Қазіргі Сәтбаев индустрия колледжі бұрын №3 кәсіптік мектебі деп аталатын. Басшылық жұмыс сұрай келген бұған дәнекерлеу мамандығы бойынша үш айлық курсқа баруға ұсыныс жасады. «Бізде осы мамандық бойынша оқу шеберлері жетіспей жатыр. Егер бәрі жақсы болса, жұмысқа қабылдаймыз, балаларға дәнекерлеудің қыр-сырын үйретуден дәріс бересіз», дейді. Мұның бітіргені – Жезқазған құрылыс техникумы. Мамандығы бойынша жұмыс табылмай тұрса, қайтпек керек?
Сондықтан ол кәсіптік мектеп басшылығының ұсынысын құп көрді. Сөйтіп, жаңа мамандықты меңгеруге ұмтылды. Дәнекерлеу мамандығына сол мектептің өзінде оқытады екен. «Оқушыларға құрылыс мамандықтарының бірінен сабақ беремін» деп келген ол солармен бірге дәнекерлеуші мамандығына машықтанды. Бұл 2007 жыл болатын. Ол бұл кезде үш баланың анасы атанған отыздың бел ортасындағы келіншек еді. Сынақтардан сүрінбей өтті. Айналасы үш айдың ішінде көп-көрім дәнекерлеуші болып алды. Бүгін енді Мукарама Байшорина Сәтбаев индустрия колледжінде өндірістік оқыту шебері болып еңбек етіп жүр.
– «Ешқашан ештеңенің кештігі болмайды», деген рас екен. Жасым отыздың ортасына келгенде жаңа мамандықты игеремін деп ойлаған жоқпын. Бірақ бұған еш өкінбеймін, – дейді ол.
Өйткені осы жылдар ішінде қаншама дәнекерлеушіні оқытып, үйретіп шығарды. Колледжге келгенде дәнекерлеу дегеннен түк хабары жоқ жастар айналасы екі-үш жылда мамандық иесі болып шығады. Олардың оқып, үйренуіне колледжде жақсы жағдай жасалған. Арнайы шеберханада оқуға қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Оқу барысында теория мен практика ұштастырылып отырылады. Болашақ дәнекерлеушілер қаладағы іргелі кәсіпорындарға барып тәжірибе жинақтайды.
– Біз үнемі облыстық, республикалық байқаулардан сырт қалмаймыз. Мұндай байқаулардың берері мол. Бұл бір жағы өзімізді көрсетуге себеп, екіншіден, өзгелердің озық дүниелерін үйренеміз, – деген Мукарама Тасыбайқызы биыл облыстық деңгейдегі байқауда оқушыларының 2-орын алғанын зор мақтанышпен айтты.
Еңбектің бағаланғанына не жетсін? Мукараманың бұл орайда да өкпесі жоқ. Ол 2014 жылы Сәтбаев қаласы әкімінің арнайы сыйлығын жеңіп алса, 2021 жылы ол кездегі Білім және ғылым министрінің Алғысхатын иеленді. Ал жақында «Amanat» партиясының марапатына ие болды. Бұл айтылғандар оның марапаттарының бірді-екісі ғана.
Мукараманың айтуынша, әйелдердің дәнекерлеу мамандығы бойынша ұстаздық етуі таңғаларлық жағдай емес. Өйткені өзі еңбек ететін колледждің өзінде ғана үш әйел осы мамандық бойынша сабақ береді екен.
Мукараманың алдынан өткен дәнекерлеушілер «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдарында, тағы да басқа мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек етеді. «Шәкірттеріммен мақтанамын. Өйткені олар еліміздің дамуы үшін өз үлесін қосып жүр. Шәкірттерімнің еңбек жетістіктерінде менің де азды-көпті үлесім барын сеземін, бұл да жанға жылулық сыйлайтын сәт», деген Мукарама Байшорина отбасында ардақты ана, аяулы әже, өнегелі ене.
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы