• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Денсаулық 31 Қазан, 2023

Егде жастағыларды емдейтін орталық

395 рет
көрсетілді

Заман озған сайын адам тәні тоза беретіні ақиқат. Әйткенмен адам баласының басқа жаратылыстан ерекшелігі сол, қай қиындыққа да қол қусырып қалмаған. Күллі тарихы күреске толы. Тағдырдың сызығы таусылғанша өмірді мәнді де мағыналы, саулықта сүрудің сан қилы соқпағын саралап келеді. Осының бір айғағы – геронтология ғылымы.

Геронтологияның қазіргі кездегі не­гізгі міндеттеріне адамды кәрілікке дайын­­дау, егде тартқан адамдар мен қарт­­тардың белсенді әрі толық өмір сүру дағдыларын зерттеуден басталады. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігінде: «Геронтология (грекше geron және logos – ілім) – адамның және жануарлар организмінің қартаю заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Егде тартқан және қар­тай­ған адамдардың ауруларын кли­никалық медицинаның гериатрия (грекше geron және іatreіа – емдеу) деп аталатын бөлімі зерттейді. ХХ ғасырдың 30-40-жылдары Қазақстанда қариялар мен мүгедектер үйі, геронтологиялық және гериатриялық кабинеттер (Алматы, Қарағанды, т.б.), ауруханаларда гериа­триялық бөлімдер ашылды, жүйелі зерттеулер жүргізіле бастады», деген анықтама беріліпті.

Бұл зерттеулердің нәтижесінде қар­таюдың әлеуметтік себептері мен кли­никалық белгілері анықталды. Яғни адам жасының ұлғаюына байланыс­ты жүрек пен қан тамырларында пай­да болатын өзгерістер зерттеліп, егде тартқан адамдардың әдетте байқалмай­тын ақауларына сипаттама берілді. Егде жастағы адамдардың психикасы мен мінез-құлық ерекшеліктерін, жас психологиясының бір саласын геронто­логиялық психология зерттейді. Бұл – геронтология ғылымы туралы қысқаша ғана аңдатпа. Әйтпесе мұның басқа да функциялары көп екені түсінікті.

Геронтология мәселелері бойынша Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаятқа сауал жолдаған едік. Бас дәрігердің айтуынша, елімізде бүкіл әлем бойынша халықтың қартаю үдерісі артып бара жатқандықтан, геронтология мәселесі маңызды болып отыр.

«Денсаулық сақтау министрлігінің еліміздегі геронтологиялық қызметті жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған осыған сай әзірленіп, бекітілген. Соған сай геронтология кабинеттері ашыл­ды. Егде жастағы адамдарға гериа­трия дәрігерлері ме­ди­циналық көмек көрсетеді», дейді А.Ғинаят.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, биылғы есеп бойынша елімізде меди­ци­налық мекемелердің жанынан құрылған 127 гериатрия кабинеті жұмыс істейді. Мәселен, Астана қаласында – 15, Алматы қаласында – 39, Ақтөбе облысында – 1, ШҚО-да – 5, Жамбыл облысында – 19, БҚО – 7, Маңғыстау облысында – 17, Павлодар облысында – 4, Түркістан облысында 20 гериатрия кабинеті бар. Ресми деректерге қарап отырсақ, кейбір өңірде өте аз, тіпті кейбір жерлерде әлі де жеткіліксіз екені байқалады.

«Сонымен қатар Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде еркін таңдау қағидаты бойынша қарт адамдар кез келген республикалық медициналық ұйымда жоғары мамандан­дырылған медициналық көмек ала ала­ды. Егде жастағы адамдарға дәрі-дәр­мектерге, жол жүруге, санаторий-курорт­тық емдеуге жеңілдіктер қарастырылған. Қарт адамдардың нысаналы топтарына кездесетін қан айналымы жүйесінің ауру­лары, қант диабеті, глаукома, сүт безі, жатыр мойны обыры, тоқ ішек және тік ішек обырын анықтауға бағытталған Ұлттық скринингтік бағдарлама іске асы­рылып жатыр. 2011 жылдан бас­тап еліміздің барлық емханасында ме­ди­ци­налық, әлеуметтік көмек көрсетуді және барынша назар аударуды талап ететін созылмалы аурулардан зардап шегетін науқастарға көмек көрсететін әлеуметтік қызметкерлер мен психологтер қарастырылған», дейді министр.

