Олар – аптап ыстықта, саршұнақ аязда да әрдайым сапта. От пен су, желдің өтінде, қауіп пен қатердің бел ортасында жүрсе де олар үшін адам өмірін құтқару – ең жоғары миссия. Жылдамдық, ептілік пен батылдық – құтқарушыға тән қабілет. Біздің елімізде осы бір қиын да, қызықты мамандықты өмірінің мәніне айналдырған адамдар аз емес. Олардың өмірі мен еңбегі талайға үлгі.
Өйткені құтқарушылар өздері таңдаған мамандықты шын сүйеді әрі өздері еңбек ететін салаға жан-тәнімен берілген. Мұндай мамандар үшін атақ-абырой мен табыс та бірінші орында емес, маңыздысы – кәсібіне деген адалдық.
Серік Шерияздановтың құтқарушы деген мәртебелі мамандықты кәсіп еткеніне 14 жылдан аса уақыт өткен. Бір адамды қатерден аман алып қалудың өзі қаншалықты күш-жігерді, жауапкершілікті, ерлік пен өрлікті талап ететіні мәлім. Адамдарды құтқару, жоғалғандарды іздеу, суда, далада, үйде қауіпті жағдайға тап болғандарды ажалдан арашалап қалу – қауіп-қатері мол қызмет иелерінің негізгі арқалаған міндеттері.
Павлодар облысында азаматтар үшін ең қауіпті табиғи жерлердің бірі – Ертіс өзені. Халқымыз «От пен су – тілсіз жау» деп тегін айтпаған. Өңірді қақ жарып, 720 шақырым жерді басып өтетін ірі өзеннің айналасы толған ауыл, қайнаған тіршілік. Құтқарушылар ала жаздай аптап ыстықтан су жағалаған көпшіліктің қауіпсіздігін кірпік қақпай күзетсе, күз бен қыста балалар мен қызық іздеген әуесқой балықшылардың мұз ойықтарына түсіп кетпеуін қадағалайды. Биыл Ертіс-Баян өңірінде жаз ерекше ыстық болып, өрттен бөлек, суға кету оқиғалары да аз тіркелмеді.
«Ертіс – ағыны өте арынды өзен. Түбі терең, лайлы келеді. Жыл басынан бері ресми дерек бойынша 6 адам суға кетті. Дегенмен оның сыртында қауіпсіздік шараларын сақтамау, өзіне-өзі қол жұмсау фактілері бойынша тілсіз жаудың құрбанына айналғандар да баршылық. Суға кеткендердің мәйітін іздеу – өте қиын шаруа. Кейде өзіміздің жігіттер су астында жатқан ағаштың түбірлеріне соғылып, болмаса үлкен шұңқырларға түсіп кетіп, өміріне қауіп төніп жатады. Оларды кез келген қауіпті жағдайға алдын ала дайындаудың нәтижесінде қысылтаяң сәттен аман-есен шығып жүр. Біздің мекемеде өңір бойынша 91 қызметкеріміз бар болса, соның 40-ы сүңгуірлік қызметті атқара алады. Арнайы суға сүңгу костюмдеріміз жетерлік, тек биыл жаңадан 27 жиынтық алынды. Техника паркіміз, қайықтар мен катерлеріміз, құрал-жабдықтарымыз да жеткілікті. Жыл басынан бері жалпы 630 шұғыл шақыртуға барып, 112 адамның өмірін құтқардық. Оның 412-сі авариялық құтқаруға тиесілі. Осындай цифрлардан-ақ біздің мамандарымыздың бос отыратын күні болмайтынын байқау қиынға соқпас», дейді ол.
Серік Мүбәракұлы бүгінде өңірлік төтенше жағдай департаментіне қарасты өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары болып еңбек етіп жатыр. Айтуынша, құтқарушы қызметі көп азаматтар үшін психологиялық тұрғыдан аса ауыр. Жуықта Ертіс өзенінің Павлодарское ауылы маңында 43 жастағы әйел мен оның екі баласы көлікпен суға батып кетті. Кішкентай балалар қараусыздықтың құрбаны болып, суға тұншығып қалатын қайғылы оқиғалар жыл сайын тіркеледі.
«Бірде бірнеше отбасы табиғат аясына шығып серуендеп, өзенге шомылып жүріп, жас баланың жоғалып кеткенін айтып хабарласты. Әлгі жерге жедел жетіп, су айдынын зерделегенде жоғалған баланың жағалаудан небәрі 2-3 метр жерде, судағы шағын шұңқырға түсіп көз жұмғанын анықтадық. Ата-анасы көңіл көтеріп жүріп, қарамаған. Кішкене балалардың мәйітін судан алып шығып, әке-шешесіне тапсыру – біз үшін аса қиын сәт. Мұндай бақытсыз жағдайдың алдын алуға әбден болатын еді ғой деп кейде ішімізден қайғыға батамыз. Биыл Жаңа Ямышев ауылы маңында, Успен ауданында, Екібастұздың ауылдық аймақтарында осындай қайғылы жайттар тіркелді. Бақылаусыз бала кез келген жағдайға ұрынуы мүмкін. Осыны ересектер қаперден шығармаса екен», дейді маман.
Тағы бір қайғылы жайт, биыл сәуір айында Екібастұздың ауылдық округінде тіркелді. Жоқ іздеп шыққан ерлі-зайыптылар айдалада екіге бөлініп, адасып кеткен. Құтқарушылар тәртіп сақшыларымен бірге екі тәулік бойы әйел адамды іздеді. Өкінішке қарай, оның қатты суықтан үсіп өлгені анықталды. Дүние-мүлік үшін өз басын қатерге тігу, жолға, сапарға шыққанда жеңіл киіну көптеген қиын- дыққа ұрындырып жатады. Абайсыздық пен немқұрайдылық – адамға жау факторлар.
Құтқарушылар еңбегінің арқасында жазғытұрым тасқын судың әлегінен құтылып отырған елді мекендер де баршылық. Сонау бір жылдары Ақтоғай ауданы Шолақсор ауылының жұртшылығы көктемде су жүргенде бөлек аралда қалғандай күн кешетін. Кейінгі екі жылда құтқарушылар ондағы Сілеті өзенінің мұзын аралап кесіп, судың жылдам өтіп кетуіне жағдай тудырып келеді. Осылайша, шолақсорлықтар бір бейнеттен құтылды.
Құтқару қызметі мамандарының жұмысы жылдың төрт мезгілінде де бір толастамайды. Қазіргі күз айларында су үстіне резеңке қайықпен шығып, балық аулайтын әуесқойлар көп. Резеңке қайығы ауып кетіп, болмаса өзеннің жарлауыт тұстары опырылып, талай адам опат болған. Оның үстіне қараша айының соңы, желтоқсан айының басындағы жұқа мұзға шығып, балық аулайтындар да табылады. Осының барлығын бақылау, адамдарды кез келген қауіп-қатерден сақтандыру – құтқарушылардың міндеті.
Павлодар облысы