Еліміздің әр өңірінен, әсіресе ауылдардан, алыс-жақын шетелдерден келген білім саласының қызметкерлері Астанаға ат басын бұрды. Мұның себебі «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ұйымдастырған «Ауыл мектебінің өркендеуі – қоғам игілігінің кепілі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядан өздеріне керегін алып, тың тәжірибесін бөлісу еді.
Ауқымды жиынға Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева, NIS басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев және педагогтер қатысты.
Конференцияның ашылуында сөз алған Тамара Дүйсенова білім саласында кейінгі жылдары іске асырылып жатқан бағдарламаларға тоқталып, ауылдарды дамытуға арналған жобаға сәттілік тіледі.
– Білім сапасын көтеру мақсатында қазір елдегі үздік мектептердің тәжірибесін өзге білім мекемелеріне тарату ісі жүргізіліп жатыр. Оның өзегінде «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы тұр. Қазірде оған 80 мектеп қатысып жатыр. Екінші кезеңде 200-ге тарта білім ошағы қамтылады, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Ә.Жанғозин 330-дан аса ауыл мұғалімінің басын қосқан ауқымды конференцияның маңызын атап өтіп, жобаның ұлттық деңгейде іске асырылуына қолдау білдірген серіктестерге алғысын білдірді.
– Екі күндік халықаралық конференцияның маңызы ерекше. Өйткені шара аясында спикерлер тек білім беруге ғана емес, тәрбие үдерісіне, оқушылардың әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелерді талқылайды. Биылғы оқу жылынан бастап 80 ауылдық мектеппен Назарбаев зияткерлік мектептері тығыз байланыс орнатып жатыр. Бүгінгі іс-шара сол жұмыстардың жалғасы, – деді Ә.Жанғозин.
Ұйымдастырушылардың дерегінше, қазір жоба аясында 2 400-ге жуық педагог біліктілігін арттырған. Соның нәтижесінде педагогтердің кәсіби сенім деңгейі 15 пайызға өскен. Ал тірек мектептердегі оқушылардың сабақты меңгеру көрсеткіші 38%-ға артқан.
– Бүгінгі таңда «Қазақстан халқына» қоры білім саласында 9 қайырымдылық жобаны жүзеге асырып келеді. Қордың аталған саладағы жобаларға қолдау білдіруі – сапалы білім алу үшін жағдай жасаудың үлгісі, балалық шаққа салынған инвестиция. Біздің ойымызша, тұрғылықты жеріне қарамастан, әр бала осында және қазір білім алу үшін тең мүмкіндіктерге ие болуы керек. Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ұйымымен бірлесіп іске асырылып жатқан осы жоба – соның айқын дәлелі, – деді Ләззат Шыңғысбаева.
Айта кетейік, екі күнге созылған конференцияда мұғалімдерге Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің құрметті профессоры Колин Маклафлин, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Күләш Шәмшидинова, Нидерландтағы Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) атқарушы директоры Джейн Ларссон, Ұлыбританиядағы Anglian Learning Multi Academy Trust компаниясының негізін қалаушы Кейт Эванс, литвалық психиатр Дарюс Радкявичиюс және білім беру саласының өзге де танымал шетелдік және отандық сарапшылары өз зерттеулері мен баяндамаларын ұсынды.
Педагогикалық жиын барысында ауыл мұғалімдері отандық және шетелдік авторлардың кітаптарымен танысты. Кембридж университетінің құрметті профессорлары Колин Маклафлин, Лиз Винтер және Наталья Яковец редакциялаған «Mapping Educational Change in Kazakhstan» кітабы мен Дүйшөн Шаматов пен Әйгерім Әлиасқардың «Білімге құштарлық», сондай-ақ ағылшын тілінде жазылған тұңғыш қазақ романының авторы Ғабит Бекахметовтің «Barsa Kelmes: The Nomads Return» туындысының таныстырылымы өтті.