Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы жеріне түбегейлі реформа қажет. Ол үшін ондай жерлерді елді мекендер учаскесінен бөліп жеке заң қабылдаған жөн. Сонда ғана ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптарды пайдалану ісі реттеледі, олардың ерекшеліктері толық айқындалады. Осындай заң көрші Ресейде, басқа елдерде де қабылданған. Менің ойымша, елді мекендердің (қалалардың, кенттердің) аумағы мен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді (мүмкін оның ішіне ауылдық елді мекендерді қосу мүмкіндігін де қарастыру керек шығар) өзара бөліп, екі заң (немесе Кодекс) қабылдау жайын алдымен ғалымдармен, тәжірибелі мамандармен кеңесіп, талқылау керек. Мүліктердің бірыңғай кадастр базасы енгізілген қазіргі жағдайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді елді мекендердегі коммерциялық мақсаттағы шағын жер учаскелерінен бөліп қарау дұрыс болар еді.
Елімізде соңғы жылдары қабылданған «Жайылымдар туралы» заң бар, алайда оның жайылым мәселесін шешуге қауқары жоқ. Әлсіз заң. Көптеген мәселе қарастырылмаған. Жергілікті жерде жайылым мәселесімен айналысатын кәсіпорын жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бір департаменті (он бес шақты маман), жергілікті ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасындағы бір-екі маманның аталған мәселені шешуге шамасы да мүмкіндігі де жетпейді. Көп өңірде ауыл шаруашылығы және жер қатынастары саласының қосылуы екі саланы да әлсіретіп жіберді. Қазіргі мамандардың кеңестік заманда оқығандардан айырмашылығы – екі саланы да нашарлау біледі. Сондықтан аталған екі салаға да осындай реформадан көп зиян келеді деп айтуға негіз бар.
Осыған орай, кеңестік кездегідей жайылымды жоспарлау, бөлу, суландыру, шөп құрамын жақсарту мәселелерімен айналысатын шағын жобалау мекемелерін құруды ойластыру керек. Ондай мекемелер жеке адамдардан немесе шетелдерден инвестиция тартып, шалғайдағы жайылымдарды пайдалану (суландыру, жол салу, малдарды қысқы және күзгі жайлауларға шығару, т.б.) жолдарын зерделеп, тиісті инвестициялық жобалар әзірлесе ғана жайылым мен шабындықтардың жағдайы түзелуі мүмкін. Әйтпесе, жылда құдайдан жаңбыр сұрап отырғаннан ештеңе шықпайды. Қазірдің өзінде көп өңірлерде жайылымдар толық деградацияға ұшырап, шөлденіп пайдаланудан шығып келеді.
Жер ресурстарын басқару комитетінде де жайылым мен шабындықтарды жақсы білетін мамандар жоқ. Қызметкерлері тек статистикалық есеп жүргізіп отыр. Қырық жылдан астам жайылымдар мен шабындықтардың мәдени-техникалық, агрономиялық жағдайына түгендеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, жергілікті атқарушы органдар берген құрғақ ақпараттың негізінде кадастрлық статистика жинақталып жатыр.
Жер қатынастары саласындағы айтылған көптеген мәселені түбегейлі шешу үшін әкімдіктерге, Ауыл шаруашылығы министрлігіне емес, Президентке тікелей бағынатын дербес мемлекеттік орган – Жер ресурстарын басқару агенттігін қайтадан құру ұсынылады. Мұндай орган кезінде біраз жыл жұмыс істеген. Мемлекеттік жер кадастрын (ең болмаса ауыл шаруашылығы жерлерінің сандық және сапалық кадастр мәліметтерін) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі құрамынан шығарып, барлық функцияларымен жаңа Агенттікке беру қордаланған мәселелерді шешуге жол ашады. Жалпы, бір министрлікте көптеген саланы топтастыру жақсы нәтиже бермейтіні бұрыннан белгілі.
Өткенде Парламент Мәжілісінің депутаты, жер саласынан хабары мол заңгер Бақытжан Базарбектің Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің атына жолдаған депутаттық сауалында көтерілген мәселелерді толық қолдаймын. Ол азамат – Алматыда және облыстарда жер саласындағы әртүрлі заң бұзушылықты әшкерелеуге белсенді араласқан тәжірибелі заңгер.
Депутат Б.Базарбектің жер реформасының ұзақмерзімді Доктринасы керек деген ұсынысы да орынды. Ақпарат ретінде айта кетелік, 90-жылдардың аяғына қарай Жер ресурстарын басқару комитетінде осы саланы 2030 жылға дейін дамыту жөніндегі тұжырымдаманың жобасы әзірленген, оның кейбір бөлімдерінің дайындалуына осы жолдардың авторы да қатысқан. Құжат түрлі себептермен, негізінен министрлер мен Комитет бастықтарының ауысуына байланысты қабылданбай қалды.
Соңғы жылдары жер инспекцияларының әкімдіктердің қарауынан алынып, Жер ресурстарын басқару комитетінің құрамына берілгені – дұрыс шешім. Дегенмен өңірлік департамент (басқармалардың) құзыретін күшейту керек, әсіресе материалдық-техникалық, штаттық саны жағынан, инспекторлардың көліктері және арнаулы киімдері болса жақсы болар еді. Көрші Ресейде бұл мәселелер жер реформасы кезінде негізінен шешілген.
Кейінгі жылдары жер инспекциялары «Amanat» партиясы өкілдерімен, прокуратура органдарымен бірлесіп, он миллионға жақын пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтарды. Мұндай жұмыстарды ел қолдап отыр. Жер саласында әділеттік орнауын, сыбайлас жемқорлықтың азаюын жергілікті қарапайым халық бұрыннан күтіп жүр.
Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Дегенмен сол жер учаскелерінің қайтадан кімге, қалай және қандай негізде беріліп жатқаны көптеген сұрақ туғызады. Заңда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері тек жалға конкурс арқылы беріледі деп көрсетілген. Жер кодексінің 43-1-бабында аталған жерлердің беру шарттары белгіленген. Алайда заңнамада және оны жүзеге асыратын қағидасында (ережеде) кейбір кемшіліктер орын алған. Жер учаскесінің құнарлылық жағдайы ескерілмейді. Тек инвестиция көлемі есепке алынады, оның қанша салынғанын кейін тексеріп жатқан жағдайлар аз. Бұрынғыдай тиянақты жоспарланған жерге орналастыру жобасынсыз, жердің табиғи жағдайын, агротехникалық мүмкіндігін, құнарлылығын жан-жақты ескермей (көп аймақта топырақтың құнарлылығының картасы болатынын ұмытқан), жыл сайын орташа алғанда 3 миллионнан астам гектар жер учаскелері шаруаларға конкурс арқылы беріліп жатқаны жөнінде ақпарат құралдары бетінен оқып жүрміз. Әрине, бәрі мақсатты түрде пайдаланылып, өнім алынып, ол жерден жемшөп дайындалып жатса ешкімнің сөзі жоқ. Өкінішке қарай, жоғарыда аталған жағдайда берілген көптеген жер учаскесінің шаруаларға пайдасы аз, өнімділігі төмен. Қайтадан берілген көп жерлердің пайдаланылмай жатқаны да жасырын емес.
Жерге орналастыру жұмыстары Қазақстанда көп жылдан бәсекелестік ортаға берілген, жеке азаматтар және заңды тұлғалар орындайды. Осыдан келіп жерге орналастыру жұмыстарының сапасы өте төмендеп кетті. Себебі бақылау жоқ, бұрын ондай жұмыстың түріне лицензия беріліп, аз да болса бақылауда болатын. Қазір бәрі «жабайы» ортада деуге болады, сондықтан жерге орналастыру жұмыстарының тәртібі мен технологиясы толық орындалып жатыр деп ешкім айта алмайды. Жер саласындағы сыбайлас жемқорлықтың көп негіздерін осыдан іздеу керек. Жер учаскесін бөлгенде, оны пайдаланғанда жан-жақты негізделген жоспар көп жағдайда әзірленбейді, әзірленсе де формалды түрде, екі-үш беттегі еш дәлелденбеген сызбалар (кейде масштабы да сақталынбайды) күйінде болады. Оны тексеруге, маусымды бақылауға штаты шағын комитеттің, өңірлік жер инспекцияларының және облыстар мен аудандардағы уәкілетті органдардың мүмкіндіктері келе бермейді.
Соның нәтижесінде жер учаскелерінің нысаналы пайдалану мақсатын көп жағдайда өзгертіп, бөлшектеп сату үрдісінің, әсіресе қала маңында және жақын аудандарда көбеюі, елді мекеннің шекарасын негізсіз (заңнама тәртіптерін сақтамай) өзгерту арқылы суармалы жерлерді тәлімді (суарылмайтын) жерге ауыстырып құрылыс, заңсыз үй салудың көбейгені жасырын емес. Жерге орналастыру жүйесін толық қалпына келтірмей, бұл үрдіс тоқтайды деп айту қиын. Бұрынырақта Ресейде жердің нысандық мақсатын өзгертуге арналған жеке заң болған, ол бойынша бұл мәселе Үкімет қаулысымен шешілетін. Қазір оны қызмет көрсету орталығының кез келген операторы немесе жергілікті әкімдік мамандарының өздігінен өзгерту мүмкіндігі жоғары. Себебі жер кадастрына толық бақылау аздау, қызмет көрсету орталықтары бастықтарының көбісі жер саласының мамандары емес.
Енді жер кадастры жүйесі мәселесі хақында. Мен тәуелсіз Қазақстанның жер кадастрын ұйымдастырушыларының қатарында болдым. Жер реформасы басталған кезден көп жыл бойы жер кадастры және жер мониторингі басқармасының басшысы қызметін атқардым. Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің негізгі ұйымдастырушыларының қатарында болғанымды да осы саланың мамандары жақсы біледі. Соңғы жылдары жер кадастрының және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің меншік иелері мен пайдаланушылардың аты-жөндерін көрсетіп, ашықтығын қамтамасыз ету мәселесі жиі көтеріліп жүр. Бұл құптарлық мәселе және жер кадастрының мәліметтері ашық және азаматтарға қол жетімді болуға тиіс, аталған қағида заңда көрсетілген.
