• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 03 Қараша, 2023

Қазақстан-Мажарстан: Серіктестік жаңа деңгейге көтерілді

278 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Ма­жар­стан Премьер-министрі Виктор Орбанмен шағын құрамда келіссөз жүргізді.

«Атажұртқа оралу әрдайым керемет»

Келіссөз алдында «Ақорда» резиденциясында салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Құр­мет қарауылының басты­ғы Қазақ­стан Президенті мен Мажарстан Премьер-ми­нистрі­не рапорт берді. Екі ел­дің мем­лекеттік әнұрандары орын­дал­ған­­нан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан шағын құрам­да кездесу өтетін залға барды.

Тараптар саяси диалогті нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән бере отырып, қазақ-мажар қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен даму келешегін жан-жақты талқылады.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.

– Құрметті Премьер-ми­нистр мырза, ең алдымен, қазақ жеріне қош келдіңіз! Себебі сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз және Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға ниет танытқаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін бере­тіні сөзсіз. Сондықтан бүгін­гі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Виктор Орбан Қазақстанға шақырғаны және өзіне, Мажарстан делегациясына көр­сеткен қонақжайлылығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс ай­т­ты. Ол екі ел арасындағы сая­си диалог пен өзара тиімді серік­тестіктің деңгейін жоғары бағалады.

– Атажұртқа оралу әрдайым кере­мет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасыр­лар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыс­тырады. Соңғы он жылда біз ын­тымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұм­садық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынты­мақ­таса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе. Мажарстан әрда­йым Қазақстанның сенімді страте­гиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді. Мажарстан мен Қазақстанның байланыстары бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерілді. Сондай-ақ ықпалдастығымыздың, әсі­ресе экономикалық қатынас­тары­мыздың әлеуеті зор, – деді Виктор Орбан.

 

Ынтымақтастық тереңдей түскен кезең

Бұдан кейін Қазақстан Прези­денті мен Мажарстан Премьер-министрі екі мемле­кет­тің ресми делегация­лары­ның қатысуымен кеңейтілген құрам­да келіс­сөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстанның тарихи та­мыр­ластығы және тығыз байланыс­тары бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне негіз болғанын атап өтті.

– Қазақ пен мажар – ежелден сыйластығы жарасқан туыс­тас, достас халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақтан тұтамыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды дамуда. Бұған, құрметті Премьер-министр мырза, сіз өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз бауыр­ласты­ғымызды, өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі те­реңдетуге мүдделіміз. Бүгін­гі келіссөздер екіжақты страте­гия­лық серіктестікті одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстан арасында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жақсы институционалды негіз бар деп санайды. Мемлекет басшысының пікірінше, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес екі елдің сауда қатынастарын дамытуда белсенді рөл атқаруы керек.

– Геосаяси шиеленістерге қарамас­тан, былтыр тауар айналымы 20 пайыздан аса өсті. Таяу болашақта бұл көр­сеткішті 1 миллиард долларға дейін жет­кізуге толық мүмкіндігіміз бар екеніне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Тараптар энергетика, көлік, логис­тика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты салалардағы байланыстарды дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді.

Сонымен қатар келіссөз барысында екі елдің заң шығарушы органдарында жұмыс істейтін достық топтары ар­қылы пар­ламентаралық байланысты ны­ғай­ту­дың маңыздылығы айтылды. Сон­дай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМҰ және түрлі ха­лық­аралық платформа аясындағы өзара ықпалдастықтың келешегі қарастырылды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі елдің гуманитарлық байланыс­тарын нығайту мәселесіне де тоқталды. Бүгін Астана көшелерінің біріне мажар ұлтының көрнекті ақыны Шандор Пете­фидің есімі беріледі. Бұл – Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тығыз достық қатынастардың тағы бір айқын дәлелі.

Өз кезегінде Виктор Орбан құрметпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас Қазақстан халқына алғыс айтты.

– Құрметті Президент мырза! Біз Қазақ­­станға әрқашан ерекше қуанышпен келеміз. Біз мұнда соңғы рет пандемияға дейін болған едік. Сол кездің өзінде екі­жақты қарым-қатынасымыз өте табысты да­мыды. Бірақ коронавирус барлық бай­ланыс­ымыздың қарқынын тежеді. Біз бүгін өзара ықпалдастығымызға тың сер­пін беру үшін келдік. Орта Азия айма­ғында бізді Қазақстанмен ғасыр­лар бой­ғы тарихымыз байланыстыра­ды. Сон­дықтан сіздердің әрбір жетіс­тік­теріңізге қуанамыз. Қазақстан – табысты дамып келе жатқан ғажап ел. Мен әрқашан Қазақстаннан үлкен әсермен қайтамын, – деді Мажарстан Премьер-министрі.

Келіссөз қорытындысы бойынша білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

 

«Достық» орденімен марапатталды

Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанды I дә­режелі «Достық» орденімен марапаттады. Мемлекет басшысы сал­та­натты рәсім барысында Виктор Орбанның екіжақты қарым-қатынас­тарды дамытуға және нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

– Бүгінгі жоғары деңгейдегі сындарлы келіссөздер біздің берік қарым-қаты­на­сымызды тереңдетуге және стра­те­гиялық серіктестікті жаңа деңгей­ге көтеруге тың серпін берді. Халық­тары­мыз арасындағы достық арқауын және өзара тиімді байланыстарды нығай­ту ісіндегі айрықша рөліңізді ескере оты­рып, Сізді I дәрежелі «Достық» ор­дені­мен марапаттау туралы шешім қабыл­дадым. Бұл – зор құрмет пен риза­шылықтың белгісі. Сондай-ақ Қазақстан мен Мажарстанның – достас екі халық бірлігінің әрі өзара сенім мен сыйластыққа негізделген қатынастарды нығайтуға деген ниетіміздің айқын көрінісі. Осы марапат ынтымағымызды одан әрі дамытуға және ортақ игілік жолындағы бірлескен жұмысымызға септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Президент.

