• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2010

ХАЛЫҚТЫҢ ӨЗ АДАМЫ

1681 рет
көрсетілді

Әлемдік дағдарыс бүгінгі өркениетті қоғамның даму барысына жан-жақты, терең талдау жасауды қажет етіп отыр. Дағ­да­рыс қаржылық, экономикалық қана бағыт алмай, саяси жүйелілік сипатқа ие болуда. Саясаткерлерді, гуманитарлық ілім­нің оқымыстыларын, әлем ойшыл­дарын экономикалық заңдылықтардың қыр-сырларымен қатар қоғамды бас­қарудың саяси жүйесі де ойландыра бастады. Батыстың либерал-демократ­тарының ілімі, идеялық тұжырымдары бұл күнде тоқырауға ұшырап, іркіліске тап болып, сыр бере бастады. Бүгінгі саясаткерлер экономикалық сәтсіздіктердің бір ұшын саяси жүйенің жетілмегендігімен, биліктің олақтығымен, басқару тәсілінің өзін ақтамауымен байланыстырып отыр. Байырғы Еуропа елдерінде басшылық тұрақтамай, жиі ауысуда, халық өзі сайлаған басшылары­нан түңіліп, оны ауыстыруға мәжбүр бо­луда. Мәселен, Британияның либералдық партиясы жуырда сайлауда жеңіліске ұшырап, оның жетекшісі Гордон Браун үкімет басынан кетті. Грекия мен Еуро­палық одақтың бірқатар елдеріне төніп тұрған қаржылық дағдарыс қаупі жұрт­шылықты алаңдатып отыр. Бұл нені көрсетеді? Экономикалық дағдарыс саяси дағдарыстың да төркінін, түпкі себептерін жалаңаштап, әйгілей түсуде. Сондықтан да, бұл күнде саяси басқаруды жетілдіру жайы күн тәртібіне қатты қойылып отыр. Осыған орай біздің елімізде де саяси басшылықтың дәрежесіне, оның қоғамға ықпалы, халықтың тілек-талаптарын қана­ғаттандыру жайы үлкен маңызға ие болуда. Осы орайда еліміздегі президент­тік билік, парламентаризмнің орнауы саясаткерлердің де, ғалымдардың да, зиялы қауымның да назарына жиі іліге бастады. Әсіресе, әлемдегі халықаралық ахуалдың күрделілене түсуіне орай Елбасымыздың жүргізіп отырған саясаты, оның замана талабына сай басшылықты жетілдіріп, іскерлік танытып отырғаны көптің көңілінен шығуда. Соңғы уақытта баспасөз бетінде Елбасы саясатына халықтың көзқарасы, оны қолдауы, ұлт көшбасшысының қайраткерлік, саясат­керлік, интеллектуалдық, адами қасиет­тері жиі сөз болып, бұлардан көпшіліктің Елбасы саясатына ризашылық сезімі айқын аңғарылуда. Нұрсұлтан Назарбаев – қарапайым халықтың сүйіспеншілігіне лайық тұлға. Әрине, ол бұл дәрежеге оңайлықпен жеткен жоқ. Ол үлкен өмір өткелінен өтті. Мол саяси тәжірибе жинақтады. Ұйым­дастырушылық қабілеті де, ойшыл-рухани өресі де өсті. Бұл күнде ол саяси қайраткер, ұлт көсемі ретінде толысқан шағында, өзінің шырқау биігінде. Адам баласы әртүрлі жаратылған: бір адам бір күндігін, қазіргісін ойлайды, екінші адам ертеңін, болашағын ойлап, артта қалдырар мұрасына қызмет етеді. Елдің бәрі бір сәттік қызық, мақсат үшін өмір сүреді десек, қателесер едік. Болашақ үшін, ертеңгі күн үшін ғұмыр кешетін күрескер, оптимист жандар әр кезде-ақ жеткілікті. Әйтпесе өмір қызық болмас еді, әрі қоғам дамымас еді, әркім бір күндік бас қамынан арғыға бармаса, қас қағым сәттік мүддемен шектелетін болса, адамзат ілгері баспас еді. Қоғам өз ортасынан озық ойлы, ерекше дарынды тұлғаларды, көсем данагөйлерді дүниеге әкелмес еді. Сондықтан да, біз адамзат тарихындағы ерекше дараланған өз есімін тарихқа қалдырған жандардың рөлін орынды бағалаймыз. Сирек тұлғалардың қоғам өміріндегі белсенді жетекшілік рөліне ерекше мән береміз. Елбасының бүгінгі өмір жолына көз жібергенде, оны бір күндік емес, мезеттік емес, есімі тарихқа кетер, орыс ғалымы Михайловскийдің сөзімен айтқанда, мәңгілік адамдар тобына жатқызар едік. Мәңгілік деген ұғым әсіреленіп айтыл­ғаны