• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Сараптама 02 Қараша, 2023

Киберәлеуеті жоғары елдер

279 рет
көрсетілді

Гарвард университеті жер-жаһандағы киберқуаты мықты 30 елдің индексін жасады. Зерттеуге жауапты мекеме – университет жанындағы Белфер ғылым және халықаралық қатынастар орталығы.

Талдамалық әдістер арқылы жүргізілген зерттеу 30 елдің киберқуатын саралайды. Ин­дексте әр мемлекеттің кибермүм­кіндігін өлшеу үшін сапалық және сандық зерттеу әдісімен 1 мың­нан аса дереккөз бен 29 көр­сеткіш қамтылған.

Жаһандағы мемлекеттер әр­түрлі мақсатқа жету үшін өзі­нің киберәлеуетін тоқтаусыз арттырып келеді. Олардың мақсаты әртүрлі, бірақ бас­тысы – өз ықпалын кеңейту. Сон­дықтан да зерттеушілер әрбір ел киберқуатын ұлттық мүд­десі тұрғысынан қарастыруы ке­рек деп есептейді. Ал жалпы индексте қамтылған мемлекеттер өзі­нің киберәлеуетін келесідей мақ­саттарда қолдануы мүмкін. Олар:

ұлт­тық киберқауіпсіздікті да­мыту; кибер және коммерциялық технология саласындағы білік­ті­лікті арттыру; ақпарат саласын бақылау және басқару; кибернорма мен техникалық стандартты қалыптастыру; қарсыластың инфра­құры­лы­мын бұзу немесе оған залал тигізу; шетелден барлау дерегін жинау.

Геосаяси ахуалдың күрде­лен­уі, әсіресе интернет кеңіс­ті­гін­­дегі қақ­тығыстардың күше­юі се­бе­бінен әлемде киберкоалиция құруға тырысатын мем­лекет­тер көбейіп жатыр. Бұн­дағы мақ­сат – өз мүддесіне сай кибер­ай­мақ жасау арқылы ұлт­тық қауіп­сіз­дік­ті күшейту және жаһандық бәсе­ке­ден қалыс қал­мау.

2020-2022 жылдар аралы­ғын­дағы көрсеткіштер бойынша АҚШ әлі де болса көшбасшы болып тұр. Ақүйдің кибермәселесін жиі талқылайтынын әрі басты назарда ұстайтынын ескерсек, бұл индексте америкалықтардың әлі де алдыңғы мемлекет болары түсінікті. Бұған «Google», «Meta», «Amazon», «Microsoft», «Apple» секілді бірқатар жаһан­дық технологиялық алпауыт ком­­панияның АҚШ-та орналас­қа­­нын қосыңыз.

АҚШ-тың көп саладағы бас­ты бәсекелесі – Қытай елінің ақ­параттық тех­но­логиялар ба­ғы­тындағы дамуы ерекше екені көпшілікке мәлім. Ұлттық киберқуат ин­дексінде Қытай елі екінші орын­да тұр және АҚШ-қа басты бә­секелес. Шығыстағы көр­ші­міздің технологиялар жасау­дағы әлеуетін көріп жүрміз, олар­дың өнімдері әлем бойынша кең таралған. Сондықтан да АҚШ-қа кибержарыста бақталас болатын жалғыз ел – Қытай болар.

Кейінгі үш жылдағы көр­сет­кіштерді талдасақ, Ресей­дің де киберәлеуетін арттырып жатқанын байқауға болады. Бұл мемлекет 2022 жылға қарай Ұлыбританияны басып озып, индексте 3-орынға жайғасты. Көрсеткіштегі үздік 10 елдің арасында ең үлкен үдеріс Аустра­лия­да байқалды. Канберра 2020 жылғы 10-орыннан 2022 жылы 5-орынға көтерілген.

Жалпы, индексте Тынық мұхи­тында орналасқан елдер­дің даму қарқыны жоғары. Аустралиядан өзге бұл қатарға Оңтүстік Корея мен Вьетнамды қосуға болады. Сеул кейінгі үш жылда 16-дан 7-орынға көтерілсе, Ханой 20-дан 8-орынға дейін жоғарылаған. Бұл қос мемлекет даму қарқынын осы қалыпта ұстауы мүмкін. Өйткені оларға көршілес жатқан Қытай мемлекетінен ашылатын 1,5 миллиардтық нарық бар.

Ұлттық кибериндексінде үл­кен үдеріс жасаған елдер қатарына Иран мен Украинаны да жатқызуға болады. Үш жылдық көрсеткіш бойынша Тегеран 22-ден 10-орынға көтерілсе, Киев 29-дан 12-орынға дейін жетіп ең үлкен даму қарқынын көрсетті.

Гарвард университетінің Белфер орталығы жүргізетін индек­сте Қазақстан қамтылмаған. Дегенмен бұл еліміздің кибер­әлеуе­ті төмен дегенді біл­дір­мейді. Ин­декстің зерттеу әдіс­те­ме­сін сараласақ, оның геосаяси ас­тары анық байқалады. Оған қоса отандық ІТ өнімдер мен мамандардың саны да, сапасы да артып жатыр. Бастысы – даму жолынан айнымай, ақпараттық технологияларды тиімді пайда­ла­нуға ден қою.

 

Сүйіндік ҚАБЫЛ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы