Қазақ халқының егемендік үшін күресінің тарихи жолы қажырлы еңбек пен қайсарлыққа толы. Осы жолдың негізгі кезеңдері туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары мен зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Адамның рухын оятатын көркем туындылар өмірге келді. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасында айқын көрінді», деді.
Халықтың азаттық үшін күресі XVIII-XIX ғасырлардан басталды. Қазақ даласының түрлі аймағында патшаның отаршылдық саясатына, ал оңтүстігінде Орта Азия хандықтарының өктемшілдік саясатына қарсы қозғалыстар бірінен соң бірі белең алды. Олар қазақ халқының бостандық пен дербес даму жолындағы күресінің кезеңдерін айғақтайды.
Қазақ өлкесін Ресей империясының отаршылдық жүйесіне қарсы күресті XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары жалғастырды. 1905 жылы салаланған Алаш қозғалысының өкілдері, 1917 жылдан бастап Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің өкілдері автономия құру туралы идеяны ұстанды. Олар автономия аясында қазақ халқының басына төнген өткір проблемаларды еңсеру үшін қаражат мәселесін шешіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу керек екеніне сенімді болды.
Өкінішке қарай, тарих Алаш азаматтарының қазақ мемлекетін құрып, күшейту бағдарламасын іске асыру тұрғысындағы арманын жүзеге асыруға мұрсат бермеді. Билік пен басқарудың тұтастай орталықтандырылуы одақтас республикалардың егемендігі мен тәуелсіздігін айтарлықтай шектеуге ықпал еткенін кейінгі жылдардағы даму көрсетті.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары ұсынған ойлар мен мақсат-мүдделер, ережелер мен қағидаттар 80-жылдардың екінші жартысы мен 90-жылдардың басында жаңарып, қайта түледі. Жаңа кезеңде оқиғаға қатысушыларға іштен және сырттан төнген қатерлер мен өркениет құндылықтарының дағдарысы жағдайында жаңа қиындықтарға қарсы тұруға тура келді. Желтоқсан осы кезеңнің тұңғыш әрі маңызды оқиғасы болды. Зерттеушілердің пікірінше, бұл көтеріліс ХХ ғасыр оқиғаларының тарихындағы тоталитарлық жүйенің құлдырауына әсерін тигізген, егемен Қазақстанның қалыптасуына жол ашқан этносаяси факторлардың бірі ретінде қабылданды.
Кеңес одағының ыдырауы мен жаңа тәуелсіз мемлекеттердің құрылуы жаһандық геосаяси ахуалға әсер етіп, әлемде қалыптасқан күштердің тепе-теңдігін өзгертті. Тарихта жаңа республикалардың құрылуы «Тәуелсіздік шеруі» деген атпен қалды. Осындай жағдайда жаңа конституциялық акт жобасын – Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны дайындау басталды. Үдеріске қатысушылардың айтуынша, құжатпен аса тыңғылықты, қызу жұмыс жүргізілді. Бес ай ішінде жобаның төрт нұсқасы әзірленді, екеуі ақпарат құралдарында жарияланып, бүкілхалықтық талқылауға шығарылды. Негізгі жобаны әзірлеуге депутаттар, ғалымдар, қоғамдық және басқа да дербес ұйымдар көптеп қатысты. Жоба Жоғарғы кеңес комитеттерінде, Президент кеңесі мен Үкіметтің жұмыс топтарында пысықталды. Парламент Президиумының отырыстарында екі рет, және Президент кеңесінде екі рет талқыға түсті. «Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» деп аталған жобаның осы нұсқасы Жоғарғы кеңестің қарауына ұсынылды. Осы талқылаулар алдында аз уақыт бұрын «Қазақстанның азаматтық қозғалысы», «Бірлік үшін қозғалыс» сияқты қоғамдық ұйымдар мен «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы екінші балама жобаны енгізді.