анық, түсінікті тілмен айтқанда, аты мен ісі халық жадында ұзақ сақталатын тұлға деген мағынада қабылдаймыз. Жетпісінші жылдардың аяғында Мәс­кеуде қоғамдық ғалымдар академия­сының аспирантурасында оқып жүрген кезім. Осында Қарағанды облыстық партия комитетінің лекторлар тобының жетекшісі Владимир Сапрыкин докторлық диссер­тация қорғады. Кешінде диссертациясын жуды. Дастарқан басына ғылыми кеңестің мүшелерінен басқа Қарағандыдан Мәс­кеу­ге жиналысқа келген обкомның бірінші хатшысы Василий Кузьмич Акулинцев және теміртаулық бір-екі орыс жігіті болды. Үзіліс кезінде теміртаулық жігіттің бірі менімен танысып, оқу жайымды, кім екенімді сұрады. Қысқаша өзімді таныстырдым. Жігіт Теміртауда істейді екен, досының диссертация қор­ғауына әдейі келген көрінеді. Өзі ашық, әңгімеге ысылған жігіт екен. Ел жағдайын сұрап едім, бірден әңгімені өздерінің жерлесі Нұрсұлтан Назарбаевқа бұрды. Бізде тамаша саяси басшы өсіп келеді. Болашағы зор. Облыста үлкен беделге ие. Өндірісті жақсы біледі, оның үстіне ұйымдастыру қабілеті күшті, адамдармен тез тіл таба біледі, өзі сөзге шешен, екі тіл­ге бірдей. Сырт тұлғасы да келісті. Қа­рап тұрыңдар, бұл жігіт келешекте Қазақ­станды басқаратын болады деді. Жігіт сөзін болашақты болжап-біліп келгендей кесіп айтты. Орыс жігітінің қазақтың баласы туралы ағынан жарылып, жылы лебіз білдіргеніне ішім жылып қоя берді. Ол кезде сыртынан атын білгенім болмаса, Нұрсұлтанның өзін көргенім жоқ еді. Орыс жігітіне болашақ басшы сіздің жерлесіңіз болатыны, әрине, сізге жақсы, танысының өскеніне кім қуанбайды, деп едім, “жоқ, маған ғана емес, сізге де, бүкіл қазақстандықтарға жақсы”, – деді ол. 1981 жылы оқуды бітіріп, философия ғылымдарының кандидаты болып, Алма­тыға оралғанда Орталық Комитеттің жаңа хатшысы болып істеп жатқан Нұрсұлтан Әбішұлына сәлемдесіп, танысып шықтым. Жалындаған жас жігіт бірден жақсы әсер қалдырды. Теміртаулық орыс жігіттің бұдан екі жыл бұрын айтқан сөзі есіме түсіп, шынында да бұл жігіттің келешегі мол, үлкен үміт күттіретініне күмән келтірмедім. Жігіт дұрыс мақтаған екен, қателеспепті, тіл-көзден аман болсын, жарлы байымай ма, жас өспей ме, үлкен кісі ізбасарын дөп тапқан екен, деген ой көкірегіме ұялай кетті. Содан Көкшетау облыстық партия комитетіне хатшы болып кеткенімше, Орталық комитетте бірге істедік. Секретариат, бюро мәжілістерінде сөйлеген сөздеріне, берген ұсыныстарына дән риза болып жүрдік. Көкшетауда жүргенде егін орағы кезінде Куйбышев ауданына келді. Мен осында обкомның бюросы бекіткен өкіл едім. Астық жинау жүріп жатқан кез. Ауа райы жауын-шашынды болып, жиын-терінге кедергі келтіріп тұрған-ды. Тікұшақпен егін алқабына келіп қонды. Қасында обкомның бірінші хатшысы Мақтай Сағдиев бар. Жаңбыр сіркіреп жауып тұрды. Комбайндар қаңтарулы, күннің шығу сәтін күтуде. Ауа райы көңілге кірбің түсіргенімен, жылы жүзді Нұрекеңді көргенде көңіліміз көтеріліп қалды. “Күн ашылады, жер кебеді, ұнжырғаларыңызды түсірмеңіздер. Астық науқанын табысты аяқтаула­рыңызға тілектеспін. Қолдан келген көмектің бәрін аямаймыз, көмектесеміз, қосымша техника жібереміз”, деді ол өзін қоршап тұрған комбайншыларға. – Арқаның ауа райына үйрендің бе, жағдайың қалай, Алматыға келгенде кіріп шықсайшы, әңгімелесейік, – деді ол тікұшаққа отырарда менімен қол алысып, қоштасып жатып. Ішім жылып қоя берді, ескі таныстарын бір сәт те ұмытпайды. Бауырмал, мейірбан жан. Жасуды, сасуды білмейді, ол кезде Үкімет басшысы Назарбаевқа да жұмыс істеу оңай болып тұрмағанынан хабардар едік. Колбиннің дүрбелең кезеңі кімге оңай тиді дерсің. Облыс басшылары Алматы мен облыстың арасында ерсілі-қарсылы мәжіліске барып-қайтумен сапырылысып жатты. Таңертең Алматыға келіп, кешкі ұшақпен кері қайтып жүрдік. Бірде әдейі билетті ертеңге алып, жұмыс соңында Үкімет басшысының қабылдау бөлмесіне келдім. Көмекшісі Нұртай Әбіқаев жылы жүзбен қарсы алып, Нұрекеңнің Үкімет мәжілісін өткізіп жатқанын, қазір Колбин сөйлеп жатыр, содан кейін жиналыс бітер, асықпасаңыз күтіңіз деді. Колбиннің қысқа сөйлеген кезі бар ма, бір сағаттан асқанда Нұрекең кабинетіне келді. Мені жылы қабылдады, күні бойғы жиыннан, әсіресе, Геннадий Колбиннің ұзақ-сонар ақыл айтқан жадағай ұраншыл сөзінен шаршап шыққаны сезіліп тұрса да, басымыз жиналыстан босамайтын болды ғой деген сөзіме Нұрекең: – Салың суға кетпесін, бәрі уақытша ғой, заман әлі-ақ түзеледі, қазірше шыдау керек, халыққа біз қызмет етпегенде, кім қызмет етеді, – деп мені іске жігерлендіре түсті. Көп ұзамай Нұрекеңнің күткеніндей болды. Республикада басшылық өзгерді. Мәскеудің уақытша өкілі еліне оралды, абыройсыз, мойнына су кетіп, қазақтар­дың қарғысын арқалап Мәскеуге кетті. Оны Н.Назарбаев алмастырды. Ел­дің көңіл-күйі күрт өзгерді. Тоталитарлық жүйе­нің қыспағына қарамастан, жаңа бірінші басшы республикадағы саясатты жаңаша жүргізді, халыққа жақын саясатқа иек артты. Оның басшылықтағы жаңа стилі халық арасында зор қолдау тапты. Мәскеудің тегеурінді әкімшіл-әміршіл би­лігіне орынсыз иіле қоймады, ел, респуб­лика мүддесін барлық деңгейде қорғай білді. Бұған оның ерік-жігері де, ақыл-парасаты да, іс тәжірибесі де жетіп жатты. Республика жұртшылығы оған жан-жақты қолдау көрсетті. Назарбаев саясаты жалпыхалықтық сипат алды. Оған елдің кәрі-жасы түгел сенді, үлкен үміт артты. Халық қолдауы оған күш берді, жасам­паздық іске бел шешіп, батыл кірісті. Күн демей, түн демей ел қамын ойлады. Ол халықпен кеңесуге, онымен жиі кездесуге уақыт таба білді. Бірақ Назарбаев иі жұмсақ, көрінгеннің айтқанымен жүре беретін солқылдақ басшы емес. Өзі берік байламға келгенше, көпшілік пікірін зерттейді, мамандардың ақыл-кеңесін тыңдайды, бірақ біреу айтты, жақыным айтты, академик айтты, қарт абыз айтты деп бірден құлай кетпейді. Өйткені, басқалар жаңылысса, аз залал әкеледі, ал бірінші басшы қателессе, бүкіл қоғам зиян шегеді. Басшының асығыстыққа барып, қателікке ұрынуы – үлкен кесел. Сондықтан да Назарбаев әр нәрсеге көп ойланып, көп толғанып барып қадам жасайды. Мәселеге көзі жеткенде ғана ол өз кесімін айтады, әрі жауапкершілікті өз мойнына ала біледі. Қырық жыл бойы халыққа қасірет әкелген Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Жоғарғы Кеңесте елдің егемендігі туралы декларация жария етілді. Бұл тәуелсіздікке жетудің бірінші баспалдағы болды. Мәскеудегі Горбачев бастаған орталық басшылық тікелей қарсылық жасай алмады. Уақыт талабы, замана тегеуіріні осындай еді... Халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаев өз дәуірінің жыршысы болды, елін, жерін, Отанын, батырларын, көсем­дерін жырлады. Большевиктердің көсемі Сталинге көп үміт артып, оны жырға қосты. “Сталинге тең таппай, қиналған Жамбыл жері осы” деген сөзі афоризмге айналды. Салыстыру, шендестіру шығыс поэзиясына тән құбылыс екені белгілі. Бір затты, не тұлғаны мақтау үшін оны табиғат күштерімен, жан-жануарлармен салыстыра суреттеді. Әдебиеттегі бұл құбылыс кейін саясатқа да ауысты. Бір саяси тұлғаны мадақтау үшін тарихтағы атақты есімдермен салғастырды, соларға теңестірді. Әсіресе, бұл кейінгі