• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 19 Қазан, 2023

Оқушы тәрбиесіне бәріміз жауаптымыз

241 рет
көрсетілді

Оқу-ағарту министрінің арнайы бұйрығымен былтыр орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің және баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидалары бекітілгені мәлім. Сөйте тұра мектеп партасында отыр­ған оқушылар арасында әлімжеттік оқиғалары ­азаяр емес.

Психологтердің айтуынша, құрбы-құрдастары арасында басбұзарлыққа жол беретіндердің көбі – тілазар балалар. Яғни тәртібі қиын, ата-анасы көп сөйлесе қоймайтын жасөспірімдер қоғамдық тәртіпті бұзуға жақын тұрады. Өкінішке қарай, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың өсуі­не отбасындағы тәр­бие­нің­ осалдығы бірден-бір себеп­ екені белгілі. Ата-ана­лар­дың көбінің жұмыс­бас­тылығына, кәмелетке тол­мағандарды тәр­биелеу, оқы­ту мен асырау мін­деттерін ойдағыдай орындамауына байланысты келеңсіз жайттар жиі орын алады.

Павлодар облыстық полиция­ де­партаментінің ақпа­ратына сүйен­сек, биылғы қаңтар-тамызда кә­ме­лет­­ке тол­мағандар тарапынан 15 құ­­­қық бұзушылық тіркелген. Де­пар­­тамент бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров балалар арасындағы жалпы қылмыс саны 21 пайызға төмендегенімен, ұрлық, ұрып-соғу, буллинг жасау фактілері тыйылмай тұрғанын айтады. Бұған қоса өзгенің мүлкін тонау, зорлау, сексуалдық сипат­тағы зорлық-зомбылық көрсету, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, есірткі тасымалдау сияқты құқық бұзушылық та тіркелген.

Шілде айында облыс орта­лы­ғында 12-17 жастағы бір топ бала өз қатарласын аяу­сыз ұрып, тепкінің астына алған оқиға жұрттың жағасын ұстатты. Жасөспірімнің бас сүйегіне, денесіне жарақат салып, ойларына келген жауыздықты жүзеге асырғандар зардап шегушіні шешіндіріп, қорлап, онысын ұялы телефон камерасына түсіріп алған. Ол аздай бейбастақ жасағандар баладан 100 мың теңге талап етіп, бопсалаған. Бұл оқиға рес­публика көлемінде резонанс тудырғаны да есімізде. Мұндай буллинг әрекеттерінің ендігі жерде қайталанбауы үшін не істеліп жатыр?

Өңірлік білім бас­қар­ма­сының басшысы Самал Айт­қазина Оқу-ағарту ми­нистрлігінің «Орта бі­лім­ беру ұйым­дарын­дағы пси­хологиялық қызмет қағи­да­ларын бекіту туралы» 2022 жылғы 25 тамыздағы №377 бұйрығын орындау мақсатында облыс мектептерінде психо­логиялық қызметтің жұмысы жолға қойылғанын жеткізді. «Тәрбие алаңы» жобалық кеңсесінің базасында 5 негізгі бағытты ұстанатын педагог-психологтердің өңірлік жұмыс тобы құрылған. Мамандар аутодеструктивті, девиантты мінез-құлыққа ие, ерек­ше­­ қажеттілігі бар балалардың топ­­­та­рымен және олардың от­ба­­сы­­ларымен жұмыс істейді. Бұған қо­са «Жас психолог мектебі» бар.