Қаралып отырған құжаттың мәртебесі де, оның мазмұнының атауына сәйкес болуы да, сипаттамада қолданылатын негізгі құрылымдар да пысықталды. Мәселен, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Президиумы ұсынған жоба бастапқыда заң мәртебесінде болды. Жобаға ұсынылған түзетулерде құжатқа «заң» мәртебесін емес, «декларация» мәртебесін беріп қайта қарау туралы ұсыныстар жасалды.
Мемлекеттік егемендік туралы декларация жобасын әзірлеуге еңбек ұжымдары, партиялық ұйымдар, мұғалімдер қоғамы, ғылыми бірлестіктер, ардагерлер кеңестері, мәдени қоғамдастық белсенді қатысты. Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде жобаға нақтылаулар мен өзгерістер енгізу кезінде ұсынылған салмақты пікірлерді, түзетулер мен ұсынымдарды қамтитын құжаттар сақталған. Қазақ радиотехникалық зауыты (Алматы қ.), «Каспий маңы тау-кен металлургия комбинаты» (Шевченко қ.) еңбекшілері, Жәйрем тау-кен байыту комбинатының Қиыр Батыс ашық жұмыстар кенішінің ұжымы тарапынан ұсыныстар енгізілді.
Декларация жобасы талқыланған Республиканың XII шақырылымдағы Жоғарғы кеңесінің екінші сессиясы 1990 жылы 15-25 қазан аралығында өтті. Оның бірінші отырысы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы Е.Асанбаевтың «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның жобасы туралы» атты баяндамасымен басталды. Баяндама барысында Жоғарғы кеңес төрағасы жоба заң шығарушы органға ұсынылғанға дейін қызу пікірталас тудырған аса өзекті ережелеріне тоқталды. Ол баяндамасын «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғаннан кейін Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге және одақтық шартты дайындауға негіз бола алады» деген сөздермен аяқтады. Құжаттың айрықша маңызы да осында болатын.
Республиканың мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның негізгі және балама жобалары Жоғарғы кеңесте екі күн бойы қаралды. Пікірталас кезінде 40-қа жуық депутат сөз алды. Қатысушылардың айтуынша, ұсынылған жоба нұсқалары мақсаттары мен идеялық бағыттары жағынан бір-бірімен үйлесе бермегендіктен, талқылау «аса қызу, ынталы және қарама-қайшылыққа толы» болды.
Конституциялық-құқықтық ғылымның көрнекті өкілдері С.Зиманов, С.Сартаев, М.Баймаханов, Ғ.Сапарғалиев Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның жобасын әзірлеп, қабылдауда үлкен еңбек сіңірді. Тәуелсіз мемлекеттің жоғары заң шығарушы органының алғашқы қызмет кезеңіндегі саясаттың бағыттарын айқындаған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің ең белсенді заңгер депутаттарының ішінен академик С.Зимановты атауға болады. XII және XIII сайланған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болған ол ұсыныстар мен ескертулерді жинақтау, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның жобасын түпкілікті талқылау және қабылдау жөніндегі комиссияның жетекшісі болды. С.Сартаев 1990 жылы республикадағы Президент кеңесінің мүшесі болды. Қазақ тілінің мәртебесі туралы мәселені алғашқылардың бірі болып көтерген де осы кісі. Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның жобасын әзірлеуге қатысудан басқа, С.Сартаев пен М.Баймаханов егемен Қазақстанның тұңғыш Конституциясының жобасы бойынша сараптамалық топтың мүшелері болды. Ғ.Сапарғалиев 1956 жылдан бастап Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Президиумының консультанты қызметін атқарды. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік етті.
1990 жылы 16 қазанда Жоғарғы кеңес ұсыныстар мен ескертулерді жинақтайтын, Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы декларация жобасын пысықтау жөніндегі комиссия құрды. Комиссия құрамына Парламенттің 25 депутаты, оның ішінде Жоғарғы кеңес комитеттерінің 7 төрағасы, сондай-ақ Жоғарғы кеңес төрағасының орынбасары, Республика Ғылым академиясының үш мүшесі, екі генерал – республиканың Қорғаныс министрі және КСРО МҚК Шығыс шекаралық округінің қолбасшысы, Президент кеңесінің үш мүшесі, сондай-ақ партиялық және қоғамдық топтар мен блоктердің лидерлері кірді.
