Осыған дейін 3-6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізгенімізге қуандық. Алайда балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен 2 жастан қамту мәселесі алға шықты. Өйткені мектеп жасына жетпеген балалары бардың басым бөлігі – жас отбасы, ал бас қосқанына көп болмаған ерлі-зайыптылардың көбі ипотекаға байланған. Мұндай жағдайда оларға ұзақ жыл 1 адамның жалақысымен күн көру қиын. Сол себепті де аналар арасында декреттік демалыста ұзақ отырмау, баласын ерте жастан балабақшаға беру үрдісі белең алып барады. Бірақ елімізде сәбилерді қабылдайтын мектепке дейінгі ұйымдар тапшы.
Ғазиза Кемелқызы – үш бала тәрбиелеп отырған ана. Қостанай облысында тұратын оның күйеуі көрші ауылға қатынап жұмыс істейді. Өзі 1,5 жасар бөпесімен үйде отыр. Жұмысқа шыққысы келеді, бірақ баласын беретін балабақша жоқ.
– Бір жалақыға үш бала, екі ересектің күн көруі қиын. Бөпемнің 1,5 жасқа дейінгі жәрдемақысы тоқтады. Әйтеуір онысы өзінің жөргегін, қосымша тамағы мен киіміне жарап жататын еді. Енді жұмысқа шықпасам болмайды. Шығайын десем, ауылымыздағы жалғыз балабақша баланы 3 жастан бастап қана қабылдайды. Енді балам 3-ке келгенше жұмысқа шықпай, үйде отыратын болсам, қарызға батамыз. Оны қаламаймын. Амалсыз бала күтуші іздеп жатырмын, олардың өзі ауылдық жерде таңнан кешке дейін қарағанға 70-80 мың теңге сұрайды. Сонда жалақымның жартысын соған беремін. Ал балабақша болғанда күтушіге қарағанда әлдеқайда аз төлер едім. Ауылымыздағы балабақшаға бір балаға 15 мың теңге алады, – дейді Ғ.Кемелқызы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында: «Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан көбі ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды», деген еді.
Мектеп жасына дейінгі балалар саны жыл сайын бала туу мен көші-қон жағдайына байланысты артып келе жатқаны байқалады. Бүгінде 2-6 жас аралығындағы 26 952 бала кезекте тұр. Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балаларды ерте дамыту институтының директоры Манар Адамова елімізде мектепке дейінгі ұйымдарды көбейтудің бірнеше тетігі қарастырылғанын айтты.
– Бұл – өте күрделі мәселе. Шыны керек, 3-6 жастағы балаларды қамтығанның өзінде кезекте тұрғандар бар. Осы мәселеге қатысты былтырдан бастап республика бойынша барлық облысқа балабақша ашу үшін қомақты қаржы бөлінді. Сол қаражат жекеменшік-әріптестік негізінде мектепке дейінгі ұйымдар желісін көбейтуге жұмсалады. Мегаполистерде ірі тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатынан балабақша салуға рұқсат берілген, осы үшін санитарлық нормаларға өзгерістер енгізілді. Біз министрлік тарапынан әр облыстың жауаптыларынан «Жылдың соңына дейін сіздің өңірде осыншама орындық балабақша ашылуы керек. Мынау жекеменшік-әріптестік негізде, ендігісі тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында, ендігісі жеке ғимарат ретінде болатынын айттыңыз, қайсысы қалай орындалды?» деп жауап алып отырмыз, – дейді М.Адамова.
Оның айтуынша, Президент 2019 жылы мәлімдегендей, 2 жастан балаларды балабақшамен қамту небәрі 48 пайыз болған. Одан бері біраз жұмыс істелді. Нәтижесінде, 2 жастан балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 84,7 пайызға жетті. Дегенмен қамту деген кезде сұранысқа сай есептелетінін ескерген жөн.