«Педагог-психолог жұмы­сы­ның жоспары, суицидке немесе әрекетке бейім балаларды анықтау кезіндегі білім беру ұйымы педагогтерінің іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Бұған қоса балаларға прак­ти­калық дағдыларды үйрететін сағаттарды көбейтіп, педагог-пси­хологтердің жұмыс фор­матын қайта қарадық. Олар­дың жұмысын жеделдету мақса­тында 2022-2023 оқу жылында «Codo» серіктестігімен бір­ле­сіп, қанатқақты режімде облыс мектептерінде «HR+» пси­хо­­­логиялық-педа­го­гика­­лық­ мо­­ни­­торингтің автомат­тан­­ды­­­­­рылған жүйесі енгізілген еді. Денсаулық сақтау бас­қа­р­­масымен, үкіметтік емес ұйым­дармен, облыстың жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимыл ұйымдастырылды. Мамандарымыз тұрақты түрде білімдерін көтеріп, тәжі­ри­бе алмасады. Оқушылар сара­йы­ның базасында «Тәрбие алаңы» жобалық офисі жұмыс істейді. Ол жыл бойы құқық бұзушылықтардың, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қыл­мыстардың, буллингтің алдын алу мақсатында «Ина­бат» бағыты бойынша түр­лі іс-шараны үзбей өткізеді. Мектеп, колледж директорларының тәрбие жөніндегі орынбасарларына, педагог-психологтерге арналған курстар мен семинарлар ұйымдастырылады. Жобалық офис ата-аналарға арналған «Позитивті ата-ана» курсын әзірлеп, іске асырып жатқанын да атап өту керек», деді басқарма басшысы.

Білім алушылардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында облыста қазіргі күні арнайы жол картасы іске қосылған. Ресми мәліметте аймақ бойынша 576 мектепте 115 мыңға жуық оқушы білім алатыны көрсетілген. Барлық білім беру ұйымында полицияның жедел бақылау орталығына қосылған бейнебақылау жүйе­лері орнатылып, дабыл батырмалары аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне шығарылды. Яғни керекулік балабақшалар мен мектептердегі, колледж­дердегі балалардың қауіпсіздігі 19 646 бейнекамера арқылы бақыланады.

Балалар арасында құқық бұзушылық көбіне Павлодар мен Екібастұз қалаларында жиі кездеседі. Жыл басынан алғашқысында – 10, соңғысында 5 қылмыс тіркелген. Мұның сыртында кейбір мектептердегі тентектердің қылығы жылы жабылып қоя салынатыны да мәлім. Құқық қорғау органдары кез келген құқық бұзушылық ресми тіркелуі керектігін ескертудей ескертіп келеді. Алайда кейбір аудандарда орын алған буллинг әрекеттерін мектеп басшылығы шу шығарудан қорқып, арнайы мекемелерге хабарламайтыны да белгілі жайт.

Психологтер бала мен ата-ананың жылы қарым-қаты­насы жанжалсыз орта құруда маңызды екенін айтады. Жас ата-аналарға бала тәрбиесінде көмек көрсетуге бағытталған «Позитивті ата-ана» курсы да бүгінде тәп-тәуір жұмыс істеп тұр. Педагогикалық тұрғыда өзін-өзі тәрбиелеуді ұйымдастыру мақсатында ата-аналарға кө­мек көрсету үшін білім беру мекемелерінде «Отбасы мен мектеп ара­сындағы өзара іс-қимыл тұжы­рымдамасы» да енгізілді. 522 ата-аналар комитетінің, 169 әкелер кеңесінің, білім беру ұйымдары жанындағы 186 аналар кеңесінің қызметі қайта жандана түсті. Оқу-ағарту министрінің былтырғы №506 бұйрығымен «Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидалары» бекі­тілген. Аталған қағидаға сәйкес әрбір білім беру ұйымының әкімшілігі баланы жәбірлеуге жол бермеу үшін барлық жағдайды жасауы керек. Бұл бағытта жақсы жұмыс атқарып отырған Баянауылдағы Қошке Кемеңгерұлы атындағы орта мектепті мысал етуге болады. Педагогтер ұжымы оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында сынып сағаттарын, құқықтық білім сабақтары мен әңгімелер, дөңгелек үстелдер, пікірталастар, ситуациялық ойын­дар өткізеді. «Мен және менің құқықтарым», «Балалық шаққа барынша құрмет көрсету керек», «Өзімізді құрметтеуді үйрену», басқа тақырыптарда тәлім­дік сабақтар жүргізіліп, оқушыларды бауырмалдыққа жетелейтін түрлі ойын-сауық ұйымдастырылады.

Түйіндей айтсақ, балалар арасындағы буллингтің қоғамға төндіретін қаупі зор. Әрі агрессивті мінез-құлық – араға жиі уақыт салып қайталана беретін әре­кет. Сондықтан баланың тәртібімен жас­тайы­нан айналысу, ата-ана мен мек­теп­тің бұл бағытта ынтымақтасуы аса маңызды.

 

Павлодар облысы