Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында еліміз үшін ең өзекті мәселелердің бірі – су ресурсына айрықша тоқталды. Халық саны мен экономика өскен сайын оның тапшылығы да ұлғая түсетініне баса мән берді. «Қазақстандағы су тапшылығы 2040 жылдарға қарай 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз» деп атап көрсетті Президент. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын ысырапсыз пайдалану, оны үнемдейтін озық технологияны енгізу мәселелерін алға қойды. Осы орайда су көздері тапшы Жезқазған өңірінде де түйткілді мәселеге барынша мән беріліп, алаңдатарлық ахуалдың алдын алу қажеттігі күн тәртібіне қайта шықты.
Мәселен, Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 2030 жылға қарай 90-нан 76 текше метрге дейін төмендейді. Бұл елдегі су тапшылығы 7 жылдан кейін шамамен 15 пайызды құрайтынын білдіреді. «Бүгінге дейін экономикамызда су ресурстарының мұндай жетіспеушілігі болған емес» деп топшылайды мамандар. Қазір ғаламдық жылынудың нәтижесінде жаңбыр жүйелі жаумайтын болды. Соның салдарынан жерасты сулары күрт азайды. Ресми деректерге сүйенсек, дүниежүзіндегі 1 миллиард адам ішуге жарамды суға зәру. Елімізде тұратын әр адам тәулігіне 150-200 литр су пайдаланса, Мали деген елде бір адам тәулігіне 2-3 литр ғана су қолданады екен. БҰҰ деректері бойынша Қазақстан су қорына қатысты ТМД елдері арасында ең соңғы орында көрінеді. Республикамыздағы өңірлердің үштен бір бөлігі ауыз су тапшылығын тартуда.
Елімізде су ресурсы, оның ішінде тұщы таза су көлемі шектеулі. Іле мен Ертістің бастауы – Қытайда. Су көзі бойынша сол елге тәуелдіміз. Шу мен Талас өзендерінің басында – қырғыздар, Сырдарияның бастауы – тәжік, өзбек, қырғыздың қолынан өтеді. Соның салдарынан Сырдың суының халыққа жетпей жатқанын жылда көріп жүрміз. Солтүстігіміздегі Еділ мен Жайық та Ресей жерінен басталады. Сондықтан тіршілік нәрін ысырапсыз, тиімді пайдаланудың тетіктерін іске қосу – біз үшін басты міндет. Осы уақытқа дейін су шаруашылығы инфрақұрылымын түрлі мемлекеттік органның басқаруы салдарынан су ресурстарына қатысты тиімді саясат жүргізілмей отырғаны айтылып жүрді. Ендігі жерде Мемлекет басшысының қолға алуымен жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігіне үлкен үміт артамыз.
– Жалпы, қазір жер жүзінде суға деген тапшылық басталды. Мал былай тұрсын, адамға су жетпейтін халге жетіп келеміз. Халық саны 40-50 млн болғанда суды қалай жеткіземіз деп ойлану керек. Біздегі су қорының 70-80 пайызы мемлекетаралық өзендерден алынады. Қалған 20-30 пайызы ауыл арасындағы өзендерге тиесілі. Суды сақтап қала алмасақ, болашағымыз бұлдыр, – дейді су шаруашылығының маманы, осы саланың бұрынғы министрі Нариман Қыпшақбаев.
Суға қатысты осындай деректер алдан шыққанда жартылай шөлейт өңірде өркен жайған, су көздеріне кедей Ұлытау облысының, оның ішінде өндірісті Жезқазғанның болашағы не болар екен деген мәселе ойландырмай қоймайды. Мысты қала маңынан Қаракеңгір өзенінің төменгі ағысы өтетіні белгілі. Өзеннің арнасына Кеңгір су қоймасы салынған. Ұлытаудың Жақсы Арғанаты сілемдерінен басталып, солтүстіктен оңтүстікке қарай ағып өтетін өзеннің ұзындығы 300 шақырымға жуық, су жинайтын алаптың аумағы – 16 700 шаршы метр. Сарысу өзенінің ірі саласы саналатын Қаракеңгірден қазір оның арнасына қарай мардымды су құйылып жүрген жоқ. Құрғақшылық пен қыста қардың аз түсуі салдарынан кейінгі жылдарда өзен арнасы арқылы Кеңгір су қоймасына келетін су мөлшерінің кеміп бара жатқаны да байқала бастады. Мәселен, аумағына 319 млн текше метр су жинақтайтын Кеңгір су қоймасына өткен жылы – 46,8 млн текше метр, биылғы көктемде 71 млн текше метр ғана су келді. Қазіргі таңда онда 230 млн текше метр көлемінде су қоры бар. Жетіспейтін мөлшер 80 млн текше метр шамасында.
Жезқазған өндірісін өркендетуге өңірдегі су тапшылығының қолбайлау келтіретіні ерте кезден-ақ белгілі болған. Мысты қаланың әрідегі тарихына көз жүгіртсек, өткен ғасырда Үлкен Жезқазған өндірісін ашуға байланысты жобаға одақтық комитетте қарсылық танытқандардың екі үлкен айғақты мәселені алға тартқанын байқаймыз. Оның бірі – Жезқазғанның орталықтағы теміржол қатынастарынан шалғайда жатқаны болса, екіншісі – жартылай шөлейт аймақтағы өндіріске қажетті судың тапшылығы болатын. «Мұнда кеннің көп қоры жоқ» деушілер де табылды. Соның салдарынан мыс комбинатын салуды ұйғарып отырған Жезқазғанды еліміздің индустрияландыру жоспарына енгізбеу қаупі де туындаған еді. Өңірдің кен қорын мұқият зерттеп, өзінің тұжырымдарын біліктілікпен дәлелдей білген даңқты геолог Қаныш Сәтбаев су мәселесін де жан-жақты ойластырып, кеңінен зерттелуіне көңіл бөледі. Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендері қосылып Кеңгір атауымен Сарысу алабына дейін келетіні белгілі. Осы Кеңгірдің Досмырза сағасынан үлкен бөгет салуға болатынын Қанекең зерделеп, мамандарға есеп-қисабымен жобасын жасатып қояды. Сөйтіп, су көзінің тапшылығы туралы мәселенің оң шешімі табылады. Наушабай сайының аңғарында үлкен бөген салу арқылы мол су жинай алатын ауқымды гидротехникалық қойманың жобасы осылайша 1952 жылы дүниеге келген болатын. Содан бергі кезеңде өндірісті қаланың тіршілік нәріне айналған Кеңгір су қоймасы – бүгінде күрделі инженерлік құрылғылар мен қондырғыларды қамтитын ауқымды кешен.
Қала тіршілігінің стратегиялық нысаны саналатын кешенге дұрыс күтім жасап, экологиялық талапқа сай тазартып отыру да – қазіргі күн тәртібіндегі күрделі мәселелердің бірі. Алайда «Қазақмыс» корпорациясының еншілес кәсіпорны жалға алу жолымен пайдаланып отырған жасанды су қоймасы ешбір мекеменің баланстық жауапкершілігінде жоқ. Соның салдарынан су қоймасының табанын тазалау және басқа да гидротехникалық жұмыстар талапқа сай жүргізілмей келеді. Осы жағдайға байланысты Ұлытау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өткен жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне хат жолдап, Кеңгір су қоймасын гидротехникалық талапқа сай күтіп ұстап, қорғау үшін республикалық балансқа алуын сұраған болатын. Бірақ мәселе Су кодексі заңдылығына сай әлі оңтайлы шешілген жоқ. Осыған жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі көңіл бөлсе дейміз.
