• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Абай 30 Қазан, 2023

Хакімжан және Абай ескерткіші

491 рет
көрсетілді

Алматыға жолы түскен адамды алдымен шыңы аппақ қар жамылған Алатау мен соның етегіндегі көкжелекке көмілген қаладағы хакім атамыздың есімін иеленген даңғылда орнатылған Абай ескерткіші қарсы алады. Ақын ескерткіші қоладан құйылып, тұғыры қызыл граниттен қаланған, биіктігі – 13, 7 м. Оны ұлттық мүсін өнерінің негізін салушы, Қазақстанның халық суретшісі Хакімжан Наурызбаев жасаған. Мүсінші өз туындысында ақынның өмір белесінен өтіп, ел ағасына айналған салиқалы кезін айшықты бедерлеген. Ескерткіште басында тақия, иығына өңірі ашық желбегей шапан жамылған Абай атамыз сол қолына кітабын қысып ұстаған күйі терең ой үстінде ілгері басып келеді. Тас бейне демесеңіз, құдды ақынның өзін көргендей әсер аласыз.

Хакімжан ағамыз бір әңгімесінде Абай ескерткішінің дәл осындай көркемдік деңгейдегі композициялық шешімінің ойдағыдай шығуына заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің ықпалы болып, көп көмек көрсеткенін айтыпты. Ал оның ескерткішті салу жөніндегі тапсырма алуының өзі бір атанға жүк боларлық оқиға. Бұл жайында белгілі қаламгер, марқұм Жұмабек Кенжалиннің «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» атты кітабына кірген Х.Наурызбаев туралы жазған «Тұңғыш» атты очеркінде кеңірек баяндалған.

«Бір күні Министрлер кеңесіне шұғыл жетсін деген хабар алдым. Келсем, Д. Қонаев, В. Беляев, Т.Тәжібаев және М.Әуезов отыр екен. Әңгіме Алматыда Абай ескерткішін орнату туралы өрбіді. Сөз реті келгенде Т.Тәжібаев: «Мына Хакімжан әлі жас қой, ал Абай аға образын шығару үшін батылдық керек. Сондықтан осыны тәжірибесі мол Урманчеге берсек қайтеді» деп ұсыныс айтты. Арада екі-үш минуттық үнсіздік орнады. Сонан соң әдеттегідей биязы, әуезді қоңыр үнімен Мұқаң Төлегенге қарап: «Әй Төлеген-ай, қашанғы осы өзімізді-өзіміз олқысына береміз. Біле білген жанға Хакімжан халқымыздың тұңғыш мүсіншісі ғой. Бұдан басқа қазақтың қай баласы саз балшықтан өнер өріп жүр. Ал енді, сен қазақтың Абайдай алыбының мүсінін осы балаға беруге азырқанып отырсың. Абайды Хакімжан салуы керек». Әңгіменің шиыршақ ата бастаған райын байқаған Димаш аға басу айтып, жалпы қазақ мүсін өнерінің болашағы туралы өзінің толғаныстарын ортаға салды. Сөйтіп сол әңгіменің ақырында мен Абай ескерткішін салатын болып тапсырма алып шықтым. Тапсырма алуын алғанмен, енді мұны қалай орындаймын деп уайым шектім. Бірлі-екілі кездескенде менің осы қалпымды байқап қалған болу керек. Мұқаң: «Әй, Хакімжан, жасыма, жігерлен. Абай ағаңның аруағы қолдайды, батыл іске кіріс. Ойлануға уақыт жоқ» деп әңгімені шегелей айырды. Сонымен, ақын образын мүсіндеуге кірісіп те кеттім», депті тарлан мүсінші.

Мүсін өнерінің басқа өнер түріне қарағанда ерекшелігі көп. Мәселен, болашақ туындының жер жағдайымен, геокеңістікпен үндесіп жатуы өте маңызды. Осының бәрі ойдағыдай болғанда ескерткішке «жан бітеді». Осы ой мүсіншіге тыным бермей, жаяу-жалпылап, Алматының төрт бұрышын шарлайды. Көңілінен шығып, осы дұрыс-ау деген тұсты Мұқаңа келіп айтса, ол кісі айтқан жерін жарата қоймайды. Сөйтіп, уақыт доптай зымырай береді.

Енді аталған очерктегі мына бір үзіндіге зер салыңыз:

«Бір күні Хакімжан бозала таңнан Мұқаңның есігін қақты. – Мұхтар аға, таптым, таптым. Ол кісі де мұның нені меңзеп тұрғанын түсінсе керек: – Қалай екен, қалай екен? – деп өзіне қарсы сұрақ қойды. Хакімжан бас бармағын шошайтты. – Кеттік онда! Екеуі қазіргі Абай ескерткіші тұрған жерге келді. Мұнда құмырсқаның илеуіндей қайнап жатқан қала базары бар болатын. Болашақ ескерткіштің сұлбасын, тау бөктерінен шығып келе жатқандай Абай бейнесін көз алдына бір сәт елестеткенде Мұқаң ризашылық сезімін жасыра алмады. – Әй, Хакімжан-ай, тапқан екенсің. Бәрі ойдағыдай болады, болады, – деп жас мүсіншінің арқасынан қақты».

Хакімжан Наурызбаев Абай ескерт­кі­шіне мол дайындықпен, зор шабытпен кіріседі. Хакім бейнесін жасау ке­зін­­де ұлы жазушымен жиі кеңесіп, ақыл­­дасып отырады. Кейін осы байланыс­ екеуінің ара­сындағы ағалы-інілі дос­тыққа, сый­лас­тыққа ұласты. 1960 жылы Абай ес­керт­кіші тұғырына қонып, екеуінің де кө­ңі­лі жайланды. Екі алыптың біреуі ақын бей­несін көркем сөзбен сомдаса, екіншісі тас мүсінмен бедерлеп, тарихта қалды. Бүгін­де Алматының қақ төрінде тұрған Абай ескерткіші алпыс жылдан аса уақыт өтсе де отандық сәулет өнеріндегі қай­та­лан­бас үздік туындыға айналды.