• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғалым 31 Қазан, 2023

Англиядан – Арқаға

308 рет
көрсетілді

Ғылым және жоғары білім министр­лі­гінің осы ака­де­миялық жыл басында таратқан ақпаратына сүйен­сек, елімізде 22 мың­нан аса ғылыми қызметкер бар. Соның 46 пайы­зы – 40 жас­қа дейінгі жас ғалымдар. Елімізде ғы­лым­ға жастарды тарту мақ­са­тында «Жас ғалым» жо­басы іске қосылған. Атал­ған жоба бойынша жас зерттеушілерге жыл сайын 1000 грант бөлінеді. Грант иеленгендердің бірі – «Болашақ» стипендиа­ты, «Теориялық физика» бойынша PhD Ұлсерік Молданазар.

Түркістан облысының тумасы Шардара ауылындағы мектепті бі­тірген соң, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетіне оқуға түсті. Аталған оқу орнында «Ғы­лыми физика» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдағаннан кейін «Болашақ» бағдарламасымен Англияға аттан­ды. Ливерпуль универ­ситетінде «Теория­лық физика» бойын­ша PhD зерттеуін жүр­гізіп, ғылы­ми дәрежесін қорғап келді. Қазір Қара­ғанды қаласындағы Е.Бөкетов уни­верситетінде «Физика және нанотехнологиялар» кафедрасының оқыту­шысы әрі «Жас ғалым» бағдарламасымен постдокторант ретінде ғылыми зерт­теуін жалғастырып жатыр.

– Докторантурада элементар бөл­шектер физикасы бойынша зерттеу жасадым, яғни элементар бөлшектер физикасының теориясын зерттеумен айналыстым. «Элементар» деп айту үшін бөлшек қаншалықты кішкентай болуы керек және бөлшектер өзара немесе басқа өздері сияқты элементар бөлшектермен қалай әсерлеседі? Мысалы, бізге электр тогін беруге жауапты электронның өлшемінен де кішкентай бөлшектер бар. Кварк деп аталатын бөлшектер – соның бір көрінісі. Мұндай бөлшектердің табиғатын түсіну үшін электрлі заряды бар протон сияқты бөлшектерді өзара соқтығыстыру арқылы эксперименттер жа­салады. Өлшемі тым ұсақ бөлшектерді оқып, зерттеп, тү­сінуге классикалық физика жарамайды, бұл үшін кванттық физиканы оқуы­мыз қажет. Мұның бәрі не үшін керек? Егер біз атомның құрамын түсін­бегенде, бүгінгі күнделікті тұр­мыста пайдаланатын электрониканы ойлап шығара алмас едік. Сол сияқты таби­ғатты терең түсіну біздің табиғат тура­лы түсінігімізді кеңейтеді әрі техно­логияның дамуына мүмкіндік береді, – дейді Ұ.Молданазар.

Кейіпкеріміз постдокторлық зерттеу жұ­мысын Германиядағы Дортмунд техни­калық университетімен бірлесе жүргізіп жатыр. Осы зерттеуінде каон деп аталатын мезонның өте сирек кездесетін ыдырауына анализ жасаумен айналысады. Оның пікірінше, шетелде докторантура оқудың, ғылыми дәреже қорғаудың, шетелдік университетпен бірлесе зерттеу жүргізудің бірқатар артықшылығы бар. Мұндай артықшылық өз кезегінде зерттеу жұ­мысын жеңілдетеді.

– Шетелде докторантура оқудың өз артық­шылықтары болды. Айталық, осы салада білімі мен тәжірибесі те­рең, халықаралық деңгейдегі ғалымдар­мен жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Әрине,  еліміздегі ғылым деңгейін жүздеген жылдар бойы қалыптасқан еуропалық стандартпен салыстырған дұрыс емес. Қарапайым материалдық жағдайдың өзін салыстыруға келмейді. Мысалы, Ли­вер­пуль университетінде менің зерттеу бағы­тымдағы алдыңғы қатарлы журналдарға толық access (рұқсат) бар. Қуантарлығы, қазір біздің елде ғылымға ерекше назар аударылып жатыр. Десек те жақын арада шешуді қажет ететін мәселелер де бар. Соның ең бастысы – материалдық жағдай. Мысалы, «Жас ғалым» гранты шеңберінде берілетін сома маған халық­аралық ғылыми конференцияларға қаты­суға және жетекшіммен офлайн режімде жұмыс істеуге жеткіліксіз. Өткен жазда Дорт­мунд университетіндегі жетекшіммен 3 айдай офлайн жұмыс істедім, сол жұмыс сапардың тек бір айы ғана «Жас ғалым» шеңберінде, қалған екі айы Дортмунд университетінің қолдауымен өтті, – дейді кейіпкеріміз.

