Таяуда Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталыққа республикалық БАҚ журналистері мен жеке блогерлерге арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Семей сынақ полигоны 33 жыл бұрын жабылғанымен, ондағы атом ядросын зерттеп, зерделеу мен залалсыздандыру жұмыстары бір сәтке де іркілмегеніне көзіміз жетті. Ондағы алған әсеріміз бен танып-білгеніміз көпшілік қауымды таңғалдыратыны анық.
Атомды бейбіт мақсатта пайдалану
Баспасөз турында көріп-білгенімізді бір мақаламен ғана шектемей, алдағы уақытта рет-ретімен жарыққа шығарып отырамыз. Сондықтан әлқиссаны Ұлттық ядролық орталықты (ҰЯО) жұртшылыққа таныстырудан бастағанды жөн көрдік. ҰЯО миссиясы – Үкіметтің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы саясатына ғылыми-техникалық қолдау көрсету. Енді негізгі қызметінің стратегиялық бағыттарын атап айтқанымыз жөн. Бірінші – елдегі атом энергетикасын дамыту, екінші – басқарылатын термоядролық синтез және сутегі энергетикасы технологияларын жетілдіру, үшінші – Қазақстанның радиациялық қауіпсіздігі мен экологиясын бақылау, төртінші – таратпау режімін және ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты (ЯСЖТШ) қолдау, ал бесінші – атом саласына ақпараттық және кадрлық көмек жасау.
ҰЯО құрылған сәтінен бастап алға қойылған міндеттерді ойдағыдай шешіп келеді. Оның ядролық зерттеу реакторларынан, отандық КТМ материалтану токамагынан, бірегей зерттеу стендтерінен, зертханалық жабдықтардан және басқа да аспаптар мен қондырғылардан тұратын бірегей ғылыми-техникалық және өндірістік базасы бар.
Ол өз қызметі барысында ғылыми-техникалық базасын сақтап қана қоймай, айтарлықтай кеңейтіп, бірқатар арнайы эксперименттік стендтер құрды. Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында кең ауқымды зерттеулер жүргізуге арналған заманауи аспаптар мен зертханалық талдамалық жабдықтардың үлкен кешенін сатып алды. Оған қажет мамандардың басым көпшілігін өздері оқытып, дайындады. Іс-шара барысында қазақтың ядролық физика саласындағы бірнеше жас маманын көріп таныстық. Заман талабына сай білім алып, ядролық энергетиканың білікті мамандарына айналған жастар ел болашағына үлкен сеніммен қарап отыр. Ондағы ғылыми жұмыстардың бел ортасында еркін зерттеу жүргізіп жатқан жастардың бірқатарын сөзге де тарттық. Ол туралы кейінірек әңгімелейміз.
Қазақстанда атом энергетикасын дамыту
«Қазіргі заманғы атом энергетикасының қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылады. Біздің басты құзыреттеріміздің бірі – барлық дерлік әлемдік атом-энергетикалық технологияларды әзірлеушілермен және өнім берушілермен жүргізіліп жатқан келешекте және қазіргі уақытта пайдаланылатын ядролық энергетикалық реакторлардың қауіпсіздігін арттыру жұмыстары. Атап айтқанда, ҚР ҰЯО жылу нейтрондарындағы жеңіл сулы ядролық реакторлардағы ауыр аварияларды басқару процедурасын жетілдіру бойынша бірегей зерттеулер кешенін ойдағыдай жүргіздік. Олардың үлесі бүгінде әлемде қолданылатын реакторлардың барлық түрінің 80%-дан астамын құрайды. Жапондық серіктестеріміз – «Toshiba Corporation» және «Marubeni Utility Services» компанияларымен бірлесіп бірнеше ірі ғылыми-зерттеу жобасы іске асырылды. Бұл зерттеулердің нәтижелері Жапонияның қолданылып жүрген және жобаланып жатқан реакторларында нақты қолданыс тапты», деді «Ұлттық ядролық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Эрлан Батырбеков.
Орталықтың зерттеулерінде сұйық металл салқындатқышы бар шапшаң нейтрондардағы перспективалық IV буын реакторларының қауіпсіздігі бойынша жұмыстар ерекше орын алады. Жапонияның Атом энергетикасы агенттігінің тапсырысы бойынша көпжылдық EAGLE халықаралық зерттеу бағдарламасының эксперименттік бөлігі сәтті аяқталған. Алынған бірегей эксперименттік деректер болашақ перспективалық ядролық реакторлардың актив аймағының балқуымен болатын ауыр авария туындаған жағдайда оның салдарын азайтуға бағытталған техникалық шешімдерді негіздеуде пайдаланылады екен. 2019 жылы ҰЯО Францияның Атом энергетикасы және баламалы энергия көздері жөніндегі комиссариатымен (CEA) SAIGA жобасы бойынша келісімшартты іске асыруға кіріскен. Оның мақсаты – жылу тасығыш шығынымен болған авария жағдайында жобаланатын шапшаң нейтрондардағы IV буын ASTRID реакторының отын жинағының жай-күйін зерттеу.
«2021 жылы ресейлік БРЕСТ-ОД-300 шапшаң нейтрондардағы жаңа реакторының инновациялық аралас нитридтік уран-плутоний отынын реакторлық сынау бағдарламасы сәтті орындалды. Бүгінгі таңда ҰЯО Қазақстанда АЭС құрылысына дайындыққа ғылыми-техникалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді. Бұл бағытта біздің кәсіпорын негізгі қатысушылардың бірі болып саналатын жұмыстар мен зерттеулердің үлкен көлемі орындалды. Зерттеулерде АЭС орналастыруда басымдық берілген аудандар көрсетілген. Бұл – Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен кенті және Абай облысының Курчатов қаласы. Қазақстан жағдайында салуға арналған реактор қондырғысының оңтайлы түрі де анықталды. АЭС қауіпсіздігінің қажетті аспектілері қаралды, қолда бар және қажет етілетін инфрақұрылымға, радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеуге, құрылыстың ықтимал схемаларына, жобаны басқару және тағы басқа көптеген мәселеге талдау жасалды», деп сөзін жалғады бас директор.
