Осыдан төрт-бес жыл бұрын Күршім ауданын облыс орталығымен жалғап тұратын көпір салынады дегенді естіген жұрт малақайын аспанға ата алақайлаған. Қуанбай қайтсін? Жетпіс жыл аралда қалғандай күй кешкен жұрттың жанайқайын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінен оқып, Бұқтырма су қоймасына көпір салу жөнінде Үкіметке тапсырма берген. Құрылыс уақтылы басталды. Ал мерзімінде, яғни 2024 жылдың 31 желтоқсанында аяқтала ма? Халықты алаңдатқан сұрақ – осы.
Күршім мен Марқакөл елі жаздың күні сағаттап паром күтсе, қыс айларында сықырлап тұрған мұз бетімен қатынайды. Мұндай көлік логистикасы Қазақстанның басқа өңірлерінде жоқ-ау деймін. Түнеугүні ағайындардың арыз-арманына айналған көпірдің құрылыс барысын көріп қайтайық деп тізгінді Күршім жаққа тартқанбыз. Ақ қар, көк мұзда Өмеш асуынан өтіп, Бұқтырма өткеліне таясақ, ұзын сонар көлік кезегі. Аңызақ желде арғы беттен толқынға қарсы жүзіп келе жатқан паромды күтіп тұр. Ең әділетсіздігі – сағаттап күткен паромыңа сыймай қалып, келесі паромға көз тіккенің. Жол машақатын жетпіс жыл көріп келе жатып, екі сағатқа шыдамаймыз ба дейсің. Шыдадық, күттік. Амалсыздан. Қыс ортасы болса, бір сәрі. Мұз бетімен зыр ете түсер едік. Оның өзі қауіпті. Жылына кем дегенде бір-екі көлік суға түсіп кетіп, әттеген-ай деп жатамыз. Ақсақалдар айтады, 1994 жылы қыстай мұзжарғыш кеме мұзды таспадай тіліп, жол салып отырған екен. Сөйтіп, паром қыстай қатынаған. Есесіне, ешкім суға кеткен жоқ. Келесі паром келгенше, көз байланған...
Екі жақ жағалаудан қатар басталған құрылыс қарқынын баяу дей алмас едік. Күннің суығына қарап тұрған жұмысшы жоқ, бәрі қарбалас. Жағадағы қос бірдей бетон зауыты мен көпір арасындағы ағылған техникалар да дамыл таппады. Байқап тұрмыз, су астына қос адамның құшағы жетпейтін құбырды сіңіре қағып, ішін цементті шағыл таспен толтырады екен. Мамандардың айтуынша, құмы Боран ауылынан арнайы жеткізілген. Себебі зертханашылар дәл сол ауылдың тұсындағы құмды жарамды деп тапқан. Айта кетейік, күрделі құрылысты мерзімінде аяқтау үшін жұмысшылар вахталық әдіспен жұмыс істейді. Олар үшін 84 орындық екі жатақхана тұрғызылған. Жұмыс қарқынын Күршім ауданы әкімі мен қоғамдық кеңес мүшелері де үнемі бақылауда ұстап отыр. Олар ғана емес, бұл өткелді Шығыс жұрты болып күтіп отыр. Сондықтан да халық басталған істің сиырқұймышақтанып кетуіне жол бере қоймас. Оның үстіне Президенттің назарында тұрған нысан.
– Өздеріңіз құрылыс басталғалы келіп көріп жүрсіздер. Құрылыс жұмысы бір күн де тоқтаған жоқ. Әзірше бәрі ойдағыдай жүріп жатыр. Техникалық көпірмен қатар негізгі көпірдің колонналарын құйып келеміз. Ең қиыны – осы тіреулерін орнату. Содан кейінгі жұмыс су астында емес, жер бетінде жалғасады. Толық ақпаратты басшылықтан аласыздар, – деді учаске басшысы Юрий Чанов.
Әккі мамандардың айтуынша, тіреулердің құбырлары су түбіне қағылып, оның ішіне арматура темірден тоқылған қаңқа орнатылған. Құбырлар қатты қабатқа тірелгенше қағылғандықтан, беріктігіне күмән жоқ деседі. Айта кетейік, судың ең терең тұсы 20 метрден асады. Мұндай жұмыстар өткен қыста да жүргізілді. Қанша тексерушілер келгенімен, сапасына сын айтылмаған. Тексеру кезінде колонналардың үстіне 500 тоннаға жуық салмақ түсірсе де бірде-біреуі тыпыр етпеген. «ОблШығысЖол» ЖШС мамандары тұңғыш рет көпір салып жатқанымен, сапаның бірінші орында екенін айтады. Олар жобаны сызу кезінде су жолына кедергі келтірмеу жағын да ойластырған. Кемелер өтуі үшін орта тұстан колонналардың арасын 75 метр қашықтықта орналастырған. Ал басқа тіреулердің арақашықтығы – 64 метр.
Құрылыс жұмыстары бүгін қарқынды болғанымен, ертеңгі күні қалай болар екен деп мердігер компанияның басшылығына хабарласқанбыз. Сұрақ біреу: көпір құрылысы мерзімінде аяқтала ма? Әуелде жоба құны 30 млрд теңгеге есептелгенімен, инфляцияның салдарынан болса керек, екі жыл ішінде құрылыс материалдары қымбаттап кеткен. Сол үшін де қосымша қаржы қарастыру сұралған. Алайда заң бойынша қаржы екінші рет бөлінбейтін көрінеді. Ол мәселені шешу үшін облыс басшылығы құрылыс нысанын Республика қарамағына өткізу жұмыстарын қолға алған.
– Бірінші бөлінген қаржыны толықтай игердік. Ендігі жұмысты әрі қарай жалғастыру үшін қаржы бөлінеді делінген. Сөз жүзінде айтылғанымен, заң аясында әлі ешқандай қағаз алғанымыз жоқ. Тапсырыс берушілер жыл соңына дейін бір бөлігін, келер жылы қалғанын толықтай бөлеміз деп отыр. Енді 34 млрд теңге қажет. Айта кетейін, келесі жылы үлкен көлемдегі жұмысты аяқтау мүмкін емес. Негізгі жұмыстарды аяқтаймыз. Ұсақ-түйегі 2025 жылға көшеді деп ойлаймын. Үлгеріп кетуіміз де мүмкін. Қазіргі уақытта колонналарды қою жұмыстары аяқталып қалды. 21 колоннаның үшеуінде ғана жұмыс жүріп жатқан жоқ. Жалпы жұмысшы саны жеткілікті. Құрылыстың қарқынына қарай құрылыс материалдарын әкеліп отырмыз. Шағыл тасты Боран ауылының тұсынан аламыз. Оны зертханадан өткізіп, тексеріп алғанбыз. Ең негізгі мәселе ақшаның уақтылы бөлінуінде, – дейді «ОблШығысЖол» ЖШС басшысының орынбасары Әсет Сұлтанов.
Иә, қаржы бөлініп, сақалды құрылысқа айналмай, уақтылы аяқталса, бұл көпірді басып өтетін жол Күршім, Марқакөл, Зайсан өңірлерінің күретамырына айналады. Қатынау әлдеқайда жеңілдеп, отын-көмір, азық-түлік бағасы арзандар ма еді? Зайсанның қатысы қанша дейсіз ғой. Оны айтып отырғанымыз, Зайсанға апаратын Омбы-Майқапшағай тасжолының құрылысы ырың-жырың болып кетті. Құрылысын қытайдың «Синь-синь» компаниясы жүргізіп жатқан бұл жолдың басы бар, аяғы жоқ. Бұл – өз алдына басқа мәселе. Сол секілді сақалды құрылысты көрген ел көпірдің әу-жайына алаңдайды.
– Тәуелсіздік алғалы көтеріп келе жатқан мәселені Қасым-Жомарт Тоқаев тез арада-ақ шешіп берді. Мың да бір алғыс. Бір ғана көпір үш ауданның экономикасына, көші-қонына оң әсерін тигізеді. Бірақ сөзбұйдаға салмай тезірек аяқтап берсе деймін. Осынау өткел бермес өткел үшін түкпірдегі Марқакөлдің халқы қопарыла көшіп кетті. Ауылдар қаңырады. Бірнеше ауыл құрыды. Енді оның бәрін қалпына келтіру мүмкін емес, білемін. Бірақ шекара шебі бос қалмауы үшін қалған халықты ұстап қалуымыз керек. Ұстап қана қалмай, тұрмысын жақсартуымыз керек. Ол үшін ең керегі осы көпір шығар. Мәселен, көпірдің арғы басындағы Самар ауданына қарасты Құлынжон ауылы мен бергі басындағы Күршімнің Құйған ауылында да тіршілік жанданады. Туризмнің тынысы кеңейеді, – дейді Марқакөл ауылының тұрғыны, зейнеткер Абзал Мұхамеджанов.
Айтса, айтқандай. Көпір түскен соң саяхатшылар Қиын Керіш, Марқакөлді асып өтіп, Ирек асуымен Катонқарағайға түсер еді. Атам заманнан айтылып келе жатқан «Алтайдың алтын сақинасы» осы жол болар еді. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов көпірдің уақтылы әрі сапалы аяқталатынын айтып, халықтың көңілін жайландырып қойды.
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы