• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Көрме 31 Қазан, 2023

Көрмені көр, керегіңді ал

238 рет
көрсетілді

«Қазақстанның үздік тауары» деп аталатын көрмеден бәрін табуға болады. Өңкей отандық бірегей өнім. Бірі – ұлттық нақышпен бәдізделген ыдыс-аяқ, бірі – доңғалағынан басқасы өзімізде өндірілген ауылшаруашылық техникалары, енді бірі – ішкі нарықты місе тұтпай, жаһан сұранысын қанағаттандырып отырған кәбілдік құбырлар. Бұлардан басқа өңірде кеңінен танымал болған қаншама өнім енді республикалық көрменің ажарын ашып тұр.

Қатысушылардың бірі – 80 жыл­дық тарихы бар «Қостанай агро­меха­никалық зауыты». Компа­нияның сату бөлімінің жетекші менеджері Есенжан Мұратов­тың айтуынша, компания топырақ өңдейтін агрегаттарды жасау бағытына 2019 жылдан бастап ден қойған.

«Көрмеге алып келген негізгі тауарымыз – ұзындығы 22 метр болатын сүйекті-тісті тырма. Бұл құрал негізінен Қостанай, Солтүстік Қазақ­стан, Ақмола облысы сияқты егістік көлемі ауқымды өңірлерде көбірек қолданылады. Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары тарапынан да сұраныс бар. Былтыр осындай 100-ден аса тырма жасадық. Жалпы, за­уыт ассортиментінде 15-тен аса құрал түрі бар. Бізде құралдар толықтай өндіріледі. Өзіміз металл сатып аламыз, сосын оны құямыз. Шикізатты негізінен Ресейдің Магнитогорск қаласынан әкелеміз. Сөйтіп, басынан соңына дейінгі үдерістің барлығы зауытта өткеріледі», дейді Е.Мұратов.

Айтуынша, биыл тамыз бен қыркүйекте солтүстік өңірлерде жа­уын көбірек түсіп, бидай өсіміне залалын тигізген.

«Сондықтан фермерлер тарапынан агрегаттарды сатып алуға байланысты қаржылық қиындық туындап жатыр. Дегенмен негізгі бағытымыз – ішкі нарықты қам­тамасыз ету болып қала береді», дейді менеджер.

Алматы қаласында орналасқан «Беріктігі жоғары кәбілдік құбырлар зауыты» ЖШС тура пандемияның алдында, 2019 жылы құрылып, ә дегеннен экспортқа бағдарланыпты. Кәсіпорын қызметі ТМД елдеріндегі алғашқы спиральді құрылымды құбырлар­ды шығару бойынша инновация­лық технологияларды пайдалануға негізделген.

«Механикалық беріктігі бойынша жо­ғары көрсеткіштерге және кәбілді қор­ғауға арналған құбырлардың жоғары сапасына кепілдік береміз. Өндірісте қолда­ны­латын технологияларды әзірлеуге Оң­түстік Кореяның жетекші мамандары тартылды, ал кәсіпорын белгілі ко­рея­лық «ITECO» компаниясының құрал-жаб­дық­тарымен жабдықталған. Біз әлем­нің 196 елінде патенттелген құбыр­лар­ды өндіріп шы­ға­рамыз. ТМД бойынша муль­тиканалды құбырлар шыға­ра­тын жалғыз компаниямыз. Яғни оптикалық талшық, байланыс үшін де дайындаймыз. Патент­телген әдістің арқасында құ­бырлардың жүктемесі 3 есе жо­ғары. Құ­бырларды бір метрден аса қазылған жерге кіргізу мін­детті емес, өйткені сапасы мық­ты. 15 см шамасындағы те­рең­­дікке тастай салса да, өз мін­детін ойда­ғы­дай атқара алады», дейді компания өкілі.

Шикізатты, яғни төменгі қысым­дағы полиэтиленді Қазан­нан алдыртады екен. Аталған шикізат бүкіл ТМД бойынша тек сол жерде ғана өндіріледі.

«Дайын құбырлар Англия, Африка, Коста-Рика, Германия, Ресей, Украина, Өзбек­стан елдеріне экс­портталады. Қазақстанда әзір­­ге нарық үлкен емес. Ал Еу­ропа ел­дері тарапынан құбыр­ла­ры­мызға деген сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде 500 км құбыр өндіріп қойдық. Жыл әлі аяқ­тал­ған жоқ, сол себепті бұл көрсеткіш өседі деп ойлаймыз», дейді ол.

Зауытта 64 адам үш ауысыммен кезек­тесіп жұмыс істейді екен. Компания осы­ған дейін логистика бойынша экспорттық шы­ғындарды қайтаруға қатысты мемлекет көмегін пайдаланған.

Көрмеге келген тағы бір ұжым – орал­дық «Дәстүр» ағаш шеберханасы. Шебер­ха­на директоры Нұрсұлу Ахме­това: «Ұмы­тылып бара жатқан ескі дүниелерді жа­ңар­туға тырысып жүрміз» дейді бізбен сұхбатында.

«Өнімдеріміздің барлығы ағаштан жасалады. Лаксыз, таза, табиғи өнім шығарамыз. Біз де ата-бабаларымыздың салтын ұстанып, жылқының іш майын, терісін пайдалануды жөн көрдік. Қазір сұраныс көбейген соң, зығыр майын да қолданып жатырмыз. Өнімдеріміздің қатарында ас табақ, бас табақ, түрлі тәрел­ке, кеселер, кәдесыйлар, тойбастарға ар­налған жабдықтар бар», дейді Нұрсұлу Ахметова.

