Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген мәселеде түймедейін түйедей етіп көрсетіп, жалпыға жар салып жататындар да кездеді. Мұндай кәсіпкерлерге Федоров ауданындағы «Тұрар» серіктестігін үлгі етсе игі. 1997 жылдан бері жер игерумен қатар, сүтті сиыр шаруашылығын дамытып алған іргелі серіктестік өзі орналасқан Қамысты Шаңдақ ауылын құт дарып, береке қонған тұрмысы ілгері елді мекенге айналдырып отыр.
Шаруашылық басшысы Қайрат Оспанов ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жылына 300 млн теңге қаржы жұмсайды. Нәтижесінде, аядай ғана ауылдың инфрақұрылымын қазір ешбір қаладан кем емес деп айтуға болады. Елді мекендегі 250 ересек тұрғынның 200-і жергілікті шаруашылықта жұмыс істеп жатыр.
– Біздің өңірде ауылдағы үйлердің көбі өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында, біразы тоқсаныншы жылдардың басында салынған. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Өкінішке қарай, көптеген ірі шаруашылықтар ауылға үй салып, қарапайым халыққа қарасайын демейді. Бұл – түбірімен дұрыс емес. Мәселен, біздің фермада жаңа технологияға негізделген неміс құрылғылары тұр, егістік алқаптарымызда «Джон дир», «Класс» сияқты жоғары сапалы заманауи техникалар жұмыс істейді. Ал құлағалы тұрған ескі үйде тұрып жатқан адамды мұндай соңғы үлгідегі қуатты техникаға отырғызу немесе заманауи «ақылды» құрылғыларды басқарту, ең алдымен, адамдыққа сын, одан кейін бір-біріне мүлде үйлеспейтін дүние ғой. Жұмысшының тұрмыс жағдайы мен ол істейтін техника сәйкес келуі керек. Сонда ғана жұмыс өнеді. Кез келген елдің ең басты байлығы – еңбек ресурсы, адам. Сондықтан жыл сайын шамамыз жеткенше әлеуметтік саланы жақсартуға күш салып жатырмыз, – дейді кәсіпкер.
Соңғы жылдары шаруашылық ауыл тұрғындарына 25 тұрғын үй салып берген. Әр үйге орталықтандырылған су құбыры келіп тұр. Бәрі дербес дизельді отынмен жылытылады. Алдағы жылы ауылдың шетіне бірнеше резервуар қойылып, сол жерден әр үйге газ құбырын тарту жоспарланып отыр. Ауыл көшелері де серіктестіктің өз қаржысына жөнделеді. Қамысты Шаңдақтың тақтайдай түп-түзу көшелеріне төселген асфальттың сапасы көп қаланың асфальтынан артық. Шаруашылықтың жол жасау технологиясы ерекше: алдымен жолдың бетіне арматура тоқып төсеп, оның үстіне қалыңдығы 30 см бетон құяды. Бетонның үстіне ірі түйіршікті асфальт төселеді де, оның беті майда түйіршікті тағы бір асфальт қабатымен жабылады. Мұндай жол қытайдың 40 тонналық ауыр техникасын да мыңқ етпей көтеріп, ондаған жылдар бойы ой-шұқырсыз қалпында сақталып тұрады.
Қамысты Шаңдақта өзге ауылдардағыдай емес, жас отбасылар көп тұрады. Осыдан болар, серіктестік жұмысшыларының да 65-70 пайызы – жастар. Бір шаңырақта дүниеге сәби келсе, шаруашылық 300 теңге көлемінде бір реттік сыйақы беруден жаңылған емес. Бұл үрдіс 1997 жылдан бері қарай жалғасып келеді. Шаруашылық басшысы келесі жылы мұны 1 млн теңгеге өсіруді көздеп отыр.
Серіктестік жұмысшыларының дені жаңа үйлерде тұрады. Мұның сыртында қаншама жыл осы шаруашылықта жұмыс істеп, құрметті демалысқа шыққан зейнеткерлер коммуналдық қызмет төлемінен толық босатылады. Ауыл тұрғындарының бірі науқастанып қалса, оның емі мен дәрі-дәрмегі шаруашылықтың мойнында. Ауыр науқастың отасына кеткен шығын да шаруашылық есебінен өтеледі. Ауыл жастарының оқу ақысын да, бала Қостанайда, Астана, иә Алматыда, тіпті әлемнің қай қаласында білім алып жатқанына қарамастан, отыз жылдан бері серіктестік есебінен төленеді.
Таяуда шағын ауыл орталығында балалар ойын алаңының құрылысы аяқталды. Бұл жыл басында аудан әкімдігі мен серіктестік арасында қол қойылған меморандум шеңберінде жүзеге асқан. Шаруашылық өз қаржысы есебінен 15 млн теңге бөліп, қаладағы ойын алаңдарының бір кем түспейтін қалашықты ел игілігіне тапсырып берген.
– «Тұрар» ЖШС өңірдің әлеуметтік саласын жаңғыртуда көптеген іске мұрындық болды. Бұған дейін Қайрат Бақытжанұлы осы ауылға хоккей кордын, бассейн, ФАП салып берсе, енді міне, балаларға тамаша тарту жасап отыр. Қамысты Шаңдақ осы ауданы үшін ғана емес, бүкіл өңірдегі ең үлгілі ауылға айналдып отыр. Бұл Мемлекет басшысының өзі басты назарда ұстап отырған мәселе, – дейді аудан әкімі Тәуба Исабаев.
