• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Пікір 13 Қараша, 2023

Ет өндірісінде сыртқы шикізатқа мұқтаж емеспіз

293 рет
көрсетілді

Осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық әріптестік форумы алғаш рет Омбы қаласында өтті. Дәстүрлі шара биыл Қостанай өңірінде ұйымдастырылып отыр.

Кезекті форумда талқыға түскен бас­ты мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын цифрлық жүйеге көшіру болды.

Бұл форумға келудегі ең басты мақ­сатымыз – тәжірибе алмасу. Маң­ғыс­тау облысында «Халал» сертификатына ие жалғыз ет комб­инаты ретінде, біз қазір әлемнің ең озық тәжірибелерін жинақ­тауды көздеп отырмыз. Сондық­тан Қазақ­стан мен Ресей арасындағы ынтымақ­тастық негізінде өтетін осындай форумдар екі жаққа да пайдалы болмақ. Біз комбинатымызда малды барлық санитарлық талаптарға сай өзіміз со­йып, жіліктейміз әрі оны фирмалық дүкендерге сатылымға шығарамыз. Осы үдерістерді әрі қарай  автоматтандыру, қызметкерлерді басқару ісінде ресейлік әріптестеріміздің жетістіктері мен технологияларын меңгеріп, оны өз өндірісімізде қолдан­сақ керемет болар еді. Ет өндірісі саласына келгенімізге салыстырмалы түрде көп уақыт болмағанымен, осы кезеңге дейін өңірімізде екі фирмалық дүкен ашып, 12 мыңнан аса адамды қызметпен қамтамасыз етіп отырмыз. Комбинатымыз заманауи зертханамен жабдықталған. Ет өндіру мен халыққа қызмет көрсетуде 150-дей заң нормалары мен талаптарды сақтай отырып, жұмысымыз үздіксіз жүзеге асырылып жатыр. Маңғыстау облысы – мал шаруашылығы, оның ішінде ірі қара өсіруге бейімделмеген өңір. Біз халықты дұ­рыс, таза өніммен қамту үшін іргелес облыс­тардың бордақылау алаң­дарымен және шаруаш­ылық­тары­мен өзара келісім бойынша жұмысты жалғас­тырып жатыр­мыз. Біздің ком­би­нат­қа мал өткізіп, сол арқылы мем­лекет­тен субсидия алуға болады. Бір­не­ше ай бұрын реестрге ендік. Бұл – біздің ша­руаларға жасалған таптырмас мүмкіндік.

Маңғыстау облысындағы ірі инвес­тициялық жоба ретінде келешекте то­лық циклді ет өндірісіне көшу страте­гиялық жоспарымызда бар. Малды бор­дақылау алаңдарды кеңейтіп, ірі қара мен ұсақ мал басын көбейте отырып, аталған комбинатта жіліктеп, әрі қарай тұтынушыларға жеткіземіз. Осы жоспарға сай, бүгінде бордақылау алаңының алғашқы жұмыстары іске қосылып, жер көлемі мен өзге де экономикалық жағын мамандар есебін жүргізуде. Оның үстіне «Korkem Alem» компаниясы – облыстағы етті экспорттауға мүмкіндігі бар жалғыз өндіріс орны. Алдағы уақытта толық циклді ет комбинатына айналып, өнімдерді алыс-жақын шетелдік нарыққа шығару жоспарда бар. Биылғы жылдың көктемінде ирандық әріптестермен келіссөздер жүргізілген болатын. Қазіргі таңда екінші тараптың шешімін күтудеміз. Кездесу барысында ирандықтардың қой мен сиыр етіне деген сұранысы жоғары екендігінен хабардар болдық.

 Бүгінгі форумда Мемлекет басшысы: «Озық та халықаралық стандартқа, оның ішінде «Халал» стандартына сай бәсекеге қабілетті, экологиялық тұрғы­дан таза және экспортқа бағдарланған өнім шығаруға баса мән беріледі», деп атап өткен болатын. Меніңше, бұл дәл біздің жобаға арналған­дай көрінді. Себебі біз өз өндірісімізге басқару мен қызмет көрсетуде ең танымал стандарттарды жасауға және оны қолдануға тырысып жатырмыз. Қазақ­стан мұсылмандары діни басқармасынан берілген «Халал» сертификатымыз да бар, экспорттық мүмкіндігіміз де жоғары. Сондықтан аталған сенімнің үдесінен шығуға бар мүмкіндікті саламыз.

Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөнінде айтатын болсам, ет комбинатын кеңейту және іске қосу барысында өзімізге қажетті біршама құрылғыларды Ресейден сатып алдық. Өйткені логистика тұрғысынан басқа елдерге қарағанда ең қолайлысы Ресей болды. Оның үстіне екі ел арасындағы шекара қызметінің жүйелі жұмыстарының арқасында өзімізге тиісті құрал-жабдық­тарды дер кезінде ала алдық.

Жалпы, осы күні ет өндірісінде ресейлік шикізатқа мұқтаж емеспіз. Өзіміздің шаруалардың бордақылау алаңдары керекті мал санымен толық қамтамасыз етіп отыр.

 

Темір Лесов,

«Korkem Alem» компаниясының басшысы

 

Маңғыстау облысы,

Жаңаөзен қаласы