Оның сөзінше, өнімдерді ойдағыдай жасау үшін екі-үш жылдық кептірілген ағаштар қажет. Қарағаштарды Түркістан облысынан, діңі қатты шаған ағашын Ресейден, аққайыңды Көкшетаудан сатып алады. Әңгі­месіне қарасақ, Нұрсұлу әу бастан жан-жақты тұлға болып қа­лып­тасыпты. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Аралтөбе ауылын­да көпбалалы отбасында – тоғыз бала­ның бесіншісі болып дүниеге келген. Ал­дын­дағы аға-әпкелері оқуға түсіп кет­кен­­нен кейін үйдің ересегі өзі бо­лып қалады. Бір қызығы, өзге қыз балалардай шешесіне емес, әкесіне жақын болып өседі. Әкесі – талай жыл комбайн жүргізген шаруақор жан. Бәлкім, сол кісінің кәсібіне қатты қызықты ма, небәрі 17 жасында трактор тізгіндейді. Сөйтіп, үш жыл трак­тор айдап, қаршадай қыз ауыл шаруашылығына айтулы үлесін қосады. «Табан ет, маңдай терімнің арқасында 20 жасымда алғашқы жеңіл көлігімді – «Москвич» тізгіндедім» деп елжірей еске алды сол бір аяулы кезін.

Бойжетіп, үлкен өмірге қадам басқан­нан кейін де бала күнгі қызығушы­лы­ғы­нан алысқа ұза­май, техник-маман­ды­ғын таң­дап, оқып шығады. Бірақ кейінгі өмір жолы кәсіпкерлік ауылына қарай бұрылады. Сөйтіп, ұзақ жыл кеңсе тауар­лары саудасымен айналысқан. Кейін қазіргі кәсіпке мойын бұрады. Оған себеп болған – Қытай сапары.

«2015 жылы Қытайға барған кезімде дүкен сөрелерінің бірінен қазақы оюлармен өрнектелген кеселерді көріп қалдым. Зауы­ты­на барып едім, ол жерде ыдыстар бамбук ағашынан жасалады екен, лактың иісі мұрынды жарады. Сондай лакталған ыдыстар біздің базарларымызда да толып тұр. Осыдан кейін неліктен табиғи тұрғыда таза және сапасы жоғары ыдыс-аяқтарды жасап, сатылымға шығармасқа деген ой келді. Кәсі­бімізді тура пандемия жылында – 2020 жылы бастадық. Сол жылғы қиын ахуал­ға қарамастан, цехымыздың жұ­мысы алға басып кетті», дейді кәсіпкер.

Мүмкін о бастан әлдеқандай қызы­ғу­шылығы бар, не болмаса кә­сібіне деген өлшеусіз ма­хаб­баттың жемісі – шығаратын өнімдердің әдепкі сызбасын жасап, оған қандай түр-келбет беріп нобайлауды да кейіпкеріміз шебер меңгеріп алыпты.

«Әуелі өзім макет жасап, сосын ше­бер­лердің талқысына са­ламыз. Бізде ар­найы ағаш ше­берлері тобы жұмыс істейді. Бар­лығын өлшеп, пішкеннен кейін өндіріске кірісеміз. Әдеп­кіде фанер қолдандық. Ол кезде асүйге арналған тақтайлар, сосын тойбастарға арналған дү­ние­лерді жасаушы едік. Кейін жұ­мыс ауқымы кеңейіп, ағаш ыдыс-аяқтарды қолға алдық», деп ағы­нан жарылды.

Қазір кәсіпорын аясы кеңейе түскен. 2020 жылмен салыс­тыр­ғ­анда әжептәуір алға кетті. Мем­лекеттік жеңілдетілген бағ­дар­ламалардың да игілігін көріп жатырмыз деп қалды бір сөзінде.

«Кәсіп өз ауанымен жүріп жатты. Бірақ әрі қарай даму үшін үлкен көлемде қаржы керек еді. Сол мақсатта биыл ақпан айында жылдық 5 пайызбен 20 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алдым. Соның нәтижесінде жаңа құрылғылар орнаттық, жұ­мысшылар саны 6 адамнан 15-ке дейін көбейді. Ұжымда мүге­дек азаматтар да жұмыс істейді. Кәсіп­орынның әлеу­меттік жауап­кер­шілігін әркез еске­ріп, ол аза­мат­тарға да үнемі көмек қолын созып тұрамын. Күн са­йын тойбас­тар­ға байланысты мың­даған керек-жа­рақ және 3-4 астау шығарамыз. Одан бөлек, сұ­ранысқа байланысты басқа да ыдыс-аяқтар мен кәдесыйларды үздіксіз өндіреміз», дейді кә­сіпкер.

Көрмеде кісі қарасы қалың. Жайлы жәрмеңке үш күнге созылды. Қатысушы­лар және олар­дың тәнті етерлік өнімдері туралы алдағы нөмірлерде тағы да кеңінен тарқата жазамыз.

Аралап жүріп, елдегі шағын және орта бизнес (ШОБ) келешегінің ұлғайып келе жатқанын аңғардық. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бо­йынша, былтыр ШОБ-та жұ­мыс істейтін адам саны 4 мил­лионнан асыпты. Биыл несие­лерді субсидиялауға 266 млрд теңге бөлінген.