• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Салық 20 Қазан, 2023

Қосымша құн салығын көтеру кәсіпорындар үшін тиімсіз

268 рет
көрсетілді

«Ақ жол» партиясы қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің көтерілуіне байланысты дөңгелек үстел ұйымдастырып, күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселені тараптар талқысына салды. Жоба бас­тамашысы Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемесі қазіргі 12 пайыздан 16 пайызға көтерілуі керек деп есептейді. Олардың айтуынша, бұл өзгеріс бюджетке қосымша 2 трлн теңгеден артық түсім алып келеді.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әміриннің айтуынша, қосымша құн салығы ставкасын өсіру қазына қаржысын молайтып қана қоймай, экспорттаушылардың да жүгін жеңілдетіп бермек.

«Қосымша құн салығы мөлшерлемесін жоғарылатудың арқасында 2025 жылы бюджетке қосымша 2-2,4 трлн теңге көлемінде қаржы түседі деп жоспарланып отыр. Біз әдетте Ұлттық қордан жыл сайын кепілдендірілген және мақсатты трансферт аламыз. ҚҚС мөлшерлемесін көте­ру­дің арқасында ол тәуелділіктен жыл санап арыла бастаймыз. ҚҚС 122 мың салық төлеушіге қатысты. Бұл мәселе экспорттаушылармен салыстырғанда отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақ­сатында көтеріліп отыр. Қазір көбі Ресейден импорт жасаудың қымбат екенін және олардың тауарымен салыстырғанда біздің өнімдердің бәсекеге қабілетсіз болып қалатынын айтып шағымданады. Егер ресейлік тауар Қазақстанға келсе, ресейлік экспорттаушы үшін – бұл экспорт. Солай болғандықтан оларда нөлдік мөлшерлеме бар және Ресей Федерациясы салық мекемесіне келіп, ҚҚС-ты қайтарыңыз деп сұрайды. Сөйтіп, ҚҚС 20 пайызын түгелімен қайтарып алады. Содан кейін Қазақстанға келіп, небәрі 12 пайыз ҚҚС төлейді. Яғни өздерінде 8 пайызы қалып кетеді. Өйткені қайтарым жасап алды», деп түсіндіреді вице-министр.

Оның сөзінше, осы 8 пайызға ресейлік кәсіпкер сауда орындарынан күшті сөрелерді сатып алады.

«Көз деңгейінде тұратын сөрелерде бірден ресейлік тауарлар назарға ілігеді. Жарнама бар, демпинг бар, баға төмендейді де, біздің тауарлар бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Ал ҚҚС-ты арттыратын болсақ, жағдай түбегейлі өзгереді. Ендігі ретте ол бүкіл ақшасын Қазақстан бюджетіне беріп кетеді. Сәйкесінше, жарнамаға, сөреге, ритейлге тауардың өзіндік құнынан төлеуге мәжбүр болады. Нәтижесінде, импорттық тауардың өзіндік құны өсе бас­тайды да, біздің тауар бәсекеге қабілетті болып шығады», дейді министрлік өкілі.

Алайда бизнес өкілдері ҚҚС-ты қымбаттатудың салдары ауыр болатынын айтып дабыл қағады.

«Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 3 пайызға дейін баяу­лап кетті. Ел экономикасының драйвері саналатын тау-кен өнеркәсібі өз маңызын жоғалтып жатыр. Екінші деңгейлі банктердің бизнеске беретін несие көлемі де бірнеше есе құлдырады. Біздің көзқарасымыз бойынша, ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі ұлттық экономика өсі­мін одан әрі баяулатады. Сондай-ақ халық табысын құн­сыз­дандырып, инфляция өсіміне жол ашады», дейді «Атамекен» ҰКП Салық салу департаментінің директоры Жеңіс Жанболатова.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының басшысы Наталья Ақшабаева ҚҚС мөлшерлемесін көтеру экспортқа бейімделген кәсіпорын санын арттырады деу қисынсыз деген пікірде. Оның айтуынша, бізде экспортты негізінен ірі, шикізаттық компаниялар жүзеге асырады, тиісінше олар ҚҚС мөлшерлемесін көтеру бастамасын қолдайды. Өйткені оларға бюджеттен ҚҚС сомасы толық көлемде қайтарылып отырады. ҚҚС мөлшерлемесін көтеру ешқандай позитивті эффект бермейді деушілердің бірі – Евгений Кинцель.

«Мұны кез келген экономист растайды деп ойлаймын. Қосымша құн салығының көтерілуі өнімдер бағасының өршуіне алып келеді. Бұл жерде мультипликатор ұста­ны­мы жұмыс істейді. Біз депутат ретінде үнемі бюджет пен бюджетке енгізілген өзгерістерді бекітеміз. Сол кезде байқайтынымыз бюджет шығындарының көбі ең бірін­ші кезектегі қажеттіліктер емес. Мен салық ставкасын көтер­мес­тен бұрын бюджеттің қажетсіз шығындарын қалай азайту керек дегенге назар аударуды ұсынар едім», деді Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмірин болса ҚҚС мөлшерлемесін көтеруге қарсы шығушылар пікірінің қисынды екенімен де келіседі.

«Иә, ҚҚС-ты көтеру салдарынан инфляция туындайды, халықтың төлем қабілеті төмендейтін шығар. Бірақ біз 2-2,4 трлн теңге жинаймыз. Мәселе соны қай мақсатқа жұмсайтынымызда. Бұл қаражат минималды жалақы төлемін, түрлі әлеуметтік төлемдерді ұлғайтуға, яғни шын мәнінде көмекке мұқтаж осал топқа бағыттаған дұрыс. Бұл осы жоспарлау кезеңінде шешілуге тиіс», дейді ол ми­нистр­лік уәжін жеткізе отырып.

Талқылау барысында негізгі тақырыптан бөлек, бизнес тарапынан салық органдарына қатысты бірқатар нақ­ты шағым айтылды, олар бойынша «Ақ жол» дем­пар­тиясының атынан Ұлттық экономика министрлігіне, Қаржы министрлігіне және Мемлекеттік кірістер комите­ті­не өті­ніштер дайындалмақ.

Жалпы алғанда, партия төрағасы Азат Перуашев ҚҚС-тың жарияланған ұлғаюына қарсы екенін және осы мәселе бойынша Парламенттік тыңдау өткізуді талап ететінін мәлімдеді. Оның сөзінше, Ұлттық экономика министрлігі ұсынып отырған тәсіл салықтың баға өсімі инфляциясын ескермейді, инвестициялық ахуалды нашарлатып, жасырын айла-шарғыларды анықтап, көлеңкелі экономиканы қысқартудың орнына, керісінше, адал кәсіпкерлерге қысымды арттырып, оларды көлеңкелі іспен айналысуға итермелейді. Сонымен қатар аталған тәсілдер Мемлекет басшысының сараланған салықтарды енгізу туралы тікелей тапсырмасына қайшы келеді.