Риддер қаласындағы мырыш зауытында Аушиновтар әулетінің табан аудармай сабақтаса жұмыс істесіп келе жатқанына жарты ғасырдан асқан. Әуелде осыдан елу жыл бұрын аталары Мәлік Аушинов металлургия кешенінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шықса, бүгінде жиен немересі Ринат Ерболов вельцпеш цехында аппаратшы болып қызмет етеді. Жалпы, бұл кәсіпорында әулеттің оннан аса мүшесі маңдай терін төгіп жүр.
Жуықта металлургтер династиясынан Ринат Ерболовпен аз-кем әңгімелескен едік. Айтуынша, «Казцинк» ЖШС Риддер металлургиялық кешенінде жұмыс істеп жүргеніне биыл 13 жыл болыпты. Ә, деп жұмысқа орналасқанда №1 күкірт қышқылы цехында аппаратшы болған. Кейінгі 3 жылда вельцпеш цехына ауысқан.
– Нағашы атам Мәлік Аушинов осы зауытта 1973 жылы жұмысқа тұрып, сол жерден зейнетке шықты. Анамның туған ағалары да осы зауытқа жұмыс істеген. Бөлелерім де металлургия саласында жұмыс істеп жүр. Орайы келгенде нағашы жездем Оразқұл Есеновтің еселі еңбегін атап өтейін. Зауытта шебер болған ол көптеген азаматты жұмысқа баулып, жастарға үйретуден аянбады. Мәлік атамыздың 10 баласы болды. Бүгінде оның жолын жалғап жүргенімізді мақтан етеміз, – дейді Ринат Ерболов.
Ринаттың негізгі мамандығы – алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Мұғалім болып, бар-жоғы бір жыл ғана еңбек еткен. Еңбек жолын бастай сала әскер сапына алынып, Ақтаудағы теңіз жаяу әскерінде борышын өтеген. Кейін келгеннен кейін бірден зауытқа жұмысқа орналасқан. Басында жұмыстың қиын болғанын да жасырмайды.
– Зауыттың аты – зауыт. Жұмыс оңай емес. Фархад есімді бөлем екеуіміз бір цехта істедік. Ол менің тәлімгерім болды. Сосын мен вельцпеш цехына ауысып кеттім. Зауыттағы бүкіл пештің жүйелі жұмыс істеуіне жауаптымыз. Көрсетілген температуралық режімді ұстап отыруымыз керек. Үш күн істеп, екі күн демаламыз, – дейді ол әңгімесінде.
Ыстық пештің жанында сегіз сағат от көсеп, пеш тазалау оңай шаруа емес екені белгілі. Оның үстіне лапылдап жанып тұрған пештің температурасы +900 градусқа дейін жетеді. Ринат жасөспірім кезінде еркін күреске қатысып, спорт шеберлігіне үміткер атанғаны бар. Сол кездегі жаттығудың да пайдасы болар, аз уақыт ішінде зауыт жұмысына төселіп кеткен.
Оқуды жаңа бітірген жастардың кейбіреуі мұндай жұмысты ауырсынса, енді бірі үйреніп кетіп жатады. Ринат Ерболов секілді әккі мамандар оларға білгенін үйретеді, жол нұсқайды. Әсіресе қауіпсіздік ережелерін қайта-қайта есіне салып отырады. Себебі цех ішіндегі қате қадам кешірілмейді.
– Мәлік атамыз Кеңес үкіметі тұсында жұмыс істеді. Ол уақытта ауыр жұмыстағылар зейнетке ерте шығатын. Қызметіне қарай қосымша ақы да төленді. Зауытта қауіпсіздік талаптары 100 пайыз сақталады дегенімізбен, жұмысшылардың денсаулығына зияны тиеді. Сол үшін зауытта істейтін ер адамдар зейнетке – 60, әйелдер – 55 жастан шыққаны дұрыс па деп ойлаймын. Әйтпесе, жұмыс өте ауыр, – деген ұсынысын да білдірді.
Бұл жалғыз Р.Ерболовтың ұсынысы емес шығар, бәлкім. Зейнеткерлік жасын қарастыруды қолынан күрек түспей жүрген бүкіл зауыт қызметкерлері қолдаса керек. Бұл – енді уақыт еншісінде. Ал ата жолынан жаңылмай келе жатқан Ринат екі қыз тәрбиелеп отыр. Жары – дүкенде қарапайым сатушы. Жұмыстан бос уақытта отбасысымен Батыс Алтайдың көрікті жерлерін аралап, табиғат аясында тыныққанды ұнатады. Әңгіме арасында Ринат балалары болашақта зауытта еңбек етсе, жол көрсетіп, белін буамын деген пікірін де білдірді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы