Биыл Шымкентте экономикалық тергеу департаменті жалған энергетикалық сусындар шығаратын жасырын цехты анықтады. Дәл осындай жағдай мұның алдында да болған. Департамент ыдыс-аяқ жуатын химиялық тұрмыстық зат жасау бойынша экономикалық қылмысты әшкере еткен еді.
Қазіргі таңда бірінші іс бойынша тергеу жүріп жатса, екінші істе жазықтылар жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге былтыр құзырлы орган 3 қаржы пирамидасының жолын кескен. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Камилхан Исмаилов брифингте айтып берді.
Маманның пікірінше, жұртшылықтың қаржы пирамидасының қақпанына түсуінің бірден-бір себебі – бұл сала жөнінде сауатының болмауы. Жұрт бар жиған-тергенін пирамидалық ұйымдарға салып, пайдаға белшесінен батып қаламыз деген дәмемен алданады. Алайда құзыретті орган өкілі депозитке ақша салу тек лицензиясы бар екінші деңгейлі банктер үшін ғана рұқсат екенін айтады. Ал қаржылық пирамида құрушыларда лицензия деген атымен болмайды.
«Алаяқтар уатсап желісінен топ ашып, «6 мың теңге салыңыз да, соңыңыздан 6 адамды кіргізіңіз, олардың әрқайсысынан 2 мың теңгеден пайда көресіз» деген сияқты жарнамамен адамды қызықтырады. Оңай олжа тапқысы келгендер әдемі сөздерге бірден елітіп қалады. Қазір елімізде қаржы пирамидасымен жұртты сазға отырғызғандарға заң күшейіп келеді. Мәселен, осы іспен құрықталғандардың мүлкі тәркіленеді, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тіпті қаржы пирамидасын жарнамалағандар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Биыл экономикалық қылмыс жасаған бір азамат 6 жыл 8 айға сотталды. Ол да салымшылардан ақша жинап қаржы пирамидасын құрған. Жалпы, қаржы пирамидасының негізгі белгілері бар. Соның ішіндегі ең бастысы – алдын ала депозит ретінде салымшылардан ақша жинау. Ал мұндай қызметті атқару тек мемлекеттік лицензиясы бар екінші деңгейлі банктер ғана жүзеге асырады», деді экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы.
Осы тұста мынадай бір сауал туындады. Бүгінгі таңда не көп, желілік маркетинг көп. Олар да соңыңнан адам кіргізесің, ақша салып затымызды аласың деп шарт қояды. Сонда бұл да қаржы пирамидасының бір түрі ме? Бұған қатысты маман желілік маркетинг қаржы пирамидасы ма, жоқ па дегенді департаменттің ішіндегі уәкілетті орган анықтайтынын айтты. Басты талап шағымның болуы екен. Яғни желілік маркетингтен зардап азамат болса, экономикалық тергеу департаментіне арыз түсіре алады.
Бүгінге дейін мегаполисте экономикалық қылмыс бойынша 96 іс департаментте тіркелген болатын. Оның басым бөлігі сотқа жолданды да. Сонымен бірге қаржы пирамидасын құрды деген айыппен 5 іс тергеуде жатыр. Одан бөлек, департамент қаржылық алаяқтықпен ашылған мыңдаған сайтты бұғаттаған. Экономикалық қылмысқа қарсы күрес қалада тоқтаусыз жүріп жатыр. Адамдардың алаяқтар қармағына ілініп қалуы қаржылық сауатсыздыққа келіп тіреледі. Дегенмен халықтың қаржылық сауатын арттыру бойынша мегаполисте ілкімді қадамдар баршылық екен.
Бұл жөнінде ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қаржы нарығын зерттеу және дамыту агенттігінің Шымкенттегі өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Әбілғазы Қалназаров баян етті. Маман мәлімдегендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы мегаполисте сәтті жүзеге асырылып жатыр. Түрлі қаржылық қиындықтарға тап келген азаматтар партия өкілдігіне келіп керекті кеңес ала алады. Сондай-ақ айлықтан-айлыққа дейін пайызы жоғары несиелер беретін қаржылық ұйымдардың қызметіне шектеу қоятын заң ережесі қарастырылып жатқанын жеткізді басқарма басшысы.
Бүгінгі таңда қоғамда өзекті болып отырған проблеманың бірі – азаматтардың несиелік қарызға батуы. Мемлекет өз тарапынан «көрпеге қарап көсілуге» шақырып, тиісті шаралар қабылдап-ақ жатыр. Мәселен, соның бірі ретінде қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша 2020-2024 жылдарға арналған Үкімет қабылдаған тұжырымдаманы айтуға болады. Тұжырымдама цифрлық коммуникациялық құралдар арқылы халықтың қаржылық сауатын ашудың іс-жоспары қамтылған. Әсіресе мектеп оқушылары мен студенттерге қаржыны дұрыс басқаруға үйрету мәселесіне ерекше басымдық берілген. Өз кезегінде маман алдағы уақытта жұмыс істемейтін жастарға онлайн түрде қазіргідей банктен оп-оңай несие ала салу мүмкін болмайтынын айтады.
ШЫМКЕНТ