• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Таным 19 Қазан, 2023

Тарих ғылымының абыройы

226 рет
көрсетілді

Дана халқымызда «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөз бар. Бұл, әлбетте, жекелеген тұлғаларға, абырой биігіне көтерілген әулеттерге қатысты қолданылады. Бүгінде академик Хангелді Әбжановты тұлғалық жағынан да, әулеттік жағынан да қазақтың текті ұлдарының қатарына жатқызуға болады.

Оның туып-өскен жері – Қа­ра­ғанды облысының Жаңаарқа ауданы. Махмұт атамыз бен Ұм­сындық анамыздың отбасынан тараған он перзент – бүгінде ержетіп, өмірде өз орындарын тапқан азаматтар. Академик Хан­гелді Махмұтұлы үнемі ата-бабасының ғұмырнамасын, тәр­биесін, ұрпақ сабақтастығын мақтанышпен айтып отырады. Арғы аталары осал емес. ХVІІІ ғасырда 20 жылдай Ташкентті билеген, әділ би, батыр Нияз Барқыұлының ұрпағы.

Өзінің ғибратқа толы ғұмы­рында Х.Әбжанов талай бе­лесті бағындырды, отан­дық тарих ғылымының ірге­лі мәсе­лелерін зерделеуге өзін­дік үлесін қосып, шәкірт тәрбие­леп, олардың ғылым жолына тү­суіне ықпал етті.

Мен Хангелді Махмұтұлы­мен алғаш рет 1993 жылдың тамыз айында таныс­қан едім. Сол жылы Абай атындағы Алма­ты мемлекеттік университетінің (қа­зіргі ҚазҰПУ) тарих факуль­те­тін «Тарих және қосымша құ­қық» мамандығы бойынша үздік тәмамдап, аталған жоғары оқу орнында Қазақстан тарихы кафедрасына оқытушылық қызметке қалған болатынмын. Тамыз айының ортасына қа­­рай ол кісі телефон соғып: «Сіз жаңадан ашылған Тарих­нама және деректану кафед­расына оқытушылық қызмет­ке қа­былдандыңыз. Мен сол кафед­раның меңгерушісімін. Ертең университетке келіңіз, қалған мә­селені кездесу барысында анық­таймыз», деді.

Таңертең келіскен уақыт­та университетке келсем, алдымнан бір қарағанда Әлкей Марғұлан­ға, енді бірде Мұхтар Әуезовке ұқсайтын бір кісі шықты. «Мен кеше өзіңе телефон шалған Хан­гел­ді ағаң боламын», деді жылы шы­раймен. Содан кейін жұмыс ба­ры­сын, басқа да мән-жайларды түсіндірді. Осылайша, Х.Әб­жа­новтың байсалдылығы мен пара­сат­тылығының арқасында университетте алғаш рет тарих ғы­лы­мының тарихна­масына, де­рек­тануына арналған арнайы кафед­ра және «Архивтанушы» ма­ман­дығы ашылып, оған жетек­шілік етті.

Бірге қызметтес болған 1993-1999 жылдар аралығында Хан­гелді Махмұтұлы менің ұстаз, ғалым болып қалыптасуыма ар­қау болып, отбасылық өмірімде де ағалық қолдауын көрсетті. Білім, ғылым жолы инемен құдық қазғандай екенін жақ­­сы біле тұра, сол жолды таң­да­ған­дықтан, кандидаттық, док­тор­лық дис­сертациялардың та­қы­рыбын анықтау, зерттеу жұ­мыстарымен айналысу бағы­тын­дағы даңғыл жолды Хангелді ағамыз салып берді. «Ақмарал, біздің тарихымызда зерттелмеген дүние көп қой. Дегенмен мүл­дем қарастырылмағандары да бар. Сен осы Қазақстан музейлері­нің қалыптасу, даму тарихын зерттесең қалай болады?» деген пікірін қабылдап, 1999 жылы кандидаттық, кейін араға он жылдай уақыт салып докторлық диссертация қорғадым. Осы еңбегімнің арқасында қазіргі таңда еліміздің іргелі мәдени ошақтарының бірі Ұлттық музейде қызмет атқарып жүрмін.

Осы аралықта ақылшы, ке­­ңесші болып жанымда ас­қар таудай ағам Хангелді Мах­мұт­ұлы болды. Шын мәнінде, қа­зіргі таңда музей ісіне арнал­ған мұндай кешенді еңбек бұ­дан кейін жазылмаған екен. Елі­міздің жалпы мәдени нысан­дарының, мәселен, архив ісі, кітапхана ісі тарихына арнал­ған зерттеулер жоқтың қасы еді. Хангелді Махмұтұлы Отан тарихының осы бір бағытын зерт­теу нысаны етті. Мұны ака­демиктің тұжырым­ды ойлауы­ның нәтижесі деп бағалауға бо­лады.

Хангелді Әбжанов Алма­тыда бас­талған қызметтік жо­лымыз 2000 жыл­дың басында елорда төріндегі Л.Н.Гумилев атындағы Еура­­­зия ұлттық университетінде жал­ғасын тапты. Сол жылдары Сейіт Қасқабасов, Рым­ғали Нұр­ғали, Қойшығара Сал­ғара­ұлы, Ақселеу Сейдімбек, Тұрсын Жұртбай, Сартқожа Қаржау­бай сынды тұлғалар­мен әріптес болды. Тарих, тіл, әдебиет саласындағы ғылыми-зерттеу инс­титуттарын басқарып отыр­ған марғасқа ағаларымыз­бен тағылымды пікірлесу оның тарих ғылы­мы­на деген көзқа­ра­сына, зерттеу дағдысына айтар­­лықтай өзгеріс әкелді. Осы­лай­ша, «Қазақстан тарихы» ака­де­миялық көптом­дығы­ның жазы­л­уына қатысып, мәдениет та­рихы, Қазақ хандығы, дәстүрлі қазақ қо­ғамы бөлімдерінің дә­йек­ті жазылуына өзіндік үлесін қос­ты. Сонымен қатар Еуразия ұлттық университеті мен Астана қаласының дамуына еңбек етті.