Кеңгір қоймасы жалғыз Жезқазған емес, қанаттас Сәтбаев қаласы мен іргедегі елді мекендерді де сумен қамтиды. Тұрғындар тұтынатын ауыз судың 65 пайызы осы ашық су қоймасынан, қалған бөлігі Үйтас-Айдос жерасты су көзінен алынады. Қоймадан алынатын судың орташа жылдық шығыны өткен жылдары 60 млн текше метр көлемінде болды. Мұның ішінде 24,3 млн текше метрі өндіріс нысандарын қамтамасыз етсе, 20,1 млн текше метрі тұрғындардың ауыз суына жұмсалады. Қаладағы өндірістің өзегіне ең көп мөлшерде су жинауды қажет ететіні – жылу-электр орталығы. Сондықтан бұл кәсіпорында су ысырабына жол бермеу үшін қайталама суды пайдалану жүйесі жолға қойылған. Соның өзінде қаладағы тұрғын үйлер мен нысандардың коммуналдық желілеріне жіберілетін ыстық судың (адамдардың жуынып-шайынуы) жылдық шығыны 10 млн текше метр мөлшерінде болады екен. Мұның сыртында қаланың жасыл желектерін суаруға 5 млн текше метрдей, саяжайларға 3 млн текше метрдей су жұмсалады. Мұның барлығын тәптіштеп айтып отырғанымыз, өңірдегі ең басты су қорынан алынатын судың ысырабына жол бермей, тіршілік нәрін үнемдеп жұмсауға қатты мән берілсе деген ойдан туындайды. Негізінде бізде судың ысырапшылдығына жете мән берілмейді.
Кеңгір айдынына қарап отырған өңірде жерасты су көзінің де біршама анықталған қоры бар. Болашақ қаланың ауыз су мәселесін шешу үшін кезінде өңірдегі жерасты су көздерін іздестіруде де жан-жақты барлау жұмыстары жүргізіледі. Су мәселесі туралы сөз қозғағанда геология ардагері Мәлік Омаров ақсақалдың айтқан әңгімесі есімде қалыпты. Өткен ғасырдың 60-жылдарында геологиялық барлау экспедициясының алдына ең маңызды мәселе ретінде ауыз суға пайдаланатын жерасты суын тауып, қоры мен сапасын нақтылап беру міндеті қойылса керек. Өйткені Мәкеңнің айтуынша, су қорғау аймағы жоқ Кеңгір қоймасынан ГОСТ талабы бойынша су ішуге болмайтын еді дейді. Сол кездері Айдос, Үйтас, Есқұла, Қағыл және Қожамсейіт құрылымдарын зерттеп, ауыз су мәселесін шешкен көрінеді. Негізінде Жезқазған ауданы бойынша жерасты суын іздестірумен ҚазКСР Ғылым академиясының гидрогеология және гидрофизика институты құрған арнайы экспедиция белгілі гидрогеолог С.Калугиннің басшылығымен 1949 жылдан бастап айналысқан көрінеді. Сол кезде де алғашқы пайдалануға осы Жанай, Үйтас, Айдос, Есқұла су көздерінің құрылымы жарамды деген қорытынды жасалған екен. Міне, осы зерттеулердің нәтижесінде пайдалануға берілген Есқұла Сәтбаев қаласын, Үйтас-Айдос Жезқазған тұрғындарын жартылай көлемде 55 жылдан бері ауыз сумен қамтамасыз етіп келеді. Алайда Жезқазған қаласы халқын толықтай сапалы жерасты ауыз суымен қамтамасыз ету мәселесі ұзақ жылдардан бері күн тәртібіне қойылғанмен жүзеге аспай отыр. Үйтас-Айдос жерасты су көзінің қосымша ұңғымаларын іске қосу және 60 шақырымдық су құбырын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуі керек. Үкімет бұл жобаға қолдау білдіріп, биылғы жылы атқарылатын жұмысқа 8 млрд теңге қаржы қарастырған еді. Өкінішке қарай, қаржы жартылай ғана бөлініп, маңызды жобаның жүзеге асуы әлі де кібіртіктеп тұр.
Міне, аймағымыздағы суға қатысты жағдайдың ұзын-ырғасы осындай. Сондықтан қазіргі су көзінің басты байлығы болып отырған кербез Кеңгірді күтіп ұстап, Президент Жолдауындағы талаптарға сай тіршілік нәрін төкпей-шашпай, көздің қарашығындай сақтаудың маңызы зор. Табиғат – бірде көл, бірде шөл. Арнасының толуы табиғат жағдайына тәуелді болып отырған Кеңгірдің кемерінен төмен түсіп кетпеуі де жерасты суын игеруді тездетуге байланысты екенін ұмытпайық.
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Жезқазған