмира сегіз сауын сиырын сауады. Одан кейін сүт тартады. Сүзбе сүзеді. Жиналған қаймақты былғайды. Құрт қайнатады. Тапсырысқа кететін өнімдерді өлшеп, бөліп, әрқайсысын бөлек салып, дайындайды. Тауықтардың жем-суын беріп, жұмыртқасын жинайды. Арасында атқа мініп қайырып келген малды құдықтан су тартып суарады. Күнделікті үй тірлігі тағы бар. Кешке қайтадан сиыр сауып, сүт тарту керек... Осыншама күйбең тірлікпен жүріп, қыр келіні Instagram парақшасын жүргізуге уақыт табады.

Осындай қайнаған тірліктің қаһарманы ретінде танылып жүрген замандасымызды – қыр келінін өзгелерге үлгі етсек еш айыбы жоқ-ау деп білеміз.

 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Батыс Қазақстан облысы,

Сырым ауданы