• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қараша, 2023

Электригі жоқ кент

1260 рет
көрсетілді

«Біздің кенттегі «подстанса» иесіз қалды, «жаман айтпай жақсы жоқ», ертең мұнда біреулер электр тогына түсіп қалса қайтеміз?» Жезді кентінің тұрғыны Мұхамеджан Мырзабеков есімді азамат телефонды қайта-қайта шырылдата берген соң, көзбен көрмекке арнайы жолға шықтық. Көзбен көргенде көңілге түйгеніміз не?

Ұлытау ауданындағы электр жүйелері ауызекі тілде «комхоз» аталатын, құрыл­тай­шысы – Ұлытау аудандық көпсалалы ком­муналдық-шаруашылық кәсіпорыны. Жездідегі қосалқы стансаның да қожайы­ны – осы мекеме. Ендеше, ел «қараусыз қалдырды» деп неге дабыл қағады.

– Заманында мұнда төрт кезекші, екі электрик тұрақты түрде жұмыс істей­тін еді. Соның бірі мен едім. Тәртіп қатал болатын. «Подстансаға» келген электр қуатының мөлшерінің есебі қатаң жүр­гі­зі­летін. Кейін біртіндеп жұмыс қожырай бастады. Айлап жалақы алмайтын кезіміз болды. Дегенмен басқа баратын жер болмаған соң шыдап бақтым, сөйтіп, 2016 жылы зейнет демалысына шықтым. Ал қазіргі жағдай, тіпті жаман. Өйткені сенсеңіз де, сенбесеңіз де – осы Жездіде электрик жоқ, – дейді еңбек ардагері Нұриден Сарин.

545 үйі бар, 2 200-дей халқы бар білдей бір кентте электрик жоқ деген құлаққа тосын естіледі екен.

– Ақсақалдың айтып отырғаны рас. Өйткені «комхоз» дегеннің аты бар да, заты жоқ. Бірақ мұндағы елге мен жа­уаптымын. Біреудің үйінде немесе әлдебір мекемеде электрге байланысты мәселе туындаса, не істеуім керек? Содан амал жоқ, қолында электрик дейтін куәлігі бар Қуаныш Күлімбетов деген азаматты кенттің қоқыс полигонына күзетші етіп жалақы төлеп, электрик ретінде жұмсап отырмын, – дейді кент әкімі Мұратбек Жұмабек.

«Қысылғаннан қыз болдық» деген осын­дайда айтылса керек. Заңсыз жұмыс іс­теп жүрген электрик жазатайым бір­­деңеге ұшырап қалса, кім жауап береді?

– Әрине, әкім жауапты. Сондықтан ол қайда барса мен де ере барамын. Қашан жұмысын бітіргенше, «Жаманшылыққа ұрын­дыра көрме» деп дұға етумен боламын, – деген әкімнің сөзінен оны шара­сыз­дықтың әбден шаршатқаны байқалады.

– Бір қызығы, кент тұрғындары, мұн­дағы жеке кәсіпкерлер де, мемлекеттік ме­ке­мелер де «Казэнергоцентр» ЖШС-не ай сайын тиісті төлем жасап отыр. Ақша жи­налады, бірақ есебі жоқ. Мы­са­лы, «Каз­энер­гоцентр» энергияны жеке тұрғындарға – 1 киловатына 16 теңге 23 тиыннан, заңды тұлғаларға 24 теңге 76 тиыннан босатады екен. Бірақ төлем­ді жеке тұлғалар 19 теңге 25 тиын­нан төлейді. Заңды тұлғалар да белгіленген тарифтен артық төлеп жүр. Неге? Өйткені арадағы айырмашылық қыз­мет көрсетуші компанияға тиесілі кө­рі­неді. «Қызмет көрсетуші компания» деп отырғанымыз – «Ұлытау аудандық көпсалалы коммуналдық-шаруашылық кәсіпорыны» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны. Ал бұл кәсіпорын кейінгі екі жылдан бері мүлдем жұмыс істемейді. Сонда артық төленген ақшадан жиналған қаражат қайда кетіп жатыр? Осыны тексеру қажеттігін айтып әбден шаршадық, – дейді аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі Мұхамеджан Мырзабеков.

Шынында, халық қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқанын білуге қақылы ғой. Егер Ұлытау аудандық көпсалалы коммуналдық-шаруашылық кәсіпорны нақты жұмыс істеп тұрса, көпшілік тарапынан мұндай сұрақ қойылмаған да болар еді. Электр жабдықтары орналасқан «подстанса» ғимараты аңғал-саңғал, ашық-шашық жатыр. Ауласын шөп басқан. Биылғы жазда бұл жерде өрт шығып, абырой болғанда жұрт әупірімдеп жүріп сөндіріп алған. Егер сол кезде ғимарат толық жанып кеткенде не болар еді? Кент көшелеріндегі трансформаторлардың жай-күйі жан түршігерлік жағдайда. Құ­лып­­таулы тұруға тиісті есіктер жабыл­мақ түгілі құлап қалған. Балалар ойнап жүріп кі­ріп кетсе, ар жағын ойлаудың өзі қор­қы­нышты.

– Біздің жағдайды тиісті орындардың бәрі де біледі. Бәрі де мәселені шешеміз дейді. Бірақ шешіліп жатқан ештеңе жоқ. «Аудандағы электр жүйелерін «Жезқазған электр тарату компаниясы» акционерлік қо­ғамының, яғни ЖРЭК-тің, балансына өткі­земіз» деген әңгіме Ұлытау облысы құ­рылмай тұрғанда басталған еді. Облыс құрылған соң мәселе жылдамдатып шеші­мін табатын шығар деген үмітіміз де сөнуге айналды. Өйткені бәрі сөз жүзінде қалып келеді. Мұның әлі де қанша уақытқа созыларын ешкім білмейді, – дейді кенттегі Ақсақалдар алқасының төрағасы Тілеген Рахымбеков ақсақал.

Жездідегі электр жүйесіне қатысты об­лыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов бізге «Жезділіктердің «подстанса қараусыз қалды» дегені дұрыс емес. Ол «Ұлытау аудандық көпсалалы ком­муналдық-шаруашылық кәсіпорнына» қа­райды. Күзетшілер барып, қарап тұ­рады.Тек Жездінің емес, аудандағы барлық электр жүйесін ЖРЭК-ке бергелі жатырмыз, құжаттарын дайындау үс­тін­деміз» деп түсіндірді. Әкім орын­ба­сарының бұл «түсіндірмесі» түсі­нік­сіз­дік тудырды. Сонда қалай, екі жыл­дан бері есепшоты жабулы жатқан «Ұлы­тау аудандық көпсалалы ком­му­нал­дық-шаруашылық кәсіпорны» жұмыс істеп тұр деуге бола ма? Сосын облыс құрылғалы екі жылға жуықтап қалды ғой, содан бері дайындалып бітпейтін не­ғыл­ған құжат? Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары А.Әбжамалов «Кәсіпорын банкротқа ұшыраған, бірақ заңды түрде тарқамаған» дейді. Яғни бұл мекемені қағаз жүзіндегі кәсіпорын десе, еш артығы жоқ. Сондықтан халықтың мәселенің тезірек шешімін тапқанын қалайтыны әбден түсінікті.

Қазіргі кезде бізге мәлім болғанындай, Ұлытау аудандық көпсалалы ком­му­нал­дық-шаруашылық кәсіпорны «Каз­энергоцентр» АҚ-на 68 055 820 теңге берешек. Ал мұны банкрот болып жатқан кәсіпорын төлей ала ма? Сонда кім төлейді? Осы орайда М.Мырза­бековтің халықтан жиналатын қаражат­тың «Ұлытау аудандық көпсалалы ком­му­налдық-шаруашылық кәсіпорнына» тиісті бөлігіне тексеру жүргізу керек» деген талабы тектен-тек айтылмайтын тә­різді. Жалпы, бұл кәсіпорын үнемі қарыздан көз ашпаған тәрізді. Бұған осы кәсіпорынның қарызы үшін 2021 жылы 19 қарашада «Казэнергоцентр» АҚ-на 346 866 239 теңге төленгені дәлел. Неге қа­рыз бола береді? Бұл да мұқият тек­се­ру­ді қа­жет етеді.

Қазір банкрот жағдайындағы кәсіпо­рын төрт аяғын тең басып тұрған кезде де оңдырып жұмыс істемеген секілді. Бұған басқа жерлерді айтпай-ақ тек Жезді кентінің өзінде электр жүйесінің 80-90 пайызының тозығы жетіп тұрғанын айтсақ та жеткілікті. Сол сияқты 2012 жылы резерв ретінде әкелінген транс­фор­матордың ор­натылмаған күйі аулада қараусыз қал­ғаны, ақыры биыл қолды болып кет­кені де дәлел. Егер облыс әкімінің орынбасары айтқандай, күзетшісі болса, осындай жағдай орын ала ма? Мұндағы 18 кешенді трансформатор соңғы рет қашан майланып, күтім көрді екен? Иесі бар нәрсе осын­дай күтімсіздікке ұшырай ма?

Ұлытау ауданындағы барлық электр жүйелерін қалыпқа келтіру үшін 358,1 млн теңге қажет көрінеді. Мұншама қара­жат қайдан табыла қояр екен? Ал «ЖРЭК» аудандағы электр нысандарын егер қарыздары жабылмаса, қалыпқа кел­тірілмесе қабылдай ма? Сұрақ көп. Бір нәрсе анық – қараусыз қалған «подстанса» Жезді жұртшылығын өте қатты алаңдатып отыр. Ашық-шашық жатқан ғимаратта кез келген уақытта қолайсыз жағдай орын алуы мүмкін. Қылышын сүйретіп қыс келді. Кент тұрғындары «жауын-шашынның, боранның салда­рынан жарықсыз қалып жүрмейміз бе?» деген үрей құшағында. Мұндай жағ­дай­да электригі жоқ кент қандай күйге түсуі мүмкін? Қай нәрсенің де алдын алған дұрыс. Жезділіктер «бұл мәселеге респуб­ли­калық құзырлы органдар шұғыл араласуы керек» дейді. Біздікі – халықтың сол талап-тілегін жеткізу ғана.

Ұлытау облысы,

Жезді кенті