Комиссияның жұмысы туралы оның төрағасы С.Зиманов былай деп жазады: «Комиссияның жұмысы күрделі және ауыр болды. Оның отырыстары он күн бойы күн сайын, кейде екі реттен өтетін. Әр отырыстың алдында мен комиссия мүшелеріне келіспеушілік тудырған жоба баптарының жаңа нұсқаларын ұсынып отырдым, сосын негіздемелер, талдаулар мен дәлелдер жасалатын. Комиссия төрағасы әрі декларация жобасының негізгі нұсқасын жасаушылардың бірі ретінде депутаттардың блоктерін бітімге келтіру мақсатында, өзімнің қатаң ұстанымдарымды өзгертпестен, баптардың өзара ұтымды формулаларын іздеп, табуға тура келді. Топтар мен блоктер арасындағы келіспеушіліктердің күрделі болғаны соншалық, Декларация жобасының көптеген баптары бойынша бір-бірін қанша көндіруге тырысқанымен, комиссия мүшелерінің (5 мүшесі үнемі қатыспады) дауыстары ұсынылып отырған жобаны жақтап 11 де 10, 10 да 9 болып бөлінді».
25 қазанда Жоғарғы кеңестің жалпы отырысында келісу комиссиясы жұмысының қорытындылары жөніндегі баяндама бойынша Республиканың мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның жобасы талқыланды. Талқылау 6 сағатқа созылды. 17 тармақтың әрқайсысы қызу даумен қаралды. Дауыс берудің қорытындысы бойынша депутаттардың көпшілік даусымен декларация қабылданды. Сол күні №307-ХІІ қаулыға қол қойылды.
Декларацияға сәйкес республика егеменді мемлекет болып жарияланды. Құжатта алғаш рет Қазақстанның егеменді құқықтары туралы ережелер бекітілді, белгіленген шекаралар шегінде аумақтың бөлінбейтіні мен қол сұғылмау қағидаттары, республиканың азаматтығы институты, Қазақ КСР-і мемлекеттік билігінің республика ішіндегі, сондай-ақ одақтық шартта айқындалған шеңберде сыртқы қатынастардағы үстемдігі, дербестігі, толыққандылығы бекітілді, Қазақ КСР Конституциясы мен заңдарының үстемдігі белгіленді, Қазақ КСР-нің егеменді құқықтары мен Конституциясын бұзатын және оған қайшы келетін одақтың жоғары органдарының заңдары мен басқа да актілерінің республика аумағында қолданылуын тоқтата тұру құқығы бекітілді.
Республика аумағындағы ұлттық байлық – жер және оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи құндылықтары, экономикалық, ғылыми, техникалық әлеуеті, Республиканың халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болу, өз мүддесі үшін сыртқы саясатты айқындау, дипломатиялық және консулдық миссиялар алмасу, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысу, сыртқы саяси қызмет мәселелерін дербес шешу құқығы Республиканың айрықша меншігіне жатқызылды.
Декларацияда республиканың барлық азаматы үшін бірдей лайықты және тең өмір сүру жағдайларын жасауға ұмтылысы көрініс тапты, экологиялық дағдарыс көзі объектілердің қызметі мен жұмыс істеуіне тыйым салатын экологиялық қауіпсіздік қағидаттары қаланды.
Декларация Қазақ КСР-нің маңызды міндеттерінің бірі – ұлттық мемлекеттілікті қорғау, сақтау және күшейту, қазақ ұлтының төл мәдениетiн, дәстүрiн, тiлiн қайта түлету мен дамыту және олардың ұлттық қадiр-қасиетiн нығайту, Қазақстанда тұратын қазақ ұлты мен басқа ұлттардың абыройын қорғау міндетін бекітті. «Декларацияның бүкіл өн бойында адамды қай ұлтқа жататынына, наным-сеніміне қарамастан, тең құқылы және еркін тұлға ретінде қабылдау, осының негізінде Республика аумағында тұратын халықтардың бірлігі мен достығына қол жеткізу және оны нығайту қажеттілігі туралы идея тұнып тұр...», деп атап көрсетеді С.Зиманов.
Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдаудың маңызы туралы оқиғаның куәгерлері көп жазды. Академик Ғ.Сапарғалиев қабылданған декларацияның құқықтық сипаты туралы айта келе, бұл жай ғана «Ниет декларациясы» емес, нормативтік сипаттағы декларация деп жазады. С.Зиманов та осындай пікірде болып, былай дейді: «Жоғарғы кеңес қабылдаған декларация ниет қана бола алмайды, бұл конституциялық заңмен тең. Мен Егемендік декларациясының заңды түрде қабылдануы мемлекеттік тәуелсіздіктің бастауы екеніне сенімдімін. Бұл – біздің мемлекетіміздің туған күні». Осылайша, декларацияда республиканың тағдыры мен мәртебесін, экономика, мәдениет, заңнама салаларындағы және аумақтық кеңістігіндегі биліктің үстемдік етуінің ауқымы мен шегін айқындайтын қағидатты ережелер бекітілді.
2022 жылы маусымда Ұлытау облысындағы алғашқы Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Осы жылдың 29 қыркүйегінде тиісті заңға қол қойылды. «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», деді Президент. Осылайша, «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның отандық жаңа тарихтағы конституциялық маңызы бар тұңғыш акт, қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінің ұлтты топтастырушы негізі ретіндегі мәртебесі саяси деңгейде расталды.
Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануымен елдің тәуелсіздік жолындағы жаңа кезең басталды. Бұл, ең алдымен, құжаттың тарихи маңызын айшықтайды. «Әрине, мұндай қадам жасау оңай болған жоқ. Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын. Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі», деп атап көрсетті Президент.
Егемендік декларациясы қабылданғаннан кейін оның идеяларын Қазақстанның мемлекеттік құрылысының негізіне енгізу қажеттігі туралы мәселе туындады. Тәуелсіздік жарияланғанға дейін бір жылдан аса уақыт бұрын дербес дамудың негіздерін қалаған конституциялық сипаттағы актілер қабылданды. Декларацияда белгіленген мемлекеттік құрылым қағидаттары республиканың әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени дамуына қатысты басқа да нормативтік-құқықтық актілерде көрініс тауып, дамытылды.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі Тәуелсіздік туралы Конституциялық заң қабылдады. Республика дербес мемлекеттік даму жолына түсті, бұл бірінші кезекте, оның сыртқы саяси әлеуетін іске асырудан көрінді. 1992 жылы 23 қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан Республикасының БҰҰ мүшелігіне қабылданғанын жариялады. 1992 жылғы маусымда осы халықаралық ұйым жанынан Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі ашылды. 1996 жылға қарай Қазақстан әлемнің 105 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Бұл – республиканың әлемдік аренадағы беделінің өсуіне ықпал етті.
Осылайша, декларация Қазақстан халқының егемендікке, ұлттық мемлекеттілігін мызғымастай етіп орнатуға деген нысаналы ұмтылысының нақты нәтижесіне айналды. Оның барлық нормалары мен құнды қағидалары Қазақстан Республикасы Конституциясының қағидаттарында, конституциялық заңдарда және салалық заңнамада көрініс тапты. Олар қыруар еңбекті талап ететін аса күрделі және сан қырлы міндетті шешуге бағыттала отырып, қоғам мен мемлекетті жаңғыртып, қалыптастыру үдерісінде шешуші рөл атқарды.
Әлия МҰСТАФИНА,
Президент Архивінің директоры