кезде елдің Тұңғыш Президенті туралы сөз бол­ғанда, оны ел тарихындағы ұлы тұлға­лармен немесе әлемдік ірі қайраткер­лер­мен салыстыру дағдыға айнала бастады. Шындап келгенде, бұл құбылыс Батыста, не Ресейде көп етек алмаған. Ал бізде неге екені белгісіз, сірә халқымыздың елік­теуге ептілігінен бе, әлде ежелгі шы­ғыс поэзиясының дәстүріне ыңғайлан­ғандықтан ба, әйтеуір Елбасымызды бірде Абылайға, бірде Вашингтонға, бірде Ата-түрікке, бірде де Голльге теңеушілік көбейіп кетті. Елбасын лайықты бағалау үшін сырттай бақылау жеткіліксіз, жағдайды іштен білу, терең зерттеу керек. Сонда ғана Елбасының әлемді мойындатқан қажыр-қайраты, салиқалы саясаты анық ашылатын болады. Тарихтағы белгілі тұлғалармен салыстыру арқылы біздің басшымыздың абыройын арттырып, беделін еселей түсеміз деген қате түсінік қалыптасқан. Бұл шын мәнінде шалағай пікір. Мұндай құрғақ салыстыру, шен­дестіру Назарбаевтың саяси беделіне ешқандай да бедел қоспайды, құр декла­рация күйінде қалады. Олармен салыс­тырмай-ақ Назарбаевтың өз тұлғасына шындап үңілсек, оның нақты жүзеге асырған істерін ой елегінен өткізсек, оны дәріптеуге, оны мақтаныш етуге толық жетіп артылады. Оған қосымша айдар тағып, пәлен елдің пәленшесі, түген елдің түгеншесі секілді деп бас қатырудың ешбір қажеті жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев біздің заманда­сымыз болғанымен, ол тарихи тұлға. Тарихтың кеңістігінен оның өз орнын алғанына көп уақыт болды. Ол жүзеге асырған шаралар – тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргесін қалауы, оны әлемге танытуы, елдің жаңа астанасын дүниеге келтіруі, нарыққа негізделген жаңа қо­ғамдық саяси жүйені орнықтыруы, қазақтың ұлттық менталитетін қалыптас­тыруы, ұлттық элитаның жаңа тұрпаттағы генерациясын өсіріп шығаруы, қоғамның әр мүшесінің өз қабілетіне сүйеніп тұрмыс құруы, жеке басының бостандығы мен ар-ұяты үшін күресе білуі арқылы әлемдік қоғамдастыққа бейімделуі – Назарбаевтың тікелей қатысуынсыз болды десек, қателесер едік. Елбасын елдің бәрінен ақылды, елдің бәрінен көреген, елдің бәрінен білгіш оқымысты, елден ерек жаратылған жан деп отырғаным жоқ. Ол да өзіміздей ет пен сүйектен жаралған адам. Керек де­сеңіз, одан экономиканы да жақсы білетін ғалымдар бар. Одан тарихты (оның белгілі бір кезеңін) терең білетін тарихшылар да бар. Одан философия категорияларын жетік білетін оқымыс­тылар да кездеседі. Одан әдебиетті, өнерді, киноны, балетті, спортты жақсы білетін жүйріктер де жеткілікті. Одан құрылыс пен сәулет өнерінің тілін, техникасын, заңдылықта­рын жетік білетін мамандар да аз емес. Ауыл шаруашылығын, егіншілікті, мал өсірудің жай-күйін жақсы білетін мамандар да баршылық. Бірақ, осы өз саласындағы жүйріктер басқа мәселелерге келгенде қара жаяу, аяғын аттап баса алмайды. Ал біздің Елбасы аталған мамандықтардың бүге-шігесін жетік білмеуі мүмкін, бірақ осы салалардың жай-жапсарынан жоғары дәрежеде түсінігі бар. Назарбаевтың бір басынан табылатын жан-жақты білімді әлгі аталған ғалымдардың бірде-біреуінің бойынан таба алмайсыз. Бірақ, Назарбаев дилетант емес. Ол барлық мәселе бойынша өзін ең білгір адам деп санамайды. Әрдайым кәсіби мамандарды тыңдап, ақыр соңында өзі шешім қабылдайды. Асығыстыққа бармайды. Ел басқару, бір кезде Ленин айтқан­дай, кез келген аспазшы әйелдің қолынан келетін шаруа емес. Ол үшін көп дайын­дық, жан-жақты білім, көп қасиеттер керек. Саясаткерлік, менеджерлік, ұстаз­дық, дипломатиялық, психологиялық әзірліктер керек. Саяси басшыға ойшыл­дық, мәселенің шешуші