Қазақстанның жоғары наградасымен марапаттағаны үшін Виктор Орбан Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серік­тестікті одан әрі нығайтуға бар күшін жұмсауға дайын екенін мәлімдеді.

 

Білім саласындағы байланыс берік

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-ми­нистрі Виктор Орбан келіссөздер қоры­тындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Мемлекет басшысы бүгін Премьер-министр Виктор Орбанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі терең­детуге бағытталған нәтижелі келіс­сөз жүргізгенін айтты.

– Жан-жақты әрі тиімді ықпалдас­тықты нығайту халықтарымыздың мүд­де­сіне сай келеді. Біз бүгін нақты әрі маңыз­ды келісімдерге қол жеткіздік. Әсіре­се екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғай­туға және инвестициялық ынты­мақ­тастықты дамытуға баса мән бердік. Осы орайда тауар түрін көбейтіп, жаңа мүмкіндіктерді пайдалану аса маңызды. Қазір еліміз Мажарстанға құны шамамен 700 миллион доллар болатын 95 түрлі тауар жеткізе алады.  Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша өнім экспорттауға мүмкіндік бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент келіссөз барысында инвестициялық серіктестікті одан әрі жандандыру үшін ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлімдеді.

– Өзара тиімді жобалар тізімі әзірле­неді. Жалпы, осы уақытқа дейін біраз шаруа атқарылды. Жыл соңына қарай Батыс Қазақстандағы «Рожковское» ірі газ конденсатты кен орны ашылады. Онда Мажарстанның «MOL» мұнай-газ компаниясының үлесі 192 миллион доллар болмақ. Сондай-ақ «Globalia» кәсіпорны еліміздің бірқатар аймағында күн энергия­сы стансаларын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 150 миллион доллар. Бұдан бөлек, келесі аптада Астанада екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар тараптар көлік-логистика, атом энергетикасы, су ресурс­тарын басқару, сирек кездесетін металл өндіру бағытындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Мем­лекет басшысының айтуынша, екі ел арасында қаржы саласындағы байланыстар да қарқынды дамып келеді.

– Жақында «Equilibrium Capital» компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығында шетелдік қорларды басқару мәртебесіне ие болды. Бұл – осындай мәртебеге қол жеткізген  Мажарстанның алғашқы компаниясы. Кәсіпорын жасыл энергетика және денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды қаржыландыра алады. Компанияның Қазақстанда 3 инвестициялық қор құруға ниеті бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты қазақ-мажар қатынас­тарының алтын көпірі ретінде атап өтіп, бұл бағытта айтарлықтай жетістіктер бар екеніне назар аударды.

–  Мажар үкіметінің қолдауымен кейінгі 10 жылда Қазақстан студенттері үшін оқу гранттары бөлініп келеді. Көптеген жастарымыз Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Жаңа ғана осы бағдарламаны жалғастыру туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл білім саласындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге жол ашады. Биыл мажар халқының ұлы перзенті Шандор Петефидің туғанына 200 жыл толуына орай бүгін Астанада жаңа көшеге ақынның есімі беріледі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы келіссөз барысында жаһандық маңызы бар мәселелер бо­йын­ша пікір алмасқанын, бұл ретте екі елдің ұс­танымдары ортақ немесе орайлас екенін атап өтті. Президенттің айтуын­ша, екі елдің серіктестігі БҰҰ, Түркі мем­­ле­кет­тері ұйымы, ЕҚЫҰ сияқты құрылым­дар аясында табысты дамып келе жатыр.

Өз кезегінде Мажарстан Премьер-министрі осыдан тоғыз жыл бұрын қазақ-мажар қатынастарын стратегиялық деңгей­ге жеткізу туралы шешім қабыл­дан­ғанын айтты.

– Кейінгі жылдары бұл бағытта көпте­ген нәтижелі іс атқарылды. Екі ел ара­сындағы тауар айналымы едәуір қарқын алғанын көріп отырмыз. Мұны жоғары бағалаймыз. Экономикалық байланыстарды анағұрлым жоғары деңгейге көтеру үшін берік негіз қаладық. Мажарстан халқы сіздермен туыстық байланысы бар екенін біледі. Қазақтар – ортақ тарихымыздың бір бөлшегі. Елдеріміз арасында сая­си дос­тықтан бөлек, экономикалық ық­пал­дас­тық нығайып келе жатқанына қуаныш­тымыз. Біз Еуропадағы теңізге шығатын жолы жоқ мемлекет ретінде көп нәрсені сырттан аламыз. Мажарстанға Ресей мен Қазақстан мұнайы экспортталады. Әзірге мұнай көлемі соншалықты үлкен емес. Әйтсе де тасымалдау арнасы бар. Бұл – еліміздің қауіпсіздігі тұрғысынан өте маңызды қадам, – деді Виктор Орбан.

Сонымен қатар Виктор Орбан Мажар­­стан компанияларының Қазақ­станда мұнай-газ, жасыл энергетика жобаларын бірлесе жүзеге асыруына және атом саласына маман даярлау ісіне атсалысуына мүмкіндік жасағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.