Мажарстанның бас шаһары – Будапештте өтіп жатқан каратэден әлем чемпионатының финалына екі отандасымыз жолдама алды.
Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша Қайсар Алпысбай (60 кг) мен Мөлдір Жаңбырбай (50 кг) өз салмақтарындағы іріктеуден сүрінбей өтіп, алтын жүлде үшін белдесуге мүмкіндік алды. Кумите бағдарламасының жартылай финалында Қ.Алпысбай 2018 жылғы әлем чемпионы италиялық Анджело Крешенцодан 5:1 есебімен басым түсті. Енді Қайсар алтын медаль үшін Еуропа ойындарының үш дүркін жүлдегері грекиялық Христос-Стефанос Ксеноспен күш сынасады.
Ал М.Жаңбырбай жартылай финалда қыздар арасындағы әлемдік рейтингте көш бастап тұрған Венесуэла өкілі Йогелис Салазарды айқын басымдықпен жеңіп (11:3), жаһандық доданың сенсациясын жасады. Ол финалда италиялық Ерминия Перфеттомен кездеседі.
Осылайша, каратэден әлем чемпионаттарының тарихында алғаш рет екі жерлесіміз финалға шығып отыр. Сондай-ақ тағы екі отандасымыз – Дидар Әмірәлі (67 кг) мен Софья Берульцева (+68 кг) қола медаль үшін таласады.