• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Еңбек 23 Қазан, 2023

Еңбек адамы – елдің құты

901 рет
көрсетілді

Ел егемендігі ұлт дәстүрі мен құндылықтарына жіті, жүйелі, қастерлеп қарауға мүмкіндік берді. Шынында да халқымыз қаншама қиындық көрсе де ғасырлар сынынан өткен салт-сана, әдет-ғұрып бізді жарқын күндерге жетеледі.

Қазақта әулет деген қасиетті ұғым бар. Әдетте үлкен атадан та­раған, қара шаңырақтан бас­тау алған, тамыры терең алып бәй­теректей өсіп-өнген, құт қо­нып, береке ұялаған ағайын отбасы бірлігін осылай атайды. Өңір­ге еңбегімен, мей­ман­­дос­ты­ғы­мен, қайырымды қасиеті­мен та­ныл­ған Асқар атамыздан тара­ған ұр­пақ бүгінде бір қауым елге, іргелі әулетке айналды. Қазір олар азат еліміздің байтақ жерінің түк­пір-түкпірінде тұрып жатыр. Әр­қай­сысы жаңа әулеттің негі­зін қа­лап, ұрпақ өрбітіп отыр. Ең­бек­­қор атамыз: «Айналаға шуақ сеуіп өсіңдер, адал жүріп, адал тұрың­дар!» деп бата береді екен.

Әулетте бауырлардың басын қосып, қамқорлық танытып, ын­тымақ пен ауызбірліктің ұйыт­қысы болып жүретін бірегей жан­дардың жөні бөлек. Олар жа­сының үлкендігімен ғана емес, ақыл-парасатының кемелдігімен, іс-әрекетінің ірілігімен, пейілі мен мінезінің кеңдігімен көптің көңілінен шығып, сый-құрметке ие. Әулетіміздегі сондай тұлға, қара шаңырақтың түтінін түзу шығарып, берекеге ұйытқы болып отырған – ел ағасы, ауыл қамқоры Әуезхан Асқаров. Ардақты азама­тымыздың екі қасиеті бізді, айналасын жігерлендіреді. Біріншісі – Отанын және соның бір аяулы пұшпағы ауылды шексіз сүйетіні. Екіншісі – біраз жасқа келсе де еңбегі мен білігін міндетсінбей, адал атқаратыны.

«Адам туған топырағына тар­тып туады» деген бар. Сондық­тан ең алдымен өскен ауыл-айма­ғымыз жөнінде айта кетейін. Біз­дің кіндік қанымыз тамған, дү­н­ие есігін ашқан туған жеріміз – қа­зіргі Түркістан облысы Келес ауданының малы мен жаны қатар өскен, берекесі маңдай термен артқан Бірлік ауылы. Тарихы те­рең әрі тағылымды жер. Бір жа­ғында – бастауын қасиетті Қазы­ғұрттан алып, Шардараға қа­рай жайыла ағатын Келес өзені, екін­ші жағында – қазақ тарихы таңба­ланған грек жазбаларында – Як­сарт, «Бабырнамада» – Сейхұн атымен жүрген Сырдария. Келес өзені жағалауын жайлаған елге бар нәрін беріп, Бірлік ауылының тұсынан аса Сырға барып құяды. Осы өзендердің оң қапталы көк­жиегіне көз жетпейтін кең жазира дала, бұйрат-бұйрат қырлар. Өзен бойы – тоғай мен жайқалған егін, жота-белесі – төрт түлік мал. Ешкім жоғарыға қол жайып отырған жоқ, құдай бұйыртқан денсаулықтың арқасында қасиетті жерден нәпақасын теріп жеп жүр.

«Туған жерге туыңды тік» деген­дей, Әуезхан ағамыз оқуын тәмамдап, мамандық алғаннан кейін туған ауылына табан тіреп, еңбекке ерте араласты. Асқар тау­дай әкеміз Әмірхан мен ардақ тұтар аяулы анамыз Айткүлдің қо­лы­на келіп, содан бері табан аудар­май қарашаңырақтың туын жоға­ры ұстап, әулеттің өнегелі дәстүрін лайықты жалғастырып келеді.