«Ұлтына, жұртына қызмет қылу – бі­лім­нен емес, мінез­ден», деп Алаш көш­басшысы Әлихан Бө­кей­хан айтпақ­шы, ғалымның бойын­дағы туа біт­кен пара­саттылығы мен жай­­­саң мінезі отандық та­рих ғылымы­ның дамуына айтар­лықтай әсер етті. Ғалымның ғы­лыми-зерттеу бағыт­та­ры: тарих методология­сы және дәуір­­леу мәсе­лесі, байыр­ғы түр­кілер мұра­сы, тарих үде­рісі және ұлттық идея, ұлт зия­лысы, ұлттық идея және азат­тық қозғалысы, социализм және Қазақстан мәдениеті, тарихи өлкетану және ономастика, тіл мен тарих байланысы мәселесі.

Бүгінде академик Х.Әбжа­новтың ой-елегінен туын­да­ған ғылыми ұстанымдар тарих ғы­­лымының теориялық-әдіс­на­­ма­лық тұстарының ұлт­тық, өркениеттік жа­ғынан пайымдалуына ықпал етіп ке­ле­ді. Мәселен, ғалым өз еңбектерін­де Қа­зақ­стан тарихын зерттеу­дің методо­ло­гиясы мәселесіне ерекше мән беріп, «ол ғылы­ми ізденіс пен нәтижені оралым­ды ұйымдастыруға һәм дәйектеу­ге мүм­кін­дікті молайта, жетілді­ре беру қажет» еке­­нін көрсетеді. Өз еңбектерінде Қа­­зақ­стан тарихын зерттеудің түрлі ме­то­­­дологиялық ұстанымдарына назар аударған.

Академик Х.Әбжанов ұлт тарихын дәуір­леуді жаңаша мето­дологиялық көз­қарас тұр­ғы­сынан: Көне Қазақстан; Түр­кілену, исламдану, қазақтану дәуіріндегі Қазақстан; Қазақ хандықтары немесе табиғи-дәс­түрлі даму дәуірі; Зар заман дәуі­рі; Тоталитарлық зорлық пен ке­ңестік модернизациялау дәуірі; Азаттық дәуірі деп қарастыру­ды ұсынады. Ғалымның бұл пайы­мы – отандық ғылымды зерделеу­дегі үлкен жаңалық. Мұндай қадам бұрынғы қатып қалған идеология мен сыңаржақ методологиядан арылып, жаңа­­ша этноконцептік қағидаттар­ға негіз­дел­ген өркениеттік мето­дологиялық ұста­ным­дарға жете­лейді, бұл жас зерт­теушілер үшін өте маңызды.

Хангелді ағамыздың тарих ғылымын дамытуға қосқан үлесі, жанында жүрген адамға деген адал, таза қарым-қатынасы, адамдық қасиет­тері, сөйлеу әдебі, бір сөз­бен айт­қанда, қазақ ғалымына тән, ұлттық ғылымда эталон саналатын ғы­лым­ға, әріп­тестеріне, шәкірттеріне, ой еңбе­гіне деген адал қарым-қатынастың қай­­та­лан­бас бедерлі мәдениетін көрсе­теді.

Талантты ғалымның жетек­шілігі­мен 15 ғылым докторы, 41 ғылым кандидаты даярланды. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл», «Ұс­та­зы жақсының ұстанымы жақ­сы» демекші, Хангелді Махмұт­ұлының шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқа­рып, Қазақстан тарихы­ның өзекті мәселелерін зерттеп, ғы­лымның дамуына өз үлесін қосып отыр.

Академик Хангелді Әбжа­нов­ қа­ла­мынан 600-ден астам ғылыми және ғы­лы­­ми көпшілік зерттеу дү­ние­­ге келді. Жақында ғана мерейто­йына орай тұсауы кесілген бес томдық «Та­бал­дырық», «Тағ­дыр», «Тұлға», «Тар­ту», «Тарихшы» кітаптарының ор­ны бөлек әрі маңызы жоғары. Бұл еңбектер ғалымның жылдар бойы тірнек­теп жинаған құн­ды материалдарының негізінде жазылған. Әр кітаптың маз­мұ­ны қазақ тарихының ғасырлар қой­науына енген құпия-сырла­рын ашады. Мәселен, «Тұлға» кіта­бын­да Абылай дәуірі, Абылай ханның зама­ны жайында айтылса, «Тарту» кіта­бын­да еге­­мен­дікке, дербестікке жету жо­­­­лындағы маңызды оқиға­лар же­лісі баян­далған. Алаш зия­лы­лары мен қуғын-сүр­гін құр­бандары бо­йынша зерт­теулері, тұжырымдары тарих ақтаң­дақ­тарын жоюға қосқан сүбелі үлесі деп бағалауымыз керек.

Хангелді Махмұтұлының тағы бір ерекше айта кететін ұс­та­нымы – әді­леттілік, турашыл­д­ы­ғы. Осы қасиет­терді жас ұрпақ­тың бойына дарыту мақсатын­да аянбай еңбек етіп келеді. Біз ұстазымызды бүгінгі тарих ғылымының абыройы, биік тұлғасы санаймыз. Ғалымның тарихи-таным­дық ғылыми туындыла­ры мен шынайы шығармашылығы – сала мамандары үшін шеберлік мектебі.

 

Ақмарал ИБРАЕВА,

Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор