Кезекті рейд. Бағытымыз – Батыс Алтай. Облыстық орман және аң шаруашылығы инспекциясына «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясынан орманды алқаптарда заңсыз ағаш кесілгені туралы болжамды ақпарат келіп түсіпті. Анық-қанығына көз жеткізу үшін инспекторлар белгіленген 50 нүктені әуеден шолып қайту үшін жолға қамданған.
Қайбір жылдары Батыс Алтай қорығының қақпасынан қайтқаным болмаса, жықпыл-жырасын, сай-саласын аралап тұрғаным – осы. Оның өзінде Өскеменнен тікұшақпен тіке тартқан едік. Ұшы-қиырына сонау құс қанатынан көз жетіп бермейтін жыныс орманын, құз-қиясын жаяу шарлайтын болсақ, жалғанда тауыспайды екенбіз. Әуеге көтерілгеніміз сол, Черемшанка ауылының желке тұсынан шыға келдік те, қожыр-қожыр тауды жалдай ұшып, шетсіз-шексіз орманды алқаптарды аралауды бастап кеттік. Қарсы алдымда отырған орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Александр Скуратов иллюминатордан көз алмайды. Қырғидай қорып келеді. Құлаған ағаштарды суретке түсіріп, алдында жатқан ақ параққа әлденені жазып қояды. Сұлап жатқан теректерді әр-әр жерден байқадық. Бәрі тегіс адам қолынан құлады деуге әсте болмас. Анау шағыл беткейден жазға салым көшкін түссе керек, жолындағы бұта-қараған, орман-тоғайды жапырған күйі шатқалға апарып нығыздапты. Шаттан айқыш-ұйқыш жатқан су тегін ағаштарды аламын деп ниеттенген күннің өзінде адам аяғы жетпейді. Аяқ жеткенімен, шынжыр табанды трактордың өзі маңайын баса алмас. Құдай сақтасын, мұндай жерде кенеттен өрт шықса, сөндіру мүмкін болмайды екен-ау...
Батыс Алтайдың барқыт белдерін аралай ұшып келеміз. Маужыраған тыныштықты тікұшақтың гүрілі ғана бұзып келе ме десек, олай емес. Төменде бөрене арқалаған көліктер іркес-тіркес құлдилап барады. Өр жағын шиырлап трактор жүр. Инспекторларға қарап едім, бұлар заңды дегендей ишарат білдірді. Заң аясында ағаш тасып жүргендердің бірнешеуін көрдік. Орманшылар болса керек, кейбір тұстарда жер жыртып, көшет егу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соған қарағанда орманды шетінен отай бермейді. Орнын толтырады. Ал күмәнді тұстарды инспекторлар суретке тартып, координатын қолдарындағы картаға түртіп қойды.
Ықтасын беттерге киіздей біткен теректердің сарғайған жапырағы түсе қоймапты. Суретшінің майлы бояумен жазған картинасы іспетті. Биіктеу төбелерді табандай ұштық. Қар бетінде қоянның ойқастаған іздері жатыр. Қоянның ізі деп болжағанымыз ғой, әйтпесе Батыс Алтайда кеміргіштерден бастап құну, сілеусін, құдыр, елік, марал, бұлан, қоңыр аю секілді жануарлар өріп жүр. Өріп жүретіні, қорық аумағында аң аулауға тыйым салынған. Бағана жосып бара жатқан төрт-бес елік пен мүйізі шаңырақтай бұғыны көзіміз шалған.
Тайганы бауырлай келіп, алдымыздан жарқ еткен алаңқайға айналшықтап барып қондық. Өр жағындағы қарағайдан қиылған жалғыз үйдің торайлары тікұшақтан үрікті ме, жан-жаққа тым-тырақай қашты. Картоп қазып жүрген қауға сақал орыстың мұжығы күрегін жерге шанши сала бізге қарай адымдай басты, ұшқыштармен амандасты. Қоршау ішіндегі жұпыны киінген әйел қарбаласқан күйі бізге мойын да бұрмаған. Өркениеттің ауылынан тым-тым алыста бұл үй не істеп отыр екен?! Кержақтардың ұрпағы ма деп қоямын. Білмейміз дегендей инспекторлар да иықтарын қиқаң еткізді. Әйтпесе, меңіреу таудың қойнауына қайдан тап болды?! Сұрақ көп. Уақыт тығыз. Тілдесе алмадық. Амандық тілестік те, көкке қайта көтерілдік.