Саланың елеулі еңбегі
Өткен Республика күні ұлттық мерекесінде ҰЯО-ның бірқатар ғалымдары мен мамандарының ондаған жылдан бергі еңбектері еленіп, өзінің әділ бағасын алып, лайықты марапатталғаны көпшілік қауымға мәлім. Ел Президентінің Жарлығымен Энергетика министрлігінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Эрлан Батырбеков бастаған бір топ ғалым «Қазақстан Республикасында атом-энергетика саласын құруға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асыруға арналған әлемдік деңгейдегі зерттеулер мен әзірлемелер» атты жұмысы үшін ғылым мен техника саласындағы 2023 жылғы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Атап айтсақ, авторлық ұжымның құрамында ғылыми жұмыста орасан зор тәжірибесі бар ҰЯО РМК-ның жетекші ғалымдары кіреді. Олар «Атом энергиясы институты» филиалы директорының бірінші орынбасары Виктор Бакланов, орталықтың бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Владимир Витюк, орталықтың бас инженерінің орынбасары Денис Зарва, «Атом энергиясы институты» филиалы директорының материалтану зерттеулері жөніндегі орынбасары Ерболат Қоянбаев, РМК бас ғылыми қызметкері Мәжін Сқақов, «Атом энергиясы институты» филиалының бас ғылыми қызметкері Ирина Тәжібаева, «Атом энергиясы институты» филиалының термоядролық зерттеулер бөлімінің бастығы Бауыржан Шектібаев. Осы ғалымдар мен мамандар ондаған жылдар бойы жүргізген жұмыста атом энергетикасын дамытуға және оның қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ басқарылатын термоядролық синтез технологияларын дамытуға бағытталған, отандық ғылымның осы жоғары технологиялық салалардағы озық позицияларын қамтамасыз еткен және елімізде ядролық-энергетика саласын құруға негіз қалыптастырған зерттеулер мен әзірлемелердің нәтижелері ұсынылған.
Реакторлық және реактордан тыс қондырғыларда эксперименттік бағдарламалар іске асырылып, бұл актив аймақтың балқуымен болатын энергетикалық ядролық реактордағы ауыр аварияның дамуымен ілесе жүретін үдерістердің параметрлері туралы бірегей мәліметтер алуға мүмкіндік берді. Эксперименттік база жаңғыртылып, зерттеулерді жоғары сапалы деңгейде орындауға мүмкіндік беретін жаңа әдістемелік тәсілдер әзірленді. ИВГ.1М ядролық зерттеу реакторы жаңғыртылып, жоғары байытылған уран отынынан төмен байытылған отынға ауыстырылды. Сондай-ақ реактордың пайдалану сипаттамалары айтарлықтай жақсартылды. Бірқатар сипаттамасы бойынша сәулеленген ядролық материалдармен жұмыс істейтін атом саласындағы шетелдік ғылыми ұйымдарының мүмкіндіктерінен асып түсетін бірегей материалтану кешені құрылды. Реактор жасаудың конструкциялық материалдарына зерттеулер жүргізіліп, материалдардың бетін қатайтудың жаңа технологиялары жасалды.
Әлемде баламасы жоқ қазақстандық КТМ термоядролық материалтану токамагы кешені мен имитациялық сынақ стенді құрылып, пайдалануға берілді. Токамактың плазмалық разрядының сипаттамалары бойынша бірегей деректер алынды. Қондырғылардың жұмысына, плазма физикасы және термоядролық материалтану бойынша зерттеулер жүргізуге жан-жақты әдістемелік қолдау көрсетілді. Соның арқасында елімізде жаңа сынақ базасы, бірегей зерттеу тәжірибесі және басқарылатын термоядролық синтез бойынша жаңа ғылыми деректер пайда болды. Біздің ғалымдардың еңбегінің арқасында арнайы ғылыми білім мен жаңа біліктілікке қол жеткізілді. Жұмыс нәтижелері халықаралық және республикалық деңгейде кеңінен танылған.
ҰЯО-да болғанда ғалымдарымыз өткен 33 жылдың әр күні мен әр сәтін бос жібермеуге тырысып, ақыл-ой еңбегімен тынымсыз шұғылданғанына көзіміз жетті. Айтпағымыз, дамудың шырқау биігіне жеткен елдердің ғалымдарымен қатар жүріп, атом энергиясы саласында толайым еңбек етіп жатқан ғалымдарымызға сенім артылса, энергетикалық қай қиындықтан да елімізді аман алып шығары кәдік. Осы күнге дейін бұл салада бірде-бір маманы немесе саланың тереңнен тартып білер ғалымы жоқ өзбек елі таяу жылдарда екі бірдей АЭС салып, өзінен артылғанын көршілеріне энергия көзін сатып, қаражат табудан үмітті. Ал алып Қытайда қазір 20 АЭС-тің құрылысы қатар жүргізіліп жатыр екен. Алдағы 2040 жылға дейін олардың санын 40-қа жеткізуді берік мақсат етіп қойыпты. Осы елдердің ортасында отырып қыруар ғалымы мен мамандары бар салада әлеуеті зор саналатын Қазақ елі көршілер көшінен қала қоймас деген сенімдеміз.
Астана – Курчатов – Астана