Кәсіпкер Қайтар Оспанов: «Қалаға келген ауыл баласы ондағы ойын алаңын көргенде таңғалмауы керек. Бұл алаң – сол үшін салынған дүние. Мұнда бала құлағанда жарақат алып қалмауы үшін төселген тартан төсеніш, әткеншек, сырғанақ, турник, баскетбол, футбол алаңы сияқты ойын баласына керектің бәрі бар. Құрылыс барысында ең алдымен баланың қауіпсіздігі ескерілді», дейді кәсіпкер.
Қамысты Шаңдақтағы фельдшерлік-акушерлік пункт мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі бағдарламасы аясында 60 млн теңге қаржыға салынған. Аталған бағдарлама екі жаққа да тиімді екенін айта кеткен жөн. Кәсіпкер әлеуметтік нысанды салып, керек құрылғымен жабдықтаған соң, мемлекет үш жылдың ішінде құрылысқа кеткен шығынды толық қайтарып береді.
ФАП-тың төрт орындық күндізгі стационары жұмыс істейді. Дәрігерлік пункт анау-мынау ауруханаңыздан кем түспейді. Ішінде жеке-жеке емдеу бөлмелері, өз дәріханасы бар. Мұнда бүгінде алты медицина маманы еңбек етеді.
– Біздің фельдершік-акушерлік пункт науқастарға дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Мәселен, есепте 320 адам тұрса, соның 288-іне ем-дом жасалды. Маңайдағы ауыл тұрғындары да бізге келіп ем-дом алып кетеді. Мысалы, биыл 480 адам скринингтен өтті, – дейді ФАП меңгерушісі Александра Ковтун.
Алақандай ғана ауылда істеліп жатқан игі істерге жергілікті тұрғындар да риза.
Жергілікті серіктестіктің арқасында біз өзімізді қалада тұрғындай сезінеміз. Ауылдың жолы, суы болса, жарығы күні бойы жанып тұрса, одан артық не керек? Мұндағы тұрғындардың көбі жергілікті шаруашылықта еңбек етеді. Табысы жаман емес. Сосын да шығар, ауылдан ешкім кетіп жатқан жоқ. Керісінше, көшіп келушілер бар. Серіктестік директоры халықтың жағдайын ойлаудан шаршаған емес, – дейді ауыл тұрғыны Қайынжамал Сушко.
Ширек ғасырдан бері егін егіп, мал өсіріп отырған шаруашылық бүгінде облыстағы ең озық шаруашылықтардың санатында тұр. Серіктестік 21 мың гектарға дән сіңірсе, соның тең жартысы арпа, сұлы, жүгері, соя, бұршақ, қыша, жасымық тәрізді дәнді дақылдардың еншісінде. Өйткені «Тұрар» ЖШС 300 жылқы, 3200 қара мал өсіреді. Соның 1200-і сауын сиыр. Шаруашылық басшысының айтуынша, бір сиыр күніне 28 литр сүт береді. Сүттің әр литрі 250 теңге тұрады. Мұның сыртында мемлекет бір литр сүтке 45 теңге субсидия төлейді.
– Егер табысың еселене түссін десең, онда еңбек адамына лайықты жағдай жаса. Сонда ғана жұмысың өнеді. Ауылдың бетіне қан жүгіреді. Қазіргі жастар ауылда тұрғысы келмейді. Жұмыс жоқ дейді. Тұрмыс деңгейінің төмендігін сылтау етеді. Бізде бәрі керісінше, шаруашылықта еңбек ететіндердің дені жастар. Біз оларға лайықты жағдай жасап қойдық. Жалақылары да жоғары, – дейді Қайрат Оспанов.
Осыдан үш жыл бұрын А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетін «Серпін» бағдарламасы бойынша тәмамдаған Ақберген Сайпырханов қазір «Тұрар» серіктестігінде агроном болып жұмыс істеп жүр.
– Мұнда келгеніме еш өкінбеймін. Керісінше, осындай қуатты шаруашылықтан өзіме лайықты жұмыс тапқаныма қуанамын. Егер еліміздегі әр шаруашылық «Тұрар» серіктестігі сияқты халыққа жәрдемдесер болса, онда ауылдың бағы жанар еді. Оқуды бітіре салысымен еңбекке араласқан маған шаруашылық директоры жассың деген жоқ, төрт бөлмелі пәтерге кіргізді. Енді ата-анамды осында көшіріп әкелсем бе деп жүрмін. Жыл соңына қарай үйленіп, отбасын құрмақпын. Өздеріңіз көріп тұрғандай, үйдің ішінде бәрі бар. Ыстық, суық суы үзілмейді. Мұны қарапайым еңбек адамына деген үлкен құрмет деп білемін, – дейді Ақберген Сайпырханов.
Алдағы екі-үш жыл ішінде ауыл шетіндегі кеңес заманынан қалған ескі үйлер сүріліп, орнына жаңа баспана тұрғызылмақ. Кәсіпкер сол маңайдағы ашық алаңға су бұрқақ орнатуды жоспарлап отыр. Күні кеше ғана шағын ауылдағы тағы бір көше күрделі жөндеуден өтті.
Қостанай облысы