• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Заң 06 Қараша, 2023

Он заңға өзгеріс енгізіледі

200 рет
көрсетілді

Жақында өзгертулер мен толықтырулар енгізілген «Қоғамдық бақылау туралы» заңның негізгі новеллалары түсіндірілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров жан-жақты баяндап берді. Оның айтуынша, қоғамдық бақылау мәселелері бойынша он заңға өзгерістер енгізілген.

Заң отандық және халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленген. Құжат елімізде қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу­ге бағытталып отыр.

«Халықаралық сарапшылардың қатысуымен 50-ден аса жұмыс топ­тары­ның отырысы өтті. Халықаралық тәжі­рибе барынша талқыланды», деді Д.Қадыров. Спикердің айтуынша, қоғамдық бақылаудың негізгі қағидат­тары ретінде заңдылық, жариялылық, ашық­тық және қоғамдық бақылау субъек­тілерінің ерікті қатысуы мен тәуелсіздігі бекітілген. Сондай-ақ құжатта азаматтар қоғамдық бақылауды жүзеге асыра алатын қоғамдық бақылау объектілерінің тізбесі айқындалған. Оларға барлық жергілікті атқарушы және орталық атқарушы орган, сонымен бірге квазимемлекеттік сектор, орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындау­шылар, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдары кірген.

Бұдан бөлек, заңда қоғамдық бақы­лауға қатысу шарттары да айқындал­ған. Қоғамдық бақылауды іске асыру­ға 18 жасқа толмаған, өтелмеген сотты­лығы бар, наркологиялық немесе психонев­роло­гиялық диспансерде есепте тұрған адамдар жіберілмейді.

Айта кету керек, Қоғамдық бақылау және әкімшілік рәсімдер мәселелері бойынша еліміздің 3 кодексі және 10 заңына өзгерістер енгізілді. Қазір осы заңдарды іске асыруға бағытталған 16 нормативтік құқықтық акті даярланып, құзыретті мемлекеттік органдармен келісу жүргізіліп жатыр. Соның ішінде Петиция институты заңмен реттелген алғашқы платформа болғалы отыр. Заңда отандастарымыздың электронды форматта және жазбаша түрде де петиция беру мүмкіндіктері қарастырылмақ.

«Әкімшілік-рәсімдік кодексте петиция беру және қараудың рәсімдері жеке қосымшамен реттеледі. Республикалық басқару нысанын, әкімшілік-аумақтық құрылымы және шекараларды өзгерту, сот төрелігі, рақымшылық, Ұлттық қауіпсіздік және басқа мәселелер бойынша петиция­лар беруге мүмкіндік болмайды», деп нақтылады Д.Қадыров. Сондай-ақ петицияларды қарау тәртібіне де тоқталып өткен ол: «Петицияны аудандық жерде қарастыру үшін 2,5 мың адамның қолдауы керек болады. Ал Үкімет қарайтын болса, ол жерде 50 мыңнан аса қолдаушысы болуы керек. Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган бірқатар іс-шара жүргізіп, жұмыс топтарын құрады. Қоғамдық талқылау жасайды. Халықаралық тәжірибені зерделейді. Содан кейін шешім шығарады», деді. Бұл ретте петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана бере алады. Алайда қажетті қолдау көлемін жинай алмаған петициялар да назардан тыс қалмайды. Оның айтуынша, шекті мәнге жетпеген петициялар үндеу ретінде қарастырылып, әкімшілік-рәсімдік кодекс бойынша қаралмақ.