Елімізде әр жылдарға арналған ден­сау­лыққа қатысты мемлекеттік бағдар­ламасында қарт кісілерге қамқорлық жасау мен олардың қажеттіліктеріне айрықша көңіл бөлінген. Оның айқын бір куәсі егде кісілерге арналған Герон­тология орталықтарының жұмысын ай­рықша айтуға болады. Мәселен, ма­­ман­дардың айтуынша, мұндай орта­лықтарда қарияларды әлеуметтік қолдау­дың оң факторы ретінде қарастырылатын өрке­ниетті елдердің озық тәжірибесі қол­данылады. Осы ретте жыл басында ашылған елордадағы №5 қалалық емха­надағы геронтология кабинетін сөз етпекпіз. Аталған емханаға тіркелген зейнеткерлер үшін сырқаттың алдын алу, диагностика жасау, емдеу бойын­ша мол мүмкіндік ашылып отыр. Герон­тология кабинетінің жұмысын қарт­тарды қабылдайтын біліктілігі жоғары геронтолог дәрігерлер жүргізеді.

– Біз үшін ең бастысы – сырқаттың алдын алу, бүкіл емхананың жұмысын оңтайлы ұйымдастыру. Дәрігерлер дәрі-дәрмек тера­пиясын, оңалту жұмыстарын, психо­терапиялық қолдауды қолға алады. Маманның басты міндеті – қарттарды емдеу ғана емес, олардың белсенділігін арттыруға көмектесу. Геронтологке 65 жастан бастап, жылына кемінде бір рет профилактикалық тексеру және кеңес алу үшін келуге болады. Сондай-ақ есте сақтау қабілетінің жоғалуы, депрессия, жүрек соғысының нашарлауы, қан қысымының көтерілуі және басқа да көптеген сырқат белгісі пайда болған жағдайда қаралуға болады, – деді емхана директоры Алтыншаш Табылдина.

Оның айтуынша, емханаға 6,5 мың қала тұрғыны тіркелген. Мұн­да күндізгі стационар орналасқан, амбулаториялық емдеу жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, науқастардың толық сауығуына барлық жағдай жасалған.

«Геронтология кабинетін ашудағы негізгі мақсаттың бірі – кексе кісілердің жай-күйін кешенді гериатриялық қада­ғалау. Оған көппрофильді диагнос­тикалық жұмыстар жатады. Кешенді ге­риатриялық бағалауға дәрігер-гериатр, кардиолог, невролог, психолог, әлеу­­меттік қызметкер, клиникалық фар­мако­лог қатысады. Орталықта ма­ман­­дар емделушінің физикалық және функ­цио­налдық жай-күйін, оның жадын, эмоционалдық жағдайын, дәрілік терапияның қауіпсіздігін қадағалайды. Бұған қоса тамақтану бойынша кеңес береді, емдік-физикалық жаттығулар, күту мен сауықтырудың жеке жоспарын әзірлейді», дейді геронтолог мамандар.

Қалалық Ардагерлер кеңесі медиато­бының мүшесі Раиса Ағыбаева­ның айтуынша, геронтологиялық каби­нет­тердің қариялар үшін маңызы ерекше.

«Геронтолог дәрігердің қабылдауын­да болған зейнеткерлер бүгінгі меди­цинаның жаңа жетістіктері мен жай­лы­лықты сезініп жатыр. Бүгінде герон­тология кабинеттері №7, 8, 10 емхана­ларда бар. Елордалық егде кісілер үшін герон­тология каби­неттерінің маңы­зы ерекше. Өйткені олар­дың денсаулығы мен өмірге деген бел­сенділігін арттырады», дейді Р.Ағыбаева.

Өз заманында өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татысқан қариялар қатарластарына қамқорлық көрсетуді бүгінгі жас ұрпаққа өсиетімен ғана емес, өнегесімен де көрсетіп жүргені анық. Соның айқын бір куәсі – еліміздегі әртүрлі егде адамның берекелі ұйымдары деуге болады.

Қорыта келгенде, әрине, қарттықтың емі жоқ. Алайда адам баласының өлшеулі өмірінде саламатты өмір сүруіне жағдай туғызу – қоғам мен мемлекеттің және адамның өз міндеті. «Қартайсаң да қарт бабаңды сыйлай біл, күндердің күні болғанда кімдер де кімнің дейсің белі бүгілмес» деп Бұқар бабамыз айтқандай, қарияларға деген қамқорлық қашанда қоғам назарында болуы ләзім. Сақал мен самайға ақ түссе де, көңілге дақ түспеуге тиіс.