түйінін дөп басу, күнделікті өмір көріністерінен ой қорыта білу, өзіндік шешім қабылдауға батылдық, оқиғаның алдын ала білетін көрегендік, әлеуметтік талдауға бейімділік қасиеттері керек. Жеке мамандық иелерінде кездесе бермейтін бұл қасиеттерді Елбасы бойынан көреміз. Бұл қасиеттер оған туа біткен жоқ, ата-анасынан, батыр бабасы Қарасайдан қалған мұра емес. Бұл оның өзінің тын­бай ізденісінің, оқуының, өмірден тоқуы­ның, практикалық іс-тәжірибесі арқылы жинақталған ой мен білімнің тұнбасы, қосындысы. Бұл тер мен бейнеттің, тынымсыз еңбектің, талмай ізденудің, оқып-үйренудің жемісі. Назарбаев туа ойшыл, туа күрескер, туа еңбекшіл, туа бейнетқор, туа өршіл, туа көсем болған жоқ. Оның жетістігі уақыттың, тарихи үдерістің жемісі. Ғасыр бойы өмір сүр, ғасыр бойы үйренуден жалықпаудың нәтижесі. Қоғамды басқару жөнінде көне дүние­ден бері айтылып келеді. Ежелгі грек ойшылы Аристотель қоғамды философ басқаруы керек деді. Француз О.Бальзак болса, ақын-жазушыларға артықшылық берді. Суреткерлерсіз бірде-бір король, бірде-бір патша тарихта қалмас еді деді. Яғни, қоғамның шешуші тұлғасы – ақын-жазушылар деп түсінді. Марксистер бол­са, тарихтың тегершігі, тұтқасы, қозғаушы күші – халық деді. Ал Францияның королі Людовик XVІ болса, “мемлекет де­геніміз мен”, деді. Орыс социал-демок­раты Плеханов тарихта жеке тұлғаның беделі де көп рөл атқарады деді. XX ғасырда коммунистер: мемлекет – біз деді. Қытай көсемі Мао: халық – тобыр деді. Гитлер: әлемді таза, ақсүйек ұлт – арийліктер басқаруы керек деді. Гогольдің бір геройы патшалық Ресейде сословиелік артықшылық, дворяндар тұқымы – қоғамның тұтқасы деді. А.Пушкиннің Дубровскийі: государь справедлив, я буду просить его. Он нас не обидеть. Мы все его дети, деді. Міне, қоғамды басқару жөнінде түсінік әр заманда әртүрлі болды. Шындап келгенде, қоғамды халықтың өз адамы басқаруы керек. Халықтың өз ішінен қайнап-пісіп шыққан адам ғана ел басқаруға қабілетті болады. Көптің сұранысын сезінбеген, уақыттың талабын дөп баспаған адам билік басында болуға жарамайды. Өзімшіл, өрмінез, өзін ғана сүйетін нарцистік жаннан жақсы басшы шықпайды. Адам талантты, дарынды бо­луы мүмкін, бірақ ол сонымен бірге өзім­шілдіктің, эгоизмнің түйіскен шоғыры да болуы мүмкін. Өзімшіл адам, өзін өзі күйттеп, өзіне өзі табынған адам, өзінің сұлулығына, кереметтігіне сұқтанған жан басқалардың жай-күйіне, қасірет-қайғысына ортақтаса алмайды. Мұндай адам басшы болып та жарытпайды. Елбасының 70 жылдық өмір жолына үңілсек, оның билікке келу жолы оңай емес. Ол өмірдің бұралаң жолдарынан өтті, бейнетті де көрді, тоқтықты да, жетіспеушілікті де көрді. Ақ көйлек те, көк көйлек те киіп өсті. ФЗУ-дан бастап, домна пештерінің қатардағы болат қорытушысы да болды. Ауыр дене еңбегін бастан кешірді. Бозбала шағынан онда жұмысшының қатал тәртіпке бағынатын мінезі қалыптасты. Жылы кабинетте оты­рып, күн тимес әлжуаз шенеунік атанған жоқ. Лауазым орынтағына біртіндеп, баспалдақпен өсті. Ыстық оттың, лаулаған жалынның қасында маңдай терін талай сығып өсті. Қиындықтан қорыққан жоқ. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жү­руге әуестенген емес. Ауыл мектебін бітіріп барып, Украинаның Днепродзер­жинск қаласында түрлі ұлт өкілдерімен бірге болашақ металлург мамандығының қыр-сырын үйренді. Жас кезін, бозбала шағын ол тек жұмысшы болуға арнаған жоқ, қоғамның толыққанды мүшесі болуға, өзін көпшілік алдында ұстай білуге, реті келгенде сөз сөйлеуге, өнер мен спортқа, әдебиет пен мәдениетке жақын ұстады. Рухани жетілуді бір сәт те естен шығарған жоқ. Соның арқасында ол жан-жақты азамат болып жетілді. Қара күштің емес, ақыл-ойдың, білім мен ғылымның жиынтығын бойына сіңіруге ұмтылды. Өзін сол кездің өзінде-ақ ұлттың техникалық интеллигенциясының озат үлгісі болуға дайындады. Орталық Қазақстанның азаматтары оны біздің ауылдың баласы емес деп шет­тет­кен жоқ. Нұрсұлтанды Арқаның ұл-қыздары қатты қадірледі, олар оны өздеріне жетекші етіп сайлады. Қыздары жүрек сезімдерін аяған жоқ. Жүрген орта­сының серісі, лидері болды. Өршіл, өнер­лі, жігерлі, қайратты, мейірбан жігіт жұрт көзіне ерте ілікті. Оны жақын туыстары, беделді жерлестері қолынан жетектеп апарып, мансап орынтағына отырғыза салған жоқ. Бәріне ол өз еңбегімен, өз талабымен, өз парасатымен жетті. Назарбаев саяси басшы ретінде, қоғам қайраткері ретінде, ұлт азаматы ретінде Орталық Қазақстанда қалыптасты. Ол осында жүріп өз махаббатын тапты. Қыз­да­ры осында дүниеге келіп, мектепке барды. Болат пышақ қап түбінде жатсын ба? Қырыққа жетпей Назарбаев Алматыға партияның Орталық Комитетінің хатшысы болып оралды. Қарапайым ауыл баласы есейіп, ер жетіп, ақыл тоқтатып, ел ағасы болып, ақбоз атқа мініп туған жері Жетісуға – сүйікті қаласы Алматыға оралды. Көп кешікпей қырыққа толмай республика Үкіметінің басшысы болып тағайындалды. Ол үлкен мектептен өтті. Кеңес заманының ірі басшыларымен істес болды. Дінмұхамед Қонаев, Бәйкен Әші­мов, Сабыр Ниязбеков, Саттар Имашев, Асанбай Асқаров секілді ағаларымен Орталық Комитеттің бюросында бірлесіп мәселе шешісті. Олардан көп нәрсе үйренді. Олардың мықты жақтарын да, осал жақтарын да көріп өсті. Нендей кемістікті жібермеуді ойына, көкірегіне түйе білді. Олардың жақсы жақтарын да көріп, тани білді. Кеңестік кезеңнің барлық басшыларын саудыраған, қаусаған шалдар деген ұғым соңғы кезде қоғамдық пікірде кеңінен орын алған. Бұл қате түсінік. Олардың бойында тазалық, идеяға шын берілгендік, қоғамдық мүддені жеке бастың мүддесінен жоғары қоя білу, өнді­ріс­тің тетігін терең меңгеруге ұмтылушы­лық басым болды. Сөзбен орақ орған басшы қадірленбеді, ел ішінде беделге ие бола алмады. Олар өндіріс технология­сын, адамдардың көңіл-күйін дөп басуға тырысты. Халықты, еңбек адамын құдірет көрді. Бұл жақсы қасиеттер Назарбаевқа да жұғысты болды. Аға ұрпақты сыйлап та, құрметтеп те өсті. Елбасы бойынан бекзаттық пен қара­пайымдылықты қатар көреміз. Қара­пайымдылық демекші, жуырда Жеңіс мере­ке­сі қарсаңында ол Ақмола әскери гарнизонында болып, жас солдаттармен кездесті. Олардың әскердегі қызметімен, күнделікті тұрмыс жағдайымен танысты. Бір әскери қызметкердің әйелі балалар бақшасы жоқтығын, мұның жұмысқа шығуға қолбайлау болып отырғанын айтты. Елбасы облыс әкіміне сол жерде бұл мәселені шешуді тапсырды. Ақтөбелік бір жас жігіт әскери қызметті қалай өтеп жүргенін, ата-анасымен хат жазысып, хабарласып тұратынын айтты. Өзінің осында әскери қызметте жүрген қалың­дығы барын, екеуі отау тігуге уағдаласқа­нын, бірақ екеуінің қазір ескі жатақханада тұратынын, пәтер жоқтығын айтты. Елбасы үйленіңдер, содан кейін үй жайын да шешеміз деді. Жастар Елбасымен бірге Отан соғысы жылдарындағы патриоттық әндерді шыр­қады. “Катюша”, “Жертөледе” әндерін орындады. Орыс-қазақ жастары “Атаме­кен” әнін Елбасымен қосылып айтты. Жас­тардың жүзінен Елбасының қара­пайым­дылығы мен ашықтығына, бірге қосылып өлең айтқанына ризашылық сезімі сезіліп тұрды.             