Атырау облысының экономикасын өрге сүйрейтін саланың қатарында мұнай-газ өнеркәсібінің алатын орны айрықша. Мұнда еліміздегі «қара алтынның» басым бөлігі өндіріледі. Сол себептен, мұнайлы өңірге шетел инвесторларының қызығушылығы артып отыр. Тіпті осы салаға сервистік қызмет көрсетуге ұмтылушылар да аз емес.
Мұнай-газ саласындағы техникалық қызмет көрсету мен жөндеу қалай шешімін табады? Пайдалы бастамалар қолдау тауып жүр ме? Жергілікті қамту үлесіне қаншалықты көңіл бөлінген? Бұл мәселелер «PetroMaintenance – 2023» форумында кеңінен талқыға түсті.
«Атамекен» ҰКП мұнай-газ операторларымен өзара іс-қимыл жөніндегі ресми өкілі Асылбек Жәкиевтің мәліметінше, форумға еліміздің өңірлерінен, сондай-ақ ТМД, Испания, Италия, АҚШ пен Түркиядағы 450 компаниядан 700-ден аса адам қатысуға ниет білдірген. Биыл техникалық қызмет көрсету мәселесі қарастырылып отыр. Бұл текке таңдалмаған. Өйткені алдағы жылдары ТШО, NCOC, ҚПО, Total Dunga секілді компаниялардағы сатып алу көрсеткіші артатыны болжанады. Болжамның жалпы көлемі – шамамен 2,7 млрд доллар.
Форум жұмысы төрт панельдік сессияда жалғасын тапты. Мұнай-газ операторларының топ-менеджерлері мен жетекші мамандары жоба нысандарында күрделі жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуге қатысты жоспарларымен, кәсіпорындардың активтерін басқару, өнеркәсіптік қауіпсіздік, автоматтандыру және тағы басқа салалардағы тиімді тәжірибелерін ортаға салды. Ал сервистік компаниялардың басшылары жобаларды іске асырудағы тәжірибелері, мұнай-газ жабдығына техникалық қызмет көрсетудегі әлеуеті туралы әңгімеледі.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, мұндай форум өңірдегі мұнай-газ сервисін дамыту үшін драйвер болатыны даусыз. Өйткені мұнай өңір аумағында газ өңдеу, бутадиен өндіру зауыты секілді жаңа инвестициялық жобалардың құрылысы басталып жатыр. Жаңа жобалар бірнеше мың жұмыс орнын ашуға ықпал етеді.
Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауовтың пікірінше, «Қашаған» және «Қарашығанақ» кен орындарын игеруді одан әрі жалғастыруға назар аударылып отыр. Сол себептен, мұндай күрделі жобаларды іске асыру кезінде жергілікті қамту үлесін ұлғайту қажет.
«Осы орайда операторлар бейқамдық танытпауға тиіс. Әсіресе шетелдік компаниялардың қызметін пайдаланбас бұрын отандық өндірушілердің мүмкіндігін бағалау қажет. Өйткені біздің елімізде де шетелдіктермен бәсекелес бола алатындай, сервистік қызметті сапалы көрсете алатын өзіміздің компаниялар бар. Сол себептен, тендерді тек жергілікті компаниялар арасында өткізуді ұсынар едім. Тендерге қатысқысы келетін шетелдік компанияларды жергілікті әріптестерімен бірлескен кәсіпорындар құруға міндеттеген жөн. Ал бірлескен кәсіпорындар сатып алуларды тек еліміздің аумағында жүзеге асыруға тиіс», дейді Ә.Жамауов.
Форумда ірі компаниялардың басшылары өз пікірлерімен бөлісті. Мәселен, KMG «Kashagan B.V.» компаниясының бас директоры Бақытжан Хасановтың айтуына қарағанда, жоспарлы күрделі жөндеу секілді ауқымды жобаларды жоспарлау кезінде баса көңіл аударатын мәселелер бар. Бұл – тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді әлеуетті жеткізушілердің рөлі, сондай-ақ олардың өндірістік нысандар операторларымен іс-қимылының маңызы.
«Жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылға қол жеткізу үшін бірлескен талдау жүргізуді басты назарда ұстау қажет. Өйткені әлеуетті жеткізушілер жобаның қажеттілігін түсінуге тиіс. Осы орайда әлеуетті мердігерлерді анықтау, олардың қызметін бағалау, ұзақмерзімді ынтымақтастық мақсатында келісімшарттар жасау секілді факторлар негізгі рөл атқарады», дейді Б.Хасанов.
Ал «PSA» ЖШС бас директорының келісімшарттар және іске асыру жөніндегі орынбасары Нұржан Қисметовтің айтуынша, мұнай-газ нысандарына техникалық қызмет көрсету мен жөндеуге байланысты жұмыстарға басымдық берілуі керек. Өйткені жергілікті қамту бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін шарттардың орындалуына ерекше назар аударылып отыр.
«Бірақ өнімді бөлісу туралы келісім жобаларындағы жергілікті қамту деңгейі әрқалай. Мәселен, соңғы жылдары техникалық қызмет көрсету және жөндеу қызметтеріндегі жергілікті қамту оң сипат алып келеді. Бірақ осы қызметтерге қатысты көрсеткіштерді салыстырсақ, 2020 жылы жергілікті қамту деңгейі шамамен 60 пайызды құраған. Ал қазір бұл орта есеппен 70 пайыздан асады», деген дерегімен бөлісті ол.
«CES Kazakhstan» ЖШС директоры Евгений Плясуновтың айтуына қарағанда, қазір жергілікті қамтуды кеңейту үрдісі жүріп жатыр. Демек, отандық бизнес иелерінің алдында енді ірі жобаларда жұмыс істеу үшін кең жол ашылады. Бұл – еліміздің мұнай-газ секторында құрылыс-монтаждау жұмыстарына маманданған отандық компаниялар үшін мол мүмкіндік.
Инвесторлар мұнай-газ жабдықтарын өндірушілер және жеткізушілердің тауарлары мен қызметтерінің көрмесін ұйымдастырды. Мәселен, «ТексолКазСервис» ЖШС резервуарларды тазалауға арналған автоматтандырылған қондырғыны ұсынды. Қондырғы бақылау және бейнебақылау жүйесінің көмегімен қашықтан басқарылады. Бұл қондырғы компаниялар басшыларының назарын аударды.
«Бұл қондырғы қақпағының диаметрі 500 миллиметр болатын резервуарларды тазалауға арналған. Әлемде мұндай қондырғы өте сирек кездеседі. Ал елімізде мұның баламасы жоқ. Келесі жылы бұл қондырғыны Атырауда шығаруды бастаймыз», дейді компания директоры Бауыржан Жайғалиев.
Атырау облысы