– Жалпы, балаларды балабақшамен қамту мәселесінде бір нәрсені түсіну керек. Сұраныс деген бар, яғни ата-ана баласына балабақша керек екенін білдіріп, кезекке қояды. Мысалы, балабақшаға баруды қажет еткен 3-6 жастағы балалардың 98 пайызы қамтылды. Бірақ еліміздегі 3-6 жастағы барлық баланың 98 пайызы қамтылды деген сөз емес, яғни оның ішінде кезекке тұрмаған, балабақшаға баруды құп көрмейтін, ата-әженің тәрбиесінде болуын қалайтындар бар. Сол секілді 2-6 жастағы балаларды қамту көрсеткішінің де 84,7 пайызы кезекте тұрғандардың есебі бойынша есептелген. Себебі «Білім туралы» заңда көрсетілгендей, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орта білім секілді міндеттелмеген. Осыған орай, мектепке дейінгі ұйымға баласын беру-бермеу де міндетті емес. Бірақ баланы мектепке дайындау – ата-анаға да, Үкіметке де міндет, – дейді Балаларды ерте дамыту институтының директоры.
М.Адамованың айтуына қарағанда, Президенттің сайлауалды бағдарламасының негізінде биыл маңызды құжат қабылданды. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасындағы барлық көзделген мақсат-міндет, тапсырма 2023-2029 жылдарға арналған білім беруді дамыту тұжырымдамасында қамтылды. Осы аталған тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2-6 жастағы балаларды балабақшамен толық қамту ісі нақты көрсетілген. 2027-2028 жылдары бұл мәселені толығымен шешу жоспарланды.
Қамту мәселесін жолға қойдық делік, балабақша ашылғанымен, орын табылғанымен, оларды тәрбиелейтін, оқытатын тәрбиеші болмаса, не істейміз? Онда оған дейінгі жанкешті жұмыстың мәні бар ма? Қайтпек керек? Оқу-ағарту министрлігінің жақында жариялаған ақпаратына сүйенсек, еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдарда 97 188 педагог жұмыс істейді. Олардың 94 648-і – әйелдер, 2 540-ы – ерлер. Балабақшалардағы еңбек ететін педагогтердің ішінде 64 051-і – еңбек өтілі 10 жылға жетпейтін жас мамандар. Ал тәжірибесі 10 жылдан 20 жылға дейінгілер – 20 083. Осы салада 20 жылдан 30 жылға дейін жұмыс істеп жүрген мамандардың саны 8 320 адамды құрайды. Ал 30 жылдан аса еңбек өтілі бар педагог саны – 4 734. Бірақ осы деректе маңызды бір сұраққа жауап жоқ. Қазір жұмыс істеп жүрген мамандардың қаншасы дәл осы мамандықты бітіргендер? Одан кейін тағы бір мәселе: кадр тапшылығы қалай шешіледі?
– 2020 жылдан бастап демографиялық өсім байқалды. Сол жылы туған балалар қазір балабақшаға баратын жасқа жетті. Бұл өз кезегінде балабақшаға ғана емес, балабақша мамандарына сұранысты арттырады. Мысалы, кейінгі екі жылда мектепке дейінгі ұйымдарда педагогтерге деген сұраныс екі есе артқан. Қазір 98 мың педагог бар, 16 мың педагог жетіспейді. Жоғары оқу орындары жанынан мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне арналған қайта даярлау курстары ашылып жатыр. Коронавирус пандемиясына дейін жылына 5 мың педагог қана курстан өтетін еді. Бүгінде жылына 20 мың педагог курстан өтеді. Талап бойынша балабақшаға педагогикалық білімі бар мамандар ғана қабылданады. Арасында бастауыш сынып, болмаса жалпы пән мұғалімі ретінде оқып бітіргендер болуы мүмкін. Бірақ бәрі жас ерекшелік педагогикасы мен психологиясын өтеді, оқиды. Ал педагогикалық емес мамандықты бітіргендер балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеуді қаласа, қайтадан оқуына тура келеді, – деп жауап берді М.Адамова.
Ал педагогикалық емес мамандықты, айталық, экономика, заң, менеджмент бойынша бітіріп, өз саласында жұмыс таппағандарды балабақшада, оның ішінде 2 жастағы балалар баратын топтарда еңбек етуге тартудың тиімді тәсілі бар ма? Мүмкін сәбилермен жұмыс істейтін мамандардың жалақысына үстемеақы қосу керек шығар. «Сыр жұлдызы» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Ұлбике Молдабек мұндай ұсыныс өзге топтардағы тәрбиешілердің еңбегін алалайтынын, сондықтан қолдамайтынын айтып, мәселені шешуге өз ұсынысын жеткізді.
– Осыған дейін ашылған балабақшалардың бәрі кезіндегі «Балапан» бағдарламасымен ашылған. Бұл бағдарлама бойынша 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту көзделді. Сондықтан 2 жастан бастап қабылдайтын кіші топтар бұған дейін ашылған балабақшаларда жоқ. Ал біздің ұйым бөбекжай-балабақша болғандықтан, балалар 2 жастан қабылданады. Бөбекжай-балабақшаларды көбейту, болмаса қазіргі қызмет көрсетіп тұрған ұйымдардан кіші топтарды ашу үшін 2 жасар балалармен жұмыс істейтін тәрбиешілердің жалақысына қосымша үстемеақы төлеуді ұсынып жатады. Меніңше, бұл дұрыс емес, себебі әр топта жұмыс істеудің өз ерекшелігі, жауапкершілігі бар. Әлбетте, кіші топтағы балалармен жұмыс істеудің қиындығы бөлек, оларға қарапайым қасық ұстау секілді дағдыларды үйретуге тура келеді, бірақ сәйкесінше оларды ересек топтардағыдай оқытуға күш жұмсамайсың. Соған сай ата-анадан да «Менің балам неге оқи алмайды, әріп танымайды, сурет сала алмайды, санауды білмейді?» дейтін шағымдар болмайды. Десе де 2 жастан қабылдайтын балабақшалар желісін көбейтуге атқарушы биліктен берілетін тапсырма, талап қана емес, тәрбиешінің жұмысын жеңілдетуге жасалатын жағдай да керек. Өйткені көп әріптес кіші топтарға барғысы келмейді. Сол себепті олардың жұмысын жеңілдететіп, кіші топтардағы бала санын азайту қажет, – дейді Ұлбике Молдабек.
Оның пікірінше, қазіргі талап бойынша кіші топтарда нәтижелі жұмыс істеуге бала санының көптігі қиындық туғызады. Себебі бұл топтарда енді ғана жүруді, сөйлеуді білетіндер де, тіпті әлі күнге жөргекпен жүретіндер де, жанындағы құрдасынан ойыншықты тек ұру немесе тістеу арқылы ғана алатындар да бар. Олардың әрбіріне көз, көмек, күтім керек. 1,5 жасар балалар баратын І кіші топтарда 15 бала тәрбиеленеді. Ал 2 жасар балалар тәрбиеленетін ІІ кіші топтарда көп дегенде 20 бала қабылданады. Бала санын әр топта бесеуге азайту қажет.
– Өзіңіз ойлап көріңізші, отбасында 1,5-2 жасар бір ғана балаға кейде бірнеше адам жүріп қарай алмай қаламыз. Ал ол анасынан аяқ асты алыстап, өзі бұрын көрмеген жерде қалса ше? Ондайда бала үйренісем дегенше жылайды, анасынан жырақтап қалғысы келмейді, арасында омыраудан шықпағандары болады, олар дәмді тамақ жесе де, ана сүтін аңсайды. Енді бір тәрбиешіге дәл сондай 20 баланы жауапкершілікке қалдырып көріңіз, оңай емес. Түске дейін серуенге алып шыққанда соншама баланы киіндіруді елестетіңіз. Сол себепті І кіші топта 10, ІІ кіші топта 15 баладан аспаса, тәрбиешінің жұмысы жеңілдейді, мамандар да бөбектерді қабылдаудан қашпас еді. Егер министрлікке мұндай шешім шығару қиын болса, бала санын азайтпай, өзгертпей, тек кіші топтарда тәрбиешінің көмекшісін екеуге көбейту қажет. Өйткені біздегі тәрбиешінің көмекшілері көбіне топтың тазалығынан, балаларға тамақ беруден, ыдыстарды жуудан босай бермейді. Тәрбиешіге бала қарасуға физикалық тұрғыда үлгермейді, – дейді ол.