• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Үкімет 20 Қазан, 2023

Түркістан: Әлемдік беделдің міндеті мен жауапкершілігі

159 рет
көрсетілді

Облыс орталығы мәртебесін алған кейінгі бес жылдың бедерінде Түркістан түлеп шыға келді. Ай ауып, жылдар жылжи танымастай, таңғажайып түрге енген, гүлдене түскен Түркістанда қайда қарасаңыз да қанат жайған құрылыстарды, жаңадан жасалған саябақтарды, кеңейтілген көшелерді, әсем гүлзарларды көресіз. Оң өзгеріс – әрине, елдегі бірлік пен бейбіт тірліктің, ерен еңбекпен еселенген экономикалық дамудың нәтижесі. Ал экономикалық өсімнің сенімді көзі ретінде Мемлекет басшысы сапалы адами капитал мен сындарлы мәдениетаралық диалогті атаған еді. Президент адами капитал рөлі күрт артатынын, әсіресе, білім саласының рөлі ерекше болатынын да айтты. Сондықтан адами капиталға инвестиция салу елдің экономикалық дамуы мен жалпы қоғам әл-ауқатының өсуіне ықпал етеді. Яғни бүгінгі түрленген Түркістанның әлемдік деңгейде өркендей түсуі сапалы адами капиталға тікелей байланысты. Осы орайда Түркістан өңірінде атқарылған, жоспарланған ауқымды жұмыстарға тоқтала кеткенді жөн санаған едік.

Дені сау, білімді ұрпақ – ел болашағы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның эконо­ми­калық бағдары» атты Жолдауында мұ­ға­лімдердің жалақысы екі есе өскенін, дәрі­г­ерлердің айлығы да айтарлықтай кө­бей­ге­нін атап өтті. «Қазір олардың табысы – еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игі­лі­гін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, бас­паналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден аса ден­сау­лық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бас­тап балалардың есепшотына қаражат түсе бас­тайды», деді Президент денсаулық және білім саласындағы атқарылған жұмыстарға ерекше тоқталып.

Жолдауда айтылған баянды бастамалар, нақты міндеттемелер Түркістан өңірі халқынан қолдау тауып, іске асыру мақсатындағы жұмыстар қолға алынды. Мысалы, шалғай елді мекендердегі тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты назарға алынып, ауылдарда дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік бекеттер пайдалануға берілді. Қазығұрт және Ордабасы аудандарында үш-үштен фельдшерлік-акушерлік бекет, Сарыағаш ауданында – үш, Отырар ауданында бір дәрігерлік амбулатория құрылысын биыл аяқтау жоспарланған. Жалпы, Түркістан облысын толық зерделеп, елді мекендерге 122 медициналық нысан салу қажеттігі анықталды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2024 жылға 49 медициналық нысан салу жоспарланған. Оның жалпы сметалық құны –11,5 млрд теңге. Қалған 73 елді мекенде денсаулық сақтау нысандары жаңартуды қажет етеді. Киелі шаһарға қоныстанушылардың күрт көбеюіне байланысты Түркістан қаласында 570 орындық көпсалалы аурухананың құрылысы жүр­гі­зіліп жатыр. Облыста 2024 жылдан бас­тап 184 млрд теңгеге 6 заманауи нысан са­лынады. Оның төртеуі – 2026 жылы, перзентхана – 2025 жылы, Сарыағаштағы ауру­хана 2027 жылы пайдалануға берілмек. Ауыл тұрғындарын шұғыл медициналық көмекпен 100% қамту мақсатында таяу жылдары шалғай ауылдардағы 1,6 млн адам жоғары мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Бүгінде облыс бойынша 5 481 білікті дәрігер, 19 116 орта буынды медициналық қызметкер тұрғындардың қызмет көрсетіп жатыр. Бейінді дәрігерлерге деген тапшылық бары жасырын емес. Бұл тапшылықты жою мақсатында биыл жергілікті бюджет есебінен алғаш рет резидентураға 60 грант бөлінді.

