Баланың бақшаға баратын шағы – жауапты кезең. Өйткені ол қоғаммен енді араласа бастайды. Дәл осы сәтте баланы тәрбиелеу жұмысы жүйелі жүргізілуі қажет. Осыған байланысты Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы Президент орталығымен бірлесіп, «Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытудың заманауи үрдістері» атты «QARLYGASH-2023» II халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.
Конференцияда таяу және шетелдердің жоғары оқу орындары мен ғылыми-практикалық орталықтарының өкілдері, мектепке дейінгі білім беру саласының жетекші сарапшылары мен педагог-практиктері бас қосып, мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеуге қатысты көзқарастарын ортаға салды. Президент орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова атап өткендей, мектепке дейінгі балалық шақтың өзіндік құндылығы осы кезеңнің бірегейлігінде жатыр. Онда жеке мәдениеттің негізі, алғашқы идеялары, таным тәсілдері, табиғи және әлеуметтік ортамен өзара іс-қимыл тәжірибесі қалыптасады. Болашақта олар дамиды, тереңдей түседі, бірақ ең басты дүниенің бәрі өмір жолының бастапқы сатысында қалыптасады.
«Бүгінде өскелең ұрпақтың бойына тарихи білімді қалыптастыру және дамыту, мәдениетімізге деген құрмет пен терең патриоттық сезімдерді қалыптастыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеуге ерекше назар аударылады. Сондықтан Президент орталығы өзінің білім беру бағдарламасына «Атамекен» арнайы жобасын енгізді. Оның негізгі идеясы – бастауыш мектеп жасындағы балаларды туған өлкенің мәдениетімен таныстыру, жүйелі білім қалыптастыру, отбасы мен мектепте Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Бұл жоба аясында жыл сайын 1 мыңға жуық бала, ата-ана мен педагогтер қатысатын түрлі форматтағы іс-шара өткізіледі», деді Б.Қайыпова.
Конференцияның пленарлық отырысында Балаларды дамыту институтының директоры Манар Адамова, Ресей ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары Игорь Шиян, психология ғылымдарының докторы Мануель Мартинез, медицина ғылымдарының докторы, психиатрия кафедрасының клиникалық доценті Мехмет Каятекин, Малайзия қалалық университетінің Білім және гуманитарлық зерттеулер факультетінің аға оқытушысы Зурайми Нурдин, Өзбекстан Республикасы мектепке дейінгі және мектептік білім министрлігі Мектепке дейінгі білім беру агенттігінің басқарма басшысы Ирина Грошева, педагогика ғылымдарының докторы Лариса Круглова баяндама жасады.
«Қазір Қазақстанда әлемдік білім беру кеңістігіне бағдарланған жаңа білім беру жүйесі қалыптасып жатыр. Бұл үдеріс оқу-тәрбие қызметінің педагогикалық теориясы мен практикасындағы елеулі өзгерістермен қатар жүреді. Жаңа буынның оқу материалдарын дайындаудағы инновациялық тәсілінің, олардың функциялары мен білім беру практикасында қолдану тәсілдерінің өзгеруі – білім беруді жаңғыртудың құрамдас бөліктерінің бірі. «Қарлығаш» балабақшасы – балалардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы және жақсы жағдай жасалған еліміздің алдыңғы қатарлы мектепке дейінгі ұйымдарының бірі. Балабақшаның басты міндеттерінің бірі – мектепке дейінгі білім берудің заманауи сапасын қамтамасыз ету, оның іргелі және жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің өзекті қажеттіліктеріне сәйкес келуі», деді Президент Іс басқармасы Медициналық орталығы басшысының орынбасары Людмила Бюрабекова.
Конференцияның «Инклюзивті білім: теория және практика», «Балалардың ерте дамуы», «Мектепке дейінгі білім берудің үздік тәжірибелері» тақырыбындағы секциялық жұмысына Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстық білім басқармалары мен бөлімдерінің өкілдері, кәсіпорынның әлеуметтік әріптестері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Астана халықаралық университеті, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, Астана қаласы бойынша кәсіптік даму институты, Балаларды ерте дамыту институты, Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы, «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясы, БҰҰ Балалар қоры белсенді қатысып, шеберлік сыныптар аясында әдістемелерін ұсынды.
Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім департаменті директорының міндетін атқарушы Гүлнар Ысқақованың айтуынша, қазіргі уақытта ата-аналардың әлеуметтік сұранысы өзгерген. Бұрын ата-аналар үшін денсаулық сақтау және бала күтімі маңызға ие болса, бүгінде баланың дамуына да көбірек ден қояды.
«Біз мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың ауқымды өзгерістері мен жаңғыруының куәсі болып отырмыз. Бұл, өз кезегінде, мектепке дейінгі ұйымның педагогіне жаңа талаптар қояды. Мұнда қарапайым тәрбиешіге емес, кәсіби жетілген мұғалімге деген қажеттілік туындайды. Кәсіби даму және жеке өсу мүмкіндігін кеңейту үшін, сондай-ақ бірыңғай талаптарды әзірлеу мақсатында Оқу-ағарту министрлігі педагогтің кәсіби стандартын бекітті. Онда мектепке дейінгі білім беру педагогінің кәсіби құзыреттері айқындалды», деді Г.Ысқақова.
Сондай-ақ балабақша директорының орынбасары Алма Қарабаева: «Біз өз тарапымыздан білім сапасын көтеруге, өзгертуге үлесімізді қосқымыз келеді», деп атап өтті.
Мектепке дейінгі ұйымдардың практикасына қатысушылар конференция қорытындысы бойынша тақырыптың маңыздылығын және іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, ғылыми ынтымақтастыққа әрі осындай кездесулерді жалғастыруға ниет білдірді.