Алдымыздан асқарын аппақ қар басқан күміс шың менмұндалады. Оны жергілікті халық «Три богатыря» десетін. Аңыз-әпсаналарына сенсек, үш батыр жоңғарлардан қорғану үшін өздерін құрбандыққа шалып, биік шыңға айналыпты-мыс. Қамалдай құз, жартастардың ара-арасында мөлдіреген көл де көп. Солардың бірі – Радон көлі. Қасиетті көлді жетпісінші жылдары Риддер полиметалл комбинатының жұмысшылары жаңа кен орнын іздеп жүріп тауып алған. Көл жанындағы жотаның бүйірінде шахтаның бетондалған босағасы әлі күнге дейін тұр екен. Ол жаққа керек-жарағыңды арқалап бармасаң, көлік жолы жоқ. Көлдің емін пайдаланайық деп ағылатын туристер де сирек көрінеді.
Ал анау көкке мойын созып тұрған дара шыңды риддерліктер «Ивановский хребет» десе, тарихтан хабары бар көнекөз қариялар Қошқарбай асуы дейді. Қошқарбай дей-тұғын батыр жоңғарлар шабуыл жасағанда асу үстіндегі жалғыз аяқ соқпақпен ауылын арғы бетке өткізіп, аман алып қалған екен. Шыңның биіктігі – 3 мың метрге жуық. Баяғыда жазушы Көкей Сақабаев күн жүріп, сонау шыңның ұшар басына жетіпті. Тегі дайындығы мықты болса керек. Әйтпесе қорым тастардан аяқ алып жүру оңай емес екенін жақсы білемін. Содан ұшар басында қолмен қаланған қорым тастарды көріп, Қошқарбайдың бейіті осы маңда деп жорамалдапты. Бір жазбасында: «…шыңның басына шыққанда, жұмбақ қорым менен жарты-ақ шақырым жерден көрінді. Мола емес, табиғи қорым тас. Тек бітімі бөлек. Қолдан жиғандай сандықталып, басқа шоқы жартастардан өзгеше түрде тұр. Қиялыңа болайын, қайран қазақ! Батырыңды ардақтап, Қошқарбайдың бейіті осыдан неге кем болсын, дедің ғой!» деп жазған еді.
Ардагер журналист Уахап Қыдырханның «Алтын ай» повесінде «жотаның үстінде үйілген тас Қошқарбайдың зираты» деген нақты дерек бар. Қошқарбай өз жасағымен қалмақтарды Ойрат асыра қуып тастаған соң, сауыт-саймандарын шешіп тастап, жайбарақат қайтып келе жатады. Сонда ұрыс даласында тірі қалған дөрбіт Төреханның бас мергені жалғыз оқпен Қошқарбай батырды мерт етіпті. Батыр бір оқтық деген осы ғой. Бабамыз көз жұмған жерінде жерленіпті.
Шыңның етегіндегі сай-саланы қуалай Громотуха өзені ағады. Асау өзеннің бастауы да – осы маңда. Төмен жылыстаған күйі Тихая өзенімен қосылып, Үлбіге айналады. (Громотуха, Тихая деп жазып отырмыз, бұлардың да тарихи атауы болуы керек).
Батыс Алтай қорғауға алынғанға дейін бұл жерлерде ағаш кесіп, аң терісін дайындау кәсібінің дәурені жүріп тұрыпты. Төменде солтүстікке қарай сызылып жатқан жолмен жүк көліктері іркес-тіркес Ресейге ағаш та тасыған көрінеді. Орманы бейберекет оталғаннан кейін аңы ауып, аумағының тоз-тозы шыққан. 1992 жылы мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, ресми түрде 86 мыңнан аса гектарды алып жатқан Батыс Алтай қорығы құрылды. Қорықшылар жасақталып, аңшылар мылтықтарын сүйеді. Орман отау да сап тыйылды. Дейтұрғанмен, ұсақ-түйек заң бұзушылықтар болып тұратын шығар. Бірақ жаппай отау жоқ. Тікұшақпен сүзіп өттік. Жайқалған орман.
Қона сала орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Александр Скуратов рейдтің нәтижелі болғанын айтып, әріптестеріне алғыс білдірді. Қолдарын қысып жатып, күмәнді деген бірнеше нүктеге көлікпен қайта барып қайтуымыз керек деп, тапсырма жүктегендей болды.
– Бүгінгі рейдтің мақсаты заңсыз ағаш кесуді анықтау болды. Бес орманшылыққа тиесілі 50 нүктені барлап қайттық. Егер көлікпен немесе атпен шығатын болсақ, бір айда аралап бітпейміз. Тікұшақтың өзімен бес сағат жүрдік. Байқағанымыздай, ағаштарды жел құлатқаны бар, қар көшкіні алып кеткені бар. Бірнеше күмәнді нүктелерді де байқадық. Оны барып тексеріп, көз жеткізуіміз керек, – деді А.Скуратов.
Рейдтік шаралар мұнымен аяқталған жоқ. Ендігі кезекте заңсыз аң аулаудың алдын алу үшін де тексерулер ұйымдастырады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер