Бір-бірінің қуанышын еселеп, басына түскен қиындығын тең бөліскен Қазақстан мен Түркия – тамырластығы терең, бауырластығы берік елдер. Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында мемлекетіміздің азаттығын алғашқылардың бірі болып таныған бауырлас елмен байланысымыз да жан-жақты. Қос елдің арасын бекемдете түскен экономикалық, әскери, мәдени байланыстар жыл өткен сайын тереңдеп келеді. Осы елдің ғасырлық мерейтойы қарсаңында Түркия Республикасы Коммуникациялар басқармасының басшысы Фахреттин Алтунның мақаласын арнайы ұсынып отырмыз.
Осыдан 100 жыл бұрын түрік халқы Анадолы жерінде 900 жылдық тарихымызды жерлегісі келетіндерге қарсы күрес ашты. Чанаккале мен Кутюль-Амаре сияқты ұзақ шайқаста соңғы күштерін сарп етіп азаттық пен ұлттық күресті ту еткендердің үміті ақталды. Күрес халықтың жеңісімен аяқталды. Бұл – Анадолы топырағындағы көптеген кезеңді қамтитын тәуелсіздікке деген ұмтылыс пен күш-жігердің көрінісі. Бір сөзбен айтқанда, бұл – жеңіске жетелеген бірлік пен ынтымақ рухының ұлы туындысы.
Түркия Республикасының құрылғаны жария етілген сәттен бастап елде білімнен экономикаға дейін жан-жақты жаңғыру кезеңі басталды. Әлемде Түркияны мақтан еткен көптеген табыстың кілті де табылып, іргетасы да осы кезеңде қаланды. Түрік ұлты мен түрік мемлекетінің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, білім, денсаулық, көлік, демократиялық құқықтар мен бостандықтар, сондай-ақ ұлтымыздың өмір сүру деңгейін көтеретін көптеген сала аяғынан нық тұрып, нығая түсті.
Халқымыз талай қиындық пен көптеген кедергіні еңсеру арқылы республикамызды 100 жылдық мерейтойына айтарлықтай жетістіктермен жеткізді. Кейінгі 20 жылда республиканың көпғасырлық тарихын жете білу және Президентіміз Режеп Тайип Ердоғанның берік ұстанымы негізінде төккен тер мен жұмсалған күш-жігерді лайықты өтеу үшін жаңа ғасырдың есігі айқара ашылды. Түркияның тәуелсіздігі мен жарқын болашағы жолында халқымыздың, еліміздің діттеген мақсатына, ұлтымыздың армандарына жетуі және қуатты Түркияны құру үшін әр салада көптеген революциялық іс, қызмет пен инвестиция жүзеге асырылды. Бұл тұрғыда ең алдымен, ұлттық ерік-жігер нығайып, демократия орнады. Біздің сүйікті халқымыз туған жерінде қауіпсіз өмір сүруге мүмкіндік алды. Ал біздің адамдар бейбіт өмір сүруге, болашаққа үмітпен қарай алатын болды. Сонымен қатар бүкіл ел бойынша инфрақұрылымдағы инвестициялардың арқасында өндіріс пен жұмыспен қамтуда жетістіктерге қол жеткізді, сәйкесінше экономика өсіп, еліміз жан-жақты нығайды.
Өндірісті кеңейту арқылы өнеркәсіптен ауыл шаруашылығына дейінгі барлық салада жұмыспен қамтуға қол жеткізуге жағдай жасалды. «Мемлекет өмір сүретіндей халық өмір сүрсін» дегенді ұғынып, әлеуметтік қолдау көбейіп, мұқтаж азаматтарымыздың барлығын құшақ жая қарсы алды. Екінші жағынан президенттік басқару жүйесін енгізу арқылы мемлекеттік механизмде екіғасырлық ізденістерге жауап беретін үлкен реформа жүзеге асырылды. Белсенді қауіпсіздік саясаты мен іскерлік және гуманитарлық сыртқы саясат тәсілін қабылдау арқылы мемлекетіміздің қуаты, туымыздың мерейі мен ұлтымыздың беделі артты.
Еліміздің денсаулық сақтаудан білімге, технологиядан қорғаныс өнеркәсібіне, сыртқы саясаттан мәдениет пен өнерге дейінгі көптеген саладағы табысын жеделдеткен бұл бастамалар оңайлықпен жүзеге асқан жоқ. Жаһандық менеджмент пен экономикалық жүйені түбегейлі сілкіндірген індеттер мен соғыстар кезінде біз елімізді оның күшті инфрақұрылымында үлкен серпіліске дайындау үшін аянбай күрестік. Шекарамызға шабуыл жасаған және түрік ұлтының өмірі мен дүние-мүлкінің қауіпсіздігіне төнген көп қауіппен күрестік. Жаһандық дағдарыстан басқа, біз мүмкіндік ретінде кездескен қос стандарттар мен эмбарголарды бұру арқылы әр салада күшімізді нығайттық.
Республикамыздың бірінші ғасырындағы олқылықтарды жойып, екінші ғасырға дайындықты аяқтайтын бұл серпілістер білімнен денсаулыққа, қауіпсіздіктен әділетке, энергетикадан көлікке, ауыл шаруашылығынан спортқа дейін барлық салада өз жемісін бере бастағаны сөзсіз. Өсіп, дамып, күшейіп, байып жатқан Түркия халқымыздың болашағына үмітпен қарайтын елге, шетелдерде өзін басқа мемлекеттің соңынан еретін емес, соңынан ерте білетін мемлекет ретінде танытты.
Әлем тарихи өзгерістерді бастан кешіріп, жаңа әрі өмірлік маңызды міндеттермен жүздесіп отырған жағдайда біз үшін бұл мерейтой – мемлекетіміздің екінші ғасырының басын белгілейтін күнтізбелік өзгеріс қана емес, одан да жоғары мәнге ие. Осы тұрғыда республикамызды саяси, экономикалық, әлеуметтік және дипломатиялық салаларда ұлт ретінде армандаған деңгейге жеткізетін серпіліс Түркия ғасыры деп аталды. Бұл серпіліс – біздің еліміздің және өркениетіміздің барлық жетістігіне сүйеніп, жаңа ұрпаққа қалдыратын ең үлкен мұрамыз.
«Түркия ғасыры» бағдарламасымен республикамыздың 100 жылдығына халқымызбен бірге зор үмітпен, бұдан да асқақ мақсатпен қадам басып отырмыз. Осы орайда, ең алдымен, біз ел егемендігі жолында құрбан болғандар мен тәуелсіздікті қорғау жолындағы халықтың күш-жігерімен қол жеткізген толағай табыстарын ерекше қорғаймыз. Сондай-ақ біз еліміздің әлемдік деңгейде сөз сөйлеп, шешім қабылдауға деген ерік-жігерін зор бағалаймыз. Саяси және экономикалық күш-қуатымызды арттыра отырып, экономикамыздың өркендеуіне жұмыс істейміз. Туған жердің әр бұрышында тыныштықты нығайтып, дамуға деген жігерімізді арттырамыз. Себебі елдегі әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және олардың лайықты әл-ауқатын арттыру бәрінен маңызды.
Республикамыздың екінші ғасырын «Өтемақы емес, прогресс дәуіріне» айналдыруға бел будық. Осы орайда Президентіміз Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен өз елімізді барлық салада, соның ішінде Түркияның жүзжылдық көзқарасы бар жаңа деңгейіне көтеруге күш саламыз. Ата-бабаларымыз сеніп тапсырған отанымыздың мәңгілікке өмір сүруін қамтамасыз ету жолындағы істерден бас тартуға қақымыз жоқ.
Өткен тарихымыздағы ел басына түскен қиыншылықтар мен жетістіктерді артта қалдыра отырып, шейіттер мен ардагерлерімізді, әсіресе Азаттық соғысының бас қолбасшысы, республикамыздың негізін қалаушы Гази Мұстафа Кемалды, түрік халқының еркін өмір сүруіне мүмкіндік берген барлық батырымызды құрметпен, ризашылықпен еске аламыз.
Бүгінде Түркия Республикасы әлемнің әр түкпіріндегі мемлекеттермен берік байланыс орнатты. Соның ішінде Қазақстанмен арадағы саяси байланыс туыстық қарым-қатынасқа ұласты. Бұл күні екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстарды өзге мемлекеттерге үлгі етуге әбден болады. Бауырлас халықтың Тәуелсіздігін жариялаған алғашқы күндегідей Түркия Қазақстанның бауырластығы мен достығы ғасырлар бойы сақталады деп сенеді. Биыл Түркия жүз жылдығын атап өтіп жатыр. Бұл орайда екі ел арасындағы саяси-мәдени іс-шаралардың саны арта түсті. Осының өзі туыс халықтардың ортақ құндылығы – егемендік пен бейбітшілік, сыйластықта екенін сезіндіре түседі.
Фахреттин АЛТУН,
Түркия Республикасы Коммуникациялар басқармасының басшысы