• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шымкент 23 Қазан, 2023

43 түрлі палау дайындалды

305 рет
көрсетілді

Республика күні қар­саңында Шым­кент қалалық әкім­ді­гінің, Қазақстан өз­бек­тері «Дустлик» қа­уым­дастығының, қа­ла­лық этномәдени бір­лес­тігінің ұйымдас­тыруымен «Дос­тық дас­тарқаны» – Шым­кент палауы-2023» фес­тивалі өтті.

Жыл сайын шаһар төрінде ұйымдас­тырылатын мерекелік іс-шара бұл жолы Сайрам тұр­ғын алабындағы Наурыз паркінде болды. «Дустлик» қауым­дас­тығының төрағасы Икрам­жан Хашим­жановтың айтуынша, фестивальді өткі­зудегі мақсат – Республика күнін мерекелеу және барлық этностарды бір дастарқан ба­сына жинап, достық пен тату­лықты насихаттау.

Ұйымдастырушылар ұйғарымымен 43 түрлі палау басылып, қатысушылар 7 аталым бойынша марапатталып, ешкім жүлдесіз қалмады. Іс-шарада 100 килодан аса палау пісірілді. 43 аспаз өздерінің бар өне­рін салып, дәмді ас мәзірін дайын­дады. Фестивальде Шым­кент­тің өзінен басқа республика өңір­лерінен, көршілес Өз­бек­стан, Қырғызстан, Тәжік­стан­нан келген аспаздар болды.

Тәжікстандық аспаз Ис­матулла Рахимов осындай мерекелік іс-шараға қатысып жатқанына қуанышты екенін жеткізді. «Халықтар достығы жасай берсін, бірліктері жо­ғалмасын» деген тілек арнап, елімізді Республика күнімен құттықтады. Тәжік халқында палауды «ош» дейді екен. Ал оның дайындалу әдісінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Палаудан бөлек аспаз бастап келген тәжікстандық қонақтар өздерінің ұлттық тағамы «құры­тапты» әзірледі. Ол палау­дан мүл­дем өзгеше. Қазақтың кәдімгі құрты, сары май, нанын қо­сып жасайды. Фестиваль ба­рысында тәжік бауырлар дайындаған палауларынан келушілерге дәм ауыз тигізді.

Үлкен қазанға басылған палаудан Сайрам тұрғын алабында орналасқан жетімдер үйіне тамақ таратылды. Этнос­аралық татулықты нығайтуға үлес қос­қан біраз азаматтың иықтарына қазақтың дәстүрімен шапан жабылды. Сонымен бірге ел Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен бірнеше адам «Жомарт жан» медалімен, Құрмет грамотасымен, Ал­ғыс хатпен марапатталды. Осын­дай марапат иесінің бірі генерал-майор, ішкі істер ор­гандарының ардагері Мол­дияр Оразалиев: «Қазақ-өзбек халықтарының достығы мәңгі жасай берсін, татулық болса елде тыныштық болады. Осы асыл қасиетімізді жо­ғалт­пайық. Бірлік бар жерде әрдайым береке жүреді. Қа­зақ пен өзбек – бауырлас ұлт. Қан­ша ғасырдан бері тату-тәтті бірге ғұмыр кешіп келеді. Сол туысқан халықтардың ара­сындағы достық қарым-қатынас ешқашан үзілмесін», деген тілегін арнады.

Іс-шара барысында өнер­паздар сахна төрінде қазақ пен өзбек халқының әндерін шырқап, келген қонақтардың көңілін көтерді. Молынан жайылған дастарқан үстінде қариялар сөз бастап, салиқалы әңгіменің тиегін ағытты. Палау фестивалі – жыл сайын өтетін дәстүрлі іс-шара. Шым­кентте алғаш рет 2010 жылы ұйымдастырылды. Содан бері үздіксіз жалғасып келеді.

 

ШЫМКЕНТ