 

«Жайлы мектеп» жобасымен 63 мектеп салынады

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып жатқан «Жайлы мектеп» ұлт­­тық жобасын іске асыру шеңберінде Түр­кістан облысында 2023-2025 жылда­ры­ 49 мың орындық 63 мектеп салу жос­парланып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Елі­мізде жыл сайын 400 мыңнан аса бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін хал­қы­мыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Был­тыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты. Қазақ­стан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Аз­а­мат­тарымыздың орташа жасы 32 жас­ты­ құраса, ел тұрғындарының үштен бірі – жастар. Үкіметтің міндеті – қазіргі де­мо­графиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қа­білетін арттыруға пайдалану», деді. Де­мо­графиялық өсімі жоғары Түркістан облысында жас ұрпақты балабақшамен, жайлы мек­теппен қамту мәселесі күн тәртібінен түс­кен емес.

Бұл орайда 2-6 жастағы балаларды мектепалды топтарда қамту көлемі 98,5% болып отырғанын айта кетелік. Қазіргі таңда мек­тепке дейінгі білім беру ұйымдарының 77,1%-ын жекеменшік ұйымдар құрайды. Жан басына шаққандағы қаржыландыру әдіс­темесіне сәйкес мемлекеттік тапсырыс­ көлемі биылдан бастап ауылдық жерде­ 44%-ға, қалалық жерде 38%-ға өскені бай­қал­ды. Облыс аумағындағы 1 025 мектепте 520 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу, ондағы оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында облыста 2023-2025 жылдар аралығында 96 білім ұясы салынады. Оның 63-і – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен, 3 мектеп – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен – 21 және жемқорлық қаражат есебінен 9 мектеп салынбақ. Биыл 33 мектептің құрылысын жүргізуге 23,8 млрд теңге қаржы қаралып, 20 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Оның бесеуі қазіргі таңда пайдалануға берілді. Қалған 13 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады. Үш ауысымды мектептер саны өңірде бесеу болса, 6 апаттық жағдайдағы мектеп бар. Қазіргі таңда үш ауысымды бір мектептің құрылысы Мемлекет басшысының «2021-2025 жыл аралығында 1 000 мектеп салу» бағдарламасымен жүргізіліп жатыр, бұл жыл соңында пайдалануға беріледі. Екі апатты мектептің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Қалған апатты мектеп бо­йынша құрылыс жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі 2025 жылы толық шешіледі. Айта кетелік, 1939-2011 жылдар аралығында пайдаланылуға берілген 121 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл үшін қажетті қаржы көлемі – 88,8 млрд теңге. Осы орайда 51 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық бюджеттен 302 млн теңге қаржы бөлінген, күрделі жөндеу жұмыстарына 37 млрд теңге қажет. Қалған 70 мектептің күрделі жөндеуіне ЖСҚ әзірлеуге 2024-2025 жылдары облыстық бюджеттен қаржы қарастырылмақ. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен «Қауіпсіз мектеп» жобасына 5,9 млрд теңге бөлінді. Мектептерде 12 067 бейнекамера орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Сондай-ақ мектептерде турникеттер орнатылып, дабыл батырмасымен қамтылды. Көптеген мектептің қоршаулары жаңартылып, лицензияланған күзет қызметіне өтті.

Өңірдегі 1-4 сыныптың оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен үнемделген қаржы есебінен 6,2 млрд теңге қаралды. Яғни бүгінде 187 мыңнан аса оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Мемлекеттік 907 мектептің 505-інде талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жылдамдығы 20 Мбит/с-тан жоғары интернет желісі бар. Шекара маңында және таулы аумақтарда орналасуына байланысты 263 мектеп интер­нетке радиокөпір технологиясы арқылы қосылған. Ал интернет мәселесі 139 мектептің 84-інде биыл шешімін таппақ. Тиісті министрлікпен жасалған келісім шеңберінде келесі жылы 200 дана старлинк сатып алынып, мектептерді интернетпен қамту мәселесі толық шешіледі.

Қазіргі таңда өңірдегі 52 колледж­де­ 40 836 шәкірт тәрбиеленіп жатыр. Педа­гог­­тердің біліктілігін арттыру курстары, кәсі­би шеберлік конкурстары өткізіліп, ше­телдік колледждермен ынтымақтастық іске асырылуда. Яғни сөзіміздің басында айтып өткен адамның денсаулығы, білімі, қабілеті, еңбек өнімділігі мен сапасына, оның иесінің табыс мөлшеріне әсер ететін инвестициялар арқылы жеке адамның туа­біткен немесе жинақталған қоры – адами капиталды дамыту бағытында осында игі істер атқарылып жатыр.

 

Мәдениет саласына – мемлекеттік қолдау

Түркі әлемінің рухани астанасына лайықты болуы үшін Түркістан өңірі мәде­ниетінің жоғары деңгейде дамуы маңызды. Қазіргі таңда облыста 689 мәде­ниет және өнер мекемесі халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді. Мәдениет және өнер ұжымдары заман талабына сай жабдықталып, халыққа қызмет көр­се­тудің тың мүмкіндіктерін пайдалану­да. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағ­дар­ламасы аясында 13 мәдениет үйінің кітап­ханасымен бірге құрылысы баста­лып, бүгінге дейін Арыс, Түлкібас, Сарыағаш, Келес аудан­дарында 4 ауылдық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қалған 9 мәдениет үйінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Отырар, Сары­ағаш, Қазығұрт, Төлеби, Келес аудан­да­рын­да жалпы 6 ауылдық мәдениет үйі­нің құ­рылысы басталып, келесі жылы пай­да­ла­ну­ға берілмек. Ал Жетісай, Сауран ауданда­рында ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізілуде.

Жасыратыны жоқ, 2 мыңнан аса халқы бар 94 елді мекенде клуб мекемелері жоқ. Қазіргі таңда 32 ауылдық клуб мекемесі күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Оның ішінде 4 мәдениет ошағының жобалық-сметалық құжаты дайындалған. Осы жылдың 8 айында 3 кәсіби театрда 7 жаңа спектакль сахналанып, театр репертуарындағы 121 спектакль қойылды. Оған 20 711 көрермен қамтылып, 15 гастрольдік іссапар ұйымдастырылды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткізілген концерт және мәдени шараларға келуші көрермен қатары өскен. Осы арада айта кетелік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қолдауымен мәдениет және туризм басқармасының «Конгресс холл» көпсалалы кешеніне түрлі бағыттағы өнер ұжымдарын ашу үшін 100-ден аса штат берілді. Кино саласында да ілгерілеушілік бар. «Оңтүстікфильм» мекемесі дайындаған жүзден аса бейнеролик, әлеуметтік және анимациялық, деректі бейнефильмдер мәдениет және білім мекемелері мен балабақшаларда көрсетілді.

Биыл 8 айда облыстағы 24 музейге келушілер саны 151 185 адамды құрады. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде биыл 77 жеке кәсіпкер тарапынан орталықтар құрылып, облыста ашылған 310 үйірмеде 13 068 бала 43 шығармашылық үйірме түрімен шұғылданып жатыр. Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жүзеге асыру аясында өтінімі қабылданған үйірмелерге 2023 жылға облыстық бюджеттен 15 270 балаға 2,2 млрд теңге жос­парланып отыр. Қазіргі таңда мәдениет мекемелері мен клубтардың жұмысын барынша жақсартудың, көпшіліктің талғампаз талабынан көрінуі үшін кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді. Алайда жылдар бойы назардан тыс қалып келген мәдениет ошақтары мемлекеттік тұрғыдағы кешенді қолдауды қажет етеді.

 

Түркінің астанасы атану жауапкершілігі

Түркітілдес мемлекеттердің ынты­мақ­тас­тық кеңесінің VIII бейресми саммитінде тарап­тар Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп атау туралы декларацияға қол қойған еді. Бұл құжат – Түркістанның рухани-мәдени бағытта дамуына оң сер­пін беріп келеді. Ал жуырда ТМҰ елде­рін­дегі туризм мәселелеріне жауапты ми­нистрлердің VIII отырысы аясында Түр­кістанды 2024 жылға арналған Түркі әлемінің астанасы деп жариялау бастамасы мақұлданды. Яғни өңірде туризм саласын дамыту бағытында жергілікті билікке жауапкершілік жүгі салмақтана түсті десек те болады. Жалпы, әлемдегі алпауыт мемлекеттердің өзі туризм индустриясына қатты ден қойып отыр. Себебі кез келген елге келген саяхатшы көлікті, қонақүйді пайдаланып, мәдени мекемелерді тамашалап, сауда жасау арқылы жергілікті қазынаға қаржы құяды. Бұл орайда Мемлекет басшысы туризм саласына ерекше ден қойып отыр. «Үкімет және Парламент туризмді дамыту­ мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек», деп атап өтті Президент.

Түркістан өңірінде туризм саласының әлеуеті жан-жақты сараланып, кешенді жос­парлар мен тың жобалар жүзеге асыры­лып жатыр. Жүргізілген зерттеулер мен тал­даулардың нәтижесінде облысқа келуші ту­рис­т­ердің саны артқаны анықталып отыр. Оның ішінде 2023 жылдың 8 айының қорытындысымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда демалушылар 115 мың адамнан асты. Сондай-ақ осы жылдың 8 айында Түркістан қаласына біркүндік келушілер саны 519,3 мың адамды құрады. Облыс аумағында саяхатшыларға және қонақтарға 220 қонақүй және 72 емдік-сауықтыру орны қызмет көрсетеді. Ал «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне біркүндік сапармен келгендер саны 519 320 адамға жеткен. «Отырар» қорық-музейіне бі­р­күн­дік сапармен 218 658 адам зиярат еткен. Ал өткен жылы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне – 805 383 адам, «Отырар» қорық-музейіне 420 064 адам біркүндік сапармен келген еді. Туристік қызмет саласына тартылған инвестиция көлемі 280,1 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда Түркістан қаласы аумағында 5 заманауи үлгідегі қонақ­үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Кейінгі жылдары Түркістан облысына келген саяхатшылардың көршілес Өзбек­станға да барып қайтуы жиіледі. Мысалы, топтық туристерді тарту мақсатында Түркіс­тан – Нурафшон – Түркістан тікелей тұрақ­ты автобус маршруты ашылды. Сон­да­й-ақ Қазақстан мен Өзбекстанның турис­тік бизнес өкілдерімен бірлесіп, Түркіс­тан қаласында Түркі әлемінің туризм қауымдастығы құрылды. Аталған қауымдастық «Turan Tour», «Golden Wings», «Куаныш Трэвл», «ОCA Travel» туристік компанияларымен 1, 2, 3 күндік туристік маршруттар әзірлеп, нарыққа ұсынып отыр. Сондай-ақ «Арша Трэвл» және «БиНур» туристік компанияларымен бірлесіп, Түркістан қаласына келген қонақтар мен туристерге 60-70 шақырым қашықтықта орналасқан нысандарға танымдық туристік бағдарлар дайындалды. Бұған қоса облыстың 7 туристік аймағын республикалық, 25 туристік аймағын өңірлік деңгейге қосу бойынша жұмыстар жүргізілді. Республикалық маңызы бар туристік аумақтар енгізілген нысандар қатарында Түркістан қаласы, Отырар қалашығы, Арыстанбаб кесенесі, Сауран қалашығы, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы, Кентау қаласы, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы бар.

