• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 20 Қазан, 2023

Түрік кәсіпкерлері Қазақстанға не үшін қызығады?

178 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатыр. Соңғы бір жылдың өзінде тараптар арасында біршама байыпты келісімдер жасалды. Экспорттаушылар үшін кедендік процедураларды жеңілдету, қорғаныс өнеркәсібі саласында қатынас орнату, білім саласында байланысты бекемдей түсу секілді қадамдар батыл әрі нәтижелі жүзеге асырылып жатыр.

Екі ел арасындағы байланыс­тың жаңа белестері Астанада өткен алқалы жиында тағы да талқыланды. Қатысушылар не­гізінен транспорт, сауда-саттық және логистика мәселелерін қозғады. Былтыр елдер ара­сын­дағы тауар айналымы 55 пайызға өсіп, 6 млрд долларға жеткен. Сонымен бірге біздің тарап Әбу-Дабидің өнеркәсіптік операторымен бірге жүзеге асырылатын жобаға қатысуға да ұсыныс білдірді. Аталған жоба «Құрық» порты арқылы Тран­скаспий ха­лықаралық көлік дәлізі бойынша жүк тасымалын дамытуға ба­ғытталған.

«Түркиялық әріптестеріміздің де осы жобаға қатысуына ұсыныс жасалды. Отандық өнімді солай қарай және түркиялық өнімді Қазақстанға тасымалдай алар едік. Жоба іске асырылып жатыр. Abu Dhabi Ports-дағы біздің әріптестеріміз 45 автомашина, бір кеме және бір құрғақ жүк тасымалдаушы сатып алды. Олар қазір Каспий теңізіне жеткізіліп жатыр. Жақын арада тағы 200 автомашина сатып алынады», деді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

Түркиядағы Экономикалық зерттеулер қорының басшысы Ахмет Инджекара Қазақстанның экономикасы мен климаты өте тартымды деп есептейді.

«Қазақстанда үлкен әлеует бар. Алайда оны толық көлемде пайдаланып отырған жоқ. Біз екі елдің де ішкі жалпы өнімін арт­тырғымыз келеді. Біздің елі­мізде табиғи жер қойнауының байлығы өте көп. Бірақ әлемдік практиканың қисынына салсақ, барлық байлықты бірден пай­далануға болмайды. Бұл жерде зерде мен ақылды қолдана отырып, әрекет ету керек», дейді қор басшысы.

Қатысушы инвесторлар бұл жиын тек экономикалық тұр­ғыда емес, мәдени тұрғыда да елдер арасындағы қарым-қаты­насты жандандыра түседі деп санайды. Өз кезегінде Алматы халықаралық әуежайына инвестиция құйған өкілдер бұл қадамның дұрыс болғанын айтты.

«Бұл жобаға 700 млн доллар салдық. Біз жұмыс істеп жат­қан климат өте жағымды. Қа­зіргі уақытта мемлекеттік органдармен, бизнесмендермен серіктестік орнаттық. Ауқымды жобаға қаражат құйғанымыздың нәтижесі оң болып шыққанын қазір көріп отырмыз», дейді «Ал­маты халықаралық әуежайы» АҚ вице-президенті Фатих Өмір.

Жалпы, жиынға 30-ға жуық түркиялық кәсіпкер қатысты. Олар екі ел арасындағы сауда-экономикалық потенциалды терең зерделеп, өз ұсыныстарын жасамақ. Кәсіпкерлер ұсынысы азық-түлік, энергетика және инфляция проблемаларына байланысты.

Қос тарап өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жет­кізгісі келеді. Сонымен қатар түрік елінің біздің маңызды ин­вес­тициялық серіктесіміз екенін де айта кеткен абзал. Отандық экономикаға қаржы құю бойынша Түркия тұрақты түрде үздік ондыққа кіреді. Қазір екі ел 36 жоба бойынша бірлесе жұмыс атқарып жатыр. Ол жобалардың жалпы құны 2,8 млрд доллардан асады. Жеке бизнес арасындағы ынтымақтастық та өркен жайып келеді. Мәселен, Астана қала­сындағы құрылыс нысандарында түркиялық мердігерлердің белсенділігі жоғары. Оның жалпы құны – 27 млрд доллар шамасында. Жалпы, еліміздің аума­ғында 4 мыңнан астам компания түрік капиталымен жұмыс істеп жатыр.

Біраз уақыт бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түр­кияға сапары кезінде екі елдің бизнес-құрылымы арасында жалпы құны 1,4 млрд долларға жететін 20 инвестициялық келі­сімге қол қойылды. Транс­кас­пий халықаралық көлік дәлізі әлеуетінің артуымен бизнес келі­сімдердің саны да, сапасы да өседі деген үлкен сенім бар.