• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Сараптама 08 Қараша, 2023

Жаһанның «жасыл» қабілеті

111 рет
көрсетілді

Жер шарындағы өзгеріп жатқан климат, яғни жаһандық жылу, табиғи экожүйенің бұзылуы, озон қабатының жұқаруы, атмосфераның, әлемдік мұхиттың ластануы, қоқыстың көбеюі – қазір әлемдегі күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырыптар. Бұл мәселелер бойынша түрлі зерттеу жүргізіліп, есептер жазылды. Солардың бірі – қолданушыларға кәсіби бағытта пайдалы бола алатын «LinkedIn» компаниясы жүргізген зерттеу.

Компания қызметкерлері 774 миллион қолданушының деректерін зерттеген. Нәти­жесінде, қазіргі таңдағы жұмыс берушілер арасында «жасыл» қабілеттерге бейімі бар маман­дарға сұраныстың жоғары еке­нін анықтап отыр.

Мәселенің өзектілігіне кеңі­рек тоқталудың қажеті жоқ болар. Өйткені оны көрер көз де, естір құлақ та танып-біліп жүр. Дегенмен, БҰҰ сарап­шыларының климат өзгерісіне қатысты соңғы жарияланымына назар салған жөн болар. Мамандардың пікірінше, алдағы он жылдықтағы біздің іс-әрекетіміз болашақ ұрпаққа бұл әлемнің жарамды болар-болмасын анықтап береді. Оның ішінде парниктік газдарды азайту – кезек күттірмес мәселе және бұл жаһандық мәселеге қатысты дұрыс әдіс тапса, экономиканы да, экологияны да жақсартуға болады.

«LinkedIn» зерттеушілері жаһанның экологиялық мәселе­сін шешуде жұмыс күшінің «жасыл» қабілетті болғанын, яғни табиғатқа зиянын келтірмейтін, сондай-ақ қоршаған ортаның жақсаруына үлес қоса алу бі­лік­тілігі маңызды рөл ат­қар­мақ. Компания ғалымдары­ның пікірінше, «жасыл» қабі­лет­тер ақпараттық технологияларды игеру секілді әр қызметкердегі білім ретінде сұраныста болуға тиіс. Компания қыз­мет­кер­лерінің түсінігінде эколо­гия­­лық сауатты мамандар арқылы жерді сақтау тиімдірек болмақ.

Миллиондаған қолданушы­ның кәсіби профилін зерттеген ғалымдар «жасыл» қабілеттерге ден қойып жатқан өндіріс саласы бар екенін анықтаған. Десек те, қазіргі бар көрсеткіш әлемге керек мөлшерден әлдеқайда төмен.

Барлығы 48 мемлекетке қатысты жүргізілген зерттеу барысында «жасыл» қабілетті игеру де, «жасыл таланттарға» сұраныс та артқанын анық аңға­ру­ға болады. Былтырғы көрсет­кішпен салыстырғанда биыл «LinkedIn»-дегі профилінде кемінде бір «жасыл» қабілет­ті игергенін көрсеткен қол­дану­шылардың саны 12,3 па­йызға артқан. Ал кемінде бір «жасыл» қабілет болуын талап ететін бос жұмыс орнының саны 22,4 пайызға көбейген. Яғни бұл жұмыс берушілердің экологияға байланысты саясатын күшейткенін аңғартады. Сондай-ақ мамандар «жасыл» қабілетті игеру арқылы өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады. Бұл үрдісті дәлелдейтін тағы бір факт – «LinkedIn»-де кемінде бір «жасыл» қабілеті бар маман өзгелерге қарағанда 29 пайызға көбірек жұмысқа алынады.

Ғалымдардың байқауын­ша, «жасыл» қабілеттер экономи­калық мәселелер кезінде өзек­тілігін жоғалтпайды. 2022 жыл­ғы ақпан мен 2023 жылғы ақ­пан арасында әлем бойынша жұ­мысқа алу көрсеткіші төмен­десе, экологиялық білігі бар маман­дардың қызметке кірі­суі кері­сінше көбейген. Сондай-ақ дү­ниежүзілік пандемия бастал­ған 2020 жылғы наурыздан бастап «жасыл» қабілеті бар адамдар, мұндай білімі жоқ­тармен салыстарғанда жұ­мыс­қа ұсынысты көбірек алған екен.

Дегенмен, бұл көрсеткіштер әлемде орнықты саясат орнады деген түсінікке негіз бола ал­майды. «LinkedIn»-дегі дерек­тер­ді талдай келе, «жасыл» қабі­­леттер әрбір сегізінші қыз­мет­­­к­ерде бары анықталды. Я­ғни әлемнің 48 елінде жұмыс іс­тей­тін 8 адамның 7-еуі бірде-бір «жасыл» қабілет игермеген. Жал­пы, зерттелген жұмыс сала­лар­ының ішінде «жасыл» қабіл­ет­терді қамтитыны 10 па­йыз ғана.

«LinkedIn» компаниясының зерттеуін қорытындылай келе, экологиялық сауатты арттыру, «жасыл» қабілеттерді игеру маманға бәсекеге қабілетті болуға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға көмектесетінін анық аңғаруға болады. Сондай-ақ оның басты құндылығы ретінде жер шары климатының сақталуына қызмет етуін атап өтуге болады. Өйткені әлем – біздің ортақ үйіміз, ол болашақ ұрпаққа да пана болуға тиіс.

 

Сүйіндік ҚАБЫЛ,

Қазақстан қоғамдық

даму институтының сарапшысы