• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Қараша, 2023

Ақтау порты көршілер сенімін ақтай ма?

325 рет
көрсетілді

Соңғы уақытта Ақтау теңіз портына алыс-жақын шетелдің назары ауып отыр. Сондағы баршаға ортақ мақсат – Транскаспий транзиттік магистралін жүк тасымалдауда халықаралық орталық дәліз ретінде пайдалану. Мұны жүзеге асырудың жөнін Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында атап айтты.

Кейінгі жылдары экспорты мен импортын арттыра бас­таған көрші өзбек елі әлемде орын алған геосаяси жағдайға орай бұрынғы сауда-саттық бағдарларын өзгертіп, қазіргі күнде алыс-жақын шетелдермен сауда қатынасын арттыру мақсатында Қазақстанның Ақтау теңіз портын өтімді өткел ретінде пайдалануды көздеп отыр. Қазірдің өзінде көрші туысқан елдің сыртқы сауда айналымының дами бастағаны анық байқалады.

Нақты деректерге қарағанда, аталған порт арқылы өткен жылы өзбек еліне және кері қарай 657 жиырма футтық балама (ЖФБ) контейнерлік жүк жөнел­тіліпті. Осы көрсеткіштің нәти­жесі болар, таяуда Ақтау теңіз портының қызметі­мен танысуға Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев бас­таған делегация келіп, қазақ-өзбек іскерлік ынтымақтастығы бағы­тындағы атқарылған жұ­мыстар туралы пікір алмасты.

Делегацияға порттағы ны­сан­дарды аралатып көр­сет­кен «АТСП» ҰК» АҚ басқар­ма төрағасы Абай Түрік­пен­­­баев, Ақтау порты инфрақұрылымының қазіргі мүмкіндіктері туралы әңгімелеп берді. Сөйтіп, Өзбекстанның кө­лік-логистикалық секторы ком­панияларымен өзара іс-әре­кеті жөнінде де баянда­ды. Екі тарапқа да тиімді болған басқосуда Өзбекстаннан жүк тасы­мал­д­ау іс-шаралары қай­та пысық­­талды. Нәтижесінде, ТХКБ тран­зиттік әлеуетін тиімді пай­даланудың оңтайлы нұсқаларын әзірлеуді көздейтін бұрын жа­салған өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде «Өзтемирйулконтейнер» компаниясымен өзара іс-қимыл талқыланды.

Сонымен қатар осыған дейін Ақтау портына Астанада өткен Қазақстан мен ҚХР ше­каралық теміржолдары аралас комиссияларының 32-кеңесіне қатысу сапары аясында басқарма төрағасы Гао Цзиньян бастаған Үрімші теміржолының делегациясы келді. Көрші Қытай елі де Ақтау портының өндірістік қуатымен танысып, ТХКБ мар­шруты бойынша теңіз және теміржол көлігі арқылы өзара іс-қимылды тереңдетуге қызығу­шылық білдірген еді.

Теңіз портының жұмы­сы бұған дейін де бірқатар шет­ел­­дік делегацияның на­зарын аударды. Тамыз айында Қазақстан мен Корея арасын­да­ғы инвестициялық және эко­номи­калық ынтымақтастықты кеңейту шеңберінде Қазақстан Республикасының Пусан қала­сындағы Бас консулдығы Пусан (ВЕРА) қаласындағы эко­но­миканы дамыту агенттігімен бір­лесіп Оңтүстік Корея іскер­лік делегациясының Маң­ғыс­тау облысына сапары ұйым­дас­­ты­рылды. Онда де­ле­га­ция Ақтау теңіз сауда портының өндірістік қызметімен толық танысып, көлік және логистика саласындағы мәсе­­лелерді талқылады.

Ал осы жылдың тамыз айын­да Ақтау портына USAID кеңес­шілер тобының да сапары ұйымдастырылды. Орта­лық Азиядағы сауда бо­йынша USAID (TCA) бағдар­ламасының халықаралық және қазақстан­­дық сарапшылары Ақтау порты­­ның өндірістік-техникалық мүм­кіндіктері және оны одан әрі дамытудың стратегиялық жос­парларымен танысты. Ал жалпы, ТСА сарапшылары келуінің мақсаты ТХКБ өткізу қабілетін дамыту және арттыру бо­йынша Көлік министрлігімен бірлескен Жол картасын іске асыру мәсе­лелерін талқылау болды.

Сондай-ақ Ақтау теңіз сау­да портына Ресей Федера­ция­­сының Қазақстандағы Тө­тенше және Өкілетті Елшісі А.Бородавкин және бүкіл әлем бойынша бірқатар ірі порт­ты салу және пайдалану есебінде тұрған ірі құрылыс және инвестициялық компания – қытайлық China Harbor Engineering Company Limited (CHECK) өкілдері де келіп кеткен еді. Кездесулер барысында «АТСП» ҰК» АҚ басқарма төр­ағасы А.Түрікпенбаев теңіз пор­тының инфрақұрылымдық объектілерімен және өндірістік үдерістерімен, сондай-ақ Ақтау портының өткізу қабілетін жылына 22,8 млн тоннаға дейін, оның ішінде 300 мың ЖФЭ контейнерге дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін даму жоба­ларының жай-күйін таныстырып, айтып берген.