Елбасының қандай ортада болса да тез тіл тауып, өзіне жұртты бірден баурап алатыны белгілі. Үлкенмен де, кішімен де адами тілмен сөйлесе білетіні көпшілікке ұнайды. Әр адамның өзінің бір кәсіпке бейімділігі болады. Біреу ақын-жазушы, біреу ғалым, біреу актер, біреу дәрігер, біреу мұғалім болуға бейім тұрады. Біздің Елбасы лидер болуға тумысынан жара­тыл­ған деп айтуға болады. Оған ол өмір бойы әзірленген адам секілді әсер қалды­рады. Жастайынан оның жүріс-тұрысы, кісілермен қарым-қатынасы ерекше өзіне тартып тұрады. Көп ішінде көзге тез түседі. Шетелде сапарда үлкен елдердің бас­шылары қатысқан форумдарда Нұрсұл­тан Назарбаевқа адамдар үйірсек келеді. Оған жақындап, тілдесуге бейім тұрады. Сірә, бұл адамның бет-жүзінен нұр төгіліп, адамдарды өзіне ерекше тартып тұратын аурасы мол болуы керек. Жүзі жылы, қабағы ашық адамға ел жұғысқыш келеді. Сондықтан да болуы керек, халықаралық форумдарда біздің Елбасымыздың айналасына адамдар жиыла кетеді. Мұны теледидардан көріп, Президентімізге деген мақтаныш сезімі бойды билейді. Үйде қанша оны сынасақ та, шет жерде елдің абыройын асқақ­та­тып, қазақты әлемге танытып жүрген ел бас­шысына деген жүрегің әрдайым жы­лып қоя береді. Бұл біздің Нұрекең ғой, нағыз қазақ, нағыз лидер, нағыз көсем осындай болғай, деп тояттаған сезімге бөленесіз. Бойыңызда ұлттық мақтаныш сезімі шалқиды. Арагідік ел арасында Назарбаев тақта неге ұзақ отырады, жастарға жол бермей ме дегендей пендешілдік сөздер де естіліп қалатыны жасырын емес. Меніңше, бұл түсінбеушілік, тоғышарлық. Ол заңды бұзып отырған жоқ. Конституцияда Тұңғыш Президентке қатысты арнайы бап бар, қанша сайланса да оған шектеу қойылмаған. Бұл көрсетілген айрықша сенім, зор құрмет деген сөз. Елбасының Қазақстанды басқарғанына жиырма жылдай уақыт болды. Бұдан зардап шегіп отырған біз жоқ. Мәселе, қазіргі күрделі жағдайда Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаевтай басшының болуы қажет болып тұрғанында. Әйтпесе, демократия­ның оқшау аралы саналған Қырғызстан­дағы Бакиевтей біреу билікке келсе, ел мүддесі түгіл, өз басын да қорғай алмай­тын, елден қашып, халықтан қорқатын, онымен бетпе-бет жүздесуге батылы жет­пей­тін, дайындығы жоқ, пісіп-жетілмеген әлсіз басшы келсе, ел тағдыры не болмақ. Елбасы еліміздің алдағы даму жолын биылғы Жолдауында жаңа онжылдықтағы индустриялық-инновациялық өрлеудің межелерін анықтап берді. Бұл межелердің үдесінен шығу үшін бізге үлкен жұмыстар жасауымыз керек. Елбасы өзі ұсынған алып жобалардың іске асуын қамтамасыз етуі қажет. Бұл үлкен күш-жігерді, ұйымдастырушылық қабілетті талап етеді. Олар біздің Елбасында молынан баршы­лық. Ұлы істердің шешу кілті оған таныс. Мәселе адамның қажыр-қайраты, күш-жігері, ойлау және шешім қабылдау қабілеті, жүріп-тұру, қозғалу оралымды­лығы қандай екендігінде. Осы қабілеттері мемлекетке басшылық етуге жауап беретін болса, адамның жасының арифметикалық көрсеткішіне көп мән берудің еш қажеті жоқ. Бұл күнде ел басқаруды үлкен жауап­кершілік, халық алдындағы қасиетті парызды орындау деп түсінбей, жаңсақ ойлайтындар аз болмай отыр. Президент болу рахатқа белшесінен бату, байлыққа кенелу, сый-құрметке бөлену, шексіз билікке ие болу, ел атынан билік айтып, шексіз құзыретке ие болу деп ойлайтын жандар да баршылық. Ел басқару екі-үш тілді меңгеріп, банк ұстап, бизнестің әліппесін меңгеру ғана емес, оған жету үшін, әрі оны дұрыс пай­да­лана білу үшін көп қасиет пен адами сапалар керек. Халық алдындағы парызын өтеу үшін көп талаптарға сай болуы қажет. Осындайда Шекспирдің “Макбет” траге­диясындағы оқиға әркез есіме орала береді. Шотландияның