• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 19 Қазан, 2023

Неге екенін білмеймін...

255 рет
көрсетілді

Биыл ғасырлық тойы атап өтіліп жатқан көрнекті жазушы Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндердегі» атаққұмар Уәлиді, «Махаббат мұңындағы» жауапсыз Ниязды, «Борандағы» әділетсіз Қасболатты, жауыз белсенді Жаппасбайды білмейтін оқырман кемде-кем. Бұл кейіпкерлердің бәрі де сыншыл суреткердің туындыларындағы өмір шындығының қарама-қайшылықты сипатын береді. Сол уақыттың ақиқаты мен жалғанын, сол қоғамның даңқы мен дақпыртын, дертін көрсетеді. Сөйте тұра автор қаламы лирикалық сыршылдық сарыннан да алыс емес. Тіпті жазушының адам жанының терең иірімдеріне үңіліп, үміті мен өкінішін, сезімі мен әсерін қозғайтын кей шығармаларын көп жұрт біле бермейді. Сонау 1960 жылы жазылған шап-шағын «Ол солай еді» әңгімесі де оқырманға беймәлім болуы мүмкін.

Автордың бұл кейіпкері бір өлеңнің тарихынан сыр шертеді. «Ақын не композитор болсын, әр­қайсысының өзі жақсы көретін бір өлеңі, не бір әні болатын сияқты» оның да жан сырын ашатын сүйікті өлеңі осы.

«Сүйгеніңнің көлеңкесі қуант­қан қайран шақ. Бір саға­ты бір жылдай сарылтқан са­ғыныш. Жүрегіңді сыздатып, сабыр-та­ғатыңды тауысқан са­ғыныштың арты неткен рахат. Бақытқа мас болып, көзіңнен жас шыққан кез. Көкірегіңді көктемгі жаңбырдай мөлдір көз жасымен жуған кезің... Осындайда кеудеңе сыймай бара жатқан сезімді сыртқа шығара алмай, қиналып жүргенде қолыма осы ақынның өлеңі түсіп еді. Бей­не өз жанымнан шыққан сыр­­дай көңілімді аршып еді сол өлең».

Бұл өлең оған естен кетпес ескі жылдардағы ып-ыстық ес­телігіндей жылы ұшы­райды. Ол өлеңді алыс-алыс қыраттардың арғы жағында қалған өткенін сағынған сайын оқиды. Бәлки, ойша оралу үшін, сол сәттегі күйді сезіну үшін оқи беретін болар. Сол кездегі жанның тебіренісі, ішкі күй, толқынды ой қай­та ту­лағандай көңілі шалық­тай жө­неледі. Тіпті кейде осы өлеңді өзі жазғандай өрекпи оқи­тыны бар.

«Қара көзің мөлдіреп қарап едің,

Жанарыңнан жаныңа ана бердім».

Тағдыр айдап, өміріндегі шуақты, сәулелі сәттің ұмытыл­мас белгісіндей сақталған өлең­нің авторымен жолығады. Өзі де өлең оқитын, ақындар қа­уымына махаббаты ерекше, тіп­ті, кейде пір тұтатын, жаны нәзік, шығармашыл жан емес пе?! Мұндай сәтті күтпеген оның себепсіз толқитыны сөз­сіз. Ал ақынға деген ықылас, құрмет, ілтипатта шек жоқ. Ал­ғаусыз көңілі аңқылдап, ақын­ның бағасы өлеңінен де асып түскендей. «Дә­режесі үс­тем атақты біреумен таныс­қанда кісінің қысылып қалатын әдеті болады ғой. Оның үстіне, танысқаның ақын, яғни өзіміз сияқты қарапайым пенде емес, табиғаты ерек, көңіл көзі көреген, нәзік сыр, сиқыр сөздің әміршісі болса, бойыңды билеуің тіпті қиын екен. Сұңғақ бойлы, кө­рікті, қимылы биязы жігіт тәрізді. Алғаш аңғарып қалғаным осы ғана».

Талай жыл бойы бір сыбыр­лап, бір күбірлеп сан мәрте оқы­ған өлеңін тудырған ақын оған ұнай бастады. Уақыт өте өзін де еркін сезініп, жылы ұшырап сөйлесетін болды. Тіпті өткен ай­лығынан жырып қалған азын-аулақ ақшасы да бар – ақынмен бірге ресторанға бармақшы. Иә, сол кеште аңызға айналған ақын мен аңғал оқырман теңескендей болды. Ақынның да адам сияқты шарап ішіп, котлет жейтініне көзі үйренді. Ешбір ыңғайсызданусыз бетпе-бет отырған сәтте іштегі жауапсыз сұрақтардың мен­мұн­далайтыны бар емес пе?! Аса бір аяулы шағының куәсі болған жастық жырының, махаббат сырының кімге арналғанын қарсы алдында отырған ақыннан неге сұрамасын?!

«Содан кейін ол салқын ғана жауап берді:

– Әркімнің басында болатын оқиға ғой. Қыз кезінде әйеліме жазып едім. Ертеректе жазылған өлең, техникасы нашар, олақтау жазылған, – деп бітірді сөзінің аяғын».

Ол енді бір кезде қатты тол­қытқан өлең иесін көргенше асығады. Ақынның музасын қиял­дап отырып, өз жарына ұқса­тады. Жо-жоқ, одан да асқан сұлу болар деп түйеді. Иә, аңғал оқырман отты жырдың жалғасын, асыл сезімнің әдемі жарастығын көргісі келеді. Солай боларына сенеді. «Кісіде қанағат бола ма, ұғынысқан көңіл, тереңдей түскен махаббат тағы да тамаша өлең туғызған болар, оны көпке қимай, екеуі ғана оқып, салып қоя­тын шығар, соны бір оқып көрсем деген де дәмем болды».

Сөйтіп, ақ махаббаттың дастаны болған өлеңнің иесін іздеп, есік қағып тұр. «Маған, үй қызметшісі болар, өңі жүдеу, жабырқау жас әйел есік ашты. Бір кезде ажарлы болған адам сияқты, бірақ ерте­рек солған гүлдей өңі тозып қалған. Әжім шала бастаған өңінде заманы өткен сұлулықтың куәсіндей үлкен қара көзі ғана жарқырайды», дейді.

Ақынның ақ періштесін көруге келген ол дәл бұлай сүлесоқ күйде қайтарын, әрине білген жоқ. Әлгі жалынышы мен түңілуі аралас, қажыған «үй қызметшісінің» осы шаңырақтың бәйбішесі екеніне, өлеңдегі сол «қара көздің» өзі екеніне әрең сенді. Қаншама жылдар бойы жүрегінде жылытып ұстаған, себепсіз мұңайғанда, сағынғанда қайта бір оқып, жанын емдеген тұмар-өлеңінің ақыны мен ғашығы осыншама сұрықсыз, сәулесіз өмір сүріп жатқаны оған ауыр соқты. Тәлтіректеп, есін әрең жиды. Бүгінге дейінгі бар да­йындығы, толқынысы, үміті, сұ­лулыққа, сезімге, ақынға, өлеңге деген құмарлығы бір-ақ сәтте сөнді де қалды.

«Неге екенін білмеймін, ақын­ның өлеңін ішімнен күбір­леп айта беріппін. Енді ол маған қор болған асыл сезімнің, өлген махаббаттың жоқтауы сияқты естілді».

Бәлки, ол өлең әйеліне арнал­маған да шығар. Кім біледі...