Сонымен бірге, жерге орналастыру жүйесінің қазіргі жағдайында жер кадастры мәліметтерінің нақтылығын, сенімділігін толық қамтамасыз ету үшін мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін кәсіпорынды (олардың барлық облыстардағы филиалдарын) Корпорация құрамынан шығарып (жерге құжат беретін бір бөлімді операторларымен халыққа қызмет көрсету орталықтарында қалдыру мәселесін қарастыруға болады), орталық уәкілетті органның құзыретіне беру керек және тәуелсіз мамандандырылған мекемеде шоғырландыру мақсатқа сай болар еді. Бұл қолданыстағы заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізуді талап етеді. Тек осындай жағдайда ғана жер кадастрының тәуелсіздігі, мәліметтерінің нақтылығы айқындалып, жер учаскелерінің координаттарын, есептеу кварталдарын өзгерту, шекарасының нүктелерін өзгерту сияқты сыбайлас жемқорлық фактілері азаяды деген сенім бар.
Олай болмаса жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің жағдайы екі ұшты: қағаз жүзінде Жер ресурстарын басқару комитетінің балансында, оған бағынады, ал нақты жағдайда акционерлік қоғам мекемелерінің құрамында. Мемлекеттік жер кадастрының қазіргі жағдайы – «басы» бір мекемеде, «денесі» екінші мемлекетке бағынышты коммерциялық емес акционерлік қоғамда. Жылжымайтын мүліктердің бірыңғай мемлекеттік кадастрын құрумен екі кадастрды бөлу жағдайы бұрынғыдан қиындады. Тек қана жылжымайтын мүліктермен және елді мекендермен байланысты емес ауыл шаруашылығы жерлерінің сандық және сапалық деректер кадастрын бөлу мәселесін қарастыру қажет.
Әрине, соңғы жылдары жер қатынастарын және жер кадастрын жетілдіру бағытында бірқатар қадам жасалды. Деректер электрондық нұсқаға ауыстырылды. Олардың картографиялық координаттық жағдайын әлі де нақтылау керек, бұл әсіресе ауылшаруашылық жерлеріне қатысты. Жер саласы сандық негізге көшті, алайда жер учаскесі мен онда орналасқан жылжымайтын мүліктің координаттарын пысықтау керек, оған қалалардағы жиі болатын жер дауларын есепке алса болады. Қазір бірыңғай жылжымайтын мүлік кадастры базасы енгізілді деп жатыр. Алайда жер саласында сыбайлас жемқорлық фактілері азаймай тұр. Осы себепті жерге орналастыру саласын, жер кадастрын жүргізуді негізгі уәкілетті органға, оның мекемесіне беру қажет. Бұл кезек күттірмейтін мәселе, әйтпесе, бір-екі жылда елімізде жарты ғасырдан астам тарихы бар жерге орналастыру және жер кадастры жүйесі толық жойылады.
Халыққа сапалы қызмет, нақты ақпарат, тиісті құжаттарды тез беруге ешкім қарсы емес. Тек жерге орналастыру жұмыстарын, жер кадастрын жүргізуді тәжірибесі бар кәсіпорын, бір уәкілетті органда жүргізу дүниежүзілік тәжірибе. Бұл тұрғыда көрші Ресей, Беларусь, алыстағы Швеция мен Германияның тәжірибесін зерттеу керек. Жүйесі әртүрлі болғанымен, құрылу принциптері бір. Еліміздің ерекшеліктерін ескеріп, жерге орналастыру жүйесі және жер кадастрын (қазіргі қалыптасқан жағдайды ескеріп, ауыл шаруашылығының сандық және сапалық кадастр деректерін бөліп) жүргізу бір мамандандырылған кәсіпорынға және бір органға бағынып, сонда «орталық сервер» орналасуы тиіс. Орталық уәкілетті органның құзыретін көтеріп, жауапкершілігін заңмен бекіту қажет. Сонда ғана, бұл салада жемқорлық азаяды, пайдаланылмай жатқан жерлердің көлемі кемиді, жерге тәртіп орнатуға бір қадам жасалады. Жер учаскелері жан-жақты жоспарланып (жер бедері, топырақ ерекшелігі, өсетін дақылдар) тиісті әзірленген жобамен берілсе ғана ол жер учаскесі өз мақсатында пайдаланылады. Жерге байланысты көтеретін мәселелер мен басқа да ұсыныстар бар, алайда бәрін бір мақалаға сыйғыза алмайсың.
Бүкіл саналы өміріміз өткен саланың көз алдыңда жойылып бара жатқаны жанға батады. Осы айтылғандардың негізін Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі ескереді деген үміттеміз.
Тұрғанбай ТӘЖМАҒАМБЕТ,
Қазақстан Республикасының Құрметті жерге
орналастырушысы, жер саласының ардагері