Отандық жас ғалымдардың бүгінгі аяқ-алысы көз қуантып, көңіл көншітерліктей. Әр салада тың зерттеулер жасап жүр. Соның бірі – су саласындағы жаңашылдықтар.
Экологтер елімізде болашақта су тапшылығы болатынын дабыл қағып ескертіп жүр. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай Қазақстан су ресурстары қорларының шамамен 50%-ын жоғалтады. Мұны ел ғалымдары мәселе қылып көтеріп, шешім іздеп жатыр. Мысалы, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары су тапшылығы мен құрғақшылықтан құтқаратын инновациялық тың технология ойлап тапқан. Оның ішінде жаңбырды қажетті мөлшерде жауғызып, климатты реттеуге мүмкіндік беретін технология да бар. Бұл әдіс Иран, Пәкістан сынды мемлекеттердің шөлейтті аймағында жиі қолданылып, жақсы нәтиже берген. Осы технологиядан кейін жауын-шашын күткендегіден әлдеқайда артқан. Жоба жетекшісі Алтай Айнабеков озық технологияны Шымкентте сынақтан өткізді.
– Атмосфераға теріс зарядты иондарды жіберіп, ашық аспанға будақ бұлттарды жинауға болады. Нәтижесінде, жаңбырды қажетті мөлшерде жауғызып, климатты реттеуге мүмкіндік туады. Жоғары көтерілетін толқын жасау арқылы антициклонды бұза аламыз. Сосын сол жерге циклон жасап, қысымды түсіреміз. Сонда өзінен-өзі ылғал тартыла бастайды. Негізі климатты жай өзгерту керек. Сонда апаттық жағдай көп болмайды. Біз бұл әдіс арқылы жаңбырды керек жерге жаудырып отырамыз, – дейді Алтай Айнабеков.
Бүгінде отандық ғалымдар қуаңшылыққа қарсы небір заманауи қондырғылар мен зерттеулер жасап, сынақтан өткізіп жүр. Техника ғылымының докторы Нағима Жақыпбекова Грузия және Армения зерттеушілерімен бірге су көздерін цеолит қоспасымен қайта өңдеу технологиясын енгізуді жоспарлап отыр. «Суды тазалаған кезде біз арнайы металдарды қосамыз. Сонда су ішуге жарамды болады. Ал тұзды суларды тұщы суға айналдыратын да әдістеріміз бар», дейді ғалым.
Торайғыров университетінің химия және химиялық технологиялар кафедрасының зерттеуші ғалымы, PhD Иван Раделюк «су ізін» азайтуды пайдаланып, бірыңғай сапаға дейін тазартып, өнеркәсіптік кәсіпорындардың ағынды суларын қайта пайдалану мүмкіндіктерін есептеп жүр. Жас ғалым өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға қауіп-қатерін бағалауға бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатыр. Зерттеуге тұщы су тапшылығы мәселелері мен су ресурстарының атмосфералық ауа сапасының жай-күйі негіз болған. Бұл модельдеу дәстүрлі факторлардан басқа қолданыстағы және ұсынылатын тарифтер, инфрақұрылым жағдайы, электр энергиясының шығындары мен одан өзге де әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шеше алады.
Ал археолог-ғалымдар Қазақстанның аридтік аймақтарын сумен қамтамасыз ету әдістерін зерттеуді бастады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Тарих факультетінің археология, этнология және музейтану кафедрасы «Қазақстанның аридті аймақтарын сумен қамтамасыз етудің дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тәсілдер» атты ауқымды зерттеудің ғылыми жобасын жүзеге асырды. Жобаның өзектілігі – дәстүрлі мал шаруашылығына қатысты еліміздің аридтік аймақтарындағы судың рөлі. Негізінен елімізде суды алу және сақтау әдістері әлі күнге дейін жүйелі түрде, толықтай зерттелмеген. Құдықтарды, дренаждық құрылғыларды, суды пайдалану арқылы су берудің дәстүрлі әдістерінің тарихын зерттеу этнология және археология ғылымы үшін маңызды. Бұл жобаның ғылыми жетекшісі – археология, этнология және музейтану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Қартаева. Зерттеушілердің айтуы бойынша үш жыл ішінде ғылыми-зерттеу, далалық, кеңсе және зертханалық жұмыстар жүргізілді. Көне және белсенді су қоймалары мен су сақтау туралы барлық ақпарат талданып, жергілікті құжаттар мен сұхбаттарды талдау арқылы этнологиялық деректер жинақталған. Гидрологиялық, экологиялық және археологиялық контекстер зерттеліп, зертханалық талдау үшін үлгілер алынған.