Қазақта кішкентай балаларға арналған салт дәстүрлер жетерлік. Соның бірі - Бәсіре атау. Ата-бабаларымыз балаға бәсірені не үшін, қалай атаған?
Бәсіре - сүндет тойының алдында ұл балаға арнап тай немесе құлын атап қою рәсімі. Бәсіре атағанда кішігірім той жасалған. Қазақ ішінде кырғыздармен этномәдени байланыс барысында бәсіре мал, баланың бәсіресі деп аталатын ұғымнан ауысқан деуге негіз бар. Орта жүз бен Кіші жүзде «балаға мал атадық», «балаға ат болсын» деп берер малына ен салады. Көбінесе, бәсірені бала ат жалын тартып міне бастаған 7-8 жас кезінде, мүмкіндігіне қарай, жүйрік, жорға шыққан тұқымнан құлын таңдайды. Бәсіре негізінен, жылқы малынан аталғанымен, кейбір кезде қозыны да атаған. Бәсіре малға ен салып, үнемі қадағалап жүреді. Бәсіре малдың басына түскен ауыртпалығы (ауруы, ақсауы, тау-тастан құлауы) арқылы баланың ілгеріде бақытты, бақытсыз боларын жорамалдап ырым еткен.
Наным бойынша, баланың болашағы оның бәсіре тайымен тығыз байланысты. Сондықтан ондай тайды мінбейді, жекпейді, соймайды, сатпайды. Қайта баламен бірге бұла етіп өсіреді. Өзінің атаулы малымен бірге өскен бала еркін болып, кішкентайынан мал қадірін біліп, шаруаға икемді келеді.
Сондай-ақ ұзатылған қыз 2-3 жылдан соң баласын, көбінесе тұңғышын ертіп төркініне барғанда, алғаш табалдырығын аттап кірген жиен нағашысынан бәсіре алмаса, оны өскеннен кейін өсімімен қоса алуға құқы болған.