королі Дункан қастандықпен өлтіріліп, оның орнын Макбет басып алады. Корольдің жесіріне үйленеді. Корольдің жалғыз ұлы Малькольм елден безіп, Ұлыбританияға қашып кетеді. Таққа отырған Макбет жүгенсіз кетіп, елдің берекесін алады. Ызаланған халық өлген корольдің ұлын елге алдырып, билікті соған бергісі келеді. Англияға арнайы кісі жіберіледі. Мұнда келген Макдуф корольдің ұлын елге оралуға, әкесінің заңды тағына отыруға шақырады. Хабар әкелушіге ол сенің­кіремей, өзінің ел басқаруға дайын еместігін айтады. Түрлі теріс мінездерін алға тартып, елге оралуға ниет білдірмейді. Бұл кемшіліктердің бәрін түзетуге болады, байлыққұмар мінезің де сөз емес, Шотландияның ырысы бір адамның қажетін өтей алады. Бәрін де орнына келтіруге болады, дейді келісім алуға келген Макдуф. Сонда елінен келген елшіге Малькольм былай дейді: король болу үшін шыншылдық, парасат­тылық, әділдік, қайырымдылық, батыл­дық, тұрақтылық, өз дініне беріктік сияқты қасиеттер керек емес пе? Менде солардың бірі жоқ, ең сорақысы – менде ар-намыс жоқ. Осындай адам король бола ала ма дегенде, Макдуф корольдің ұлына қарап: ондай адам король болмақ түгіл, жарық дүниеде өмір сүруге де тиіс емес, деп орнынан тұрып кетуге ыңғайланады. Сонда ғана Малькольм келген адамның астыртын тыңшы емес екеніне көзі жетіп, ағынан жарылады. Бұған дейін айтқанда­рының бәрінің жалған екенін мойындап, Шотландияға оралуға келісім береді. Шекспирдің өз геройының аузына салған сөз орайына қарағанда, мінсіз, кемшіліксіз пенде жоқ, бірақ ар-ұяты, намысы жоқ адам ел басқаруға еш құқығы жоқ деген пікірді ұстанады. Ар-ұятты, намысты болу – азамат үшін ең бірінші қасиет. Мұнсыз адам тұлға емес, әншейін пенде деңгейінде қалады. Біз Елбасымыздың бойынан оның басқа адами қасиеттерімен бірге арды, намысты бірінші кезекке қоятын азаматтық қасиетін жоғары бағалаймыз. Ел басқару сайлауға түсіп, көп ұпай жинап отыра беретін сыйлы тақ емес, ол үлкен саясаттың шоғырланған нүктесі, ол түйіні көп сан қырлы дипломатияның түйіс­кен алаңы. Алдына келгенді қабылдап, сәлемін алып, қол қусырып отыра беретін мансап креслосы емес. Ол үлкен жауап­кершілікті мойынға алып, соны парасат­тылықпен жүзеге асыруға міндеттейтін мемлекеттік биліктің биік шыңы. Оған жету де қиын, ал одан құлау да қауіп-қатерсіз емес. Оған көршіміз Қырғызстан мен Украина президентте­рінің биліктен абыройсыз кетулері мысал бола алады. Бұл күнде біз Нұрсұлтан Назарбаев­тың қаншалықты ауыр жүк, ел алдында үлкен жауапкершілік арқалап отырғанын анық сезінеміз. Түсіне білген адамға оның саяси билікте отыруы оған емес, бізге, халыққа, Қазақстанның алға өрлеуіне керек. Оның ұзақ жылдар бойы жинақ­таған бай тәжірибесі – халықтың игілігі. Халқымыз сол игілікті ұқыпты пайдала­нуы керек. Мұндай саяси-рухани байлық жолда шашылып жатқан жоқ. Мәшиненің жаңа моделін, компьютердің соңғы партиясын сатып алуға болады, бірақ саяси тұлғаның басында жинақталған даналықты, мол несібені алтынға сатып ала алмайсыз. Ол сол тұлғаның өз бойында, соның миында, көкірегінде сақталады. Сол зерек ой мен мол тәжі­рибені қадірлеуіміз абзал. Біздің Елбасы осы ізгі мұраның, ел басқару даналы­ғының иесі, жинақ қоры. Сол үшін де Н.Назарбаевты құрмет­тейміз, оған үлкен сенім артамыз. Елдің дамуын, өркендеуін оның есімімен, жасампаздық ерен еңбегімен байланыс­тырамыз. Сол үшін де оған зор денсаулық, қызметіне сәттілік тілейміз. Көп тілегі көл деген, болашаққа үлкен үмітпен, зор сеніммен қараймыз. Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.