Оң-солымды танып қалған бала күнім. Бірде әжеме еріп, ауылдағы тойға бардым. Жадыраған жаз. Үлкендерге деп үй ауласына алты қанат ақ боз үй тігіпті. Әжем екеуміз сол үйге кірдік. Төрде тізіліп отырған қариялар ел ішіндегі өткен-кеткен оқиғаларды айтып, әңгімені қыздыра түсті. Сол қызу әңгімемен ет желінді, шай ішілді. Ақсақалдар қызылкүрең қою шайға қанып алғаннан кейін күлдіргі әңгіме айтып, бір-бірін қажай бастады.
Сол кезде Есімсейіт қарт есік жақта отырған Жақсылық ағаға қарап, «Әй, Жақсылық, жұрт сені жыршы деп айтады, бүгінгі тойда, сол өнеріңді көрсетші, кәне, шырқап жібер», деп манадан бері ақ тер, көк тер болып, қонақтарға су құйып, ет турап, қызмет істеп жүрген інісіне қолқа салды. Ол кісі болса, «Иә, иә, Есеке бір сөзің ғой», деп молдасоқынып, мығым отырып алды да, бір ұзақ жырды домбырасыз қоңыр дауысымен бастап кетті. Жаздың тымық түні. Киіз үйдің түндігінен жұлдыздар жымыңдайды. Іргеден самал жел саулайды. Манадан бергі күбір-күбір әңгіме сап тыйылған. Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған. Жақаңның әуезді дауысы отырғандарды бірден толқындай үйіріп әкетті. Дастанның мақамы да өзгеше. Бәрі де айрандай ұйып қалған. Біраздан кейін жыр да аяқталып, жиналғандар оған құмары қанбағандай, әлі де айта түссе дегендей болды. Соны сезді ме, Шайқыстан ақсақал жұмсақ дауысымен ақырын сөз бастады: «Бұл атақты Нұрханның «Қарға» дастаны ғой. Пай, пай не деген жыр, не деген теңеу? Сөз деген сарқырап ағып жатқан бұлақ секілді. Жақсылық інім жарадың, жырға шөлдеп жүр едік, көңілімізді көтеріп, құлақ құрышымызды қандырдың» деп, дән риза болып, інісіне ілтипатын жеткізді. Нұрхан ақынның есімін бала күнімде алғаш осылай естідім. Содан бері де доптай дөңгелеп біраз жыл өтті. Осындағы сөз болған аталарымның бәрі бұл күнде жоқ. Нұрханның жырын төгілтіп айтқан Жақсылық аға да о дүниелік болғалы қашан. Бірақ менің есімде сол күнгі той, сондағы ғажап көрініс, кеше болған секілді көкірегімде әлі сайрап тұр.
Қарт Торғайдың тамыры терең тарихын сол өлкеде туған текті тұлғалар жасағаны белгілі. Уақ Жұмабайдан басталған Торғай ақындық мектебі – Сейдахмет, Әбіқай, Есенжол, Құбаша, Күдері секілді азуын айға білеген жыр жүйріктерімен жалғасын тауып, өткен ғасырда оны Нұржан, Ахметқан, Файзолла, Әлмағамбет, Омар, Сәт, Құтжан ақындар одан әрі биікке көтерді. Осы мектептің көрнекті өкілінің бірі – Қазақстанның халық ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрхан Ахметбеков. Арқалы ақын он жасында әкеден, он екі жасында шешеден айырылып, жетімдіктің қамытын мойнына ерте киді. Ауыл молдасынан сабақ алып, хат таныды. Бала күнінен ән салып, күй шертті. Таңды-таңға ұрып, қисса-дастан айтатын жыршы атанды. Он үш жасында ақындығымен аты шықты. Нұрханға ақындық анасы Әбіштен дарыған дейді. Ол кісі қара сөзге шебер, айтыста ешкімнен жеңіліп көрмеген азулы ақын болған. Кезінде Торғайға Басықараның Қанапиясы алыстан ат арытып келіп, Әбіш қызбен айтысыпты. Егер осы айтыста оны жеңсем, соған үйленемін деген үміті болыпты. Бірақ сөз сайысында атақты ақын Әбіш қыздан жеңілгенін мойындап, кешірім сұрапты.
Нұрхан Ахметбеков қазақтың жазба поэзиясын классикалық шығыс үлгісімен жазылған шұрайлы шығармаларымен жаңаша байытқан ақын. Оның дастандарындағы, өлең-толғауларындағы айшықты өрнегі мен қорғасындай құйылып түскен көркемдігіне таңғаласыз. «Мың бір түн» ертегісінің желісімен өрген «Қамарлы заман», «Албан Жұпар ханым», сондай-ақ тарихи оқиғаларды баяндаған «Есім сері», «Қарға» және 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің бас сардарының ерлік жолын толғаған «Амангелді» атты сүйекті туындыларындағы оқиғаның тартымдылығы, сөз саздылығы, шеберлігі, шынайылығы оқырманды жіпсіз байлап тастайды. Аталған шығармаларды жұртшылық әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің қаһарынан қорықпай, отызыншы жылдардағы алапат аштықтың шындығын «Күләндам» дастаны арқылы көркем баяндады. Бұл туынды алғаш жазылғанда Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин секілді әдебиет алыптары оқып, жоғары бағалаған. Бірақ сол кездегі жағдайға байланысты аталған туынды елу жылдан аса қолжазба күйінде жатып, 1987 жылы ғалым Сапабек Әсіптің ұсынуымен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Ал Кенесары мен Наурызбайдың көтерілісін қолдап жазған «Жасауыл қырғыны» дастанының жөні мүлде бөлек. Ұлт тәуелсіздігі жолында құрбан болған қос асыл ердің ерлігін жырлағаны үшін біраз қуғын көреді. Содан құтылу үшін дастанды сол кездегі идеологияға икемдеп, қайтадан жазды. Бүгінде ақынның баспа бетін көрген туындылары ғылыми айналымға енген. Ол туралы бірқатар әдеби, ғылыми еңбек жазылды. Белгілі қаламгер, ғалым Сапабек Әсіп Н.Ахметбеков шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғады.
Сондай-ақ Нұрхан атамыз бала күнінен айтысқа түсіп, жер тарпыған тұлпардай талай ақынды шаң қаптырған. Өткен ғасырдың 40-50-жылдары республикалық айтыстарда Иса Байзақов, Молдахмет Тырбиев, Сәт Есенбаев секілді халық ақындарымен сахнада сөз қағыстырып, «Торғайдың топжарғаны» атанды. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қатысып, сондағы Үлкен театр сахнасында мәскеуліктерге жырдан шашу шашты. Оның сыртында талантты тұлға туған өңірінің өнерін дамытуға да зор үлес қосты. 1936-1946 жылдары Торғайда колхоз-совхоз театрын ұйымдастырып, соның алғашқы директоры болды. Елдегі өнерлі жандарды топтастырып, халыққа «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік – Кебек», «Ақан Сері – Ақтоқты», «Мазасыз мейман», «Жалбыр» тағы басқа күрделі қойылымдарды сахналап, соның негізгі рөлдерін өзі ойнады.
Ақынның ұрпақтары да ата даңқына сай болғанын айта кетейік. Тұңғышы Тұңғышбай Екінші дүниежүзілік соғысқа кетіп, содан алған жарақатынан елге келіп, қайтыс болады. Әскери ұшқыш болған. Екінші ұлы – Мәлікзада да әке жолын қуып, өнерге жақын болып өсті. Жасынан ақындығымен, домбырашылығымен, әншілігімен көзге түсті. Бір өкініштісі, жасындай жарқыраған абзал азамат өмірден ерте озды. Біз осы мақаланы жазу барысында ақынның немересі, Астанадағы Еуразия гуманитарлық институты жоғары колледжінің педагогика бөлімінің меңгерушісі Ғайнеш Мәлікзадақызы Ахметбековамен жолығып, атасы мен әкесі туралы айтқан естеліктеріне қанықтық.
– Әкем 1970 жылы 41 жасында өмірден өтті. Ол кісіден сегіз бала бармыз. Қазір бәріміз де ержетіп, бір-бір үйдің иесіміз. Марқұм әкем «сегіз қырлы, бір сырлы» жан еді. Домбырамен ән салып, күй тартатын. Айтысқа да қатысқан. Туған елінде түрлі қызметтерді атқарды. Мектеп директоры, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, сондай-ақ сол кездегі Қостанай облыстық «Коммунизм жолы» газетінің меншікті тілшісі болды. Әкем дүниеден озғанда үлкен ағам Тойғанбол 10-сыныпты енді бітіріп жатқан еді. Осы ағам кішкентай күнінен Нұрхан атамның бауырында өсіп, сол кісінің баласы атанған. Сондықтан ағам атам туралы көптеген деректі, ел ішіндегі әңгімелерді жақсы біледі. Анамнан да атам туралы көп әңгіме естідім. Мәселен, атамның әруақты адам екенін, оның пірі болғанын, кейде домбырасының өзінен-өзі күмбірлеп, күй ойнайтынын айтатын. Кейін Сейітбаттал есімді кіші інім есейіп, атамның аспабын қолына алғаннан кейін домбыраның өзінен-өзі дауыс шығаруы сап тиылды. Атамның ұрпақтары арасында Сейітбаттал інім екеуміз ғана домбыра тартып, ән саламыз. Кіші сіңлім Райхан қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Ол атам шығармаларын үнемі насихаттап, іс-шаралар ұйымдастырып жүреді. Қазір шөберелері де атамның жырларын жатқа айтады, – деді ол.
Ғайнеш Мәлікзадақызының айтуынша, ақын шығармаларын төте жазумен жазған. Сол туындыларының біразын кезінде Мәлікзада аударған. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін кейбір шығармалары аударылмай қалған. Қазір қолжазбалар Қостанай облысы Жангелдин ауданындағы ақын музейінде тұр. Нұрхан атамыздың алпыс жылдығы көзі тірісінде туған елінде аталып өтілді. Сонда ауыр дерттен тіл-аузы байланған ақынның ақырғы «Соңғы сөз» деген өлеңін баласы Мәлікзада жиналған қауымға оқып берген. Белгілі қаламгер, этнограф Сейіт Кенжеахметұлының құрастыруымен 2010 жылы соңғы рет екі кітабы оқырманға жол тартты. Бұл жинаққа ақынның өмір жолына қатысты тың деректер, фотосуреттер енген. Кітаптың жарық көруіне Ермек Ахметбеков демеушілік жасаған.
«Атамның мемориалды музейі 1983 жылы 80 жылдығына орай ашылды. Музейдің бір жағы үй. Қазір сол қарашаңырақта Сейітбаттал інім тұрады. Музейдің барлық шаруашылығын өзіміз қараймыз. Осыдан 7-8 жыл бұрын атамның ұрпақтары жиналып, өз қаржымызға күрделі жөндеу жүргіздік. Биыл тағы атамның 120 жылдық мерейтойына байланысты музейге ішінара өзгеріс енгізіп, жаңаладық. Өкінішке қарай, жергілікті әкімдік тарапынан ешқандай көмек, қаржы болған жоқ. Бұл музейді анам Тұрағал өз қолымен жасақтап, оған атамның барлық тұтынған заттарын қойды. Қазір музейде ақынның өзі ұстаған домбырасы, қолжазбалары, жеке құжаттары, қаламсабы, хаттары сақталған», деді ақын немересі.
Нұрхан ақын туралы айтқанда, оның құрдасы, досы, шешен, әнші, ақын, домбырашы, айтқыш, шежіреші, қысқасы, бір басына сан түрлі өнер тоғысқан Ахметқан Әбіқайұлына соқпай кете алмаймыз. Торғайда ғұмыр кешкен осы екі тарлан тұлғаның өмірі мен өнері аңызға толы. Ел ішінде мынадай сөз бар. «Ахметқанды үш күн көрмесем сағынамын» депті Нұрхан ақын. «Неге?» деген сұраққа: «Әңгімені ондай жеткізіп айтатын адам қайда?» дейді екен. «Ахметқан қасымда үш күн отырса, қашып құтыла алмаймын» дейді екен тағы да. «Неге?» деген сұраққа, «Ахметқан әңгіме айтқанда ұйықтамайды, тамақ ішпейді, демалмайды, бізді де солай шаршатады», деп жауап беріпті. Нұрхан атамыз үзеңгілес серігін осылай бағалапты. Ахметқан да көзі тірісінде қимас досы туралы кейінгі ұрпаққа біраз естелік қалдырған.
Нұрхан Ахметбековтің биылғы 120 жылдық мерейтойы аясында біраз іс-шара атқарылды. Арқалық қаласында мектеп оқушылары арасында облыстық айтыс өтті. Одан кейін жасы үлкен ақындардың қатысуымен аймақтық айтыс ұйымдастырылды. Қостанай қаласындағы Л.Н.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Торғайдың топжарғаны» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтіп, оған қатысушылар ақын туралы естелік айтып, жыр-толғауларын орындады. Осы тойдың түйіні қарашаның 10-11 күндері Торғайда өткен ақынның 120 жылдық мерейтойына арналған мазмұнды іс-шарамен қорытындыланды.
Ардақты тұлғаның ақындық жолы өзінен кейін Торғай топырағында туған ақындарға үлгі болды. Қазақ әдебиетінің классиктері Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбеков онымен жақын араласып, ағалы-інілідей сыйласты. Шәміл Мұхамеджанов, Назарбек Бектемісов, Серік Тұрғынбекұлы, Серікбай Оспан, Кеңшілік Мырзабекұлы, Бақыткерей Ысқақов секілді айтулы ақындар оның шығармашылығынан нәр алды. Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл Нұрханды пір тұтып, ұстаз санады. Баласына ақынның есімін берді.