«Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген даналыққа ден қойған Балқаш ауданының диқандары ерте көктемде 7 000 гектар суармалы жерге күріш дақылын сепкен еді. Ақ күрішті ала жаздай күтіп-баптап, оның өніп-өсуіне күш салған аудан шаруалары осы күні орақты аяқтауға жақын. Бүгінде аталған егіс көлемінің 5 454 гектары шабылып, оның 3 846 гектары бастырылды.
Ауа райының қолайлы сәтін қалт жібермей, әр еңбек күнін ұтымды пайдалануды мақсат еткен диқандар қауымы қызу еңбекке кірісіп, қырманды ақ маржанға толтыру қамына кірісті. Егіс алқабында да, қырман басында да – қарбалас тірлік. Егін жинауда «Өтес», «Бірлік» агрофирмаларымен қатар, «Тамшыбұлақ», «Бауыржан-7» ЖШС және «Динара» ӨК-і көш басынан көрініп келеді.
Күріш өсірудің қыр-сырына қанық «Бірлік» ЖШС-ның егіс алқабында жұмыс кідіріссіз жүріп жатыр. Аталған шаруашылық көктем айларында өздеріне тиесілі 1 360 гектар суармалы жерге күріш дақылын еккен еді. Жаз бойы күтімде болған күріш алқабын толықтай шауып, бүгінде оның 865 гектарын бастырып үлгерді. Бұған қолда бар техниканың жеткілікті әрі толықтай жұмыс істеуі сеп болғанын айтып өткеніміз ләзім.
Күріш орағына 26 комбайн кірісті. Оның алтауы шабу жұмыстарын ойдағыдай атқарып шықса, қалғаны шабылған күріштің дәнін жинаумен айналысып жүр. Сонымен қатар астық тасу үшін 12 «МТЗ-1221», 20 «МТЗ-80» және 1 «YTO-1304» тракторлары жұмылдырылған.
«Биылғы жылы 950 гектар суармалы жерге бидай егіп, әр гектарынан 25 центнерден өнім алып, 2 500 тонна астықты диірменге өткіздік. Бұған қоса 3 250 гектар жерге егілген көпжылдық шөптен үш орым бойынша қысқы мал азығына 100 мың орама шөп дайындадық», деген агрофирма басшысы Алмас Қыстаубаев күзгі жиын-терін жұмыстарын тыңғылықты аяқтайтындарын атап өтті.
Науқандық жұмыстың нәтижелі атқарылуында Асқар Тайбақов пен Ерболат Әтенбеков бастаған тәжірибелі механизаторлар мен шаруашылық агрономы Досжан Нығатовтың еңбегі орасан зор. Осы уақытқа дейінгі алынған күріш өнімі гектарынан 45 центнерден айналса, егін орағы аяқталғанша бұл көрсеткіш 50 центнерден асып түсерінен үмітті. Жыл сайын ауыспалы егіс алқабын тұрақты сақтап, «Карбомид», «Амофос» тыңайтқыштарын уақтылы қолданып, күріш дақылының өсіп-өнуіне қажетті бар жағдайды жасаудың арқасында мол өнім алудың мүмкіндігі артып отыр.
Қырман басындағы еселі еңбекті қыздырған механизатор Талғат Жайшыбеков пен қырман операторы Болат Естаевтың еңбегіне де ел риза. Таудай болған күріш үйінділерін қырман жұмыскерлері де дер кезінде сорттап, бітік дәнді жауын-шашын тимейтін қоймаларға жеткізуге күш салып жатыр. Осылайша, ақ маржанды төкпей-шашпай жинап алу жолында жан аянбаған еңбек адамдарының табанақы маңдай терлерінің ақталуын біз де тіледік.
Алматы облысы