Шыны керек, жаңадан салынған жолдарда кездесетін кемшілік аз емес. Сапалы жол салу мақсатында қыруар қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, кейде бармақ басты, көз қысты әрекеттің көрінісі байқалып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, жаңа жолдардың басым бөлігінің сапасына зер салсаңыз, лажсыз күрсінесіз.
Кейде жол құрылысына жауаптылар жол салуды қаржыға қол салу деп түсінетіндей көрінетіні белгілі. Сапалы жол салу жұмыстары Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жол салу жұмысына қадағалауды күшейтуді шегелеп тапсырды. Тіпті Президент елдегі жолдардың жайы жұрттың жүйкесін шымырлататынын да қадап айтты. Шынында да, жол құрылысындағы жұмыстарды жүйелеудің маңызы зор.
«Автокөлік жолдарының құрылысына қатысты мәселелер шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған компаниялар заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек», деген Президент сөзінің жаны бар.
Мемлекетімізде жол салу, қайта құру, жөндеу және күтіп ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын саралау істері «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» негізгі міндеті ретінде белгіленген.
Кәсіпорынның өңірлік филиалы жыл ішінде аз жұмыс атқармағаны анық. Сапа және есеп бөлімінің инженері Тойшыбай Әлиахметов келтірген дерекке жүгінсек, «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» Жамбыл облыстық филиалы аз уақыт ішінде 211 нысанға арнайы ат басын бұрып, 431 рет іссапармен барған екен. Нәтижесінде, жол құрылысына қажетті материалдардан 1253 дана үлгі алынған. Әлбетте, аз емес, бірақ сапа жағы мәз емес болып тұр. Неге дейсіз ғой? Сынақтан өткізілген 123 дана материалдың талапқа сай келмейтіні нақтыланыпты. Бұл мәселе кімді де болсын ойландырса керек-ті.
«Мамандар анықтаған кемшіліктер бойынша тапсырыс беруші тарап пен мердігер ұйымдарға тиісті хаттар жолданды. Мердігер компаниялар жауапкершілік жүгін сезініп, жұмыстың сапалы атқарылуына ден қойса деген тілек көкейде атойлап тұр. Әсіресе асфальт-бетон жабындысын орнату технологиясына айрықша назар аударса дейміз. Сапасыз салынған жол талай оқиғаның себебіне айналуы ықтимал екенін естен шығармаған абзал. Өкінішке қарай, бүгінде ел ішіндегі тас жолдардың сапасы сын көтермей тұр. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да айрықша ден қойғаны баршамызға мәлім. Алдағы уақытта мердігерлердің жұмысына бақылауды күшейту керек секілді. Сонда ғана тиісті жұмыстар лайықты деңгейде атқарылмақ», дейді Т. Әлиахметов мәселенің мәнісіне үңіліп.
Басқаны былай қойғанда, жол салу жұмыстарына миллиардтаған қаражат қарастырылатыны анық. Қыруар қаржы жұмсалса да, жол мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай тұрғаны ақиқат. Ақылы жолға ақша төлеп жүрген ақылды көлік жүргізушілерінің де айтары аз емес. Халықтан түскен салық есебінен салынған жолдың сапалы болғанын қалайды олар. Алайда салада қалыптасқан олқылық тыйылар емес. Бұл мәселені кім, қалай шешеді? Әлде жабулы қазан жабулы күйінде қала бере ме?
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» өңірлік филиалының қызметкерлері биылғы жылдың 9 айында 309 нысанға 559 рет іссапармен арнайы барған. Жұмыс үдерісінде жол-құрылыс материалдарының 1736 данасынан үлгі алынып, оның 266-сы нормативтік талаптарға сай келмейтінін анықтаған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде тиісті тараптарға 121 хат жолдапты. Мамандардың айтуынша, жұмыс үдерісі барысында асфальт-бетон жамылғысын тиісті деңгейде тығыздамау мәселесі көзге ұрып тұр екен.
Өңірлік филиалдағы мамандар өмірлік мәселені алға тартып отырғаны түсінікті. Қысқасы, осы құрылысқа жауапты барлық тарап жол салуды қаржыға қол салумен шатастырмауы керек. Сонда ғана Президент тапсырмасы толықтай орындалмақ.
Жамбыл облысы