Халқымыздың «Ердің атын еңбек шығарады» деген сөзі рас. Ағамыз Бірлік ауылында мал шаруашылығы саласында ұзақ жылдар еселі еңбек етіп, жұмыстың көрігін қыздырды. Еселі еңбек пен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында елеулі нәтижеге же­тіп, озаттар қатарынан көрінді. Ел қазынасының артып, ауыл шаруашылығының өркендеуіне мол үлес қосты. Сан жылғы тынымсыз еңбек, төккен тер тегін кетпеді. Кеңес кезеңінде де, Тәуел­сіз­дік жылдары да еліміздің түрлі дәрежедегі орден-медальдарымен, төсбелгілерімен, алғысхаттары­мен марапатталды. Атап айтқан­да, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Ең­бек даңқы», «Ерен еңбегі үшін», «Ардақты ардагер» секілді мара­паттары ауылдың абыройын көтерді. Бұл – негізгілері ғана. Мұ­ның сыртында республикалық, об­лыс­тық, аудандық деңгейдегі төсбел­гілері мен алғысхаттары бір төбе.

Аудан экономикасының да­муы­на, ел-жұрттың ауызбірлігі мен ынтымағын арттыруға сіңір­ген зор еңбегі ескеріліп, Түркістан облысы Келес аудандық мәсли­хатының 2018 жылғы шешімімен «Келес ауданының құрметті азаматы» атанды.

Бұған қоса Әуезхан Әмірхан­ұлы қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласып, азаматтық ұс­та­нымынан, елшілдік көзқара­сы­нан айнымай келеді. Кеңес ке­зін­де бірнеше дүркін аудан­дық, об­лыстық, республикалық кеңес­тер­дің депутаты болып сайла­нып, биік мінберден еңбеккерлер­дің мүд­десін қорғады. Қаншама өзекті мәселелерді көтеріп, олардың оң шешімін табуына ықпал ет­ті. Бүгінде Бірлік ауылында Арда­­герлер кеңесінің төрағасы. Ең­бек­­қор ауыл халқының бірлігі мен татулығына дәнекер тұлға.

Әуезхан ағамыздың үлкен әу­лет­­тің ұйытқысы, отбасының тірегі, кішіге қамқор аға, үлкенге ізетті іні, ағайынға жанашыр ретін­де де өнегесі мол. «Сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға деуге әбден лайық­ты. Сөйлеп кетсе – шешен, бас­тап кетсе – көсем болатын көш­басшылық қасиеті – бәрімізге үлгі. Егер ол сонау жас күнінде өнер орта­сына түсіп, әншілік-күй­шілік қабілетін әрі қарай дамытса, осы салада да үлкен жетістікке же­тер еді деп ой­лай­мыз. Ол бүгін­ге дейін домбырасын баппен шер­тіп, Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» туын­дысын қоңыр дауыспен әуеле­те шырқайтыны, әйгі­лі ШәМші Қалдаяқов пен Нұр­ғиса Тілен­диевтің әсем әндерін на­қышына келтіре орындайтыны айналасын таңғалдырмай қоймайды.

Асқар таудай Әуезхан ағамыз мен әже-апалардың асыл қасиетін бойына жинаған Нәзігай жеңгеміз ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Абзал әке мен батыр ананың кіндігінен тараған бес ұл мен бес қыз әке-шеше жо­лын жалғастырып, еліміздің түр­лі саласында жемісті еңбек етіп, ата-анасына немере-жиен, шөбере-жиеншар сүйдіріп отыр. Бұл отбасының тәлім-тәрбие бай­лығы маңдай термен тапқан еңбек жемісінің заңды жалғасы секілді.

Халқымыз «Жақсылық жүр­ген жерде тапшылық болмайды» дейді. Ағамыз еңбекке аралас­қан­нан ауыл-аймақтың сый-құрме­тіне ие абыройлы азаматқа айналды. Адам баласының көңілін қалдырмайтын кішіпейіл мінезі, елге болсын дейтін кең пейілі, ізетті ұстанымы жылдан-жылға тұлғасын асқарландырып, қадірлі аға, қоғамшыл қайраткер, абыройлы ақсақал деңгейіне көтерді. Бұл – «Жаңбырменен жер көге­рер, Батаменен ер көгерер» деген­дей, жасынан аузы дуалы ақсақал­дардың, өзін мәпелеп өсірген ата-анасының алғысы мен ақ батасын алғанының жемісі деп есептейміз.

Республика күні қарсаңында ауылда жүріп-ақ елдің жүгін ар­қалауға септескен аға толқынның қарапайым да тәлімді еңбегін еске алғанды дұрыс көрдік. Расында, еңбек адамы, ауыл-аймаққа қадірлі тұлға – қашанда елдің құты.

 

Ілесхан АСҚАР,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты