• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Қазан, 2023

Қытай инвесторлары – Ұлытауда

348 рет
көрсетілді

Жаңадан құрылған облыс үшін инвестиция тартудың қаншалықты маңызды екенін айтып жатудың өзі артық. Шыны керек, облыста жаңа өндіріс орындарын ашу ауадай қажет дүние болып тұр. Бұл дегеніңіз – қосымша қаржы көздері, жаңа жұмыс орындары екенін айтпаса да түсінікті.

Облыс басшылығы өңір экономикасына жаңа леп әкелетін жо­ба­ларды қолдауға дайын. Бірақ соның жолын табудың оңай­ға түспей жатқаны да рас. Дегенмен аймаққа облыс құ­рыл­ған­нан бергі алғашқы ше­телдік ин­вес­торлар да келе бас­тады. Олар­­дың ұсынған жо­­­ба­сы халық­тың да көңілінен шық­­ты.

Мысалы, Жезді кентінде кремний зауытын салуға қытайлық кәсіпкерлер Шао Ханминг пен Ми Ронг қатысуға ниет танытты. Мұндағы жобаның жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрайтын болса, қытайлық компания осының 20 пайызын құюды көздеп отыр. Қалған қаражатты өзіміздің кә­сіп­керлер көтереді. Жаңа зауыт іске қосылғанда 200 жұ­мыс орны ашылмақ. Қы­тай жа­ғынан 40 шақты маман ша­қы­рылады. Олар – осы заман­ғы технологияның тілін мең­герген мамандар.

Екіжақты әріптестік аясында ашылатын зауыт экологияға да баса мән бермек.

– Біз жергілікті халықтың алаңдау­шылығын жақсы түсіне­міз. Сондықтан зауытта сүзгілеу, яғни фильтрлеу жүйесі орнатылады, шаң, тозаң сыртқа шық­пай­ды,– деп сендірді қытай­лық компания өкілдері кент тұр­ғын­дарына зауытты таныстыру барысында. Зауыт жоспар бойын­ша 2024 жылдың тамызында пай­далануға беріледі.

Отандық «Техно­Групп­Сер­­вис» ЖШС мен қытайлық «Sinohydro Engineering Bureau Machinery and Equipment Co.Ltd» компаниясының бірлескен екі жобасы Ұлытау облысындағы жа­сыл энергия өндірісіне бағыт­талған.

Жуырда облыс әкімі Берік Әбдіға­ли­ұлы аталған екі компания басшысымен үшжақты меморан­дум­ға салтанатты түрде қол қойды.

Жалпы құны 489 млрд теңге көле­­міндегі инвестициялық жо­ба­лардың бірі – жел энергия­сын өндіретін станса болса, ал екін­шісі – осындай стан­са­ларға қажетті мұнара өндіретін зауыт болмақ.

 – Біз екі жобаны да толық қолдап, қуаттап отырмыз. Сон­дық­тан станса орнату үшін облыстың Жаңаарқа ауданынан 20 мың гектар, ал зауыт салу үшін Жезқазған маңынан 20 гек­тар жер бөлдік. Станса 3,4 млрд киловат энергия өндіреді. Бұл біздің қажетімізді то­лық­тай қамтамасыз етеді. Ар­зан энергияға қол жеткіземіз. Егер мүмкіндігі келіп жатса, ар­тық энергияны еліміздің басқа өңір­леріне жеткізбекпіз, – деді облыс әкімі үшжақты меморандумға қол қою рәсімі кезінде.

«Sinohydro Deputy» ком­пания­сының директоры Жи Жен Вей жел стансасы мен за­уыт­тың Ұлытау облысы­ның эко­­номикасын көтеруге өзіндік үлесі бар жобалар екенін атап өтті. Серіктесінің сөзін «Техно­Групп­Сервис» компания­сы­ның жетекшісі Жомарт Момынбаев одан әрі нақтылай түсті.

– «Sinohydro Deputy» компаниясы – әлемдік нарықта жасыл энергия саласындағы әйгілі компания, тәжірибесі мол.Сондықтан мұндай компания­мен серіктеске айналу, бірлескен жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі туғанына қуа­ныштымыз. Жез­қазғанда са­лы­натын зауыт­тың елімізде баламасы жоқ. Жоба бо­йынша зауыт жылына 100 мұнара шығарады. Ал оның қуаты 500-600 мегаватқа жетеді, – деді ол.

Ауқымды жобаларды іске асыру 2024 жылдан басталады. Жобалар толықтай пайдалануға беріліп, іске асқан кезде облыс­та жаңадан 300 тұрақты жұмыс орны пайда болмақ.

 

Ұлытау облысы