Мектептегі орын тапшылығы елімізде өзекті мәселеге айналған. Үш ауысымда лық толып тұратын мектептер мен апатты жағдайда болса да, жұмыс істеп тұрған білім ордалары бар. Жағдайы жоқ мектепте жақсы білім бола қоюы екіталай. Оқушының сапалы, заманға сай білім алуына, әлбетте, заманауи жабдықтар қажет. Дегенмен бұл мәселелер жақын арада шешіледі деген үміт бар. Бұған себеп – тікелей Президенттің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, еліміздегі оқушы орындарының тапшылығын, апатты мектептерді жою және үш ауысымды мектептердің мәселелерін шешу бағытында Үкімет тарапынан жыл сайын мектептерді салуға және жаңғыртуға қаржы бөлініп келеді. Мәселен, кейінгі 3 жылдың өзінде 340 мың орындық 626 мектеп пайдалануға берілген. Осы жылдың соңына дейін 137 700 оқушыны қамтитын 165 мектепті пайдалануға беруді жоспарланған. Бұл – Білім инфрақұрылымдарын қолдау қорының, республикалық және жергілікті бюджеттердің, әлеуметтік бағдарламалар мен жеке инвесторлардың есебінен салынып жатқан нысандар. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты.
Оқушы орны тапшылығы, әсіресе, Астана, Алматы, Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында өзекті. Сондықтан 2023-2024 жылдары ұлттық жоба аясында салынатын 208 жайлы мектептің басым бөлігі аталған өңірлерде бой көтереді.
«Оқушы орындарының тапшылығына байланысты мәселелерді жүйелі түрде шешуге «Жайлы мектеп» жобасы іске қосылды. Ұлттық жоба аясында 740 мың оқушыны қамтитын 369 жаңа мектеп салынады. Мектептердің жобалық қуаты 300-ден 2 500 орынға дейін болады. Бұл мектептер ең алдымен оқушы орны тапшы және аса өзекті апатты мектептердің орнына салынады. Жаңа мектептерді салу кезінде министрлік әкімдіктермен бірге әрбір өңірдің, әрбір елді мекеннің бала санының өсу қарқынына, көші-қон үдерістеріне талдау жүргізіп, соның нәтижесіне арқа сүйеп отырады. Сондықтан жоспарланған жайлы мектептердің басым бөлігі Астана, Алматы қалаларында, Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда облыстарына тиесілі. Бұл өңірлерде оқушы санының ұдайы өсу тенденциясы бар», деді Еділ Оспан.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаровтың айтуынша, ел бойынша бірінші кезекте салынатын 208 мектептің құрылысына қатысты конкурстық рәсім аяқталған. «Пилоттық режімдегі ұлттық жобаны іске асыру аясында мектептерді жобалап, салып, жарақтандырып, дайын күйде тапсыру бойынша мердігерлермен 204 шарт жасалды. Қалған 4 мектеп бойынша шарт жасалып жатыр», деді ол.
Оқу-ағарту вице-министрі Е.Оспан атап өткендей, ұлттық жобаның негізгі міндеттері, ең алдымен, қалалар мен болашағы бар елді мекендерде мектептердің уақтылы іске қосылуын қамтамасыз ету, оқушылар мен педагогтерге қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау, білім беру қызметтерінің сапасын арттыру. Осы ретте Е.Оспан мүдделі тараптар мен қоғамдық ұйымдардың белсенді мүшелерін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысын бірлесе қадағалауға шақырды.
«Министрлік тарапынан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын сапалы іске асыру бойынша бірқатар маңызды іс-шара қолға алынып жатыр. Біз балалар мен оқытушылардың көңілінен шығатын жаңа мектептер салуды жоспарлап отырмыз. Осы жұмысты әкімдіктермен, бірыңғай оператормен және отандық тауар өндірушілермен бірлесе ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жұмысқа барынша қолдау көрсетуге, әдістемелік сүйемелдеуге дайынбыз. Біз қоғамдық мониторингті іске қосуды жоспарлап отырмыз», деді вице-министр.
Сондай-ақ Ғ.Малғаздаров бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде таралған компанияның отандық өндірушілердің жобаға қатысуына кедергі келтіріп отыр деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Бүгінде қызу талқыға түсіп тұрған негізгі мәселеге тоқтала кетейін. Ол – жобаға отандық тауар өндірушілердің қатысуы. Әлеуметтік желіде бізді «отандық тауар өндірушілердің қатысуына кедергі келтіріп отыр» деген ақпарат тарап жатыр. Мұның бәрі өсек-аяң екенін, шындыққа сай келмейтінін мәлімдеймін. «Samruk-Kazyna Construction» отандық тауар өндірушілерді қолдауға міндеттеме алады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы республикалық бюджет және Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқанын жақсы білесіздер. Сондықтан бұл қаржы ел экономикасына жұмыс істеуі керек. Біз мұны толығымен қолдаймыз. Бізден «қандай кепіл бар?» деп сұрайды. Ең алдымен Үкіметтің қаулысында «Samruk-Kazyna Construction» міндеті «Samruk-Kazyna», «Атамекен» палатасы тізіліміне енген және СТ-KZ сертификаты бар отандық тауар өндірушілерден ғана жиһаз өнімдерін сатып алуы керектігі нақты белгіленген. Дайын тізім «Атамекеннің» қарауына ұсынылатын болады. Кәсіпкерлер палатасы ұлттық жобаның талаптарына сәйкес келетін сапалы жиһаз жасауға қауқарлы отандық өндірушілерді анықтап, бізге тізімін ұсынады. Кейін тізім өңірлік білім басқармаларына жіберіледі, онда ұсынылған нұсқалардың ішінен ең жақсы жиһаз түрлері таңдалады», деді Ғ.Малғаздаров.
Е.Оспанның айтуынша, мектеп жиһаздары 100 пайыз отандық өнім болады. Сондай-ақ мектеп жиһаздары отандық тауар өндірушілердің тізімінде тіркелген жеке және заңды тұлғалардан сатып алынады. Жайлы мектептерді салу бойынша жиһаздарға қойылатын талаптар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстанның жиһаз қауымдастығы өкілдерімен бірлесіп келісілген.
«Аталған ұлттық жоба аясында бүкіл жайлы мектеп эргономика талаптарына сай жабдықталады. Бұл жерде қауіпсіздік мәселесі де назарға алынады. Жайлы мектептердің атына заты сай болуын қамту мақсатында министрлік жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Денсаулық сақтау министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Жиһаз қауымдастығының өкілдері бар. Бүгінде талаптар жайлы мектептер салуға жауапты оператор «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясына жіберілді», деді ол.
«Samruk-Kazyna Construction» мәліметінше, жайлы мектептерге қажетті оқушы жиһазын – 91, зертханалық жиһазды – 48, корпустық жиһазды – 98, отыруға арналған жиһазды – 34, металл жиһазды – 47, асханаға арналған жиһазды – 79, мектеп тақталарын – 24, жұмсақ жиһазды 36 отандық кәсіпорын өндіреді.