Бала табиғатын танып, бүлдіршіндердің жүрек лүпілін дөп басатын бірден-бір басылым болса ол, шүбәсіз – қазақ балалар әдебиетінің атасы атанған көрнекті қаламгер Мұзафар Әлімбаев негізін қалаған «Балдырған» журналы. Мұзағаңның есімімен егіз аталатын журналдың жарық көргеніне биыл 65 жыл толса, басылымды 30 жылға жуық басқарып, руханият көгіне алып шыққан Мұзафар Әлімбаевтың ғасыр тойы. Осыған орай, Алматыдағы ұлттық кітапханада «Мұзафар Әлімбаев және «Балдырған» журналы» атты ғылыми конференция өтіп, мазмұнды шара ән мен жыр асқақтаған рухани кешке ұласты.
Конференция қонақтары ең алдымен «Балалар әдебиетінің бас бағбаны» тақырыбында Мұзафар Әлімбаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты фотолар мен газет-журналдар көрмесін, «Балдырған-балалар әдебиетінің бас кітабы» тақырыбында журналдың тарихын паш ететін бірегей көрмені тамашалады. Қаламгердің жеке архивінен алынған тарихи мәні зор жәдігерлерді республикалық архив пен Алматы қаласы архивінің қызметкерлері көпшілікке таныстырды.
Салтанатты шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауынан басталды. Мемлекет басшысының Құттықтау хатын Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.
«Баршаңызды Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толуымен және «Балдырған» журналының 65 жылдығымен құттықтаймын!
Мұзафар Әлімбаев – төл әдебиетімізді өркендетуге елеулі үлес қосқан, мәдениетіміз бен өнерімізді дәріптеуге зор еңбек сіңірген сөз зергері. Ол алпыстан астам кітап жазып, артында мол мұра қалдырды. Жазушының «Менің Қазақстаным», «Естай-Қорлан», «Ту тіккен» сияқты көркем дүниелері оқырман қауымның лайықты бағасын алды. Шығармалары шет тілдеріне аударылды. Қаламгердің сөзіне көптеген ән жазылып, халық арасына кең таралды. Оның «Отаның көркеймей, ошағың маздамайды», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Кітап кірген үйге құт кіреді» сияқты өткір де оралымды ойлары қанатты сөзге айналды.
Көрнекті ақын 1958 жылы «Балдырған» журналының негізін қалап, бас редактор болып отыз жылға жуық табан аудармай қызмет істеді. Бұл басылым 65 жыл бойы тартымды әрі тағылымды дүниелерімен бүлдіршіндердің тілін ұстартып, оларды адалдық пен ізгілікке баулып келеді. «Балдырған» талай жас жеткіншектің рухани серігіне, ақылшы досына, ұлағатты ұстазына айналды.
Журнал қызметкерлері аға ұрпақ қалыптастырып кеткен ізгі дәстүрге адал болып, оқырмандарын тілі шұрайлы, көркемдік қуаты мол дүниелермен қуанта береді деп сенемін. Басылымның ұжымына, авторларына және оқырмандарына бақ-береке, толағай табыс тілеймін!» делінген Президенттің лебіз хатында.
«Қазақ балалар әдебиетінің дамуындағы Мұзафар Әлімбаев пен «Балдырған» журналының орны» тақырыбында айшықты пікір айтқан филология ғылымдарының докторы, жазушы Бекен Ыбырайымов «Балдырғаннан» бата алған қаншама жас қаламгер қазақ әдебиетінің айтулы тұлғасына айналғанын атап өтті.
– Қазақ балаларын тәрбиелеуде, ұлттық рухты орнықтыруда, балаларымыздың көркемдік талғамын һәм танымын қалыптастыруда «Балдырғанның» атқаратын қызметіне баға жетпейді. Өйткені республика бойынша балаларға арналған журналдар материалдар мен авторлардың жетіспеушілігінен, безендіру жағынан, таралым тұрғысынан «Балдырғанмен» теңесе алмайды. Бұл басылым жарыққа шыққан күннен бастап өзінің алдына қойған мақсат-талабынан бір сәт айныған емес. Журналдың ең ұтымды жері балалардың рухани әлеміндегі маңызды міндетті атқарып, балабақша мен төменгі сынып оқушыларына арналып шығарылуы. «Балдырған» тек балаларға арналған шығармалар ұсынумен шектелмей, балалар әдебиетінің кадрларын тәрбиелеуде, жас тілшілерді жасақтауда үлкен қызмет атқарып келе жатыр. Басылым алдағы уақытта да осы бағытынан айнымай, жұмысын жемісті жалғастыра бергей», деп атап өтті ол.
«Балдырған» – балалар арасында айрықша сұранысқа ие басылым. Қазақ балаларының тәтті тілін қалыптастырған журнал бүлдіршіндердің сырлас досына айналып, бір кездері таралымы 220 мыңға дейін жеткені әмбеге аян. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауында Мұзағаңмен қатар журналда Бердібек Соқпақбаев, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова сынды қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының өшпес ізі, өзіндік қолтаңбасы қалғаны айтылды. Сала басшысының ізгі лебізін оқырманға жеткізген вице-министр Арман Жүдебаев жас ұрпақтың қаламын ұштап, дарынын аша түскен басылымның қалың оқырманның ыстық ықыласына бөлене беруіне тілектестік білдірді.
Сондай-ақ конференция барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың, Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың мерейтойлық құттықтаулары басылым ұжымына табыс етілді. Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы, Павлодар облысы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан, Қали Сәрсенбай, Нұрдәулет Ақыш, Бейсенбай Сүлейменов, Еркін Нұразхан, Талғат Айтбайұлы қатарлы зиялы қауым журнал ұжымын мерейлі белесімен құттықтады.
«Қазақ газеттері» ЖШС қарасты басылымдардың құрамына кіретін журнал жаңа маусымда өз оқырмандарын тың жаңалықтарымен қуантты. Конференцияны жүргізген серіктестік директорының орынбасары әрі Алматы басылымдарының жетекшісі Думан Анаш журнал заманауи трендтерге сай түрленіп, жаңа леппен жарық көргенін атап өтті. Бұл тұрғыда ол басылым ұжымының шығармашылық ізденісі кеңейіп, журналда жарияланған материалдар «Тик-ток», «Инстаграмм» желілері арқылы да кішкентай көрерменнің ықыласына бөленіп жүргеніне тоқталды.
– Мұзафар Әлімбаевтың есімі үлкенге де, кішіге де жақсы таныс. 95 жыл ғұмыр кешкен абыз ақынның қазақ әдебиетіне, оның ішінде балалар әдебиетінің қалыптасуы мен дамуына, өркендеуіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Жазушының өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап өмірінің соңына дейін 60-тан астам кітабы жарық көрді. Шығармалары әлемнің 30-дан астам тіліне аударылды. 300-ге жуық әнге сөз жазды. «Балдырған» журналының тарихын, жүріп өткен жолын Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылық өмірінен бөліп қарауға болмайды. Қазақтың біртуар азаматтары Мұзағаң мен Тұмағаңның көзіндей, асыл сөзіндей саналатын журнал бүгінде сол ардақты жандар қалыптастырып кеткен дәстүрді берік ұстап келеді. Игі жолды әрі қарай жалғастыру біз үшін де абыройлы міндет, – дейді «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов.
Биыл ел көлемінде Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арналған 500-ге жуық танымдық-тағылымдық іс-шаралар салтанат құрған болса, оның басым бөлігі ақын туған топырақта өткен. Рухани астанамызға қаламгер туған өлкенің ыстық сәлемін ала келген жерлестері де сөз зергерінің ел жүрегіндегі екінші өмірі басталғанын, оның рухани мұрасын дәріптеуге бағытталған жобалар жалғаса беретінін жеткізді.
«Өкінішке қарай, балалар әдебиеті кемшін зерттеліп жатқан сала. Себебі біз бүгінгі балалар ертеңгі қоғамның жүрегі екенін ұмытып кетіп жатамыз. Біз кешегі «Балдырғанның» балаларымыз. Тәуелсіздіктің негізін қалап жатқан ұрпақ осы «Балдырғанның» бауырынан шыққан болатын. Оның басында Мұзафар Әлімбаев ағамыз тұр. Ұлылардың ішінде Толстой, Абай, Ыбырай секілді балаларға айрықша көңіл бөлген қаламгерлер бар. Бірақ бүтіндей бар ғұмырын, тіршілігін, жан дүниесін балаларға арнаған Мұзағаң сынды қаламгерлер кемде-кем. Ол туралы ойлағанда, немістер отқа жағып жатқан тұста «балалар қорқады, мен соларға ертегі айтып отырамын» деп бірге жанып кеткен өзі педагог, өзі жазушы Корчаг көз алдыма елестейді. Менің ұғымымда Мұзафар аға бүкіл ғұмырын қазақтың болашақ тұлғалары үшін жағып жіберген жан. Ерен тұлғаны туған топырағы ғана емес, тұтас қазақ даласы көкке көтеріп, рухына бағышталған айтулы шаралар тұтас ел көлемінде қанат қаққаны осының айқын дәлелі», дейді Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының жетекшісі Серік Елікбай.
Рухани жүздесуде Мұзафар Әлімбаевтың «Алақай мен Балақай» кітабының тұсауы кесіліп, Ұлттық кітапхана қоры су жаңа жинақпен толықты. Айгүл Қосанова, Талғат Әбуғазы, Шаттық Уатқан, Диас Мұрат сынды елге белгілі әншілер Мұзағаңның өлеңдеріне жазылған әндерді орындап, Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы №145 мектептің оқушылары ақын аталарының өлеңдерін жарыса жатқа оқыды. Кішкентай өрендерді өлең-жырға баулып жүрген Күлпан Алтаева бастауыш сынып оқушылары үшін «Балдырған» журналы рухани жолбасшы екенін айтады. Конференциядан соң Павлодар облысы әкімінің атынан Мұзафар Әлімбаевтың рухына арналып ас берілді.
АЛМАТЫ