Өңірде экологиялық туризм дамуы­ның айқын дәлелі – өткен жылмен салыстырғанда табиғи аумақтарға келу­шілер санының екі есеге артқаны (2022 жылы – 74,9 мың, 2023 жылы 8 айда – 115 мың). Қазіргі таңда облыс бойынша табиғи аумақтарда және оған іргелес Төлеби, Түлкібас аудандарында жүзге жақын демалыс орны, 62 қонақүй, 12 шипажай, 6 киіз үй, аңшылар үйі орналасқан. Бұл ретте келушілер арасында экологиялық мәдениет пен техникалық қауіпсіздік шараларын сақтау басты мәселеге айналып отыр. Осы орайда туризм басқармасы биыл «Сайрам-Өгем» табиғи паркінде және «Ақсу-Жабағылы» қорығына іргелес аумақта тау фестивалін ұйымдастырды. Тау фестивалінде эколо­гия­лық мәдениет пен қауіпсіздік шараларын сақтау, бивуактар құру, алғашқы көмек көрсету тақырыптарында шеберлік сабақтары өтті. Келесі тау фестивалін «Қаратау» қорығында, ал күздік көшет егу науқанында табиғи аумақтарда көшеттер егу экологиялық акциясын өткізу жоспарланып отыр. Өңірде емдік-сауықтыру туризмі де дамыған. Қазіргі таңда облыс­та нөмірлік қоры 7 940 төсектік орынды құрайтын 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді. Жыл сайын емдеу-сауықтыру ұйымдарының саны өсіп келеді. Мысалы, 2019-2022 жылдар аралығында 16 емдеу-сауықтыру ұйымы пайдалануға берілді. Тартылған инвестициялар көлемі 1,6 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін жалпы соммасы 450 млн теңге болатын 3 емдеу-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жос­парланып отыр.

Түркістанда өткен Ұлттық құрыл­тайда Мемлекет басшысы: «Бала­ларға экологиялық тәрбие беру маңызды. Оларды табиғатқа жана­шырлықпен қарауға үй­реткен жөн. Мәдени мұра­ла­ры­мызды танып-білуге, қорғауға дағды­ландыру керек», деп атап өтті. Бүгінгі таңда балалар туризмі саласындағы туроператорлар балаларға арналған бағдарламалардың әртүрлі таңдауын ұсынып отыр. Мұндай турларды «Sky Way», Жібек жолы, «WeTravel», «Turan Tour» туристік компаниялары жазғы демалыстарды танымдық және сауықтыру мақсатында өткізу үшін арнайы 5-10 күндік туристік бағдарламалар ұйымдастырып отыр. Бұған қоса Түркістан қаласында орналасқан «Оқушылар сарайы» мекемесінің этноауыл кешенінде жазғы демалыстарды белсенді өткізу мақсатында қолөнер шеберлік сабақтары мен өңірдің туристік нысандарына саяхаттау бағдарламасын ұсынуда. Сондай-ақ облыстық білім басқармасына қарасты балалар туризмін дамытумен айналысатын «Жас туристер станциясы» коммуналдық мекемесі қызмет көрсетеді.

Мемлекет басшысы айтқандай: «Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдыруы керек. Ұлы Жібек жолын басып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралі бо­йына орналасқан ежелгі қалаларды тарта отырып, Түркістан өңіріндегі туризм индустриясының даму қарқыны күн санап артып келеді. Қазіргі таңда түркіс­тандықтар алдағы уақытта өтетін түркі мемлекеттерінің Х саммитінен зор үміт күтеміз. Соған орай Түркістанның турис­тер ғана емес, тұрғындардың да талғампаз тала­бына сай тартымдылығын көтере түсу әрқайсымыздың өз қызметімізді сапалы да сауатты атқаруымызға тікелей байланысты.

 

Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ,

Түркістан облысы әкімінің орынбасары