Жас ғалымның айтуынша, екінші мәселе – ғылыми журналдарға қол­жетімділік. Мысалы, ол Е.Бөкетов уни­верситетінде оқуға болатын журнал­дарды қолдана алмайды. Өйткені бұл жоғары оқу орны оның зерттеуіне қажетті халықаралық базадағы ғылыми журналдарды оқуға рұқсат алмаған. Сол себепті Ливерпуль университетінің ресурстарын пайдаланады. Аталған шетелдік университеттен оған сол жақтың зерттеушісі ретінде «honorary association» мүмкіндігі берілген. Осы арқылы Ливерпуль университеті рұқсат алған материалдарды оқып, зерттеуінде қажетіне жаратады.

– Ғылымның дамуына кедергі келтіріп тұрған тағы бір түйткіл – қа­ғазбастылық. «Жас ғалым» гранты­на құжат тапсыру оңай болғаны­мен, грантты алғаннан кейін толты­руға міндеттейтін формалардың көп еке­нін көрдім. Соның көбінде бір мә­лі­метті қайталап сұрай береді. Осы­ған қоса есептің түрлері тым көп. Оның бәрі кімге керек екенін тү­сін­беймін. Еліміздегі ғылым сала­сында қолайсыз жағдайдың бірі – докторанттардың ғылыми дәрежесін, яғни PhD қорғаудағы қиындығы. Елге келгеніме 1,5 жыл ғана болды. Осы уақытта біздегі докторанттарға ғылыми дәрежесін қорғау шетелдегі жағдайға қарағанда қиындау екенін түсіндім. Жақында бір қорғауға қатыстым, шетелде қорғап келген маған қиын секіл­ді көрінді. Мысалы, Англияда жүйе басқаша. Өз университетімнен бір, сырттан өзге жоғары оқу орнынан бір профессорға диссертациямды 2 ай бұрын жібердім. Олар жіті танысып, қор­ғай­тын күні менен майда-шүйдесіне дейін сұрап, жауап алды. Осылайша, екі адам­ның алдында ғана қорғап шықтым, – дейді Ұ.Молданазар.

Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, бізде докторанттар 4 тұрақты, 4 уақытша кеңес мүшесі мен 2 рецензенттің алдында қорғайды. Бұл диссертация қорғаушыны күйзеліске ұрындыруы мүмкін. Үлкен аудиторияның алдында сөйлеп, әрқайсысының сұрағына жа­уап беріп, рецензия алып, қаншама қағаз өткізуі керек.

– Жас ғалымдарға қазір грант көп бөлініп жатқаны қуантады. Десе де мені ойландырған жайт – әйел ғалымдар мен зерттеушілердің қаласа да грантқа құжат тапсырудан тартына­тынында. Мысалы, менің айналамда физика бағыты бойынша ғылыми зерттеу жүргізіп, грант байқауына қатысуды қалайтындар бар. Бірақ олар тапсыруға тиіс есептің, құжаттың көптігінен, талаптың қатаңдығынан бақ сынаудан саналы түрде бас тартып жатады. Айталық, «Жас ғалым» грантын жеңіп алғандарға әр жылда «Scopus» база­сындағы ғылыми журналға 1 мақала шығаруды талап етеді. Мәселен, мен өз зерттеуіме көп уақыт бөлемін, таңғы сегізден кешкі жеті-сегізге дейін жұмыс істесем де 1 жылда мұндай нәтижеге жету қиын. Кейде «Scopus» базасындағы ғылыми журналға жолдан­ған бір мақаланы тексеру, оқу, зерделеу, рецензенттердің талабымен қайта өңдеуге 6 ай, тіпті 1 жыл кетіп қалады. Сонда ғалым зерттеуді қашан жүргізеді? Мүмкін гумани­тарлық ғылымда зерттеулерді анкета немесе басқа да әдістер арқылы жүргізіп, қысқа уақытта мақала тапсыруға болатын шығар, алайда эксперименттер, анализдер, реакциялар жүргізуді қажет ететін жаратылыстану ғылымдарында қиын. Ал сіз отбасындағы тұрмыстық шаруа­лардан, келіндік қызметтен, кішкентай сәбиінен қалған уақытты жұмсап, 1 жылда «Scopus»-қа мақала шығару қаншалықты қиын, тіпті мүмкін емес екенін ойлай беріңіз, – дейді ғалым.